«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Инфляция деңгейіне әсер ететін негізгі факторлар

Инфляция деңгейіне әсер ететін негізгі факторлар
Автор
Соңғы жылдары инфляция Қазақстан экономистері, саясаткерлері мен жұртшылығы талқылайтын өзекті тақырыптардың біріне айналды. Инфляция дегеніміз не? Инфляция – бұл уақыттың нақты кезеңі барысында тауарларға және қызметтерге бағаның жалпы жоғарылау процесі.

Инфляция кезінде бір сомаға уақыт өте келе аз тауар сатып аласыз, бұл ақшаның сатып алу қабілетін төмендетеді. Жалпы бағаның өсуі жинақ ақшаның құнсыздануына, инвестициялауға ынталандырудың төмендеуіне және ұлттық валютаға деген сенімділіктің төмендеуіне алып келеді. Инфляция ұзақ мерзімді жоспарлауды мүмкін етпеу арқылы экономикаға орны толмас зиян келтіреді.

Нақтылай айтқанда, жоғары инфляция экономикалық өсу қарқынын баяулатады. Ұзақ мерзімді халықаралық тәжірибе көрсеткендей, экономиканың теңдестірілген дамуын қолдау және қоғамның әл-ауқатын арттыру үшін ең тиімді стратегия инфляцияның төмен қарқынын қамтамасыз ету болып табылады және орталық банктер үшін басты мақсат – баға тұрақтылығын, яғни инфляция деңгейінің төмен және тұрақты болуын қамтамасыз ету болады.

Инфляцияға көптеген ішкі және сыртқы факторлар, соның ішінде іскерлік белсенділік деңгейі, өндіріс айырмашылығы (нақты жалпы ішкі өнім мен оның әлеуетті деңгейі арасындағы айырмашылық), еңбек өнімділігі, халықтың ақшалай кірістері, жұмыспен қамтылу деңгейі, нарықтағы бәсекелестік деңгейі, тауарлар мен қызметтерді ұсыну, халықтың инфляциялық күтулері, әлемдік тауар нарықтарындағы бағалар және басқа факторлар ықпал етеді. Сонымен қатар инфляция деңгейіне әсер ететін сыртқы факторларға, мысалы, басқа елдердегі инфляцияның көрінісі жатады, бұл импорттық тауарлар бағасының әсерінен елдегі ішкі бағалар динамикасының өзгеруіне әкеледі. Сондай-ақ сыртқы факторларға ұлттық валютаның басқа валюталарға қатысты құнсыздануы жатады.

Нәтижесінде импорттық тауарларға ішкі бағалар өседі. Инфляция тұтыну бағасының индексі негізінде халықтың жеке тұтынуы үшін сатып алатын 508 атаудан тұратын тауарлар мен қызметтер себетінің (тұтыну себеті) орташа баға деңгейінің уақыт бойынша өзгеруін сипаттайды. Бағаларды бақылауды және белгілеуді барлық республикалық маңызы бар қалалар, облыс орталықтары және аудан орталықтары бойынша іріктеп, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы жүзеге асырады.

Ұлттық банктің ақша-кредит саясатының негізгі құралы базалық мөлшерлеме болып табылады. Бұл – орталық банк коммерциялық банктерге өтімділік беретін және экономикадағы барлық пайыздық мөлшерлемелер үшін бағдар ретінде қызмет атқарады. Базалық мөлшерлеме деңгейін белгілей отырып, Ұлттық Банк орта мерзімді перспективада баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатына жету үшін банкаралық қысқа мерзімді ст авканың мақс атты мәнін анықтайды.

Базалық мөлшерлеменің өзгеруі инфляция деңгейіне ақша нарығындағы пайыздық мөлшерлемелер мен валюта бағамы арқылы әс ер етеді. Мысалы, базалық мөлшерлеменің өсуі ақша нарығындағы пайыздық мөлшерлемелердің артуына, содан кейін қаржы нарығындағы қаражат құнының өсуіне әкеледі, ал бұл өз кезегінде халық пен кәсіпорындардың тұтыну мен жинақтауға қатысты шешімдеріне әсер етеді. Тұтынуды азайту және жинақтауды арттыру инфляцияға төмен әсер етеді. Сонымен қатар базалық мөлшерлеменің өсуі ұлттық валютаның нығаюына ықпал етеді, бұл өз кезегінде инфляцияның төмендеуіне әсерін тигізеді.

Базалық мөлшерлеменің өзгеруі инфляцияға орта мерзімді перспективада Ұлттық банктің бағалауы бойынша 12 айдың деңгейінде әсер етеді, қысқа мерзімде оның әсері шектеулі. Сондай-ақ инфляция деңгейіне әсер ететін факторлардың бірі – халықтың инфляциялық күтулері. Инфляциялық күтулер – бұл халықтың және нарық қатысушыларының инфляцияның одан әрі динамикасы туралы болжамдары. Болашақта болуы мүмкін инфляция деңгейі туралы болжамдар халықтың экономикалық белсенділігіне және нарыққа әсер етеді. Айта кетерлік жайт, 2015 жылдан бастап Ұлттық Банк ақшакредит саясатын теңгенің еркін өзгермелі айырбас бағамы негізінде инфляцияны таргеттеу режимінде жүргізеді, оның түпкі мақсаты – бағаны тұрақтандыру.

2023 жылдан бастап ақша-кредит саясатының мақсаты – 2030 жылға дейінгі ақша-кредит саясатының стратегиясына сәйкес ортамерзімді кезеңде жылдық инфляцияны 5 пайызға жақын ұстау. Ақша-кредит саясатының осы режимін көптеген жетекші орталық банктер таңдап отыр. Себебі, тұрақты және төмен инфляция арқылы экономиканың тұрақты болуына жағдай жасау қажеттігі күн тәртібіне шықты. Ал тұрақсыз әрі жоғары инфляция жинақтың құнсыздануына, инвестициялауға деген талпыныстың төмендеуіне, капиталдың шетел активтеріне кетуіне жол береді. Ондай кезде ұзақ мерзімге жоспар құруға мүмкіндік болмайды және экономиканың өсу қарқыны да бәсеңдейді.

Бағаның тұрақтылығы, керісінше, азаматтардың әлауқатын көтеруге, белгісіздікті азайтуға және экономикадағы субъектілердің болашаққа деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар экономиканы тұрақтандыруға жағдай жасай отырып, үй шаруашылығы мен кәсіпорындарға үнемдеу мен инвестициялау туралы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, инфляция – бұл көп факторлы процесс, бұл жеке факторды оқшаулау мүмкіндігінің болмауына әкеледі. Инфляцияны қалыптастыратын факторлар бір-бірімен тығыз байланысты. Осыған байланысты инфляциялық процестерді бақылау үшін үйлестірілген шаралар қабылдау қажет. Ұлттық Банк ақша-кредит саясатының дәстүрлі шараларын ұстануы қажет.

 

Жібек ОМАРОВА

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының жетекші маман-экономисі.

Ұқсас жаңалықтар