- Бүгін біз барша қордайлықтарды ұйыстырып, ортақ құндылық – қоғамдық келісім мен бірлік жолында біріктіретін маңызды жиында бас қосып отырмыз. Бұл – татулықты ту еткен халқымыз үшін ерекше мәнге ие басқосу. Сіздерді Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қордай ауданында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясының ресми ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Аталған бастама – аудандағы қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайтудың жаңа кезеңі, ел бірлігі мен тұрақтылығын арттыру жолындағы нақты әрі маңызды қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Күшті мемлекет – біртұтас ұлт» қағидасына сәйкес, еліміздегі этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді сақтау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Аудан тұрғындарының ауызбіршілігі мен ынтымағының арқасында Қордай өңірі бүгінде әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары, өңірлік көрсеткіштері бойынша алдыңғы қатардағы аудандардың біріне айналды. Биыл ауданда көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін 4 пәтерлі 36 тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ ауданның инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңартылып, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Жалпы, ауданда 158 мыңнан астам халық тұратын болса, оның 46 пайызы өзге этнос өкілдері. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі бағыттарының бірі – қайырымдылық. Қордайлық 8 этно-мәдени бірлестік қоғамдық өмірге белсене араласып, қайырымдылық шараларын тұрақты ұйымдастырып келеді. Олар осы жылы 22,2 миллион теңге көлемінде демеушілік көрсетті. Көпэтносты қоғамда әрбір этностың мәдениеті мен тіліне құрметпен қарап, ұлттық бірлікті сақтау – біздің ортақ міндетіміз, – деді облыс әкімі.
Естеріңізде болса, ел Президенті егемендік тарихындағы айтулы оқиға – Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен тұспатұс келген ХХХІV сессияда Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасқанын айтып, Ассамблея аймақтардағы жұмысты жандандыруы керек екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы сол жиында: «Түрлі этнос өкілдері тұратын Қордай, Ұйғыр, Сайрам, Панфилов және басқа да аудандарда Ассамблея ашу керек. Сонымен қатар Достық үйлері тағы бірнеше қала мен аудан орталығында ашылады деп жоспарланып отыр. Мен бұл бастаманы қолдаймын. Біз қоғамдық келісім инфрақұрылымын біртіндеп кеңейте беруіміз керек. Құзырлы орган басшылары мен әкімдер Ассамблеяның этномедиация саласындағы жұмысына жан-жақты қолдау көрсетуге тиіс. «Елдесу және татуласу» жобасының ауқымын кеңейтіп, оны алдағы екі жылда бүкіл елге тарату қажет», – дей келе, нақты тапсырма берген еді.
Сонымен қатар бұған дейін барлық деңгейдегі әкімдерге тұрақты түрде этносаралық және ұлтаралық келісім мәселесіне арналған жиналыс өткізу жүктелгені белгілі. Аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбайқызының айтуынша, Қордай ауданында Президенттің тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында бірқатар нақты жұмыстар атқарылған. Жыл басында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған аудандық Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі белсенді қызмет етуде.
– Бүгінге дейін өткізілген 21 кездесуге бір мыңнан астам тұрғын қатысса, онда отбасылық құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақты адамгершілікке баулу, сондай-ақ аналардың қоғамдағы әрі бала тәрбиесіндегі рөлін айқындау мәселелері кеңінен талқыланды. Есепті кезеңде этно-мәдени бірлестіктерді тарта отырып, түрлі форматта бас-аяғы 89 іс-шара ұйымдастырылды. Мұндай шаралар аудандағы этносаралық ахуалды тұрақтандыруға, татулық пен достықты нығайтуға, сонымен қатар әрбір этностың салт-дәстүрі мен мол мәдениетін насихаттауға айрықша үлес қосуда, – деді Дамира Маратқызы.
Бұдан бөлек басқосуда «Ахыска» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Камила Дургалова мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет идеологиялық маңызы бар ілкімді істен этно-мәдени бірлестіктер мен ақсақалдар тыс қалмайтынын жеткізді. Жиын соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ел бірлігі – қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этностың береке-бірлікте өмір сүруімен өлшенетінін айтып, қойнауы құт Қордай ауданында Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы – «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатының нақты көрінісі екенін атап өтті.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




