Негізгі өзгерістердің бірі – спортшыларға, бапкерлерге, спорт төрешілеріне және спорт саласындағы басқа да мамандарға өз діни көзқарастарын ашық түрде көрсетуге тыйым салу. Сонымен қатар өзгелерді қандай да бір діни бірлестіктің жұмысына қатысуға немесе миссионерлік қызметке тартуға жол берілмейді.
Министрлік бұл шектеулер жеке сенім бостандығына қол сұғу емес, керісінше, спорттық ортаның бейтараптығы мен барлық қатысушылардың тең құқығын сақтау мақсатында енгізілгенін атап өтті. Спорттық шаралар кезінде, марапаттау рәсімдерінде немесе БАҚ өкілдерімен байланыста діни рәміздер, дұға, не діни мазмұндағы әрекеттер жасау енді ережеге сай келмейді. Сонымен қатар, жаңа этикалық нормаларда спортшылардың Қазақстан Республикасының және өзге мемлекеттердің мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарауы, әдептілік, спорттық әділ ойын қағидаларын ұстануы міндеттелген. Әрине, заңның аты – заң. Мемлекетіміздің әр адамы заң мен тәртіпті берік ұстанғандары жөн. Бұл қағида спортшыларға да ортақ. Біз еліміздің көк байрағын желбіреткен спортшылармен де мақтанамыз. Сол талантты спортшылар еліміздің заң мен тәртібін сыйласа ол да – игі іс. Сондықтан еліміздің спортшылары бұдан былай діни көзқарастарына абай болады.
Туризм және спорт вице-министрі, Серік Жарасбаев бұл ережелердің Конституциямен кепілдендірілген ар-ождан бостандығына қайшы келмейтінін, ал Олимпиада хартиясы мен халықаралық тәжірибеге сәйкес келетінін мәлімдеді. Бұл шешім қоғамда қызу пікірталас туғызуы мүмкін. Жаңа қабылданған өзгерістер Қазақстандағы спорт саласын діннен, жеке нанымсенімдерден бейтарап ұстауға бағытталған.
Бұл – көпконфессиялы қоғамдағы теңдікті сақтау, жас буынға үлгі көрсету және спорттық ортада тек кәсіби қағидаларға сүйенуді қамтамасыз ету мақсатынан туындаған шешім. Діни сенім – әр азаматтың жеке құқығы. Ал спорт – тәртіп пен ортақ ережеге негізделген орта. Сондықтан заңнамалық деңгейде енгізілген бұл өзгерістер азаматтардың дінге деген құқығын шектемейді, тек оны қоғамдық және кәсіби кеңістікте реттеуді көздейді. Мемлекет тарапынан қабылданған бұл шара спорт әдебін нығайтуға, бейтарап орта қалыптастыруға және халықаралық талаптарға сай келуге бағытталған. Ендігі кезекте, заң талабын сақтау – әрбір спортшы мен жаттықтырушының ортақ жауапкершілігі. «Спорт – мемлекеттер арасындағы намысты қозғайтын байрақты бәсеке. Ол жақта біздің елдің діни көзқарасымен шектеліп қалуға болмайды. Тәртіп мен заңға бағынған елміз. Сондықтан, шешім дұрыс. Әр спортшы тек чемпион болуды, намысты жоғары ұсауды ойлағаны жөн. Дінге құрмет әр спортшының жүрегінде», – дейді қазақ күресінен Азия чемпионы Руслан Мұхамедқалиев.
Батырбек АТАМҚҰЛОВ,
Дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




