Қазақ-мажар байланысының әлеуеті зор
Тәуелсіздік алғалы еліміздің көпвекторлы дипломатиялық қарым-қатынасы жаңа кезеңге өтті. Әсіресе шығыс пен батысты теңдей ұстау міндеті Еуропадағы барыс-келісті арттыруға түрткі болғаны белгілі. Осындай маңызды кезеңде Мажарстан бауырмалдықтың үлгісін көрсетіп, 1993 жылы Қазақстаннның Орталық Еуропадағы тұңғыш елшілігі Венгрияда ашылды. Содан бері екі ел арасындағы қарымқатынас ойдағыдай дамып келеді, арада тек достық пейіл мен жақсы ниет қана бар. Отыз жылдан астам уақытта мемлекеттер арасындағы саяси диалог артпаса, кеміген жоқ.
Экономикалық жобалар, мәдени-гуманитарлық бастамалар ойдағыдай дамып келеді. Мажар елі Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық әріптеске айналды. Халықаралық ұйымдарда да өзара ықпалдастық жоғары.
Қазір қазақ-мажар Біріккен Ұлттар Ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы секілді құрылымдарда қатар дамуда. Құқықтық базаны кеңейту үшін парламенттер белсенді жұмыс істеуде. Екі ел депутаттары Парламентаралық одақ, Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеялары аясында үнемі бірбірін қолдап келеді. Кейінгі жылдар мемлекет көшбасшыларының барыс-келісі де толастаған емес.
2023 жылы Мажарстанның Премьерминистрі Виктор Орбан Қазақстанда ресми сапармен болса, өткен жылы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанға мемлекеттік сапармен барды. Әр кездесу достық сипатта өтіп, маңызды уағдаластықтарға қол жетті. Мажарстанға барған ресми сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев ел президенті Тамаш Шуйокпен Шандор сарайында кездесіп, келіссөз жүргізген болатын.
«Елдеріміздің экономикалық әлеуеті мол, оны толыққанды игеру өте маңызды. Сондықтан бұл сапарымның басты мақсаты – ынтымақтастығымызға жаңа серпін беру. Мажар елі – Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді стратегиялық әріптесі. Бүгінгі берік саяси ынтымақтастық пен тығыз экономикалық байланыс – соның айқын дәлелі» – деген еді Қазақстан басшысы.
Бүгінде қазақ-мажар байланысы қалай дамып жатыр дегенге келсек, саясаттанушылардың пікірінше, Қазақстанның қарт құрлықтағы мажар жұртымен қатынасы қарқын алып келеді. Екі ел ортақ тарихтан бөлек, сауда-экономикалық серіктестікті тереңдетуге ниетті. Осы орайда Мажарстан Президенті Тамаш Шуйоктың Астанаға ресми сапары дәстүрлі жолды ілгерілетеді деген сенім мол.
Серіктестік ауқымын кеңейтуге келісті Ақорда ре зиденциясындағы мәртебелі мейманды қарсы алу рәсімінен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен кездесті.
«Сіздің бұл алғашқы ресми сапарыңыз ынтымақтастығымызды нығайту тұрғысынан өте маңызды оқиға. Мажарстан – біздің егемендігімізді алғаш мойындаған еуропалық мемлекеттердің бірі. Ал Будапешт – ресми дипломатиялық миссиямызды қабылдаған бірінші еуропалық қала. Сондықтан сіздің еліңізбен көптеген саладағы тығыз ықпалдастықты қолдаймыз. Екі елдің мүддесіне сай келетін бұл үрдіс жалғасын табатынына сенімдімін. Сол себепті біз саяси, экономикалық байланыстарымызды одан әрі кеңейтуге барынша күш саламыз», – деді Мемлекет басшысы.
Тамаш Шуйок елдеріміздің арасында сенімге, өзара құрмет пен тарихи байланысқа негізделген белсенді диалог орнағанын атап өтті.
«Халықтарымыздың достығы ғасырлар қойнауынан тамыр тартады. Қазір де саяси қарым-қатынасымыз өте жоғары деңгейге жетті деп ойлаймын, экономикалық байланыстарымыз да қарқынды дамып келеді. Сондайақ Digital Bridge 2025 форумында айтқанымдай, қос мемлекет арасындағы ықпалдастықтың болашағы зор. Біз көптеген жобалар мен бастамаларды бірлесе іске асыруды жоспарлап отырмыз», – деді Мажарстан Президенті.
Бұдан кейін президенттер жүргізген келіссөз екі елдің делегация мүшелерінің қатысуымен жалғасты. Мемлекет басшысы Астана мен Будапешт арасындағы тығыз әрі сенімді қарым-қатынас ғасырлар қойнауынан тамыр тартатынын және өзара құрметке негізделгенін атап өтті. Қазақстан Президенті өткен жылы Мажарстанға жасаған сапары бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылуымен ерекшеленгенін жеткізді. Бұл екі ел арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен бауырластық байланыстарды нығайту үшін жаңа перспективаға жол ашты.
Мемлекет басшысының айтуынша, екіжақты сауда-экономикалық қарымқатынастардың берік негізі мен зор әлеуеті бар.
«Былтыр тауар айналымы шамамен 200 миллион долларға жеткенін, ал биылғы сегіз айда 22 пайыз өскенін (164,5 миллион доллар) ерекше ықыласпен атап өткім келеді. Бүгінде Қазақстан экономикасына 400 миллион долларға жуық инвестиция салған 35-тен аса мажар компаниясы жұмыс істеп жатыр. Біз қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы, жаңартылатын энергия, денсаулық сақтау, логистика мен қаржы салаларында 607 миллион долларға бағаланатын 20 бірлескен жобаны іске асырып жатырмыз», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөз барысында Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті мажарлық кәсіпкерлерге толық қолдау көрсетілетіндігін айтты.
Тамаш Шуйоктың айтуынша, Қазақстанмен жан-жақты байланыстарды дамыту Мажарстанның сыртқы саясатында айрықша орын алады.
«Президент мырза атап өткендей, 2014 жылы Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылып, бұл қарым-қатынасымыздың негізін қалады. Экономикалық ынтымақтастықтың аясы кеңейіп келе жатыр. Ал мәдениет пен білім саласындағы ықпалдастығымыз көп жұртқа үлгі. Бұл артық айтқандық емес. Қазақстанмен байланысымызды стратегиялық тұрғыдан маңызды деп санаймыз әрі жоғары бағалаймыз. Қазіргідей дағдарыс кезеңінде Шығыс пен Батыс арасындағы ынтымақтастық айрықша мәнге ие бола бастады», – деді Мажарстан Президенті.
Келіссөз барысында саудаинвестиция, энергетика секторы, атом энергиясы, көлік-логистика, қаржы, цифрландыру және жасанды интеллект секілді салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері кеңінен қарастырылды. Мемлекеттер басшылары халықаралық саясаттың басты мәселелеріне қатысты екі елдің ұстанымдары ұқсас және көпжақты форматтағы тығыз ықпалдастықты жалғастыруға дайын екенін растады. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Тамаш Шуйокты Қазақ елінде қарсы алу үлкен мәртебе екенін, халқымыз Мажарстан Президентін аса көрнекті мемлекет қайраткері, парасатты басшы, беделді тұлға деп қабылдайтынын атап өтті.
«Сіз сарабдал саясатыңыз арқылы Мажар елінің әлеуметтікэкономикалық дамуын ілгерілетуге, халықаралық сахнадағы беделін нығайтуға өлшеусіз үлес қосып келесіз. Біз Мажарстанның Қазақстан тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған мемлекет екенін еш уақытта ұмытпаймыз. Ал егемен ел ретінде Еуропада тұңғыш елшілігімізді Будапешт төрінде ашқанымыз ерекше символдық мәнге ие», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы екі елді тереңнен тамыр тартатын ортақ тарих, ұқсас мәдени құндылықтар, бекем достық байланыстыратынын айтып, Тамаш Шуйоктың Қазақстан мен Мажарстан арасындағы серіктестікті нығайтуға қосқан сүбелі үлесін, жеке қолдауын өте жоғары бағалайтынын жеткізді.
«Екі ел арасындағы байланысты күшейту жолындағы еңбегіңізді және айрықша рөліңізді ескере отырып, сізді І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдадым. Бұл – қазақ жұртының өзіңізге деген шынайы құрметі, риясыз көңілі», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев осы жоғары марапат халықтарымыздың мәңгілік бауырластығының тағы бір символы болады деген сенім білдірді.
Қазақстан мажар компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайын
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Мажарстан президенттері БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жас ады. Мемлекет басшысы Мажарстан Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапарын екі ел қарым-қатынасының жаңа белесі деп қабылдайтынын айтты. Сонымен қатар Астанада өткен Digital Bridge 2025 халықаралық форумына арнайы келіп қатысқаны және жасанды интеллект жөнінде ой-пікірін бөліскені үшін Тамаш Шуйокқа шынайы ризашылығын білдірді.
«Біз – тамыры бір ағайын жұртпыз. Мажарстан – Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған елдің бірі. Сондай-ақ бізбен стратегиялық әріптестік орнатқан Еуропа Одағындағы тұңғыш мемлекет. Бүгінде елдеріміз арасындағы саяси диалог жоғары деңгейде жүріп жатыр. Мемлекеттеріміз барлық салада ашық әрі өзара сенімге негізделген байланыс орнатты. Сауда-экономика және инвестиция саласындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Екі елдің қарым-қатынасына арқау болған шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық кеңейді. Былтыр қарашада Будапештке жасаған мемлекеттік сапарымның қорытындылары – осының айқын дәлелі. Мызғымас достық пен өзара қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін», – деді Қазақстан Президенті.
Алдағы уақытта Қазақстан мен Мажарстан өзара тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізбек. Кездесуде президенттер энергетика, атом өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы сияқты түрлі бағыттағы ықпалдастықты арттыруға уағдаласты. Бұл туралы да брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Жаңа ғана жоғары мәртебелі Тамаш Шуйок мырзамен кеңейтілген құрамда мазмұнды келіссөздер жүргіздік. Ықпалдастығымызды күшейтудің жаңа бағыттары туралы әңгімелестік. Сауда-экономика саласындағы байланысымызды дамыта түсу қажеттігіне баса назар аудардық. Былтыр екі елдің алысберіс 200 миллион доллар шамасында болды. Келешекте оны 1 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Мажарстан соңғы 20 жылда еліміздің экономикасына 385 миллион доллардан астам инвестиция салды. Mol компаниясы Қазақстанның газ саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Күн тәртібінде тағы басқа ауқымды жобалар бар», – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында халықаралық көлік дәліздерін, логистика инфрақұрылымын дамытудың маңызына мән берілген. Мәселен Астана мен Будапешт арасында тікелей әуе рейсі қайта жандануы мүмкін.
«Биыл Шымкенттен Будапештке тікелей әуе қатынасы ашылды. Енді екі ел астаналары арасындағы әуе қатынасын қайта орнату мүмкіндігін қарастырамыз деп келістік. Келіссөз аясында жасанды интеллектіні және цифрлық технологияны экономикаға жаппай енгізудің маңыздылығына баса мән бердік. Осыған орай, бірлесе жұмыс істеуге дайын екенімізді жеткіздік. Оған қоса қаржы саласына қатысты тың жобаларды жүзеге асыруға уағдаластық. Жалпы, Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті мажар компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын екенімізді жеткіздім. Екі елдің Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы және Іскерлік кеңесі осы мәселеге баса мән беруі қажет деп санаймын», – деді Мемлекет басшысы.
Президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды қазақ-мажар қатынасының алтын арқауы деп атады.
«Осы бағыттағы ынтымақтастықты нығайту айрықша маңызды. Сондықтан мәдениет, білім-ғылым саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аудардық. Қазіргі таңда мажар елінің үздік жоғары оқу орындарында Қазақстанның мыңнан астам студенті білім алып жатыр. Сол үшін Мажарстан Үкіметіне зор алғыс айтамын. Біз осы елдегі жоғары оқу орындарымен ықпалдастығымызды одан әрі дамытуға дайынбыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Әлемде түрлі қақтығыстардың көбеюі Қазақстанды да, Мажарстанды да алаңдатады. Бұл туралы брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Аймақтық және жаһандық маңызы бар өзекті мәселелер бойынша пікір алмастық. Әлемдегі геосаяси ахуалдың ушығуы, түрлі қақтығыстардың көбеюі екі елді де алаңдатады. Біз барлық түйткілді БҰҰ жарғысына сәйкес бейбіт және саяси дипломатиялық жолмен шешу қажет деп санаймыз. Осы ретте халықаралық деңгейде бір-бірімізге қолдау білдіріп, бірлесе жұмыс істеуге келістік», – деді Президент.
Бүгінде Қазақстан мен Мажарстан арасындағы байланыс қарқынды дамып келе жатыр.
«Өзара тиімді ықпалдастығымыз жаңа әрі сапалы деңгейге көтеріледі деп сенеміз. Қол жеткізілген барлық келісімдер ойдағыдай орындалатынына күмәнім жоқ», – деген Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер жемісті болғанын баса айтса, Мажарстан Президенті елдер арасында тығыз саяси байланыс орнағанын, сауда-экономикалық ынтымақтастық дәйекті түрде дамып келе жатқанын және цифрландыру саласындағы ықпалдастық перспективасын атап өтті.
«Біз Қазақстандағы цифрландыру үдерісін жіті қадағалап отырмыз. Өйткені сіздің ел бұл мәселеде аймақта ғана емес, әлем бойынша алдыңғы қатарда келеді. Біз Қазақстанды аталған маңызды бағыттағы беделді серіктес санаймыз және ынтымақтастығымызды дамытуға үміттіміз. Мажар-қазақ байланыстарының әлеуеті зор. Президент ретінде мұны іске асыруға толық қолдау көрсетемін», – деді Тамаш Шуйок.
Президенттер жасанды интеллект орталығына барды
Мажарстан Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тамаш Шуйок Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын аралап көрді. Инновациялық кеңістік еліміздегі заманауи технологияларды дамытуға, дарынды жастарды қолдауға, AI және ІТ сектордағы перспективті жобаларды ілгерілетуге арналған.
Бұл экономикадағы цифрлық саланы жаңа деңгейге көтереді. Alem.AI Қазақстанның ғана емес, басқа да елдердің мамандарын шоғырландыратын орталық болмақ. Бірегей жоба ғылым, өнеркәсіп, креативті индустрия мен мемлекеттік қызмет көрсету секілді салалардағы технологияны дамытуды көздейді.
Орталық ұлттық ЖИ экожүйесін құруға, инвестиция тартуға, стартаптар мен зерттеу қызметтерін ынталандыруға септігін тигізеді. Сондай-ақ отандық ЖИ шешімдердің экспортын 2029 жылға қарай 5 миллиард долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жасанды интеллектіні дамыту жаңа технологияның пайда болуына және экономикалық өсімге ықпал етіп, Астананы Орталық Азиядағы ЖИ бойынша жетекші қалаға айналдырады.
Жоба аясында жылына түрлі салада көзге түскен 10 мың дарынды жасты қолдау, 1 мыңға жуық маманды оқыту, 100-ге тарта стартапты іске қосу, 10 шақты ғылыми зерттеуді жүзеге асыру жоспарланған. Халықаралық орталық Tomorrow School жасанды интеллект мектебі, TUMO креативті технологиялар орталығы, стартапкампус, ғылыми-зерттеу зертханалары және GovTech шешімдерін әзірлеуге арналған AI-driven Government аймағы секілді қоғамдық кеңістіктерді біріктіреді.
Барлық салада әріптестікті нығайту – маңызды
Жалпы, өткен жылы Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тауар айналымы 200 миллион долларға жетсе, биылғы 8 айда көрсеткіш 165 миллионнан асып үлгерген. Тараптардың бірлескен кәсіпорындар құру, жаңа өндіріс орындарын салу, көлік-транзиттік және цифрлық салаларда жобалары жетерлік. Қазір екі ел машина жасау, ауыл шаруашылығы және логистика бағыттарында 16 бірлескен инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Экспорт пен импортты әртараптандыру да кешенді жүргізілуде.
Қазір Қазақстан Венгрияға пропилен полимерлері, балық, жылжымалы құрамның бөліктері, желімделген фанера, телефон аппараттары, топырақ жұмыстарына арналған машиналар, сәндік косметикаларды жөнелтеді. Олар бізге дәрі-дәрмек, тамақ өнімдері, арнайы техникалар, гербицидтер жеткізеді. Мәліметке сүйенсек, 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына құйылған мажар инвестициясы 370 миллион АҚШ долларынан асқан.
Алдағы меже бұдан да жоғары. Өйткені, Мемлекет басшысы өткен жылы Венгрияға жасаған сапарында Қазақстан 95 тауар позициясы бойынша экспортты кеңейтуге дайын екенін айтып, бірқатар келісімге қол жеткізген болатын. Сауда-экономика, энергетика, мұнай-газ, көлік, білім саласында бірқатар жобалар қолға алынған.
Жалпы мажар компаниялары елде зауыттар салуды көздеп отыр. National Capital Holding, UBM Group, L.A.С Holding компаниялары Қазақстандағы жұмысын бастап та кеткен.
«Қазір екі елдің компаниялары ұзақмерзімді жобаларға кірісіп кетті. Ең ауқымдыларының қатарында көліклогистика, шикізат өндірісі бағыты бар», – дейді сарапшылар.
Тағы бір маңызды бағыт – фармацевтика. Мажарстанның ең ірі фармацевтикалық компаниясы Қазақстан нарығында 9-шы орында тұр.
Қазір осы жерде өндіріс орналастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл Қазақстанға мажарлық өзге де инвестицияларды тарта алады. Сарапшылардың мәліметіне сүйенсек, Қазақстанға әдеттегідей шикізат пен экологиялық мәселелерді шешуге арналған жобалар қажет. Өткен жылы Мемлекет басшысы Венгрияға барған сапарында да елдің экономикалық бағдарын айқындап берген болатын.
«Сирек металдар, су және ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін толық пайдалануымыз керек. Тауар түрін көбейту, инновациялық технология тарту, энергетика, цифрландыру, көлік саласындағы әріптестікті нығайту – өте өзекті мәселе. Сол арқылы серіктестіктің жаңа бағытт арын дамыт амыз. Қазақстан-Мажарстан Үкіметаралық комиссиясы мен Стратегиялық кеңесі сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастыққа зор үлес қосып келеді», – деді ҚасымЖомарт Тоқаев.
Тағы бір тоқтала кететін мәселе, Астана халықаралық қаржы орталығында Қазақ-мажар инвестициялық қоры құрылатын болды. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы айтты.
«Бүгінде Мажарстанның бірнеше ірі компаниясымен келіссөз жалғасып жатыр. Оның ішінде Мажарстанның қаржы саласындағы ең үлкен банкі – OTP Bank-тің Қазақстан нарығына кіруіне қатысты келіссөз бар. Сонымен қатар Мажарстанның телекоммуникация, ғарыш саласындағы технологиялық ІТ компаниясының Қазақстанға сапары барысында «Қазақстан ғарыш сапарымен», «Қазақтелекоммен» ортақ жобалар, қорғаныс саласында ортақ жоба жасау бойынша келіссөз басталды. Мұнан бөлек мұнай-газ саласындағы MOL компаниясы еліміздің газ саласына қомақты инвестиция салу бойынша келіссөз жүргізіп жатыр», – деді ол өз сұхбатында.
Жүрсінгүл ЖАҚЫП
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




