Жамбыл облысы – агросаланың дамуына өте тиімді аймақ. Бұған дейін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халыққа арнаған кезекті Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын жаңғырту, аграрлық ғылымды дамыту және жаңа технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өткен болатын.
Осы орайда Таразда өтетін сессия еліміздегі аграрлық ғылымды жаңа деңгейге көтеруге, ауыл шаруашылығы өндірісін тиімді ұйымдастыруға және ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуге бағытталды. Сессия жұмысын ашқан ҚР Ұлттық аграрлық ғылымдар академиясының президенті, академик Тілектес Есполов еліміздің жетекші ға лымдары бас қо сқан осындай ауқымды жиынның көне шаһар Тараз төрінде өтуіне қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғысын жеткізді.
Сондай-ақ Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің негізін қалаған, бірінші ректор, құрылтайшысы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықовқа да алғысын білдірді.
– Жолдауда Президент жердің стратегиялық ресурстарының игілігі елді дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға арналуы керектігін де атап өтті. Бүгінде өңірдің инфрақұрылымымен экономикасы жыл сайын арту үстінде. 2024 жылы облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі қолданыстағы бағамен 3,2 триллион теңгені құраған. Аймақтағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 534 миллиард теңгеге жеткен. Ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі – 473 миллиард теңгені құрайды. Ал өңірде 627 мың гектар жерге ауылшаруашылық дақылдары егіледі. Айта кету керек, бұл аймақта мал шаруашылығы да жақсы дамыған. 29 мың бас ірі қара, 3,0 миллион бас қой мен ешкі, 174 мың бас жылқы, 2,0 миллионға жуық құс бар. Сондықтан бүгінгі жиында ауыл шаруашылығының дамуы тікелей ғылыми ізденістер мен ғылыми негізделген технологияларды енгізу дәрежесіне тікелей байланысты екені талқыланады, – деді Тілектес Исабайұлы.
Бұдан кейін сөз алған Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров Жамбыл өңірінің аграрлық әлеуеті жоғары екендігін тілге тиек етіп, бүгінгі жиын осы саладағы мәселелерді ғылыми ортаның қатысуымен шешу жолдарын ұсынатындығына сенім білдіріп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков:
«Ауыл шаруашылығы саласының басты міндеті – елімізді негізгі азық-түлік өнімі мен толық қамтамасыз ету. Өкінішке орай, мемлекетіміз егемендік алғалы бері 34 жылдың ішінде осы мәселе толық шешілген жоқ. Мысалы, Жамбыл облысында әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарларының ішінде 9 түрінен – 100 пайызға, 8 түрінен – 50 пайызға облыс өзі қамтамасыз ете алады, ал 2 түрі басқа аймақтардан әкелінеді (күріш – Қызылорда облысынан, гречка (қара құмық) – Солтүстік Қазақстан облысынан). Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көрсеткендей, бұл жерде екі мәселені нақты шешу қажет. Сондықтан осы мәселені түбегейлі шешу үшін екі басымдыққа назар аударамыз. Біріншіден, ауыл шаруашылығына бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау. Екіншіден, аграрлық ғылымды дамытып, ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізу», – деді өз сөзінде.
Алқалы жиында сала мамандарының ауыл шаруашылығындағы жаңа ғылыми бағыттар, ғылыми-зерттеулерді коммерцияландыру, су үнемдеу технологиялары, кооперация, карбонды егіншілік, цифрландыру және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелері бойынша баяндамалары тыңдалып, өңірлік шаруашылық өкілдерінің тәжірибелері мен ұсыныстары қамтылды.
Қатысушылар Агробиологиялық, Ветеринария және мал шаруашылығы орталықтарына, Аквафермаға барып, университеттің ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен танысты.
Ерман ӘБДИЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




