«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жеке адам түзелсе, қоғам да түзеледі

Жеке адам түзелсе, қоғам да түзеледі
Ашық дереккөз
Қазіргідей қарбаласқа толы уақытта әр мемлекеттің дін саласындағы саясатын тиімді жүргізуі ел тыныштығының тұрақты кепілі. Дін мен мемлекет заңды тұрғыдан зайырлылықпен сипатталғанымен, елімізде өмір сүріп жатқан азаматтар діни ғұрыптарын еркін өтеуде. Мемлекетіміздің дін саласындағы саясаты дегеніміз – кешегі кеңес өкіметіндегі дінсіздендіру режимі емес, керісінше неше түрлі діни сенімдер мен ғибадат ерекшеліктеріне қарамастан толеранттылықты сақтап татулықта, келісімде өмір сүруін нығайту болмақ. Қайсы мемлекетті алып қарасақ та діннің өзекті мәселе екенін көруге болады. Оған себеп те жоқ емес.

Толеранттылық дегеніміз бұл сыпайылық, ең алдымен адамның әмбебап құқықтары мен негізгі бостандықтарын тану, адам құқықтарын құрметтеу негізінде қалыптасатын белсенді қарым-қатынас. Бұл әлеуметтік әділетсіздікке, өздерінен бас тарту немесе басқа адамдардың наным-сенімдеріне жол бермеу деген көзқарасты білдірмейді.

Толеранттылық түсінігіне қазақтың сабырлылық ұғымы дәл келеді деп ойлаймын. Қазақ «Сабыр түбі – сары алтын» дейді. Ұлттық толеранттылық біздің тарихи-мәдени кеңістігімізде қоғамды топтастыратын белгілі фактор болып отыр. Екінші жағынан, толеранттылық барлық мәселені шешіп тастайды деуге тағы болмайды.

Бұл конфессияаралық және этносаралық қатынастарды, саяси тұрақтылықты реттеудің маңызды факторы. Конфессияаралық және этносаралық түсіністік жағдайында бір мемлекетте әртүрлі нанымдардың, мәдениеттердің қатар өмір сүруі бүгінгі жас ұрпақтың өмірлік қағидаты болуы тиіс. Конфессияаралық және этносаралық түсіністікке қол жеткізу үшін негізгі қағидат жастар ортасында толеранттылыққа тәрбиелеу болып табылады. Себебі, елімізде заңды тіркеуден өткен 18 конфессиялардың діни сенімін кемсітуіне жол берілмеуін ескеру жөн болады. Себебі, әр конфессияның артында әлемде миллиондаған жақтаушылары кездеседі.

Әр жақтаушы азаматтың діни сенімі өзі үшін қасиетті болып саналғандықтан, осындай нәзік мәселені ескере отырып, діни алауыздықты тудырмас үшін жалпы адамзаттық құндылықтарды насихаттаған ел бірлігі мен татулығы үшін жемісті болмақ.

Толеранттылық қағидатын жеткізу мақсатында дінтанушы, теолог мамандар, Қазақстан ассамблеясындағы әртүрлі этнос өкілдері және үкіметтік емес ұйым мүшелері тарапынан жастарға, оқушыларға, жұмыссыздарға және шетелден оралған қандастарға әр түрлі форматта кездесулер өткізіп, толеранттылықтың ең басты қазынасы дініне, ұлтына, нәсіліне қарамастан бірбіріне сыйластық пен құрметтеу керек екенін түсіндіру. Дінінің де басты қағидаларының бірі адамдарды бір-бірлерін тану үшін ұлт пен ұлыс ретінде жаратып және қоғамдық қатынасты реттеу үшінде бауырмашылдықты дәріптейтіні барашаға белгілі.

Қоғамдағы қарым-қатынасты реттеу мақсатында ең әуелі адам өзін рухани тәрбиеге дұрыс дүниетанымымен баулу керек. Сонда ғана жеке адам түзелсе, қоғам да түзеледі. Бұл дегеніміз елімізде тұрып жатқан жүз отыздан аса этнос өкілдерінің өздеріне тән болмысын сақтап, татулықта өмір сүру деген сөз.

Төле би бабамыздың әкесі Әнет баба Кішікұлы айтпақшы: «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын», – дегендей, ынтымағымыз жарасу үшін толеранттылық пен бейбітшілікті қоғамның санасына орнықтыру қажет.

 

Ерзат ЖАҚЫПОВ

 облыс әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының бөлім басшысы.

Ұқсас жаңалықтар