«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сөздің де киесі бар...

Сөздің де киесі бар...
Ашық дереккөз
Қазір қоғамда көптеген нәрселерге еркіндік берілген. Оның ішінде қандай жиында қалай сөйлеймін десеңіз де тыйым жоқ. Дегенмен, сол айтатын ой-пікіріңіз көпшілікке ой сала ма, қоршаған ортаға оң әсері бар ма? Әлде жұрттың босқа уақытын ала ма? Реті келсе сөйлеуге құмар кісілер осы жағына да назар аударса дейміз.

Дін өкілдері әрбір он күнәнің тоғызы тілден екенін айтады. Яғни, ауыздан шыққан әрбір лебіздің сұрауы бар. Ал аталарымыз «Басқа бәле тілден» деп жөнсіз сөйлеуден сақтандырған. Әйгілі шешен Бөлтірік Әлменұлының өз баласына айтқан мынандай нақылы бар екен. «Балам, сөзден ащы ештеңе жоқ. Сөзден тәтті де ештеңе жоқ. Сөзден ауыр да, сөзден жеңіл де ештеңе жоқ. Әр сөзіңді пайымдап айт. Әйтпесе, сөзің шала болады, айтқаның жала болады. Оған әкең қапа болады», – депті атақты би.

Шешендігімен елді аузына қаратқан әйгілі Бөлтірік бабаның өзі сөздің киесі мен қасиетінен ұлын осылай сақтандырған көрінеді. Ой салатын нәрсе емес пе? Шешендердің осындай ісінен ғибрат алсақ, қанекей! Қазіргі ас-жиын, той баршасында сөйлеуге шығатын жұрттың қарасы көп. Әртүрлі оқиға, маңызды естелік айтып жатса орынды. Көбісінің айтар ойы қайталанып кетеді. Оның үстіне кейбір ас пен жиынды басқарушы кісілердің өзі ұзақ сөйлеп тұрып алатыны бар. Жиынды басқарушы азаматтар осы жағын да ескеретін уақыт жеткен секілді. Мағынасыз көп сөйлеудің пайдасыз нәрсе екендігі шариғатта да айтылады. Бұрында солай болған шығар, қазір де ең қымбат нәрсе – уақыт.

Уақыттың қадірі туралы дінімізде де ерекше айтылады. Ал ас-жиынның талайында малтаны езгендей, бір сарын сөз. Адамдардың алтындай уақытының көбісі сол бірін-бірі қайталаған сөздерді тыңдаумен кетеді.

Ешкімге сөйлеме дей алмаймыз, бірақ, нақты-нақты айтатын ой болса, сағынышты бөлекше естелік болса. Әйтпесе, құлағымыз күнара естіп жауыр болған қайталама тілектер көпшілікті жалықтырғаны анық. Осы орайда филология ғылымының кандидаты, ұлағатты ұстаз, Жуалы ауданының Құрметті азаматы Сейсекүл Исматованың пікірін білген едік. «Былай қарасаңыз біреудің сөйлеген, сөйлемегенінде тұрған ештеңе жоқ. Бірақ, тоқтамай ұзақ тұрып алу арқылы сөздің қадірін кетіретіндер көбейіп кетті. Сондай жағдайлар әр жиында жүйкеге тие бастады. Расын айтайын, қазіргі ас пен еске алу жиынынан да, тойдан да көбінесе шаршап қайтамын. Себебі, сөзге қонақ беріп жатқан ешкім жоқ.

«Торғай сойса да қасапшы сойсын» дегендей, айтары бар адамдар ортаға шығып жатса мейлі ғой. Мәселен, елге танымал жазушы, ақын, қайраткер кісілер сөз алса. Марқұм Мекемтас Мырзахметұлы секілді ғалым кісілер сөйлесе, тыңдай бергің келеді. Тіпті, сондай салмақты кісілер қысқанұсқа сөйлейді. Себебі,олар сөздің қадірін біледі. Киесіне бағынады. Жалпы, көпшіліктің алдына шыққан кезде кім-кімнің де сөздің киесі барын ұмытпағаны жөн», – дейді ғалым.

Осынау мәселе бойынша дін өкілдерін де сөзге тарттық. Тараз қаласының бас имамы Ержан Аманбаевты да осы мәселе бей-жай қалдырмапты.

«Негізі, шариғатта да сөз мәселесі ерекше назарға алынған. Мұхаммед Пайғамбарымыздың «Сөйлесеңдер біліп сөйлеңдер. Әйтпесе үндемеген артық» деген хадисі бар. Елдің уақытын алып, мағынасыз сөйлей беруді шариғат та құптамайды, сөз қадірін түсінген бабаларымыздың өнегесіне де қайшы нәрсе» десе, Жуалы ауданындағы «Жуалы» мешітінің бас имамы Сейітқазы Медетбек: «Сонау Х ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұн бабамыз «Құтты білік» кітабында сөздің қасиеті жөнінде айта кеткен. «Көп сөйлесең езбесің деп жек көреді, сөйлемесең мылқау екен деп сөгеді. Сөздің орташасы жақсы» депті ол кісі», – дейді.

Бұл ойлар шариғат талаптарына да сай келеді. Жүсіп Баласағұннан асырып айтатын сөзіміз жоқ. Негізі сөздің киесінен қорыққан абзал. Біз Жамбыл ауданының бас имамы Дәурен Құттыбаевтың да, тараздық имам Марат Лесбекұлының да ойларын тыңдаған едік. Ол кісілердің де жауабы жоғарыдағы имамдардың ойымен сәйкес келді. Елге білім таратқан ғалым да, жұртқа дін таратқан имам да көп сөйлеудің пайдасыз екенін үнемі айтумен болды. Демек, орынды сөзге, өсиет пен тағылымға тоқтау жоқ. Ал арзан сөз, мағынасыз ойлармен уақыт шығындамаған дұрыс секілді.

Қоғамның өз ырғағы бар. Біз айтсақ та, айтпасақ та жұрт сөйлейтін жерде сөйлейді. Бұдан кейін де тойда, ас-жиын да болсын, сөз сөйлеудің реті тыйылып қалмайтыны анық. Артық сөйлеп қоймау үшін аузына тас салып жүретін дін ғалымдары ғұмыр кешкен. Бекер нәрсе емес қой. Көп сөздің әйтеуір бір жері дұрыс болмауы мүмкін. Сондықтан, біздің айтпағымыз отыз екі тісімізден шығатын сөзімізге ие болсақ. Не сөйлесек те нақты, қажеттіні айтсақ. Әйтпесе, елдің уақытын алудың қажеті жоқ. Осыны іс-шара өткізетін, асжиын жасайтын жандардың қаперге алғаны артық болмас еді. Он күнәнің тоғызы тілден екені бекер айтылмаса керек.

 

 

Ұқсас жаңалықтар