«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің жағдайы қалай?

Коммуналдық қызмет көрсететін мекемелердің жағдайы қалай?
Автор
Жамбыл өңіріне іссапармен келген Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде жергілікті басқарма басшылары және кәсіпкерлермен кездесіп, жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіріп, экономикалық саясаттың жаңа бағыттары туралы айтты. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов жүргізіп отырды.

Алғаш сөз алған вице-министр Қайырхан Тұтқышбаев:

«Бүгінде мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығын сақтай отырып, инфрақұрылымды жаңғыртуға, инвестиция тартуға және кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін тарифтік реттеу тетігі кезең-кезеңімен енгізілуде. Бензин мен дизель отынының бағасы көршілес елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен болуы көлеңкелі экспорттың күшеюіне себеп болып отыр. Қазақстан мен көршілес мемлекеттер арасындағы бағаның 40 пайызға дейінгі айырмашылығы нарықта тапшылық қаупін тудырды. Осыған байланысты дизель отыны мен бензиннің көтерме бағасын кезең-кезеңімен арттыру туралы шешім қабылданды. Қыркүйек айынан бастап жанармайдың литрі 10 теңгеге, ал жағармайдың литрі 4 теңгеге көтерілді. Жанар-жағармай бағасын реттеу жөніндегі шаралардың арқасында ішкі нарықтың қажеттілігі толық қамтамасыз етілуде. Нәтижесінде әлеуметтік жағдай тұрақталып, халықтың осал топтарына қосымша қолдау көрсетілуде. Мәселен, жылу электр орталықтарына нарық құнынан 45-50 пайызға төмендетілген бағада 280 мың тонна мазут жеткізілуде. Ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 800 мың тоннаға дейін дизель отыны жанармай бекеттеріндегі бағадан 15-20 пайызға арзан ұсынылып отыр. Бұл шаралар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері мен күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жанар-жағармай бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін барлық өңірде әкімдіктер жанынан өңірлік штабтар жұмыс істейді. Тауарлық және сұйытылған мұнай газының бағасына тоқталсақ, «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңның 20-бабының 2-тармағына сәйкес тауарлық газдың көтерме саудадағы шекті бағалары өңірлердің экономикалық және әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып, әр бес жыл сайын белгіленеді және қажет болған жағдайда жыл сайын 1 шілдеде түзетіледі. Мәселен, тауарлық газдың көтерме бағасы 2020 жылғы 1 шілдеден бастап 2028 жылдың 1 шілдесіне дейін бекітілген. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап баға 33 пайызға ұлғайтылды. Қажет болған жағдайда жыл соңына дейін немесе келесі жылдың басында халықпен ашық талқылау негізінде қосымша түзетулер енгізілетін болады», – деді.

Бұл шаралар тауарлық және сұйытылған газ өндіру саласындағы шығынды азайтып, өнімнің өзіндік құны деңгейіне жеткізуге бағытталған. Мысалы, зауыттарда бір тонна газды өндіру құны шамамен 80 мың теңге болса, нарықта ол 64-65 мың теңгеден сатылады, яғни әр зауыт тоннасына 15-20 мың теңге көлемінде шығынға ұшырайды. Осыған байланысты Үкімет пен ұлттық компаниялар зауыттардың инфрақұрылымын жаңғыртуға және қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға қолдау көрсетуде. Сондай-ақ жиында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Қалдыбай Мүсілім аймақтағы ірі энергия өндіру кәсіпорындарының тариф саясатына қатысты мәселелерін баяндады.

– Соңғы 20 жылда энергетикалық және коммуналдық объектілерді жаңғырту бойынша ауқымды бағдарламалар іске асырылды. Қалаларда жылумен жабдықтаудың орташа сенімділігі 2-3 есеге артты, желілердегі апаттылық төмендеуде. Автоматтандыру үлесі артты, мониторинг бойынша цифрлық шешімдер енгізілуде. Станциялар ең жоғары жүктемелерге төзімді болды. Иә, проблемалар, әсіресе шағын қалалар мен ауылдарда болғанымен, жалпы алғанда, нақты оң үрдіс бар, – деді ол. Мемлекет басшысы жаңа тарифтік саясатқа көшу жөніндегі тапсырманы іске асыру шеңберінде Ұлттық энергетика министрлігі салалық мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірле сіп, 2023 жылдан бастап «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыруды бастады. Жамбыл облысы бойынша табиғи монополиялардың базалық субъектілеріне – электр энергиясын беру саласында «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, сумен жабдықтау және су бұру саласында «Жамбыл су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны, жылу энергиясын беру, тарату және жабдықтау саласында «Таразтрансэнерго» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны, жылу энергиясын өндіру саласында «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы жатады. «Жамбыл су» кәсіпорнында негізгі құралдардың тозуы төмендегідей. Сумен жабдықтау бойынша – 65, су бұру бойынша 43 пайыз. 784,03 километр су құбыры желілерінің ішінде магистральдық су құбырлары – 111,84 километр, орамішілік желі – 244,73 километр, тарату желісі – 427,47 километр. Тараз қаласында тазарту құрылыстарының болмауына байланысты ағынды суларды бұру 112 картадан тұратын жалпы ауданы 217,07 гектар сүзу алаңдарына жүргізіледі. Ал қаланың кәріз желілерінің жалпы ұзындығы – 307,03 километр, оның ішінде коллекторлар – 51,21 километр, орамішілік желі – 157,05 километр, көше желісі – 98,77 километр. Облыс орталығында жеті ағынды суларды айдау станциясы бар. «Жамбыл су» кәсіпорны инвестициялық бағдарламасына қатысты сумен жабдықтау қызметі бойынша сары аймақта тұр. «Тарифті инвестицияға айырбастау» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде желілердің тозуын төмендету мақсатында 266766 мың теңге сомасында 2025 жылға арналған «Жамбыл су» МКК бекітілген инвестициялық бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, тиісінше 2025 жылға арналған «Жамбыл су» кәсіпорны бойынша инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы – 593492 мың теңгені құрады. Бұл желілердің тозуын 65 пайыздан 63,5 пайызға дейін, яғни 1,5 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Су бұру қызметі бойынша жасыл аймақта тұрмыз. «Жамбыл су» мекемесі қызметкерлерінің жалақысына қатысты айтар болсақ, өндірістік персоналдың жалақысы 219872 теңгені құрап отыр. Бүгінгі күні тарату желілері бойынша су беру бойынша қолданыстағы тариф 2025 жылғы қосымша құн салығын есептемегенде текшеметрі 147,75 теңге мөлшерінде. Ал «Жамбыл электр жүйелері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрамына тарату электр желілерінің 12 ауданы, Тараз қалалық электр желілері және 11 орталық өндірістік қызмет кіреді. Негізгі құралдардың техникалық жағдайы қанағаттанарлық. Негізгі құралдардың тозуы орта есеппен 76 пайызды құрайды. Электр беру желісі – 13421,93 километр. Мекеменің инвестициялық бағдарламасы бойынша 2021-2025 жылдарға бекітілген сомасы – 5740474 мың теңге, ол қаржының 2025 жылға белгіленгені 1212195 мың теңге. Сондай-ақ ағымдағы жылы 1 319338 мың теңге сомасына қосымша іс-шаралар бекітілді, бұл тозудың 1,3 пайызға төмендеуіне әкеледі. «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы бойынша станцияның белгіленген жылу қуаты – 658 Гкал/сағат, қолда бар жылу қуаты – 516 Гкал/ сағат. Станцияның өндіруші жабдықтарының орташа тозуы 71,9 пайызды құрайды. Акционерлік қоғамның инвестициялық бағдарламасына қатысты департамент және облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бірлескен бұйрығына сәйкес «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамына 2023-2027 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама сомасы – 596284 мың теңге, оның ішінде 2025 жылға 105335 мың теңге. Бүгінгі таңда акционерлік қоғам сот шешімі бойынша оңалту рәсімінен өтуде. Кәсіпорын қызметкерлерінің өндірістік персоналдың жалақысы 202817 теңгені құрайды. Сондай-ақ жылу энергиясын өндіру бойынша қолданыстағы тариф, қосымша құн салығын есептемегенде, 6080,58 теңге/Гкал мөлшерінде. «Таразтрансэнерго» кәсіпорнының жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 229 километр. 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жылу желілерінің тозуы – 67,8 пайыз. Инвестициялық бағдарлама бойынша 2022-2026 жылдарға бекітілген қаржы сомасы – 860647 мың теңге, оның ішінде 2025 жылы 282286 мың теңге. «Тарифті инвестицияға айырбастау» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде желілердің тозуын төмендету мақсатында 2025 жылға арналған 858509 мың теңге инвестициялық бағдарламасына өзгерістер енгізілді. 2025 жылға арналған инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы 1140,8 миллион теңгені құрады. Кәсіпорын қызметкерлерінің өндірістік персоналдың жалақысы – 257255 теңге. Бүгінгі күні жылу энергиясын беру және бөлу бойынша қолданыстағы тариф қосымша құн салығын есептемегенде 3057,90 теңге/Гкал құрайды. Осылайша, жоғарыда аталған шаралардың нәтижесінде 2025 жылғы 1 қаңтардан 1 қазанға дейін халық үшін коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуі облыс бойынша орташа есеппен 6 пайызды құрады. – Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде, 2024 жылғы желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметі негізгі міндеттерді шешуге бағытталған «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын қабылдады. Ұлттық жоба тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын кең ауқымды жөндеу науқанын жүргізу үшін ұзақ мерзімді жеңілдетілген қаржыландыруды қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан Жаңғырту картасына сәйкес, 2026 жылға облыс бойынша Ұлттық жоба шеңберінде жалпы сомасы 35,039 миллиард теңгеге ірі жобалар жоспарланып отыр. Оның ішінде, жылумен жабдықтау бойынша 14,109 миллиард теңге, сумен жабдықтау бойынша 0,654, электр энергиясы бойынша 20, 276 миллиард теңге, – деді Қалдыбай Әбдімүтәліпұлы.

Бұдан кейін Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов, Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев және басқа да салалық министрлік өкілдері қатысушыларға еліміздің қаржыэкономикалық бағытына енгізіліп жатқан өзгерістердің бизнес пен өндіріс салаларына тигізетін ықпалы, салық мәселесі жайын түсіндірді. Өз кезегінде кәсіпкерлер тарапынан сауалдар қойылып, оларға тұшымды жауап қайтарылды.

Қайырхан Тұтқышбаев жұмыс сапары барысында «Таразжылуэнергоорталығы» акционерлік қоғамына барды. Аталған жылу тарату мекемесінің басшысы Жұмабек Бөлекбаев вице-министрге кәсіпорын жұмысын таныстырды. Кәсіпорын 2018 жылы сенімгерлік басқаруға беріліп, 2022 жылы қайтадан мемлекет меншігіне қайтарылған. Кәсіпорын мемлекет меншігіне қайтарылған кезде кәсіпорынның едәуір қарызы жинақталған.

– Газға 1 миллиард 350 миллион теңге, салық бойынша да қарызымыз болды. «Таразтрансэнерго» мекемесіне 400 миллион теңге берешек едік. Қазіргі таңда алдындағы қарыз толық өтелді, салық қарызының жартысы жабылды, енді 600 миллион теңгесі қалды. Бұл соманы 2026 жылдың қаңтарына дейін толық өтеуді жоспарлап отырмыз. Мазут мәселесіне келсек, қаржы тапшылығына байланысты бізде бір апталық мазут қоры бар. Жыл сайын бізге жеңілдетілген бағада шамамен 1,5 мың тонна мазут бөлінеді. Биыл қараша-желтоқсан айларында мың тонна көлемінде алу жоспарланып отыр. Бұл жылыту маусымын тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Газ бағасы шілде айында 33 пайызға қымбаттағандықтан, алты ай бойы жоғары бағамен жұмыс істейміз. Ал тарифті қаңтарда ғана жаңартамыз. Осы себепті зауыт айтарлықтай шығынға ұшырайды. Қазандықтардың барлығы толық жұмыс істеп тұр. Дегенмен екі қазандықтың біреуі істен шыққан жағдайда, үшіншісі дайын тұруы қажет. Бұл бойынша жоба құжаттары дайындалып, министрлікке жолданып қойған. Егер биыл 6-7 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінсе, келесі жылы оны іске қосуға мүмкіндік туар еді, – деді Жұмабек Бөлекбаев.

Вице-министр кәсіпорынға қолдан келгенінше көмек көрсетілетінін айтты.

 

Ерман ӘБДИЕВ

Ұқсас жаңалықтар