– Гүлбаршын Қайратқызы, телеарна жасанды интеллектіні қашан және қандай мақсатта пайдалана бастады?
– Санжылдық тарихы бар «Jambyl» телеарнасы қазіргі заман ағымынан қалыс қалмай, жаңа технологияларды игеру бағытында нақты қадамдар жасап келеді. Жасанды интеллект жүйесін қолдану мұнда өткен жылдан бастап қолға алынды. Дегенмен, жаңашылдықты бірден эфир кеңістігінде емес, алдымен әлеуметтік желі арқылы енгізуді дұрыс көрдік. Телеарнаның шығармашылық тірегі саналатын ең маңызды бағыттардың бірі – дизайнерлік жұмыс. Себебі көрерменге ұсынылатын әрбір бейне, сурет пен баннерлердің үйлесімді, көзге жағымды және көркем шығуы – дизайнерлердің шеберлігі мен талғамына тікелей байланысты. Бүгінгі ақпараттық кеңістікте көрерменді бөліпжарып қарауға болмайды: көгілдір экран алдындағы да, әлеуметтік желідегі де аудитория бірдей жаңашылдық пен сапаны күтеді. Осы үдеден шығу мақсатында телеарна ең алдымен әлеуметтік желіде жарияланатын баннерлер мен инфографика жұмыстарына жасанды интеллект технологиясын енгізді. Бұл қадам арнаның визуалды бейнесін жаңартып қана қоймай, шығармашылық топтың жұмысын жеңілдетіп, көрерменге заманауи форматта мазмұн ұсынуға жол ашты.
– Жаңа жүйені қолдану эфир сапасына немесе жұмыс тиімділігіне қалай әсер етті?
– Былтыр жасанды интеллектінің эфир сапасына айтарлықтай қалай әсер еткенін нақты айта алмаймыз. Дегенмен бұл бағыттағы ізденіс тоқтаған жоқ. Биыл жасанды интеллект арқылы жасалған өнімдерді эфирге бағыттай бастадық. Айта кету керек, егер осы қарқын сақталса, ЖИ көптеген шығармашылық және техникалық процестерді едәуір жеңілдететіні анық. Өйткені күн сайын эфирлік бағдарламалардың сапасы артып, мазмұндық деңгейі жоғарылап келеді. Әрине, алғашқы кезеңде қиындықтар болды. Кейбір бейне мен фотосуреттерді генерациялаған кезде, жүйе мүлде күтпеген, тіпті шынайылықтан алшақ нәтижелер беретін сәттер жиі кездесетін. Алайда уақыт өте келе бұл олқылықтар түзелді – қазір жасанды интеллектінің жұмысы әлдеқайда нақтыланып, сапасы айтарлықтай жақсарған.
-ЖИ енгізілгеннен кейін журналистердің жұмысы қалай өзгерді? Көрермен жасанды интеллектінің қатысы бар екенін байқайды ма?
– Соңғы жылдары телеарна ұжымы шығармашылық ізденіс пен жаңашылдық бағытында анимациялық жобаларға айрықша көңіл бөліп келеді. Тараздың терең тарихы, Тектұрмас туралы аңыздар, әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің өмір жолы мен танымал тұлғалардың тағылымды тағдыры – көрерменге ұсынылған сол еңбектердің жарқын мысалы. Қазір бұл бағыт жасанды интеллекттің мүмкіндіктерімен сабақтасып, жаңа деңгейге көтерілуде. Кейде операторлар түсірген бейнелерді бір-бірімен кіріктіріп, көркемдік әсерін арттыру үшін жасанды интеллект көмегіне жүгінеміз. Осылайша, бейнелердің өңі мен реңі үйлесім тауып, көрерменге әсерлі дүние ұсынуға жол ашылады. Жақында әлеуметтік желілерде ақын Абай Құнанбаевтың «Күз» атты өлеңін өз даусында дыбысталған форматта ұсынып, бейнежазба түрінде жарияладық. Бұл жұмыс барысында ұлы ақынның бейнесін түпнұсқадан айнытпай беру үшін сурет пен бейне генерациясын шебер ұштастырдық. Нәтижесінде көрермен жылы қабылдаған ерекше жоба дүниеге келді. Жасанды интеллект арқылы жасалған туындылардың өзіндік бояуы қанық, стилі дара болатыны анық. Әр жұмыста ерекше бір көркемдік нақыш сезіледі. Менің ойымша, осындай технологияны рухани, танымдық және тарихи бағыттағы пайдалы контент жасауға қолдану – уақыт талабы ғана емес, шығармашылықтың жаңа мүмкіндігі.
– Жасанды интеллект сюжет жазуға немесе мәтін түзетуге қаншалықты көмектеседі?
– Мәтінді түзету, мазмұн ұсыну, дыбыстау сынды бағыттарда жасанды интеллект әлі де даму үстінде. Қазір оны мінсіз деу ертерек. Қазақ тілінің бай сөздік қоры мен көркемдік иірімдерін дәл жеткізуде жүйе жиі қателеседі. Кейде қарапайым сөйлемнің өзінде сөз мәнері мен ырғақ бұзылып кетеді. Ал телеарна саласында жасанды интеллект арқылы сюжет дайындау әлі қалыптасқан жоқ – мұны тек өңірлік емес, ірі арналардан да байқауға болады. Дегенмен уақыт өте келе бұл технология тележурналистердің ең сенімді көмекшісіне айналып, олардың жұмысын айтарлықтай жеңілдететініне сенемін.
– Диктор дауысын немесе видеомонтажды автоматтандыруда ЖИ пайдаланылады ма?
– Бұдан екі-үш жыл бұрын еліміздің ақпарат кеңістігінде ерекше жаңалық болды. Яғни, «Түркістан» телеарнасы Күншуақ Табиғатқызы есімді Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект жүргізушісін таныстырды. Күншуақ көрерменге күнделікті ауа райын хабарлап, дикторлардың орнын абыроймен алмастырды. Бұл – отандық тележурналистикадағы тың бетбұрыс, жаңа дәуірдің алғашқы қадамы десек артық айтқандық емес. Осы үрдісті біздің аймақтық «Тараз-24» телеарнасы да іліп әкетті. Бірақ біз бұл технологияны өз салтымызға, өз дәстүрімізге бейімдеп қолдандық. Арнамызда жасанды интеллект дикторлық қызметті емес, редактор мен тілшілер дайындаған материалдарды дыбыстау ісіне бағытталды. Өйткені тележурналистикада дыбыс – жарты әлем. Дыбыс дұрыс болса, бейне тіріледі; үн мен әуен үйлессе, сюжет сөйлейді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, көркем дыбыстау мен бейнеге лайық музыка – туындының жүрегі. Ал сол дүние көрерменге оң әсер етсе, еңбек ақталды деген сөз. Біздің мақсат та осы – жаңа технологияның тілін тауып, ұлттық үн мен бояуды сақтай отырып, сапалы контент ұсыну. Тағы бір үлкен жетістік – дыбыстау сапасының артуы. Бұрын кейіпкерлердің дауыс тембрі мен интонациясында сәйкессіздік байқалатын. Ал қазір бұл мәселе де шешімін тапты. Жүйе әр жобаның мазмұнына сай дауыс таңдау мүмкіндігін ұсынады. Яғни, енді диктордың үнін, ырғағын, эмоциясын өз талғамыңа қарай реттеуге болады.
– ЖИ арқылы ертегі жасап көрерменге ұсындыңыздар. Сол туралы айтып берсеңіз. Сондай-ақ жүйені пайдалану кезінде этикалық шектеулер немесе авторлық құқық мәселелері туындайды ма?
– Бүгінде жасанды интеллект бағдарламаларының түрі сан алуан. Бірінің жасай алмағанын екіншісі жасап шығады. Мысалы, бір мультфильм әзірлеу үшін бір ғана бағдарламамен шектелу мүмкін емес. Себебі бір жүйе дыбыстауда шебер болса, енді бірі бейнені көркем өңдеуде алға шығады. Ал осылардың бәрін үйлестіріп, мінсіз туынды жасауға – үлкен шығармашылық еңбек қажет. Біз де осы жолда талай тәжірибеден өттік. Ертегілер әлеміне жасанды интеллект арқылы жан бітіру оңай болған жоқ. Телеарнамыздың штаттан тыс дизайнері, талантты маман Жарас Сейсебаев осы жұмыстың басында тұр. Ең алғаш ертегіні анимациялау идеясы туғанда, біз туған өлкемізге арнап Тараз туралы ертегі жасауды жөн көрдік. Бұл туындыда тек суреттер қолданылды. Сол кезде аймаққа белгілі фотограф, әріптесіміз Алтынбек Қартабайға қолқа салып, оның көркем суреттерін пайдаландық. Бұл идея сәтті шығып, сапалы фотолардың негізінде бояуы қанық, әсерлі ертегі дүниеге келді. Алайда алғашқы нәтиже армандағыдай мінсіз бола қойған жоқ – қолданылған бағдарламаның сапасы телеарна стандартынан сәл төмендеу еді. Осыдан кейін дизайнер ізденісті тоқтатпай, түрлі бағдарламаларды салыстырып, сапаны арттыру жолында тынымсыз еңбектенді. Нәтижесінде, телеарна әзірлеген анимациялық мультфильмдердің кейбірі «Балапан» телеарнасының эфирінен көрсетілді. Бұл – өңірлік арнаның шығармашылық әлеуетінің, жаңа технологияны игерудегі талпынысының айғағы болса керек. Әрине, мұндай бағдарламалар ақылы түрде қолданылады, кейбірінде түрлі шектеулер де бар. Мысалы, кәмелетке толмаған балалардың бейнесінде дауысын генерациялауға тыйым салынады. Дегенмен, бәрібір – бұл жүйелердің мүмкіндігі мол, әлеуеті зор. Ең бастысы, оларды дұрыс мақсатта, сапалы контент үшін пайдалана білуде.
– Көрерменге жасанды интеллектінің үлесі туралы ашық айту керек пе?
– Бүгінгі таңда жасанды интеллект пен цифрландыру үдерісі еліміздің барлық саласында қарқын алып келетіні қуантады. Уақыт көшінен қалмауды көздеген Қазақстан да жаңа технологияны батыл енгізуге бет бұрды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында осы бағытты дамытуды – ел дамуының басты басымдығы ретінде атап өтті. Өйткені заманауи технологияны игере білген ел ғана жаһандық бәсекеге төтеп бере алады. Дегенмен, кез келген жаңалықты жұртшылыққа ұсынбас бұрын оның қырсырын, пайдасы мен жауапкершілігін кеңінен түсіндіру қажет. Ақпарат тасқыны толассыз. Сол ағынның ішінде жасанды интеллектінің де әртүрлі бағдарламалары қаптап жүр. Бірақ, өкінішке қарай, оның барлығы игі мақсатқа жұмсалып отырған жоқ. Бірі өнер мен білімнің өрісін кеңейтіп жатса, енді бірі технологияны ойыншыққа айналдырып, ар мен ұяттан аттап өтуде. Әсіресе ақ жаулықты апаларымыз бен ақ сақалды аталарымыздың бейнесін бұрмалап, бейәдеп сөздер айтқызатын видеолар – көрген жанның қабырғасын қайыстырады. Бұл – тек әдепсіздік емес, рухани құндылықтарға жасалған қиянат. Сондықтан жасанды интеллектті реттеу, оны дұрыс бағытта пайдалану мәдениетін қалыптастыру – уақыт талабы. Себебі технологияның тізгінін ұстау – ұлттың тағдырына әсер ететін үлкен жауапкершілік. Жаңа дәуірге лайық қоғам боламыз десек, ақыл мен арды қатар ұстай білуіміз керек.
– Алдағы жылдары телеарнада ЖИ рөлін қалай дамытуды жоспарлап отырсыздар?
– Алға қойған мақсат пен жоспар аз емес. Телеарнада көрерменнің талғамына сай жоба ұсыну – оңай іс емес. Бұл ең алдымен шығармашылық ізденісті, заманауи форматты, ойға қонымды әрі көңілге жылы дүниелер ұсынуды талап етеді. Әр хабардың артында – тынымсыз еңбек, ізденіс пен жауапкершілік бар. Әрине, кез келген жаңа дүние жасау үшін ең әуелі қаржы мен уақыт керек. Әсіресе үлкен жобаларда командалық жұмыс – табыстың кілті. Бірі сценарий жазса, бірі түсіреді, бірі өңдейді – осылайша тұтас бір туынды өмірге келеді. Болашақта бағдарламалардың шапкаларын, хабар аралық материалдарын жасанды интеллект көмегімен әзірлеу жоспарда тұр. Бұл – арнаның техникалық және көркемдік деңгейін жаңа сатыға көтеретін қадам болмақ. Ал әзірге қолға алғалы отырған үлкен жобаларымыз бар, бірақ оны қазір ашып айта алмаймыз. Құпияның да өз сәті бар ғой – көрерменмен қауышқан күні бәрін бірге тамашалаймыз.
– Жас журналистерге ЖИ дәуірінде қандай жаңа дағдылар қажет деп ойлайсыз? Бұл бағдарлама арқылы фейк жаңалықтармен күресу мүмкін бе?
– Тележурналист болу – экран алдындағы көрінген сәт қана емес, оның артында үлкен талғам мен тереңдік жатыр. Алдымен журналистің дүниетанымы кең, ойы жүйрік болуы керек. Ұсынған материалы көкейге қонымды, айтары айқын, мазмұны мәнді болмаса, көрермен көңілінен шығу қиын. Екіншіден, берілетін ақпараттың нақтылығы мен тексерілгені – басты талап. Эфирде әр сөздің салмағы бар, сондықтан дәлдік пен жауапкершілік қатар жүруі тиіс. Үшіншіден – ізденіс пен заман ағымынан қалмау. Қазіргі жас толқынның басты артықшылығы – идеясы мол, жаңашылдыққа жаны құмар. Дегенмен сол идеяны дұрыс бағытқа бұрып, ұштап, биіктету – аға буынның парызы. Себебі жақсы ой – ұшқын, ал оны отқа айналдыру тәжірибе мен тәлімнің ісі. Бүгінгі жас журналистердің тағы бір ерекшелігі – олар мәтін жазып қана қоймай, бейнемонтажды да өздері жасай алады. Конвергенттік журналистиканы еркін меңгеріп, бір мезетте әрі тілші, әрі оператор, әрі режиссер рөлін атқара алады. Бұл – жаңа заманның талабы. Қолымыздағы техниканың да мүмкіндігі молайған. Ашып айту керек, қазір кей жағдайларда айфонның өзі кәсіби камераның орнын басып жүр. Демек, технология мен шеберлікті ұштастыра білген журналист үшін шектеу жоқ – тек талғам, жауапкершілік және жүректен шыққан шын сөз керек.
– Жасанды интеллект сценарий немесе сюжет идеяларын ұсынуда шығармашылықты алмастыра алады ма?
– Ұжым болған соң, түрлі жайттар орын алып жатады. Бірде шығармашылық топтан жаңа жобаларға ұсыныс жинадым. Қатардағы жұмыстардың арасынан атауы өзгеше, құрылымы ерекше көзге түскендері бірден назар аудартты. Әріптестерімнің деңгейін, талғамын, ізденісін жақсы білетіндіктен, қызығушылығым оянып, сол жобаларды жеке алып, мұқият оқып шықтым. Сөйтсем, алғашқы сөйлемдеріненақ олардың жасанды интеллект арқылы әзірленгенін аңғардым. Тілінің жатықтығына қарамастан, ойдың иірімі мен мағыналық тереңдік жетіспейді. Кейбір тұстары тікелей генерацияланғандай әсер қалдырады, сөйлем үйлесімі бар да, жүректен шыққан шынайылық жетпейді. Мұндай сәттерде бір нәрсеге анық көз жетеді: жасанды интеллект қаншалықты жетілгенімен, адамның ойын, сезімін, шығармашылық тынысын алмастыра алмайды. Технология мазмұн құра алуы мүмкін, бірақ мән мен мағына беру – тек адам жүрегінің еншісінде.
– Алгоритм қателескен жағдайда жауапкершілік кімде болады?
– Эфирге қате кеткен материалды шығару мүмкін емес, әсіресе жасанды интеллект қолданылған жағдайда. Өйткені дайын бағдарлама немесе хабар бірнеше адамның қолынан өтеді. Сценарийлер мұқият қаралады, түзетіледі, толықтырылады. Дыбысты кәсіби маман тыңдап, реңін береді, режиссерлер кадрдың дұрыстығын қадағалайды. Жасанды интеллект бір кадрды шығару үшін он рет қате нұсқаны ұсынатын кездері де болады. Сол үшін, «ерінбеген етікші болады» дегендей, ЖИ-мен жұмыс істейтін мамандардың еңбегі инемен құдық қазғандай терең және қиын. Мен, әсіресе, осы бағыттағы қызметкеріміз Жарас Сейсебаевтың еңбегін ерекше атап өткім келеді – оның қажырлы еңбегі мен шығармашылық таланты эфирдегі әрбір кадрға айқын көрініс береді.
– Сұхбатыңызға рақмет, Гүлбаршын Қайратқызы! Жаңашылдыққа бет бұрған ұжымыңызға шығармашылық шабыт тілейміз!
Сұхбаттасқан Мақпал СҮЙІНБАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Екпені тейлериоз ауруы тіркелмей егу керек
- 4 желтоқсан, 2025
Мүгедектердің құқықтарын қамтамасызетудің жайы қалай?
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




