Жазушының өз жазбаларын оқи отырып, құжаттарын саралай келе, бала Шерхан туралы жазғаным бар. Сол кездегі оның досқа, достыққа адалдығын аңғарған едім. Студенттік жылдары жазысқан хаттарынан бауырмалдығын сездім. Бауырмал адам қашанда мейірімді, шыншыл болады. Адамдарды алалап, қиянат етпейді. Ал ол адамгершіліктің негізі. Бұл қыры да елге жаңалық емес.
Жазушының ең құнды архиві – күнделігі. Күнделіктерінен көптеген адамдардың атын, олармен жүздескенін, сөйлескенін оқыдым. Әр жылдары сапарлатып, жаңа таныстар, достар тапқан. Күнделігінде кісі есімдері көп. Бірін танысақ, бірін танымаймыз. Кейбіріне өзі сипаттама беріп кеткендері бар. Ал кейбірі сол күйінше жұмбақ. Ерекше есімдер тіпті ойымда жатталып қалғаны бар.
2023 жылы Талаптыға қызы Алма келіп, сұхбаттасқанымда әкесінің адамдарды ру, жер тұрмақ, ұлты мен нәсіліне қарап та бөлмегенін айтқан еді. Соның бір дәлелі студенттік кезде, кейін әдебиет айдынында табысқан достары. Олардың арасында өзге ұлт өкілдері көп болды дейді. Отбасымен араласып, хат алмасып тұрғанын да айтты. Солардың бірі – Туфан Миннуллин. Алма әпкеміздің ол туралы сөз қозғауына қабырғада ілулі тұрған картина себеп болған еді. Өйткені оны Алма Шерханқызына Мәскеуде болғанында әкесінің досы, белгілі татар жазушысы, драматург, Татарстан жазушылар одағының төрағасы Туфан сыйлаған. Бұл 1985 жылы дейді. Әкесін «Мәскеу» қонақ үйіне іздеп барғанында онымен танысқан. «Бір сәтке ол кісі жоқ болып кетті де, қайта келді. Қарасам, қолында осы бір картинасы бар екен. Естелік деп берген еді», – деді Алма әпкеміз. Бұдан кейін де олардың жылы достық қарым-қатынасы үзілмеген. Соның бір дәйегі – жылы көрсетілмеген құттықтау ашық хаты. Ол 8 наурыз мерекесіне орай Шерағаңның жары Мәрия мен қызы Алмаға жолданыпты. Астында жолдаушылар деген тұсқа Миннулиннің өзі, жары Назиба Ихсанова және қызы Альфия деп көрсеткен. Бұл жылы лебізді хат олардың отбасылық достығының да көрінісі. Әрине мұндай хаттар екі тарапта көп болған. Бірақ біздің қолымыздағысы осы ғана.
Талаптыдағы Шерағаңның үйін жабдықтағанда, үйдегі бар затты пайдалануға тырысқан едік. Бірінің тарихын білсек, бірін білмейміз. Дегенімен сол үйдің заты екеніне көзіміз анық жететіндіктен, ел назарына қойғанбыз. Онымыз да дұрыс болған екен. Шыны әйнек астындағы қауырсынмен қапталған аппақ құс бейнесі сол бір кештің куәсі болып қалғанын сонда білдім. Бұл әңгімеге дерек іздей келе, Шераға күнделігінен 1986 жылдың маусым айында Мәскеуде жазушылардың VІІІ съезіне барғанын, онда Туфан Миннуллинмен кездескенін оқыдым. Бұл осы кезде болған оқиға болса керек.
Алайда бұл Туфан мен Шерағаңның алғашқы кездесуі емес еді. Шамамен олар алғаш рет 1970-жылдары жолығып танысқан. Мүмкін одан да бұрын. Себебі Туфанның өмір кезеңінің бір бөлігі Қазақстанмен, Қостанай өңірімен тығыз байланысты. Ол турасында қызы Альфия әке туралы естелігінде жазыпты. Өмірдің оңы мен солын әлі танып білмеген 19 жасар жас жігіт тың игеру кезінде Қостанайға совхозға есепші болып келген. Мұнда екі жылдай жүріп, өмірге бейімделген. Ол турасында қызы былай дейді: «... Но там, на целине, этот мальчишка повзрослел, вырос, приобрел определенный жизненный опыт. Папа очень тепло вспоминал те годы. Дедушку Уразбая, вылечившего его от ревматизма народным способом, приглянувшуюся ему тогда девушку-казашку, директора совхоза Панченко, свои разные «подвиги»… Здесь, наверно, будет уместно сказать, что этот первый опыт общения с родственным тюркским – казахским народом заложил в Туфане Миннуллине и как в писателе, и как в общественном деятеле один из краеугольных жизненных принципов – считать всех тюрков своими братьями. Он всегда и везде стремился узнавать о тюркских народах, побывать, познакомиться с людьми, пообщаться с коллегами». Бұл шағын үзіндіден Туфанның қазақ еліне деген құрметін, бауырлас ілтипатын тану қиын емес.
Қостанай табиғаты суық жер. Ол заманда адам тұрарлық қазіргідей жағдай болды деп айта алмаймыз. Содан да болар жас жігіттің буындары қақсап ауырып жүргені. Оны да қазақ емімен жазып алған екен. 1956 жылы Туфан оқуға барамын деген сылтаумен еліне қайтқан. Сол жылы Мәскеудегі Щепкин атындағы театр училищесіне оқуға түседі. Ал бұл кезде Шераға Алматыда алдымен «Жазушы» баспасында, кейінірек «Лениншіл жас» газетінің тілшісі, редакторы болып жүрген кезі. Осы кезде олардың жолыққан, жолықпағанын айту қиын. Ол турасында нақты жазба Шераға күнделігінде жазылмаған. Дегенімен кей кездесулерін қолда бар құжаттармен топшылауға да болады.
1979 жылы мамырдың 23-інде Қазан қаласында татар жазушыларының 9-съезі өткен. Шераға ол кезде Қазақстан Жазушылар одағының 2-хатшысы ретінде жазушы Сәкен Жүнісов екеуі аталмыш іс-шараға барған. Күнделігінде бұл күн туралы жазба сақталыпты. Онда жиынды сол кездегі Татарстанның ақсақалы, ақын, РСФСР Жазушылар одағының хатшысы Сибғат Хакімнің ашқанын, өзін алғаш әдебиетке бастаған шығарманың авторы Мұстай Кәрімнің де сонда болғанын түртіп қойған. Сондай-ақ жиын барысында РСФСР Жазушылар одағының төрағасы, жазушы Сергей Михалковтың сөзі де күнделігінде бар. Ол: «Бұрын біздің жазушылар кейінгілерге, өзге әдебиеттің дамуына өнеге болып, ұстаздық етсе, ендігі біздер сол өзге әдебиеттен (мұндағы «өзге» дегені қазақтар екенін де көрсеткен) үйренеріміз көп», – депті.
Бұл жиында Қазақстаннан барған делегат ретінде Шераға да сөз алған. Ол сөзі де күнделігінде бар. Одан аңғаратынымыз Шерағаның орыс тілінде де, қазақ тілінде де, татар тілінде де айтқысы келген ойын тыңдаушысына жеткізе білгенінде. Сол кездің өзінде түркі әлеміндегі бауырлас ұлттар жайын айта келіп, қазақ пен татарға ортақ әдебиет, тарихты да сөз еткен.
Жалпы, татар тілі, әдебиеті, музыкасы Шераға жанына ерекше жақын болғанын оның көп жазбаларынан да байқауға болады. Радиосын таң азанмен қосып, алғаш тыңдайтыны да татар әуені екен. Арасында көңілденіп, татаршалап ән айтатыны да барын көз көргендер жиі айтады. Сол жолы ол өзі сүйіп тыңдайтын пианист, композитор Рүстем Яхинмен танысып, оның өнерін қазақ жұртшылығы ерекше бағалайтынын да жеткізеді. Мұнысына өнер иесі қатты қуанып, ризашылығын білдірген. Дерек іздеп отырып, бұл жиын туралы ғаламтордан Татар архивінің жариялаған екі жарым минуттық видеосын тауып алдым. Оның ішінен отыз секундында Шерағаңның бейнесін көріп қуанғаным тіпті бөлек. Бұл бейнеден жоғарыда айтылғанның біразын көзбен де көруге болады. Шерағаның Татарстан Жазушылар одағына сыйлаған кілемшесі де сол бейнеде анық көрсетілген. Қазіргі тілмен айтқанда бұл мобилографтың жиынды ақпараттандыруы ғой. Соңында түсіруші – Ш.Давлетшин деген жазбасы да бар. Татар әдебиетінің жиыны туралы хабардың бестен бір бөлігін тұтасымен Шерағаңа арнауының да өз сыры болса керек. Арасындағы кей кадрларды бұрында да көрген сияқтымын. Дегенімен қай жылғы бейне, қайда түсірілгені туралы ешуақытта ашып айтылған емес. Мүмкін ол көпшілік үшін аса маңызды да болмаған шығар.
Бұл сапарында қазақ жазушыларын Мұстай Кәрім, Оразбай Әбдірахманов, Лирон Хамадуллиндер өз үйінде қонақ еткенін де жазған. Түбі бір түркінің Татар еліндегі төрт күндік сапарында Шераға көптеген ақын жазушылармен жүздесіп, дос болғаны анық. Солардың бірі Туфан жазушы болса керек. Олардың достық қарым-қатынасы туралы қос жазушының қыздары Алма Шерханқызы мен Альфия Туфанқызы да өз естеліктерінде жазыпты. Қазан қаласындағы Шерағаның бұл көп сапарының бірі ғана екенін де айтқан жөн.
Ал Татарстаннан өзге, жазушылардың 1973 жылғы Алматыдағы, 1976 жылғы Мәскеудегі ірі жиындарында да танысуы бек мүмкін.
Туфан Миннуллин мен Шерағаның рухани достығы да заңдылық. Екеуі де өткен ғасырдың қиын-қыстау заманында дүниеге келіп, сталиндік езгінің бір ұшын көргендер. Айырмасы – Туфанның әкесі тірі, әрі қасында болды. Ал Шерағаңның әкеге сағынышы өле-өлгенше басылмағанын тағы да жазбаларынан білеміз. Екеуі де жазушы, өз ұлтының қайраткер азаматтары. Елдің бірлігін, болашағын ойлап, сол бағытта билікке ел сөзін жеткізушілер еді. Бірі оны журналистикамен, бірі театр сахнасымен жеткізді. Біздерге «Миннуллин» есімі атақты «Диляфруздың төрт күйеуі» пьесасымен таныс. Сол заманнан бері бұл қойылым қанша режиссер мен актерді алмастырғанымен, өз көрерменін жалықтырмаған қойылымдарының бірі. Мүмкін оның сыры жазушының театрды ішінен білген нағыз маман болуында да шығар. Әдебиет пен сахна өнерін тең меңгерген қаламгер тек татар драматургиясына ғана емес, сондай-ақ түркі әлемінің бұл жанрдағы дамуына да өз үлесін қосқаны анық.
Ендігі Шераға күнделігінде ол туралы сараң жазылған жазбалары туралы да баян еткім келеді. Олардың етене араласуы шамасы 1984 жылғы кездесуден басталса керек. Шерағаң сол жылғы 7 қазанда былай деп жазған екен: «Бүгін түнде Қазаннан келе жатқан Туфан Миннуллинді күтіп алу керек». Бұл кезде Туфан Татарстан Жазушылар одағының төрағасы болып сайланған кезі. Бұл сапары туралы жазба келесідей өрбиді: «12.Х.84. Туфан Миннуллин, Насыр Фазыл – біздің үйде мейман. Одақ басшысы Туфанды лайықты қарсы алмады. Ал, татар малай дәнекерлік жөнімен келіп еді ғой». Бұдан кейін олар жарты жылдан кейін тек Қазан қаласында жүздеседі. Ол туралы Шерағаңның жазбасы: «21.V. 85. Қазан, резиденция. Комн.101. Туфан Минниуллин. – Тоқай айтқан емхана кәзір әйелдер босанатын үй. Род дом. Символ. 23.V. 85. Кеше кеште Туфан, Флун, Лирон, Ренат Харис. Резиденция. Туфан – Камустье. Ескерткіш үй – мектеп. Ақ қалпақ, көк қалпақ. Кеше түс қайта редакция «Қазан утлары» Ғ.Тоқай – Орал. Қырлайға бара алмадық – жол жаман. Қырлай – Қүшла уыш. Қазанда күн салқын. Жаңбыр, тіпті бір сәт қар ұшқындады. «Байбарыс пен Тоқай. Екеуінің де бір-бір көздерінде ағы бар. Байбарысты қыз менсінбейді. Тоқай сүйген қыздан өзі алыстады. Намыс». «ТВ. Вечер композитора Рашида Абдуллина. Дом актера. Равиль Файзуллин Диктор телевидения Лия. Резиденция». Матюшино, Волга – Туфан, Ренат Харис. Қара орман, Еділ». Шамасы бұл кездесу татар мен қазаққа ортақ ақын Ғабдолла Тоқайға арналған. Жиналғандар оның шығармашылығы мен өміріне қатысты тың деректерді сөз етсе керек. Кездесуге шақырған Туфанның өзі Ғаболла Тоқай атындағы сыйлықтың иегері, әрі оны рухани ұстаз санаған. Өйткені Ғабдолланың шығармашылығын Туфанның әкесі жатқа айтып, бала кезінде өзін де көргенін талай мақтанышпен айтқаны есінде.
Бұл сапары туралы тағы 25 маусымда Қазан Уфадан Туфанның шығарып салғанын жазыпты. Араға бір жыл салып, Мәскеуде кездескенін де түртіп қойған. Ол турасы жоғарыда баяндалды.
Ал 1992 жылғы жазбасында Қалдарбек Найманбаевтың Қазанға барып, онда Туфанның сәлемін жеткізгенін айтады. «22.VІ.92 ж. – Қазаннан келдім, татарлар бәрі алдымен сізді сұрайды, – деді Қалдарбек. – Ер жігіттің қадірін ағайын білмес, жат білер. «Қыс бойы жазды сағынып едім. Жаз бұйырмай Парламенттің шуылдақ залында өмір өтіп жатыр». «Туфан: Саясатты қойдым, ауылымда жатырмын» деді, – дейді Қалдарбек. Туфандікі ақыл», – деп өзінің де көңіліндегі шаршауын, ауылды аңсауын білдіріпті.
2001 жылдың қазанында Туфанды іздеп, ол туралы күнделіктегі соңғы жазбасын қалдырған. Бірақ бұл жазбалар олардың барлық қарым қатынасын көрсетпейтіні анық. Тек белгілі бір оқиғалармен ғана байланыстыруға болады.
Шераға архивінде татар жазушыларымен түскен бірнеше суреттері де сақталған. Кейбірінде жылы көрсетілмегенімен, шамалауға болады. Шераға мен татар әдебиеті, мәдениетінде рухани байланыс бұл ақпараттармен шектелмейтіні анық. Дегенімен қолда барды оқырманға жеткізу үшін пайдалы ақпарат бере алдым деп санаймын.
Расында адамнан кейін қалған құжаттары оның өзі туралы көп ақпарат беретініне бәріміз бірдей мән бере бермейміз. Оның бәрі үлкен бүтіннің бір бөлшегі. Бүгінгі күннің тарих бетінде қалар ізі – жазбалар мен суреттер. Олар да бір-бір жұмбақ. Автордың квестке қалдырған кілттері сияқты. Ал оны шешу – авторға бір табан жақындау деп те ұққан жөн.
Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы Руханият және
тарихтану орталығының «Дәстүр және
өнер» бөлімінің меңгерушісі
Ұқсас жаңалықтар
Қазіргі қазақ прозасы не айтқысы келеді?
- 4 желтоқсан, 2025
Қазақ өлеңіне қолдау мен құрмет
- 1 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




