Смайл Ырғалбекұлы қазақтың ең ғажап құндылығы қолөнер бұйымдарын өте шебер жасаған. Халқымыздың тұрмысына қолданған бесік, келі, сандық, кебеже, күбі, қоржын, шырағдандар жасаудың хас шебері болған. Білезік, алқа, сырға, сақина жасауға да икемділік танытқан. Осындай өнердің нағыз өкіліне аудандық музейден бұрыш берілуі де заңдылық. Бұл өнер шеберінің еңбегіне берілген әділ баға десек қателесе қоймаспыз.
Аудан белсенділері мұнымен де шектелмей, өнер шеберін еске алуға арналған іс-шаралар өткізіп тұрады екен. Осындай іс-шараның бірі «Өнерге құштар болған жан аға» тақырыбымен өтіп, оған ауданның бүкіл зиялылары қатысыпты. Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов, белгілі журналист Сейсен Қожеке ағынан жарылып сөз сөйлеп, өнер шеберінің еңбегіне, қалдырған мол мұрасына кеңінен тоқталыпты. Танымал қаламгер Сейсен Қожеке шебер жайлы ерекше ой қозғапты. «Ауданымыздың тарихына қатысты біраз бұйымдарды жасаған осы Смайл. Оның он саусағы он кісі десек те қателесе қоймас едік. Мүсіншінің өз қолымен жасаған ғажайып бұйымдары жас ұрпаққа үлгі. Оның есімі замандастарының көңілінен кетпейді. Ол бар өнер мен әдемілікті жүрегіне сыйдырған үлкен тұлға еді», – деп толғануы тегін емес. Аталған музей директоры Элдар Өтембаев та ерекше ойлар айтқан. «Өте талантты, жасаған еңбегі мол болғанымен, көпшілік жұмысы аудан деңгейінде қалғанын байқап жүрміз. Сондықтан Смайл Ырғалбеков ағаның жасаған еңбегі мен мұрасы жайлы әлеуметтік желіде де кеңінен насихаттауға күш салып жүрміз. Атамыз ондай құрметке лайық», – деп шебердің әділ бағасын беріпті. Кешке қатысқан қолөнер шеберінің қызы, мүсінші шебер Азата Ырғалбекова да әкеге деген сағынышын жеткізді.
Айта кетерлігі, аталған музейге аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығында қосымша білім беру педагогі болып еңбек ететін және «Іңкәр» сән үйірмесінің жетекшісі Азата Смайлқызының да өз қолымен жасаған ұлттық бұйымдары қойылған. Яғни, аяулы асыл өнер әкесінен қызына жалғасып, желісін үзбей келе жатқаны қуантады. Азата Смайлқызы көбінесе ұлттық бұйымдарға мән беріп, ұлттық киімдер тігеді екен. Ол тіккен ұлттық киімдерге сұраныс жоғары. Себебі, бағалы матадан қазіргі заман талабына сай сапалы тігеді. Оның әр жұмысына жауапкершілікпен қарайтынын құландықтар жақсы біледі.
– Аудандық музейде әкеме арналған бұрыш бар. Сол жағдай маған қуаныш сыйлайды. Бұл әкеме көрсетілген жоғары құрмет. «Әкеңнің көзін көрген өлмесін» дегендей, әкемнің замандастары мені үнемі жылы сөзімен қуантады. «Жақсының жалғасысың» деген сөзі маған күш береді, шабытыма шабыт қосады. Сондықтан өзімнің қолыммен жасаған бұйымдарымның бірқатарын музейге қоюды жөн санадым. Әкемді құрметтеп келген жұрт менің де еңбегіме баға берсе қандай жақсы. Әкенің аяулы асыл өнері әлі жалғасып келе жатқанын көру құландықтарға жақсы әсер береді деп ойлаймын. Ой мен өнерге ерік беріп, жаның да сұлу болып, сұлулық әлемінде жүргенге не жетсін!» – дейді жасөспірімдерді ұлттық өнерге баулып жүрген ұстаз Азата Смайлқызы.
Есет ДОСАЛЫ
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Дәріханалардағы дәрі бағасы бір түнде өскені ме?
- 4 желтоқсан, 2025
ЖИ-ді іске асыруда жастардың рөлі ерекше
- 4 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




