«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жамбыл ауданында жақсы жаңалық көп

Жамбыл ауданында жақсы жаңалық көп
Автор
Мемлекет тарихындағы аса маңызды айтулы мереке – Республика күні қарсаңында Жамбыл жерінде де жаңа нысандар ашылып, іске қосылды. Солардың бірі – күні кеше пайдалануға берілген Аса ауылының кіреберісіндегі мәдени-демалыс кешені. Ат шаптырымдай нысан аумағында балалар-жасөспірімдер орталығы, аудандық кітапханалар жүйесі мен аудандық архив ғимараты орналасқан. Сондай-ақ мұнда жергілікті тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстауға үндейтін футбол, волейбол және баскетбол алаңшалары да бар. Бұдан бөлек кешендегі саябақта жамбылдықтардың кешқұрым бір мезгіл серуендеуі үшін барлық жағдай жасалған. Нысанның ресми салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, аудан басшылары, ауыл ақсақалдары мен тұрғындар қатысты. Әуелі кешен аумағын аралап көрген аймақ басшысы соңғы кезеңде аталған өлкеде барлық салада айтарлықтай өсім бар екенін айтты.

– Әулиеатаның оңтүстік-батысында орналасқан тоқсан жеті жылдық тарихы бар ауданның бүгінде өндірісі өркендеп, әлеуеті артып келеді. Қазіргі таңда ауданда 7,6 миллиард теңгеге 24 нысанның құрылысы жүргізілуде. Соның ішінде Қызыл қайнар ауылындағы мәдениет үйі, Жаңаөткелдегі ауызсу желісі, Қаратау ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт, Шайдана мен Бәйтерек елді мекендеріндегі мектептер толық аяқталып, пайдалануға берілді. Оған қосымша Бектөбе мен Қызылшарық ауылдарында ауызсу желісі тартылып, Тараз қаласының теңгеріміне өткізілді. Сондай-ақ Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат пен Сеңгірбай ауылдарында ауылішілік және магистралды газ құбырының құрылысы аяқталса, Өрнек пен Жұма ауылдарында ауызсу жүйесі соңғы кезеңіне жетті. Сонымен қатар Қостөбеде жаңа мектеп, Тастөбеде спорт кешені, Бесағаш және Шәкен Ниязбеков елді мекендерінде мәдениет үйлері бой көтеруде. Ал бүгін аудан орталығы Аса ауылында жаңа орталық кітапхана, мемлекеттік архив және балалар-жасөспірімдер орталығы пайдалануға беріліп отыр. Алдағы уақытта ауданның көркін арттыру мақсатында жаңа саябақ салу да жоспарда бар, – деді облыс әкімі.

Атап өту керек, аталған мәденидемалыс кешені мен оның ішіндегі көздің жауын алар әсем ғимараттардың құрылысына тек аудан бюджетінен қаражат бөлінген. Мәселен, «КазМонтажАльянс» серіктестігі құрылысын жүргізген балалар жасөспірімдер орталығының сыйымдылығы 150 оқушыға арналған. Нысанда 4 оқу кабинеті және 3 әкімшілік кабинеті орналасқан.

Су жаңа орталықта «School Media – Жас тілші», «Компьютерлік сауаттылық және 3D кескіндеу», «Жантану – психология» үйірмелерімен қатар «Energy club – күш пен сергектік» үйірмелері мен интернет кафе жұмыс істейді. Ал аудандық кітапханалар жүйесінің ғимараты қос қабаттан тұрады. Ондағы кітап қоры – 46 800 дана. Келісімшарттық құны 361,6 миллион теңгеге тең жобаның техникалық қадағалаушысы – «Бексей Құрылыс» серіктестігі. Мұнда жалпы оқырмандарға, балалар мен жасөспірімдерге арналған бөлім, электронды оқу залы, конференцзал, зағип жандарға арналған арнайы кабинет және кітап қорын толықтыру мен өңдеу бөлімі қарастырылған.

Бұдан бөлек аудандық архив ғимаратының алғашқы қабатында бір қойма және екі құжат қабылдау бөлмесі орналасса, екінші қабатында қойма, конференц-зал және бас-аяғы 7 кабинет орналасқан. Архив қорында биылғы жылдың 9 айының қорытындысымен 118 қор мен 31 446 сақтау бірлігі бар. Ал жыл басынан бері мұрағат қызметкерлері 1792 құжат қабылдапты.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар