«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әйгерім Сәттібаева алтыннан алқа тақты

Әйгерім Сәттібаева алтыннан алқа тақты
Автор
Қытай Халық Республикасының Үрімші қаласында әйелдер арасында бокстан «Бір белдеу, бір жол» атты халықаралық турнир аяқталды. Аталған байрақты бәсекеге әлемнің 20 мемлекетінен ең үздік бұрымдылар қатысып, бақ сынаған.

Аталған турнирде бақ сынаған 48 килограмм салмақтағы жамбылдық боксшы Әйгерім Сәттібаева өзінің шын мықты екенін тағы да дәлелдеді. Оны жарысқа жұбайы әрі жеке бапкері, бокстан әскерилер арасында Әлем чемпионы, Азия чемпионы Олжас Көсемәліұлы дайындады. Әйгерім әуелі Филиппин елінің боксшысы Сумал Иног Патрисиа Майды айқын ұтса, келесі жекпежегінде қытайлық боксшыны қапы қалдырды.

Қытай боксшысы жақында өтетін Әлем чемпионатына қатысуға бара жатқан нағыз мықты. Осы фактіге қарап, жамбылдық боксшы қыздың талантын тани беріңіз. Ә.Сәттібаева финалда еліміздің танымал боксшысы Еланур Тұрғановадан басым екенін байқатып, алтыннан алқа тағынды. Еланур Тұрғанова жастар арасында Әлем чемпионы.

«Ел намысы деген – үлкен жауапкершілік. Бұл турнирде менің ойымда тек ғана жеңіс тұрды. Елдің үмітін ақтағаныма өте қуаныштымын. Жұбайым және жеке бапкерім Олжасқа рақмет», – дейді Әйгерім Сәттібаева.

Бұл турнирде еліміздің әйелдер құрамасы өте жоғары табысқа жетті. Атап айтқанда, Әйгеріммен бірге 54 килограмда Жайна Шекербекова, 60 килограмда Рима Волосенко, 75 килограмда Валентина Хальзова, 81 килограмнан жоғары салмақта Ләззат Күнгейбаева чемпион атанды. Ал 54 килограмда жұдырықтасқан Сания Сұлтан күміспен күптелсе, 57 килограмда Зере Мархабай, 66 килограмда Мадина Нуршаева, 66 килограмда Дариға Шакимова қолаға қол жеткізді.

Бұл турнир бокстан еліміздің әйелдер құрамасы жаһандық додаларда ел намысын абыройлы қорғауға қауқарлы екенін көрсетті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар