«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ерлік сын сағатта жасалады

Ерлік сын сағатта жасалады
Автор
Байзақ ауданы орталығындағы әл-Фараби атындағы мәдениет үйі алдында Қайнар әскери бөлімшесінде болған жарылыстан қаза тапқан жерлес-жауынгерлерімізге қойылған мемориалдық ескерткіш-тақта алдында еске алу жиыны өтті.

Еске алу жиынына аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков, аудан әкімінің орынбасары Рүстем Қасымов, аудандық мәслихаттың төрағасы Бақтияр Ақбаев, аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары, ардагерлер, әскери және өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері, жарылыс кезінде қайтыс болған батырлардың атааналары, туыстары қатысты.

Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бердібек Омаров сөз алып, елдік пен ерлік сынға түскен сәтте, қас қақпай өмірлерін құрбан еткен батырлардың есімі мәңгі өшпейтіндігін жеткізді. Бейбіт күннің батырлары атанған жерлес жауынгерлеріміздің өмір жолы, ерліктері жас ұрпақты отансүйгіштікке, еліне адал қызмет етуге тәрбиелейтіндігін айтты. Байзақ аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Болат Әміралиев отаншыл жігіттердің ерлігін айтып толғанды.

«Сын сағатта бастарын қатерге тіккен азаматтар батырлықтың нағыз үлгісін көрсетті. Олардың есімдері ұмытылмайды», – деді.

Жиналғандар марқұм өрт сөндіруші Марат Мешінбайдың анасы Қымбатгүл Әлиеваның сөзіне ерекше құлақ түрді.

«Отанға еңбегін арнап кеткен баламды бар деп есептеймін. Сол оқиға кезінде ерлік жасаған азаматтардың бәрі мәңгі елдің жүрегінде», – деді.

Бұдан соң ескерткіш тақтаға гүл шоқтары қойылып, ерлікке тағзым етілді. Осындай еске алу жиыны Қайнар елдімекеніндегі №28349 әскери бөлімшесінде де өтті. Бұл жиынға да төтенше жағдай қызметінің өкілдері, қаза болған азаматтардың ата-аналары қатысты. Оларға ержүрек марқұм азаматтарды еске алып, рухына арналып оқылған құранға қол жайды.

«Мен де ол кезде өрт с өндіру қызметінде жұмыс істедім. Өрт сөндіруші азаматтар сын сағатта ерекше қызмет етті, өмірлерін қиды. Оларға қандай құрмет жасап, тағзым етсек те артық емес» деді Түймекент ауылынан келген Ақболат Мамырбаев.

Осылайша, осыдан 4 жыл бұрын орын алған жарылыс кезінде қаза тапқан батыр жігіттер рухына құрмет жасалды. Ерлік ешқашан ұмытылмайды.

 

Есет ДОСАЛЫ

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар