«Орталық Азия - Ресей» саммиті өңірлік ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашты
- author «Ақ жол»
- 11 қазан, 2025
- 516
САУДА ЖӘНЕ САЯСИ СЕРІКТЕСТІКТІ «СЕРПІЛТУДЕН» – ӨҢІРДЕГІ ҚАУІПСІЗДІК ДЕҢГЕЙІНЕ ДЕЙІН...
Тәжікстан Президентімен өткен кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев екінші «Орталық Азия – Ресей» саммитіне қатысып, сөз сөйледі. Қазақстан басшысының айтуынша, Орталық Азия – қарқынды дамып келе жатқан әлеуеті мол аймақ. Оның жаһандық үдерістердегі қазіргі және келешектегі рөлі зор. Мұны әлем мемлекеттері мойындап отыр.
Бүгінгідей келіссөздерге қызығушылықтың артуы осының дәлелі. Тарихи, саяси, экономикалық, гуманитарлық факторлар тұрғысынан алғанда, Қазақстан үшін Ресейдің орны айрықша. Бір ғана деректі айталық: елдеріміздің арасын әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр, яғни 7591 шақырым. Бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңге, әлем экономикасының тұрақсыздығына қарамастан, Ре сей Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі одақтасы саналады.
«Алдағы уақытта да осылай болып қала береді. Орталық Азия өңіріндегі ахуал кейінгі жылдары саяси ынтымақтастық, экономикалық ықпалдастық, мәдени және рухани бірлікке қарай бет алғаны қуантады. Бұл оң үрдіс енді кері сипат алмайды және аймағымыздың Ресей мемлекетінің перспективті әрі беделді серіктесі ретіндегі салмағын үстей түседі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Үш жыл бұрын Астанада өткен алғашқы «Орталық Азия – Ресей» саммиті көпжақты форматтағы ықпалдастықтың жемісті бастауы болғанын атап өткен Мемлекет басшысы:
«Бүгінгі кездесу Ресеймен арадағы ұзақ мерзімді әрі көпжақты байланыстарға тың серпін беруді көздейді. Көпжоспарлы ынтымақтастық анағұрлым табысты дамуы үшін Орталық Азияның тұрақтылығын нығайту маңызды. Менің ойымша, мұндай серіктестіктің негізгі міндеті – осы», – деді өз сөзінде.
Президент аймақ пен Ресей арасындағы екіжақты және көпжақты ықпалдастықтың бірқатар өзекті бағытына қатысты ойымен бөлісті. Бірінші басымдық ретінде сауда және индустриалды қарым-қатынасты дамытуға тоқталды.
«Алғашқы саммитте экономикалық ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастыру бағытында жұмыс істеуге келіскен едік. Бүгін қабылданатын Бірлескен іс-қимыл жоспары 50-ден аса шараны қамтиды. Бұл – өте құнды құжат. Сол себепті оны уақтылы іске асыруға барынша күш жұмылдыру қажет. Орталық Азия елдерінің Ресеймен сауда көлемі барлық тауар айналымының үштен бірін құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 20 пайыз өсіп, 50 миллиард доллардан асты. Аталған көлемнің жартысынан көбі Қазақстан мен Ресей арасындағы саудаға тиесілі. Былтыр оның көлемі 28 миллиард долларға жетті. Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына енді. Инвестиция көлемі 26 миллиард доллардан асты. Былтырдың өзінде Ресейден тікелей келетін инвестиция ағыны 33 пайыз ұлғайып, 4 миллиардтан аса долларға көбейген. Оған өнеркәсіп кооперациясын жедел дамыту мүмкіндік берді. Жалпы құны 21 миллиард долларды құрайтын 114 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта 33 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Оның инвестиция көлемі 4,5 миллиардтан астам долларды құрайды», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар сауда кедергілерін жоюды, өзара сауданы жандандыруды және тауар айналымы номенклатурасын кеңейтуді қолдайды. Шекаралық сауда аймағын құру, тұрақты түрде шекаралық аймақтық форумдар, бизнесфорумдар, көрмелер мен жәрмеңкелер өткізу, электрондық сауда алаңын дамыту бұл міндеттерді шешуге ықпал етеді. Қазіргі уақытта Орталық Азияда бірлескен сауда-өнеркәсіп аймақтары мен индустриалдық хабтар қалыптаса бастады. Бұл алаңдарда өндіріс локализациясына, қосылған құнның барлық тізбегі бойынша кооперацияға және тұрақты тасымалды қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Ресейлік бизнестің аталған жобаларға қатысуы Ресей тауарларының біздің, соның ішінде Қазақстан нарығында ұзақ уақыт бойы айналымда болуына ықпал етеді.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығындағы бірле скен жұмыстардың мүмкіндігі көп екенін мәлімдеді. Қазірдің өзінде оң нәтиже бар. Бірақ инновацияларды бірлесіп енгізуге екпін бере отырып, мол табысқа жетуге болады. Бұл арада агротехнологиялық стартаптар құру, жер игерудің дәл технологиясын кеңінен қолдану, заманауи агрологистикалық алаңдарды дамыту, құзыреттер орталығын жасанды интеллектіні пайдалана отырып қалыптастыру жөнінде сөз болып отыр. Ресей әлемдегі ірі астық өндіруші және тасымалдаушы елдердің қатарына кіреді. Бұл бағытта Қазақстан да дүние жүзіндегі көшбасшылардың бірі.
«Осы саладағы зор әлеуетімізді ескере отырып, астықты терең өңдеудің бірлескен кластерін құру жобасын қарастыруды ұсынамыз. Бұл тек бидай мен ұн ғана емес, қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға мүмкіндік береді. Біз сыртқы нарықта бір-бірімізбен бәсекеге түспей, агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық салаға айналдырудың стратегиялық пайымын негізге алуға тиіспіз. Жалпы, Орталық Азия елдері әлеуетінің синергиясы мен Ресейдің экономикалық мүмкіндіктері көпжоспарлы серіктестігіміздің мазмұнын байыта түседі», – деді ҚасымЖомарт Тоқаев.
Президент көлік-логистика секторын нығайтуды тағы бір маңызды бағыт ретінде атады. Еліміз үшін Ресеймен стратегиялық ықпалдастықтың маңызы зор. Географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқан Қазақстан еуразиялық көліклогистика желісінің өзегі ретінде Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тұрақты байланыстыра алады. Ресей – өңір мемлекеттерінің әлем нарығына шығатын негізгі қақпасы. Сондықтан Ресеймен көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипаты айрықша маңызды. Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық көлік дәлізі өтеді, яғни бес темір жол және алты автокөлік жолы. Оған Азия мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы тиесілі. Соңғы 15 жылда саланы кешенді жаңғыртуға 35 миллиард доллардан аса қаржы жұмсалды.
Нәтижесінде жүк тасымалының көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Ресейден Орталық Азияға Қазақстан арқылы темір жолмен тасымалданған жүк көлемі соңғы үш жылда 26 пайыз артып, 30 миллион тоннадан асты. Бұл ретте кері бағыттағы транзит шамамен 50 пайыз ұлғайды. Сонымен қатар Ресейден Қытайға еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 3 есе артып, 5 миллион тоннаға жетті. Мемлекет басшысы «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің шығыс тармағын инве стициямен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша бірлескен бағдарламаны іске қосудың маңызын атап өтті. ҚасымЖомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметінің алдында Ресейдің және Орталық Азия елдерінің Үкіметтерімен бірге өңірдің, жалпы еуразиялық кеңістіктің заманауи, қауіпсіз, орнықты көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту мақсатында белсенді жұмысты жалғастыру міндеті тұрғанына назар аударды. 2030 жылға дейін 5 мың шақырымнан аса жаңа темір жол төсеп, 11 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің өткізу мүмкіндігін арттыру үшін нақты қадам жасалуда. 2030 жылға қарай Қызылорда қаласынан Ресей шекарасына дейінгі учаске төрт жолақты қозғалысқа ауыстырылады. Ресейлік және түрікмен серіктестерімізбен бірлесіп «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс тармағын дамытамыз. Бүгінде бұл бағытта тасымал көлемі айтарлықтай ұлғайғанын көріп отырмыз. 2027 жылға қарай аталған көлік жолының өткізу мүмкіндігін еселеу жоспары тұр. Былтырғы қорытынды бойынша ондағы жүк тасымалы 2,5 миллионға жуық тоннаны құраған. «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің шығыс тармағын инвестициямен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша бірлескен бағдарламаны іске қосу бағдардың әлеуетін толық ашуға әрі қажетті қаржыны тартуға септігін тигізер еді. Бұл бастамаға халықаралық қаржы институттарын, даму банктері мен инвестициялық қорларды тарта аламыз. Нақты айтқанда, Қазақстан мен Ресей ведомстволары осы мәселені менің 12 қараша күні Мәскеуге жасайтын сапарымның алдында талқылауына болады. Оңтүстік Азия нарығына Ауғанстан арқылы өтетін көлік дәлізін дамыту жобасының да перспективасы зор. Бірлесе күш жұмылдырып, аталған мәселелерді жедел шешу үшін «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі аясындағы еуразиялық бағытты дамыту кеңесін құруды ұсынамын. Кеңесті елдеріміздің көлік ведомстволарының басшылары басқара алады. Оған мамандарды, сарапшылар мен кәсіпкерлерді мүше етуге болады», – деді Президент.
Мемлекет басшысы энергетика саласындағы ықпалдастықтың әлеуетіне жоғары баға берді. Айтар болсақ, Ресей, Қазақстан және Өзбекстанның үшжақты газ одағының арқасында өңірде жаңа энергетикалық жүйе қалыптасып келеді. Бұл халық пен өнеркәсіпті көгілдір отынмен сенімді түрде қамтамасыз етеді.
«Каспий құбыры консорциумының маңызына арнайы тоқталсам деймін. Былтыр осы желі арқылы шамамен 63 миллион тоннаға жуық отандық мұнай тасымалданды. Сонымен қатар шығыс тармағының да өзектілігі артып келе жатқанын байқаймыз. Қазақстан Ресей мұнайын Қытайға тасымалдауда маңызды рөл атқарады. Біз арқылы жылына 10 миллион тоннаға дейін мұнай жеткізіледі. Дегенмен өткен жылы тасымалданған мұнай көлемі бұл көрсеткіштен асып түсті. Транзит қарқынының өсуіне қарасақ, оның көлемін арттыруға мүмкіндік бар. Бірнеше күн бұрын Санкт-Петербор қаласында Қазақстан мен Ресей арасында газ саласындағы ынтымақтастық жөнінде маңызды құжатқа қол қойылды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент соңғы жылдары Ресеймен атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық серпін алғанын айтты. Осы орайда «Росатом» компаниясының қатысуымен Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтереді.
«Атом өнеркәсібіндегі ықпалдастық бірқатар жанама саланың дамуына берік негіз бола алады. Мұның біз үшін маңызы зор. Қазақстанда Ядролық отын циклі және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы өңірлік құзыретті кеңес құруды ұсынамыз. Заманауи ғылыми-зерттеу базасы мен білікті кадр даярлау жүйесін нығайту – өзекті мәселе. Бұл бағытта алғашқы маңызды қадам жасалды. Алматыда МИФИ Ұлттық зерттеу ядролық университетінің филиалы ашылды. Аталған жұмысқа екі елдің ғылыми-зерттеу институттарын тартып, оны одан әрі жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Жақында Ғылым жөніндегі кеңестің отырысын өткіздім. Ықпалдастық орнату үшін әлеуеттің бар екені анықталды әрі оны пайдалануға болады», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы цифрлық трансформация жүргізу өзекті міндетке айналғанына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан бұл салада кешенді жұмыс жүргізіп жатқанына мән берді. Мәселен жақында ғана Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Ол әлемдік компаниялармен, соның ішінде ресейлік кәсіпорындармен серіктестік орната отырып, отандық әзірлемелердің біртұтас экожүйесін құруды көздейді. Сонымен қатар ұлттық суперкомпьютер іске қосылды.
Екінші суперкомпьютердің жұмысын жолға қою міндеті жүктелді. 400 мыңнан астам студентті қамтитын арнаулы мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Жасанды интеллект саласындағы зерттеу университетін ашу жұмыстары басталып кетті.
«Біз тәжірибе алмасуға, өзара тағылымдамалар өткізуге, зерттеу жобаларына және басқа да бірлескен бастамаларға қатысуға дайынбыз. Ғылыми және өндірістік инновация бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Ресеймен ұзақ мерзімді әрі нәтижелі ынтымақтастық орнатуға ерекше қызығушылық танытамыз. Сондайақ мұны екіжақты ықпалдастықтың басым бағыты ретінде қарастырамыз», – деді Президент.
Қазақстан Президенті тағы да Каспий мәселесін көтеріп, оның су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламаны іске асырудың маңызына тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, аймақ елдері бұрын-соңды болмаған экологиялық сын-қатерлермен бетпебет келіп отыр. Оны еңсеру үшін үкіметтер мен салалық ведомстволар басшылары деңгейінде жүйелі шаралар қабылдау қажет.
«Осыған орай Экология мәселелері жөніндегі Ресей және Орталық Азия елдерінің министрлер кеңесін бекітуді ұсынамыз. Трансшекаралық өзендер мен Каспий теңізінің жағдайына баса назар аудару керек. Бұл күрделі мәселені шешуге Каспийдің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламасын іске асыру ықпал етеді. Су қауіпсіздігінің қазіргі жағдайы да алаңдатпай тұрмайды. Су ресурстары мен ауыл шаруашылығы жерлерінің жай-күйін бақылау, сондай-ақ төтенше жағдайларды болжау үшін жасанды жер серіктерін пайдалана отырып ғарыштық мониторинг бойынша бірлескен бағдарлама жасақтауды және іске асыруды ұсынамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сан қырлы мәдени гуманитарлық байланыстарды дамытуға баса назар аудару керек деп санайды. Сонымен қатар, жоғары білім саласындағы байланысты дамытудың да мәні ерекше арта түскенін айта кету керек. Мәселен, бүгінде Қазақстанның 60 университеті Ресейдің 50 жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. Ресейде 60 мыңнан аса қазақстандық студент оқиды. Елімізде Ресейдің жетекші оқу орындарының 9 филиалы жұмыс істейді. Олардың қатарында биыл пайдалануға берілген Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы да бар.
Былтыр Қазақстанда Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының филиалы өз жұмысын бастады. Өз кезегінде Бішкек, Ош, Ташкент қалаларында қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдары студенттер қабылдады. Омбы мемлекеттік университеті базасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филиалының ашылуы маңызды оқиғаға айналды. Бұл – Ресейдегі алғашқы шетелдік оқу орнының өкілдігі.
«Осы салада сындарлы қарым-қатынас орнатқаны үшін әріпте стеріме ризашылық білдіремін. Елдеріміз арасында ғылымбілім саласы бойынша тығыз байланыс орнағанын ескеріп, «Орталық Азия – Ресей» форматындағы алғашқы ректорлар форумын Қазақстанда өткізуді ұсынамын. Қазіргі жағдай ықпалдастықты цифрлық форматта белсенді дамыту қажет екенін көрсетіп отыр. Осы орайда «Орталық Азия – Ресей» цифрлық кітапханасы» бірлескен білім беру онлайн-платформасын ашуға мүмкіндік мол деп ойлаймын. Мұнда университеттеріміздің курстары мен дәрістері, архивтері қолжетімді болуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, қауіпсіздікті қамтамасыз ету – маңызды мәселенің бірі. Қазір халықаралық жағдай күрделі әрі сәт сайын құбылып тұр. Өзара құрмет пен сенімге негізделген ынтымақтастығымызды жалғастыру барлық сын-қатерді еңсеруге мүмкіндік береді. Қазақстан үшін терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру маңызды міндет саналады. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің заңсыз айналымы алаңдаушылық туғызып отыр.
«Аталған қатердің алдын алу үшін құзыретті органдар бірлескен әрекетке көшіп, арнаулы мемлекетаралық құрылымдар, нақты айтқанда, Орта Азияның өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы, ШЫҰ Есірткіге қарсы орталығы және тағы басқалары қолдауды күшейте түсуі керек. Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының бірлескен жұмысын «Орталық Азия – Ресей» форматында жалғастыру қажет деп санаймын. Жасанды интеллектіні қолдана отырып, киберқорғауды қамтамасыз ету және киберқылмысқа қарсы тұру мәселелері бойынша шаралар қабылдау маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент саммитте Ауғанстандағы жағдайға қатысты пікірін де білдірді. Мемлекет басшысы Ауғанстандағы ахуал өңірлік қауіпсіздікті нығайтудың ажырамас бөлігі болып қала беретінін атап өтіп, бұл елді өңірдегі экономикалық үдеріске тарту бойынша үйлестірілген жұмысты жалғастыру қажеттігін жеткізді.
«Бұл арада Ауғанстанға қолдау көрсету бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясы пайдаға жарайды. Бәріміз БҰҰ Бас хатшысына Миссияның басшысы қызметіне «инклюзивтілік» және «гендерлік теңдік» қағидаттарына байланбаған, құзыретті, тәжірибелі адамды тағайындау туралы ұсыныс жасауымызға болады. Бұған дейінгі тағайындаулар Ауғанстанға қатысты барлық жағдайда тиімсіз болғанын көрсетті. Бұл міндетті шешуге жақында құрылған БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі аймақтық хабы үлес қосады деп үміттенеміз», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбе саммитінің қорытындылары Ресей мен Орталық Азия елдерінің тұрақтылығы мен өркендеуі жолында өңірлік ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді.
Мақсат – Достастықты өрлеудің, жаңа идеялардың кеңістігіне айналдыру
10 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаев Душанбедегі Ұлттар сарайында өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысып, сөз сөйледі. Президенттің пікірінше, ТМД жаңа тарихи жағдайда мемлекеттер арасындағы сенімді арттырудың халықаралық тетігі ретінде сұранысқа ие құрылым екенін дәлелдеді.
Достастықтың 35 жылдығы қарсаңында Мемлекет басшысы елдер арасындағы стратегиялық серіктестікті дамытуға және Ұйым қызметін ілгерілетуге бағытталған бірқатар ұсынысын ортаға салды. Алдымен сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру негізгі басымдықтардың бірі болып қалуға тиіс екенін айтты. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша ТМД елдері сауда айналымының жалпы көлемі 8 пайыз ұлғайып, 110 миллиард долларға жетті. Сонымен қатар, соңғы бес жылда Қазақстанның Достастық мемлекеттерімен алыс-берісі бір жарым есе өсіп, 38 миллиард долларды құрады.
«Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыруға қажетті институттық және құқықтық базамыз бар. Өзара тиімді талаптарға сай қызмет көрсету нарықтарына тікелей әрі кедергісіз қолжетімділікті кеңейтуге, бірлескен өндірістерді іске қосуға, негізгі салалардағы кооперациялық байланыст арды күшейтуге баса мән беру керек деп санаймыз. Инвестиция тарту, көліктранзит әлеуетін тиімді пайдалану, цифрлық шешімдер енгізу және өңірлердің тең дәрежелі байланыстарын дамыту басымдықтардың қатарында болуға тиіс. ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің экономикалық өсімін қамтамасыз етудің тың мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынамыз. Мұны келесі жылы сәуір айында БҰҰ аясында Астанада өтетін халықаралық форум алаңында ұйымдастыруға болады. Жиын қауіпсіздік пен дамудың қазіргі сын-қатерлерінің себеп-салдарын зерделеуге арналады», – деді ҚасымЖомарт Тоқаев.
Жиында Президент белсенді жұмыс істейтін көлік дәліздері табысты саудаэкономикалық ынтымақтастықтың кепілі екенін атап өтті. Біздің аймақ Еуропа мен Азияны жалғап, жаһандық көлік-логистика жүйесінде ерекше рөл атқарып келеді.
«Бүгінде Қазақстан бастамашы болған ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасы бойынша жұмыстар аяқталып келеді. Жүк ағынын тиімді басқару, шығындарды төмендету және тәуекелдерді азайту үшін бұл құжатты жасанды интеллект технологияларын енгізуді көздейтін ережелермен толықтыру қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект мемлекеттердің орнықты дамуымен бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторына айналғанына мән берді. Қазақстан мемлекеттік басқару, әлеуметтік сала мен азаматтардың тұрмыс-тіршілігін қамтитын цифрлық күн тәртібін жедел ілгерілетіп келеді. Цифрлық кодекс бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр, Цифрлық Қазақстан тұжырымдамалық құжаты әзірленуде.
Президент еліміз ТМД мемлекеттерімен осы саладағы ынтымақтастыққа ашық екенін мәлімдеді. Сондай-ақ ТМД-ның әлемдік аренадағы абырой-беделін нығайтудың маңызына тоқталған Президенттің айтуынша, Қазақстан Достастықтың халықаралық байланыстарын жандандыруды дәйекті түрде қолдайды.
«Мақсатымыз ортақ – Достастықты жасампаздық пен өрлеудің, жаңа идеялар мен мүмкіндіктердің кеңістігіне айналдыру. Бірлескен күш-жігер арқылы ТМД-ны қарқынды, тиімді әрі болашаққа нық қадам басқан халықаралық ұйым ретінде нығайта алатынымызға сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




