«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жас жұбайлардың некесі енді жаңа орталықта қиылады

Жас жұбайлардың некесі енді жаңа орталықта қиылады
Автор
Азаматтық хал актілерін тіркеу саласы – әрбір адамның өміріндегі ең маңызды кезеңдерді яғни, дүниеге келу, отбасын құру, ата-ана атану секілді сәттерді ресми түрде тіркейтін жауапты жүйе. Аталған сала – азаматтардың құқықтық мәртебесін қалыптастырып қана қоймай, қоғамның әлеуметтік, демографиялық ахуалына да тікелей әсер етеді. Бұл бағыттағы жұмысты оңтайландыру мақсатында Тараз қаласында жаңа Неке қию орталығының ашылу салтанаты өтті. Мұнда неке қиюмен қатар сәбидің дүниеге келуіне немесе мерейтойға арналған салтанатты іс-шараларды да ұйымдастыруға болады.

Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев қатысты. Аймақ басшысы өз сөзінде орталықтың халыққа қызмет көрсету ісіндегі сапаны арттыруға оң септігін тигізетіндігін атап өтті.

– Неке қию орталығының ашылуы – өңір тұрғындарына көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға, халыққа қолайлы жағдай жасауға бағытталған игілікті іс. Мемлекет басшысы мықты мемлекеттің тірегі мықты отбасыдан басталатындығын әркез айтып келеді. Расымен де, отбасы – қоғамның іргетасы, тірегі. Сондықтан әрбір жас жұптың шаңырақ көтерген сәті ерекше құрметке ие. Ашылғалы отырған неке қию орталығы – осы жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. Орталық ұсынатын қызметтер халыққа қолжетімді әрі сапалы бола түсетініне сенім мол. Бұл – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының цифрландыру, тиімділік пен ашықтықты қамтамасыз ету жолындағы мақсатты жұмысының нәтижесі. Сонымен қатар бұл орталық – тек қызмет көрсету орны ғана емес, ұлттық құндылықтарды насихаттап, отбасылық институтты нығайтуға өз үлесін қосатын маңызды орын болмақ, – деп атап өтті аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы.

Жаңа орталық «Ұлы дала» шағын ауданында орналасқан. Бұл аудан облыстағы халық тығыз қоныстанған тұрғын алқаптарының бірі. Мұнда шамамен 45 мың адам тұрады. Орталық ғимараты облыс әкімдігінің қолдауымен жөнделіп, қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған. Орталықта кең салтанат залы, қалыңдық пен күйеу жігітке арналған бөлме, фотосессия жүргізуге арналған алаң және фуршет аймағы қарастырылған. Залдың классикалық дизайны мен интерьері жайлылық пен мерекелік көңіл-күйдің ауанын қалыптастырады.

– Біз мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше мән береміз. Тараз қаласындағы жалғыз неке қию орталығының ашылуы – филиал мен жергілікті атқарушы органдар арасындағы тиімді өзара іс-қимылдың нәтижесі. Осы маңызды жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін облыс әкіміне алғысымды білдіремін, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.

Сондай-ақ облыс әкімі ғимаратта орналасқан жаңғыртылған ХҚКОның жұмысымен де танысты. Орталық қызметкерлері қонақтарға цифрлық кеңсенің функционалды аймақтарға бөліну ерекшелігін көрсетті. Мұндай құрылым қызмет көрсету секторларына келушілер легін біркелкі бөлуге мүмкіндік беріп, жұмыстың тиімділігін арттырады.

Айта кетейік, өткен жылы халыққа қызмет көрсету саласындағы көрсетілген 60 мыңға жуық қызметтің 6 мыңын некені мемлекеттік тіркеу ісі құраған. Ал осы жылдың 6 айында өңірде 1180 неке қиылып, отбасылық жұптар өмірінің жауапты кезеңіне қадам басқан.

 

Нұрболат АМАНБЕК

 

Ұқсас жаңалықтар