Облысымызда, тіпті республикада жыл санап шала туу көрсеткіші артқан. Жыл сайын әлемде шамамен 15 миллион бала мерзімінен бұрын дүниеге келеді. Бұл балалардың миллионнан астамы туылғаннан кейін физикалық және неврологиялық ақаулардың әртүрлі түрлерінен зардап шегуі мүмкін. Жамбыл облысында жыл сайын 26- 28 мыңға дейін жаңа туған нәресте дүниеге келеді. Оның ішінде 2000-ға дейін бала шала туылса, 300- ге дейін шала туылған нәресте салмағы 500-ден 1500,0 граммға дейін ауыр салмақпен есепте тұр. Облыстық перинаталдық орталығында жүктіліктің 22 мен 32 аптасына дейін мерзімінен бұрын босанулар орын алады.
Мерзімінен бұрын туған шақалақтың күтімі мен себеп салдарын, жетілмеген сәбилердің дамуы мен неоатология саласы жайлы білмекке облыстық перенат алды орт алыққа қайырылдық. Облыстық перенаталды орталықтың неонатология, жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде сәбилердің адам қатарына қосылуына барлық жағдай жасалыпты.
Келген бетте шала туған нәрестелердің жансақтау бөлімінің тренер медбикесі Роза Шалабаева қарсы алды. Жылы жүзді медбикенің бұл салада жүргеніне 31 жыл болған. Жансақтау бөліміне кіріп барғаннан-ақ қарбалас тіршіліктің куәсі болдық. Ағзасы дамымай, өкпесі жетілмеген шақалақтардың өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер мен медбикелер жанұшырып жүгіріп жүр. Әрбір сәт – үлкен тарих. Әрбір кішкентай жүректің амандығы бұл жердің дәстүрлі салты. Мұнда сылбырлыққа, бос сөзге орын жоқ. Бәрі шапшаң, үн-түнсіз қимылдауда. Мына жарық әлемнің есігін ерте ашқан кішкентай пациенттің отбасымен қауышып, ата-анасына ертерек оралуына атсалысуда. Жасаған жақслықтарының қайтарымын күтпейтін сүйегі асыл жандар осылар. Көктен түскен нағыз періштелер ма дерсің?!
Мұнда салмағы небәрі 500 грамм сәбилер де жатыр. Аналардың көбісі 23 апта мен 27 апта аралығында босанып қоюда. Бірінің ерте суы кетсе, екіншісінің денсаулығында кінәраты бар, үшіншісі экологияға байланысты, төртіншісі тағы да басқа себептермен өте ерте сәбиді өмірге әкелуде.
Ем-шара бөмесіне бас сұқтық. Мұнда жансақтау бөлімінде жатқан балаларға парентеральды яғни тамыр арқылы тамақтандыру үшін стирилді инфузия дайындалады екен. Оны ем-шара медбикесі Гүлнар Шадиманова дайындап жатыр. 18 жылдан бері өз ісін адал атқарып келе жатқан медбике әрмен қарай ісін жалғастырды. Әр бөлімді аралатып, көрсетіп, құрал-жабдықтар мен аппараттарды бізге Роза Жылқыайдарқызы өзі таныстырып жүрді. Тәжірибесі мол медбикеден арасында неліктен жүкті әйелдердің ерте босанып қойып жатқанын сұрадық.
– Бүгінгі күні әйелдердің тамақтануы дұрыс емес. Бірден бір себебі өз денсаулықтарына салғырт қарайтынында болып тұр. Күйбең тіршілікпен бала, ата-ене, күйеу, үй тірлігі деп жүріп әйел ем алмайды. Ауырса дәрігерге қаралмай жүре береді. Күтінбейді. Асауқатқа да дұрыс қарамайды. Сенің саулығың өзіңе қажет. Әртүрлі аурулармен жүкті әйелдер түседі. Қан қысымы көтеріліп кеткен немесе қант диабеті, жүрек, бүйрек жетіспеушілігінде, тұмаумен ауырса , и нфекциялық аурулармен ауырғанда міндетті түрде шала босанады, – дейді ол.
Неонатология бөлімінде 117 маман жұмыс істейді екен. 47-і дәрігер, 67-і медбике, 23-і кіші медициналық қызметкер жұмыс істейді. Үш қабатқа бөлінген 85 төсектік блок бар. Ол шала туған нәрестелерді жансақтау бөлімі, жоғарғы тәуелді нәрестелер бөлімі, арнайы күтімдегі нәрестелер бөлімі болып үш бөлікке бөлінеді. Көбіне жұмыстың ауыры да, ең маңыздысын да атқаратын осы медбикелер. Шала туған нәрестелер бөлімінде көбіне көпжылдық тәжірибесі бар мамандар жұмыс істейді. Әрине жастар да бар. Бірінші реанимация бөлімінде емдеуші дәрігер Арайлым Айтақова қызмет атқаруда. Бірінші реанимация залында бес бала жатыр.
– Бағзы заманда атам қазақ шала туған нәрестені тымаққа салып өсірген деп естиміз. Ұстауға, көтеруге ыңғайлы болмағандықтан сөйткен. Алайда бүгінде медицина қарыштап дамыды. Тура ананың құрсағында жатқандай ылғалдылықты беретін аппараттар бар. Бала құрсақта суда жатпай ма? Дәлме дәл солай қалып беретін құрылғылар нәресте үшін ыңғайлы. Тым ерте туылған нәрестеге аппарат анасының жатырында жатқандай күй сыйлайды. Бөлме температурасы 28- ден кем болмайды. Арнайы инкубатор КЮБЕЗ аппаратына саламыз. Оның температурасы әрқашан баланың аптасына байланысты 36-37 градус болып тұрады. Мұнда балалар мерзіміне, салмағына қарай жатады. Біз ерекше күтім жасаймыз. Шалыс қозғалтуға болмайды. Өзінің тәртібі бар. Жоғарыда айтып өткенімдей, бүгінде медицина саласы алға озып кеткендіктен ғана мерзімі жетпей туылған нәрестелерді аман сақтап қалудамыз. Балаларды «нюхелб» деп аталатын арнайы дорбаға саламыз. Бұл дорба да ана жатырындағы ылғалдылықты сақтайды.
Шала туған баланың бірнеше ағзасы дамымай өмірге келеді. Мәселен, асқазан-ішек жолдары дамымай, өкпесі жетілмей туылады. Реанимацияға түскен баланың біріншіден өкпесін ашу үшін дәрі егеміз. Жүйке жүйесінде өзгерістер болмауы үшін, қарынішілік қан кету орын алмас үшін қадағалаймыз, мұқият мәпелеп нәзік түрде күтім жасаймыз, – деді жас дәрігер Арайлым Жуанышқызы.
Облыс бойынша жалғыз неонатология бөлімі бар. Республика көлемінде бесінші орында екен. Бөлімді сауатты маман, білікті неанотолог дәрігер Талғат Толықбаев басқарады. 30 мыңға жуық баланың өмір сүріп кетуіне себепкер болған Талғат Жорабекұлының кабинетіне бас сұқтық. Қолында осы сала туралы кітабы бар, оқығандарын қағазға түртіп, зерттеп отыр екен. Әрі ағылшын тілін игеріп жүр. Отыз жылдық еңбек өтілінде халықтың алғысын арқалап келе жатқан ақ халатты абзал жан бізді қуана қарсы алды. Өңірлерге, ел ішіне, тіпті шет елдерге жиі шала туғандарды құтқаруға асығыс аттанатын дәрігерді кезіктіргенімізге риза болдық.
– Неонатология – жас ғылым. Неонатология – нәрестелердің күтімі, физиологиялық заңдылықтарын, даму өсу заңдылықтарын, тамақтандыру, емдеу және қалыптастыру мәселелерін оқытып, үйрететін медицина ғылымының бір бөлігі. Педиатрия саласы жеке сала ретінде XIX ғасырда дамыса, неонатология XX ғасырда дамыды. Шала туған нәресте деп жүктіліктің 37 аптасына дейін туылған сәбилерді атаймыз. Шала туған балалар – бұл медициналық және әлеуметтік проблема. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын олардың саны азаяр емес. Көбіне жатыр мойнының әлсіздігінен ерте босанып қойып жатады. Бір себебі осы. Екінші себеп – жүктіліктің асқынуы. Гипертензиялық жағдайдың көбеюінен, – дейді ол.
Талғат Толықбаев – білікті дәрігер. Жары – Ақбота Толықбаева қалалық ауруханада функционалды д и а г н о с т и ка б ө л і м і н д е терапевт дәрігер. Отбасында үш қыз, бір ұл тәрбиелеуде. Ұл-қыздарының бәрі әке жолын қуып, медицина саласына оқуда. «Ұстазынан шәкірт озыпты» деп Талғат Жорабекұлының шәкірттері республика бойынша қызмет етуде. Шала босанып қойған аналармен кездестік. Несібелі Қыдырәлі есімді жаңа босанған ана Меркі ауданынан түсіпті. Жүрек дертімен ауырады екен. Әрі қан қысымы көтеріліп 26 – аптасында босанып қойыпты. Жасы 32-дегі келіншектің бұл төртінші сәбиі екен.
– Дәрігерлермен медбикелерге мың алғыс. 900 грамм болып туылған сәбиім екі апта жансақтау бөлімінде жатты. Аллаға шүкір осы бөлімнің мамандарының арқасында біз қайта табыстық. Есімін Айша деп қойдық. Қазір 29 апта болдық. Өкпені ашатын СИПАП деген аппаратта жатыр. Аппарат арқылы демалып тұр. Зонт арқылы сүт берудеміз. Маған медбикелер аппаратты қосуды, ана сүтін қалай беруді үйретіп, көрсетіп қойған. Бірлесіп өмір сүруге талпынып жатырмыз. Балада тамақтану рефлексі болмағандықтан , 32 аптаға дейін зонт арқылы тамақтанады, – дейді жас ана.
Мерзімінен бұрын босанған ананың бірі – Жансая Балықбаева. Ол мұнда екі айдан бері жатыр. Тұңғышын 26 аптада ерте босанып алған. Сәбидің есімі – Айлин. Салмақ жинап, өздігінен емуге үйретіп, күні ертең шыққалы отыр екен.
«Сәбиім 30 сантиметр, 725 грамм салмақпен өмірге келді. 26 аптада өмірге келгендіктен, іш құрылысы толық дамымаған еді. Өздігінен демала алмады. Баланы бірден жансақтау бөліміне алып кетті. Дәрігерлер баланың ағзасында инфекцияның көп екендігін айтып, «үміт аз, кез келген жағдайға дайын болыңыз» деп ескертті. Осындай қиын кезде баламды аман алып қалу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалапы, сәбиімінің өміріне араша болған дәрігер Талғат Жорабекұлына және медбикелерге аналық алғысымды білдіремін», – дейді ол.
Мұндағы аналармен сәбилер шақалақтың салмағы бір келіден асқанша жатады. Бақылауда болады. Күтім көрсетіледі. Үш тараптан, яғни ақ халаттылар мен ана және сәби өмір сүру үшін жанталасады. Бір қызығы жыл сайын дәстүрлі түрде 17 қараша – шала туған балалардың халықаралық мерекесі аталып өтеді екен. Аман-есен өсіп, өнген шалабайлар мен олардың ата-аналары осында келіп, кеңес алып, мерекенің көрігін қыздырады.
– Қолымыздан өткен қаншама сәбиге шуағымызды шаштық. Әрбір бала үшін анасымен бірге жылап, тілеуін тіледік. Денсаулығында кінараты болмауына, адам қатарына қосылып кетулеріне барынша жағдай жасадық. Соларды көргенде қуанып қаламыз. Алладан кейінгі себепші жандармыз ғой деп кейде мақтанып, масаттанып қаламыз. Біздер сәбилердің амандығы үшін күресушілерміз. Өмір үшін жанталасушылармыз. Қайтарымын күтпейміз, – деп Роза Жылқыайдарқызы тебірене сөйледі.
Бөлімде мейірағалардың да қатары көп. Солардың бірі – Рахат Жанысбек. Әртүрлі «ИВЛ», «СИПАП», «КЮБЕЗ» сынды аппараттардың шебері екен. Яғни құрылғыларды қосып, баптап, жөндейтін маман. Оның да сәби өмірінде атқарып жатқан еңбегі зор. Аппаратпен жұмыс қиынның қиыны. Мимен жұмыс істейтін маманның бос уақыты да жоқ екен. Р оза Жылқыайдарқызының айтуынша, жүкті аналармен ерте босанып қоймас үшін емханалар жақсы кеңес беріп, тыңғылықты жұмыс істеуі керек. Стресстік, күйзелістен сақтанып жүруді, аурудың алдын алуды қадағалау емхана дәрігерлерінің міндеті деп есептейді. Көбінде бір рет шала босанған әйел екінші рет те шала туып қояды. Мұны жатырдың есте сақтауы деп атайды. Рефлексті түрде мерзімінен бұрын туу кейде осылай да жалғасып жатады.
Шала туған баланың да көрер жарығы, шырағы бар. «Құдайсыз қурай да сынбас» деген. Бүгінде жаңа технологиялардың арқасында республика бойынша 90 пайыз шала туған шақалақ аман қалуда. Мерзімі жетпеген балалардың бәрі ауру болып туады деген де жаңсақ пікір. Күтімі мықты болса, өз уақытысымен туылған балалар да ақылы асық, алғыр болары анық. Оны тарих дәлелдеген.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




