Теодолит бұл жай ғана бұрыш өлшейтін құрал емес. Бұл уақытпен тілдескен, кеңістікпен келісімге келген ақылдың туындысы. Тарих беттерін парақтасақ, инженерлік ойдың ең алғашқы іздері осы құралмен бірге өрбігенін көреміз. Қай құрылыс болмасын – ежелгі қорған ба, заманауи зәулім ғимарат па бәрінің негізінде дәлдік пен есеп жатыр, ал есептің кілті теодолитте.
Бұл асыл жәдігерді музей қорына 2024 жылы арнайы Түркістан облысы, Шымкент қаласынан келген Орынтай Байтұрсынов табыстады. Орынтай Иматайұлы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген құрылысшысы, Т.Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы Берікшал Имашевтың шәкірті. Ұстазын құрметтеген шынайы шәкірт, өткенге тағзым жасап, теодолитті музейге тапсыру арқылы бір дәуірдің еңбек рухын кейінгіге аманат етті. Осылайша музей қоры құнды жәдігермен толықты. Теодолиттің тарихы да тамырлы. Алғашқы түрлері XVI ғасырдың аяғында Еуропада пайда болған. Сол кездің өзінде-ақ адамдар жерді бөліп, бағытын айқындау үшін аспапты қажет етті. Уақыт өте келе теодолиттің құрылымы жетілдіріліп, оның механикалық нұсқалары, кейін электронды тахеометрлерге айналды. Бірақ қай кезеңде де, ол адам мен жер арасындағы үнсіз тілдесуді қамтамасыз еткен ара дәнекер болып қала берді. Бұл жай ғана жәдігерді сыйлау емес. Бұл ұрпақтың ұстазға деген риясыз ықыласы, тарихқа деген адалдықтың көрінісі, еңбекті дәріптеген азаматтық ұстаным. Бұл құрал бір адамның емес, бүтін бір дәуірдің куәсі. Бүгінде музей сөрелерінде үнсіз ғана тұрған көне теодолиттер үнсіздігімен ұлттың техникалық ой-санасын, ізденісін, дамуға ұмтылысын сыр ғып сақтап тұрған жәдігерлер. Оның әрбір бұрандасы мен дөңгелегі тарихтың тынысын сезінткен темір шежіре. Бір кездері алып құрылыс нысандарын жобалаған мамандар дәл осы құралдың көмегімен жерді сөйлетіп, кеңістікті бағындырған. Қазіргі заманда теодолиттің орнын электронды тахеометрлер, лазерлік құрылғылар басып жатса да, оның тарихтағы ізі өшпес қолтаңба. Себебі бүгінгі биіктік – сол бұрыштасу мен өлшеулерден басталды. Сондықтан да теодолит жай ғана өлшеу құралы емес, бұл ғылым мен техниканың алғашқы қадамының куәсі. Уақыт пен жылдар өткен сайын көне жәдігерлердің қадірі арта түседі. Теодолит те сондай уақыттың сүзгісінен өткен, тарих пен технологияны тоғыстырған асыл мұра. Біз бұл құралға тек өлшеуіш ретінде емес, ұлттық инженерия тарихының белгісі ретінде қарауымыз қажет. Бірақ жай тұрған жоқ. Жаңа буынға ой салып, көзқарас сыйлап тұр. Темірден құралғанымен, рухани тұрғыда ол өткен мен бүгінді жалғаған көпір. Кез келген жәдігер жай ғана зат емес, уақыттың үнсіз шежіресі. Ол өткен мен бүгіннің арасындағы көрінбес көпір, ұрпақтан ұрпаққа ауысатын аманат. Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің төрінен жуырда сондай құнды аманаттың бірі – теодолит құралы орын алды. Бұл Берікшал Имашев сынды дара тұлғаның еңбек майданындағы серігі, талай құрылыс нысандарының көзі мен тірегі болған тарихи құрал. Тарихтың тасын сөйлеткен теодолит енді музей қабырғасында халықпен тілдесуге көшті. Бұл тарихи жәдігердің негізгі иесі Тараз қаласының тұрғыны, елге аянбай қызмет еткен ерлердің бірі Берікшал Имашев. Ол жай ғана инженер емес, Тараз өңірінің тамырына су жеткізген, ғасырлық ғимараттардың іргесін қалаған тұлғалы азамат еді. Берікшал Имашев 1941 жылы 11 сәуірде Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Каменка ауылында дүниеге келді. Ауылдың қарапайым топырағынан шыққан бозбала өсе келе бүтін бір облыстың құрылыс тағдырын арқалаған ірі инженерге айналды. 1968 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын тәмамдап, инженер-құрылысшы мамандығын иеленді. Қазіргі таңда бұл маман иелері өте тапшы.
Жас маман еңбек жолын «Жамбылводстрой» трестінде бастады. 1968-1972 жылдары ол осы мекемеде инженер, кейін бөлім меңгерушісі болды. Қарапайым еңбекпен шыңдалған ол көп ұзамай-ақ білікті ұйымдастырушы, тәжірибелі жетекші ретінде таныла бастады.
1972-1975 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінің ауылшаруашылығы бөлімін басқару оның кәсіби келбетін, жауапкершілігін айқындай түсті. Ал 1976-1978 жылдары Тасөткел су жүйелері дирекциясын басқарып, ірі инженерлік жобалардың басы-қасында жүрді. Нағыз өрлеу 1978 жылдан басталды. Осы жылдан бастап, 2004 жылға дейін ширек ғасырдан астам уақыт бойы Берікшал Имашев «Жамбылводстрой» трестін басқарды. Бұл жылдар Жамбыл облысы үшін құрылыс пен су шаруашылығының шарықтау кезеңі болды. Б.Имашевтің басшылығымен өңірде көптеген ірі гидротехникалық нысандар бой көтерді. Солардың қатарында Тасөткел, Ақсу, Қарақоңыз, Қақпатас су қоймалары, ТерісАшыбұлақ, Жиембет, Аса-Талас бөгеттері бар. Бұл құрылыстар тек инженерлік есептің жемісі ғана емес, елдің болашағын ойлаған азаматтық ерліктің үлгісі еді. Сонымен қатар көптеген ауылдық аймақтарға ауыз су жүйелері тартылып, мыңдаған гектар егістік жерлер суаруға қол жеткізді.
Ел үшін атқарылған әр еңбектің өз бағасы бар. Берікшал Имашев «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген құрылысшысы», М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің құрметті профессоры атанды. Сондай-ақ ол мемлекеттік медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Тарих – үнсіз шежіре. Ол адамзаттың ақылойымен, қол еңбегімен өрілген өнегелі іздердің иесі. Ал сол тарихтың тасын тілгілеген, кеңістікті өлшеген, биіктікті бағындырған жандар құрылысшылар мен гидротехниктер. Олардың қолындағы құрал – жай ғана темір тетіктер емес, тұтас бір дәуірдің тынысын сақтап қалған техникалық серіктер еді. Солардың ішінде ең сенімді серігі, ең көп сүйенген құралы осы теодолит болды. Теодолит бір қарағанда сымға толы, дүрбі тәрізді беймәлім құрал секілді. Бірақ бұл кез келген құрылыс нүктесін дәл табуға мүмкіндік берген, бағыт пен бұрышты айқын көрсеткен инженерлік көмекші. Ғимараттың іргетасынан бастап, су қоймасының сызбасына дейін барлығы да осы құралмен нақты есептелді. Ол құрылыс алаңында үнсіз тұрғанымен, адамның көзіндей қызмет атқарған, көзсіз еңбекке бағыт сілтеген, көзді құрал.
Берікшал Имашев сынды елім деп еңбек еткен тұлғалардың ізінен ерген құрылысшылар мен техник мамандар дәл осы теодалиттің көмегімен Тасөткел, Ақсу, Қарақоңыз сияқты алып су қоймаларын жобалап, ел игілігіне тапсырды. Теодолит бұл құрылысшының қолындағы дәлдік пен сенімділіктің белгісі, жер мен көкті жалғаған есептегіш жүрек тәрізді.
Теодолит мың сөзбен айта алмас дәлдік пен тәртіптің, инженерлік ой мен адал еңбектің символы. Оның әр бұрандасында – тер төккен жылдардың тынысы, саналы өмірдің сызбасы жатыр. Ал енді сол еңбек жолының көзі болған құралдың музей төріне көтерілуі тарих алдындағы әділдік. Жәдігер жансыз емес. Ол ұлттың ұлы мұраты мен дара тұлғалардың рухани ізі. Мұндай сый – музей үшін ғана емес, тұтас бір елдің рухани жадын сақтауға бағытталған игілікті іс.
Балнұр САНСЫЗБАЙ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ғылыми-зерттеу қорларын қамтамасыз ету» бөлімінің кіші ғылыми қызме
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




