Жамбылдық өнерпаздар Германия сахнасын әуенмен тербетті
- author «Ақ жол»
- 18 қазан, 2025
- 451
Мәдени іс-шараны Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі, Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығы мен Саар өңірлік өнеркәсіп-сауда палатасы (IHK Saarland) бірлесе ұйымдастырды. Бұл іс-шара Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени ынтымақтастықтың айқын көрінісіне айналып, екі ел арасындағы достық көпірін одан әрі нығайта түсті. Қазақ халқының дәстүрлі музыкасы мен рухани мұрасын дәріптеген музыка кеші көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады.
Концертке Саар жері билігінің, мәдениет, өнер және білім салаларының өкілдері, Германиядағы қазақ диаспорасының мүшелері, жергілікті іскерлік қауымдастық, сондай-ақ Саарбрюккен тұрғындары мен қонақтары қатысты. Мәдени іс-шараның ашылуында Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы Таубалды Умбетбаев сөз сөйлеп, екі ел арасындағы стратегиялық байланыстар мен жоғары деңгейдегі өзара сенімнің дамуына тоқталды:
«Қазақстан мен Германияны көпжылдық тығыз әрі сенімді қарым-қатынас байланыстырады. Германия – біз үшін Еуропадағы стратегиялық әріптес. Бүгінде бұл байланыс тек саясат пен экономика аясында ғана емес, мәдениет, білім, ғылым салаларында да кең өріс алып келеді. Бүгінгі мәдени жиын – осы серіктестіктің жүрекке жылы, шынайы көрінісі. Өнер – халықтар арасындағы жүректен жүрекке жол табатын ең қуатты құрал», – деді Таубалды Умбетбаев.
Сонымен қатар IHK Saarland Саар жерінің Сауда-өнеркәсіп палатасының бас атқарушы директоры, доктор Франк Томе Қазақстан мен Саар өңірі арасындағы экономикалық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті:
«Саарланд пен Қазақстан арасындағы сауда көлемі соңғы жылдары едәуір артты. Біз өзара тиімді экономикалық жобалармен ғана шектеліп қалмай, бүгінгідей мәдени іс-шаралар арқылы да достық пен өзара түсіністікті тереңдетуге мүдделіміз. Өнер – экономикалық әріптестікті де, адами байланысты да жандандыратын ортақ тіл», – деді доктор Томе өз сөзінде.
Сахна төрінде өнер көрсеткен жамбылдық өнерпаздар неміс көрерменін ұлттық әуенмен тербетіп, домбыра, жетіген мен қобыздың үні арқылы қазақ даласының терең философиясы мен тұмса табиғатын сезіндіре алды.
Кештің репертуары қазақ классикасы мен заманауи шығармаларды, халық күйлері мен әлемдік туындыларды қатар қамтыды. Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» әндері, Құрманғазының «Серпері», Қазанғаптың «Ақжелеңі», сондай ақ Paul Lincke-нің әйгілі «Berliner Luft» туындысы – барлығы жоғары кәсіби деңгейде орындалып, мәдениет үндестігін ерекше сездірді.
Концерттің финалында орындалған «Атамекен» әні – көрермендерді ерекше тебірентіп, залда шынайы ұлттық мақтаныш сезімін оятты.
Aq jol-Aqparat
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




