
Жол бойындағы сансыз бейіттерді көріп, о дүниеге аттанып кеткен жандардың кім болғанын, артында кімдері барын жобалап байқауға болады. Үлкен шаһарлар маңында, кейбіреулер атап жүргендей, «өлілер мекені» түгел бір қала десек шатаспаймыз. Бейітте қандай көз тартар, көкпен таласқан әдемі кірпіштермен өрілген мазарлар, тастан қашап жасалған ескерткіштер, темір қоршаулар, әртүрлі тастардан жасалған құлыптастар, көлемді қара мәрмәрде бейне-сүйреті ойылып салынған, жан жағына жасыл саялы ағаштар егілген, уақыт келе қабырғалары мүжілген шағын төртқұлақты бейіттер, тіпті жермен жексен болып кеткен зират-молалар аз емес.
Кейде бір ауылдың сыртында бірнеше бөлек-бөлек бейіттердің барын байқауға болады, яғни әр рудың жеке өз бейіті бар. Неге? Мына жарық дүниеде бірге жүріп, араласып-құраласып, сыйласып, қалжыңдасып, құрметтесіп жүрген кісі көзі жұмылғаннан соң ру руға, ата-атаға бөлініп, неге жеке бейітте жерленуі керек? Ой елегінен өткізе отырып, белгілі, аса дарынды ақын Есенғали Раушановтың бір сұхбатында келтірген мына бір сөздері еске түседі: «Жасыратыны жоқ, қазақ бейіттері көбіне-көп руластар қорымы сияқты көрінеді.
Бір рудың адамдары бір бөлек жерленеді. Мен мұны жақсы демеймін, жаман да демеймін. Мен мұны кез келгеніміз күнде көріп жүрген шындық деймін. Егемендіктің алғашқы жылдарында елімізге қандастарымыз сеңдей қаптап, судай ағылды емес пе? Сол күндердің бірінде төбемізден жәй түскендей әсер еткен бір сұмдық әлі күнге жадымызда. Ажал қашан айтып келуші еді, шет жерден «қазағым, елім» деп аңсап, шаршап әрең жеткен бір азаматтың қарындасы кенеттен қайтыс болып, әдеттегідей ауыл сыртындағы бейітке жерлейді. Көп уақыт өтпей қаралы үйге бір топ кісі сау етіп кіріп келеді. «Оралман ағайын, сен біздің бейітке қарындасыңды жерлепсің. Бұлай болмайды. Бұл біздің рудың бейіті».
«Маған не істе дейсіз, бұл жақта менің руымның бейіті жоқ қой». «Сенің Қытайыңда (әлде Өзбекстаныңда, Моңғолияңда, бәлкім, Ресейіңде – әңгіме онда емес) қандай дәстүр барын біз білмейміз, мынау біздің бейіт. Онда басқа рудың адамдары жерленбеуі керек. Сөздің қысқасы…». Иә, сөздің қысқасы, еңірегенде етегі жасқа толып отырған қаралы үй ертеңіне жаңа қойылған жас мүрдені қайтадан қазып алып, басқа қорымға көмуге мәжбүр болған. Бұған қандай баға берер едіңіз?! Ұлты жөйт Карл Маркс ағылшындардың арасында, ирландиялық Оскар Уайльд француздардың қорымында жерленген Ешкім жөйт Израйльге, ирландық Дублинге жерленсін деген жоқ. Демейді де. Біздікі не танту? Бұл не көргенсіздік? Мұндай тексіздікті, осыншалықты жабайылықты, мұншалық жаһил надандықты қай елде, қай ұлтта, қай мемлекетте көргеніңіз бар? Адамдар айуаннан ажырап, алғашқы қауымдық құрылысқа енгенде де осындай бассыздыққа бармаған шығар, қанша дегенмен ол Адам баласы ғой.
Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұр. 2,7 миллион шаршы шақырымнан оралман қызға бұйырған шаршыдай ғана жер сонша дау тудыратындай не көрінді бұл елге? Бір қызығы, сіз бен бізді басқарып, сіз бен біз төлеген салықтың арқасында күн көріп отырған ресми билік осындай оспадар оқиғаларды көрсе де көрмеген болатыны несі? Егер өздері туралы ащы шындық айтылса ғой, шабына ши жүгірткендей тулайды», – деген екен («Қазақ үні» сайты, 30.12.2016).
Расында, неге қазақтар ру-руға бөлінуге бір иықтарын беріп тұрады? Бейіттер де бөліске түскен бе? Қара жер бәріне жетпей ме? Бейіттерді жекешелендіру, иелену қайдан шыққан? Тағы бір есте болатын нәрсе, бейіт басына ағаш егуге, көгалдандыруға болмайды деп ақыл айтады базбір шала сауатты имамдар. Көлеңкесіз шақырайған күйіп тұрған күн астында торғай да отқа қақталғандай болатынын ескере отырып, мазарлардың төңірегін неге көкжелең етіп саялы ағаштармен көмкеріп қоюға болмайды? Айдалада панасыз мазарды көргенде көңілің құлазиды емес пе? Иесіз, қорғаусыз қалғандай әсер етеді. Бейіттерді басқа дін иелері сияқты неге күтуге рұқсат етілмейді? Бейіт маңын мезгіл-мезгіл тазалап, жан-жағын ретке келтіріп тұрудың несі артық?
Елімізде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) ұйғарымына сәйкес жыл сайын 29 сәуір зираттарды тазалау күні болып күнтізбеге енгізілді деген мәлімет бар. Бұл шара бар жерде қолға алыну керек болатын. Мақсаты – әруақтар жатқан қорымдарды уақытылы тазалап, марқұмдарға қойылатын құлпытастарды бір жүйеге келтіру. Шарада қабір басына әйелдердің баруы шариғатқа сай ма, киелі әулиелер жатқан мазарларға барғанда қандай шариғи шарттарды назарда ұстау қажетігі айтылады. Негізгі бұл үндеу 2023 жылы республика бойынша «Өткенге құрмет – тіріге міндет» деген атаумен жарияланды. Бірақ, көпшілік бұл ұйғарымды толық орындай бермейтіні өкінішті. Православяндықтар «әке-ана күні» («родительский день») және наурызда «ата-ана сенбісі» («родительская суббота») деген діни күндерді үзбей өткізіп, ол күндері тірі жан әке-шешесінің жерленген жеріне барып, бейіттің жан-жағын тазалап, реттеп, сырлап-бояп, о дүниелік болған жақындарына құрмет көрсетеді.
Базбіреулері табиғи гүлдер немесе қолдан жасалған гүлдерді ала барып, майшам қойып, ниеттерін білдіреді. Кейде крестке немесе бейіт шарбағына ақ орамал тағып, құрмет көрсетіп, ниет жасайды. Бұл олар үшін көп жылдардан келе жатқан дәстүр, жазылмаған заң. Ал біздің мұсылмандар әлемінде ондай талап жоқ. Тіпті базбір діншілдер «бейітке баруға болмайды», «бұзылған бейітті қалпына келтіруге, жөндеуге болмайды» деп жаңсақ уағыз айтады. Сөйтіп, зиратты тазалауға адамдарды жұмылдыруға және ол үшін техника, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге қарсылық жасайды. Содан қабір басындағы тазалық жоғалады. Әруақ жатқан қабірдің басын көп өтпей шөп шалаң, қурай, қамыс, шилер мен жабайы ағаштар басып кетеді.
Шыны керек, бізде көптеген мазарлар көп жылдар бойы назардан тыс қалады, бейіттің қабырғалары қирап, көзге қораш болып қалады. Жүсіп Баласағұн бабамыз «Бұл дүниеде екі-ақ есік бар. Біріншісі өмірге қарай ашылады. Екіншісі өлімге қарай ашылады. Бірінші есікке кірген адам, екінші есікке де кіреді», – деген өсиет қалдырған. Тумақ бар жерде, өлмек барын ұмытпауымыз керек. Адам баласының түбі баратын орны қара жер.
Біз тіріде бай-бағлан, кедей кепшік, патша-қараша болып тармақ тармаққа бөлінеміз. Ақыретті көп ойлай бермейміз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда ғана Алланы еске алып, дертке шипа сұрап жалынып жатамыз. Ал ана дүниеде әруақтың бәрі бірдей. Байсың ба, кедейсің бе, патшасың ба, соңында екі метр кебінге оранып, бәріміз теңесеміз. Ақындардың тілімен айтсақ:
«Өлінің қамын тірі жер,
Тірілер бірін-бірі жер.
Бізде бір күн барамыз,
Сен аман бол сүрі жер», – дегендей, бәріміздің баратын жеріміз бір. Тағы бір халық арасында сақталып қалған нақыл сөзде: «Біз де сендей болғанбыз, сен де біздей боларсың» делінген. Сол себепті де ата-бабамыз «әруақты алалаған ағармайды» деп айтып кеткен. Біз бұған дейін марқұмдарды жерлеп, әр жұма құран бағыштап келсек, енді зират басын таза ұстауды да әдетке айналдыруымыз керек. Жасыратын несі бар, қазір қабір басына бара қалсақ күл-қоқыстан аяқ алып жүре алмаймыз.
Марқұмдарға қорған соққандар қолданған құрал жабдықтары мен цемент, тақтай, түрлі қоқыстарын тазаламай тастап кетеді. Құдды бір күл-қоқыс алаңы сияқты. Мазарлар қоршалып тұр дегені болмаса, зират іші адам көргісіз жағдайға түскен. Ішін толық тазалау тірілердің парызы әрі міндеті.
Екіншіден, Қазақстан Діни басқармасының талабы бойынша марқұмдарға қойылатын қорғандар мен құлпытастарды бір жүйеге түсіру жұмыстарын қолға алу керек-ақ. «Ештен кеш жақсы» демекші, мазарлар басын тазартып, марқұмдарға қойылатын құлпытастар бірізділікке түссе, көптің көңілінде жүрген сауалдарға жауап табылар еді. Келесі бір айтатын сөз, бейіт пен киелі қорымдарда тыйым салынған амалдар бар. Ол да Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының үндеуінде тайға таңба басқандай жазылған.
Қабірде жатқан кісіге табынуға болмайды. Қабір басында намаз оқуға, құлшылық жасауға, оны айналып тәу етуге, кесене басында ұйықтауға, кесене маңында дәрет сындыруға, ойнап-күлуге, әзілдеп қылжақтауға немесе қабірді сипалап тәубе жасауға, шүберек байлауға, кесенені мешітке айналдыруға тыйым салынған. Жалпы ол жерде жатқан әруақтарды мазалап от жағып, мал сойып, қан шығарып ластауға енді жол берілмейді, – делінеді ҚМДБ-ның жалпы халыққа жолданған үндеуде.
Әрине әркім қайтыс болған жақындарына көңіл бөлгені дұрыс, бірақ тым шектен шығуға болмайды. Әр нәрсенің сұрауы бар. Біз дербес мемлекет болғаннан кейін әлемдік мұсылмандар қолданған стандартқа көшуіміз керек. Өзіміздің әдеп-ғұрпымыз, салтымыз қайда қалады деушілерге ата бабаларымыз қорым соғып жарыспаған, қабірлеріне сурет ілмеген, құлпытас орнатпаған, бұл біздің дәстүрімізде жоқ дейді ол үндеуде. Тіпті іргелес Ресей мемлекетіндегі мұсылмандар қорымын көрсеңіз көңіліңіз толады. Одан бөлек Түркия, Еуропа, Сауд Арабиясы мемлекеттеріндегі қорымдарда марқұмдар бір жүйе бойынша жерленген. Өкінішке қарай біз сол жүйеге әлі де көше алмай отырмыз. Оған не себеп? Тағы бір жиі қойылатын сұрақтардың бірі, «Әйелдерге зират басына баруға бола ма?».
Шариғат бойынша әйелдердің қабір басына баруына рұқсат етілген. Ал қазақ салтында қаралы жағдайда (мәйітті жерлеуге барғанда) қабір басына әйелдерді апармайды. Барса да үшін, жетісін, қырқын өткізген соң бір-ақ барып жатады. Шариғи шарттар бойынша әйел адам қабірге құран оқу ниетімен баратын болса, сәнденбей баруы керек. Сәндену дегенге не жатады? Иіс су себіну, қасы-көздерін бояп әдемілену, сәнді киімдер кию, әшекейлерін тағынып, жасанып бару. Әйел адам зиярат етуі үшін шариғат талаптарына сай ұзын етек, ұзын жеңді киім киіп, басына орамал тағып баруы шарт. Қабір басында жылау, орынсыз сөйлеу және дауыс көтеруге тыйым салынған. Қабір басына құран бағыштағысы келсе шариғат талабына сәйкес әйел ерін ертіп баруы керек. Егер ер азамат бара алмайтын болса, одан рұқсат алуы керек. Бұл заңдылықтар тұрмыс құрған әйелдерге қатысты.
Еліміздегі автомобильдер жүретін қара жол бойларында сандаған құлпытастарды көруге болады. Әсіресе олар еліміздің оңтүстік өңірінде жиі ұшырасады. Олар жол бойында опат болған, содан өмірлері қиылған жандарға қойылған белгілер. Сол белгілер басқаларға керек пе? Расында көптің көкейінде жүрген бұл сұрау туралы сан мәрте мақала жазылған. Осыдан төрт бес жыл бұрын Жетісу өңіріндегі қара жолдың бойына қойылған белгі тастарды санап шығып «Қазақстан қабірстанға айнала ма?» деген тақырыпта да ой қозғалды. Бірақ ол солай ел арасында сөз күйінде өзгеріссіз қалды. Жол бойында қойылған белгі тастар саны көбеймесе азайған жоқ. Бұл да есте ұстар мәселенің бірі.
Байлығын ел-жұрт арасында көрсетпек болып, бейітте жатқан жақынына менмұндалап тұратын зәулім мазар соғып, оны қымбат тастармен әрлеп, күнге шағылысып тұратын жалтыраған күмбезбен көріктендіретіндер бұл күндері арамызда аз емес. Өмірден өткен жақынына құрмет көрсету керек-ақ шығар, бірақ, тым шектен шығу дұрыс па? Көпшіліктен ерекшеленіп, асып-тасу қажет пе? Дана қазақтың «Елден үлкен емеспіз!» деген қанатты сөзін неге ұмытамыз? Ойланатын мәселе... Жазушы-журналист Қали Сәрсенбай бір мақаласында: «Біреу бір дорба алтын тауып алады. Содан күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылады. Бір уыс болып жүдейді. Алтынды тықпаған жері қалмайды. Жастанып жатады, жол жүрсе өзімен бірге алып жүреді.
Содан бір күні ақыры өлуге айналған әлгі Құдайға жалбарынып: «Мен сенен алтын сұрадым ба, өзің бердің, өзің ал», – дейді. Қазір біреулер әбден байып алып, не істерін білмей жүргені рас қой. Не өзгеге бере алмайды, не өзіне жұмсай алмайды. Сірә, сасық бай деген сол болар». ...Ауыл, қала маңынан шықсаңыз, сізді ұзын-сонар жол күтіп тұрады. Алшақтап бара жатқан жолдың бойынан ең алдымен көз алдымызға өткеннен сыр шертетін «ескі қалашық» түседі. Шындығында, олар құдды қалашық секілді салынған, марқұмдардың мекені – мазарлары. Иә, сәнделген бейіттерге қарап ескі қалашықтарды көргендей болатыныңыз сөзсіз. Кейбірі, тіпті, қымбат мәрмәр тастармен қаланып, алыстан «менмұндалап» тұрады. Зер салсаң бір зират басына зәулім мазар тұрғызылған, ал енді біреуі күмбездеп, күнге шағылысқан жалтыраған металмен қаптап тастаған. Самарқанның қызыл сары кірпішімен өрілгендері, жауын шашынға дес бермейтін ақ кірпіштен бой көтергендері де бар. Бірінен бірі асады, құдды бәсекеге түскендей. Әнеу бір бейіттердің басына қойылған шағын құлыптастар көзге шалынады.
Тіпті кейбірінің басында уақыт келе белгі де қалмапты. Бірде ақын ЕсенғалиРаушановтың кездесіп, әңгімеден әңгіме туындап, сөз арасында былай дегені бар: «Әлемнің біраз қалаларында болдым. Қай қалаға бармайын, қала бейітіне соқпай кетпеймін. Ол біле білсек, жатқан қызықты тарих. 100 мың долларға көтерілген бейітте жатқан адамның халық үшін не еңбек сіңіргені туралы айтудың өзі артық. «Ақша менікі, қалай, кімге, не үшін жұмсасам еркім, менде кімнің не шаруасы бар?». Ал не дейсіз? Оның етегінде елеусіз қалған қоңырқай ғана төмпешіктің астында ұлтым деп өткен аса дарынды қаламгер жатқанын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Оның үстіне біз соңғы жылдары жазушы қауым мен өнер адамдарын қоғамды алға бастайтын зиялы қауым деп танудан гөрі, пайдасы да, зияны да жоқ, сүйкімі аз, жалыныштылау, жақыбайлау, жалпаштау бір тобыр дейтұғын пікір қалыптастырғанымыз жасырын емес...
Осман патшалары тұсында марқұмның «басын қарайту» бәсекеге айналған көрінеді. Қабыр басына неше түрлі керемет құлпытастардан бастап зәулім сарайлар да салынған. Абай айтатын бекер мал шашудың өзі. Кейін Мұстафа Кемал Ататүрік бұл салада да тәртіп орнатқан көрінеді.
Қазір түрік молалары стандартталған, аядай ғана жер, оған қойылар құлпытастың мөлшері де шақтаулы. Бейберекет тасып-төгілу, «аттан қалма, байталымдап» жарыса шабу мұнда атымен жоқ. Асылы, өлген кісіге бізден керегі алтындатқан ақ сарай емес, ақ көңілден оқылар дұға болса керек, тап қазір, яки бас-басымызға би болып тұрған мына заманда оны айтсаң қазаққа сенен асқан дұшпан жоқ».
«Орынды айтылған ой жүйесін табады» демей ме қазақ. Шынында, мына жалған дүниеде кім болмағын, бірақ Жер-ана кімді болса да бауырына тартып, бәрімізді теңестіріп жіберері сөзсіз ғой». Кейбір елдерде қабір басын арнайы жуып, тазалап тұрады екен. Дұрыс ақ, оның айналасын таза ұстау керек. Біздің жақтағы бейіттерді араласаңыз, қара жердің өзі екіге бөлініп беріле ме деген ой келеді. Өйткені, менмұндалаған мазарға қарап, кімнің қай әулеттен екенін аңғару қиын емес. Ал айналасы кесекпен кішкене етіп салынған қабірге қарап, қарапайым адамдікі екенін білеміз. Жағамызды ұстадық, тоқтық немесе жоқтықтың адамы болсаңыз да, баратын орныңыз бір жер емес пе...
Осылай тым әспеттеуге бола ма? Шариғатта бұл іс дұрыс па? Бір кездері (өткен жүзжылдықтың 90-шы жылдарында) елімізде қабірді бұзу, көктасты қирату, темірлерін ұрлау секілді келеңсіздіктер орын алды. Қазір де сиректеу болса да бейітті «тонау» жалғасып келеді. Сан ғасырлар бойы өзінің діні мен тілін, дәстүрі мен салт-санасын берік ұстанған ата бабаларымыз келер ұрпақтың қайырсыз болуын тілемеген болар.
Елдің керегесін кең, терезесін тең ұстайды деп сенген ұрпақтың баба бейіттерін бұзуына қоғамның түрлі жағдайлары түрткі болды. Оның ішінде көпдінділік мәселесі де тіземізді бүктіріп-ақ тұрды. Ал қабірлерді бұзу білімсіздік пен сауатсыздықтан туындап отырған жайт. Ислам дінін дұрыс түсінген жан мұндай келеңсіз істерге бармауы тиіс. Өткен күндердің бірінде көп жылдар бойы Астанада тұратын танысым Таразға арнайы келіп, біраз жылдар бұрын жерленген анасының зиратына барады. Жан-жағындағы қоршалған әсем темір қоршауды бір имансыздар бұзып, тонап кетіпті. Оны көрген астаналық қонақ қыздың қан қысымы көтеріліп, жүрегі шаншып, ебіл дебіл болып жылап бейіт басшылары мен жергілікті полицияға барыпты. Бірақ, олар «вандализммен айналысқандарды анықтау мүмкін емес болып тұр» деп, оларды таба алмайтынын айтып, жылы сөзбен шығарып салыпты. Әйткенмен, ол бұл мәселені аяқсыз қалдыруға болмайтынын жеткізіп, көңілі қатты құлазып қайтыпты. Жасыратыны жоқ, қоғам қаншалықты дамыса, соншалықты деңгейде бәсекелестік артатынын көріп жүрміз.
Байлықтан, киім мен тамақтан артылмаған бәсеке қабірге де жетті. Жол жиегіндегі мұнара секілді аспанмен тіресіп тұрған бейіттерді көргенде, қанша ысырапшылдық екенін бағамдауға болады. Жағдайы жетіп, қалтасы көтеріп тұрған соң әшекейлеп, әспеттеп салып жатқандар қатары күн санап көбейіп келеді. Күмбез тұрғызып, кесене орнату – негізінде шариғаттан қолдау таппайтын әрекет. Дінтанушы танысымның айтуынша, дініміз ислам бейіттерді асыра сілтеп салуға, әсемдеуге, күмбездеп, безендіруге үзілді-кесілді қарсы. Сондай ақ бейітті әшекейленген темір, ағаш және тағы да басқа заттармен қоршау шариғат бойынша дұрыс емес.
Исламдық жерлеу рәсіміне назар аударсақ, қабір аяқ асты немесе мал баспайтындай етіп, кесекпен кіндіктің деңгейіне дейін қалануы керек. Содан соң мәйіттің кім екенін білу мақсатында белгі қойылып, оған тек аты жөні, тегі, туған және дүниеден өткен күні жазылса жетіп жатыр. Бейітті қанша күмбездеп, сәндесеңіз де, ол марқұмға еш пайда бермейді. Тіпті, оны салған адамға да ешқандай сауап жоқ. Бар болғаны ысырапқа жол бергендік болып есептеледі. Ал Құранға назар салсақ, ысырапшылық жайында былай дейді: «Шынында ысырапшылық жасаушылар шайтанның бауырлары, ал шайтан Раббысына өте қарсы» (Исра, 111 аят). Қалай болғанда да, бізде бәсекелестік басым. Бір-бірінен асып түседі. Жақында ғана ағасын жерлеген аты-жөнін айтудан бас тартқан қала тұрғынын сөзге тарттық. Қайғылы жағдайға душар болған азаматтың мазарын салуға отбасы бар күш-жігерін жұмсапты.
– 5 мыңға жуық қызыл кірпіш пайдаландық. Ұзындығы шамамен екі жарым метр болды, 200 мың теңгеге іргетасын құйдырдық. Күмбезді басқа жақтан алдырдық. Құрылысшыларға төлеген ақша тағы бар. Жалпы, есептегенде бір бейітті көтеруге 3,5 миллион теңгедей ақша жұмсалды, – деді әлгі жігіт.
Ал Түркия секілді елдердегі марқұмдардың жерленген жерін қарасаңыз, бәрін бірдей етіп салуды қолға алған. Оған қоса бәрі айналасына гүл, жасыл желек егіп қояды. Бар сәндегендері сол ғана. Сонымен қатар дінтанушы танысым бейіт басына зиярат ету мәселесіне де өз ойын білдірді. Мұсылман қауымында қабір зияратының екі түрлі мақсаты бар. Бірі – адамның болашақ барар жерін еске алып, ақыретке дайындалуы үшін ойлану, ғибрат алу мақсатында зиярат ету.
Бұл жайында Пайғамбарымыз: «Қабірлерге зиярат етіңдер. Өйткені, қабірлерді зиярат ету ақыретті естеріңізге салады» деген. Қабір тірілердің түпкілікті баспанасы, өлілердің мекені. Тірілер ол жерге барып, өздерін алда күтіп тұрған жағдайларды ойлап ғибрат алады. Жалпы алғанда, Ислам дінінің әрбір бұйрықтары мен тыйымдары адамзат баласының бақытына негізделген. Бейітті сәндеуді әрбір адам шариғатқа қайшы іс, ысырапшылдық деп түсінбесі анық.
– Шариғатта: «Өлген адамға құрмет қыл, ол үшін мал мен жан-жануар кірмейтіндей етіп қоршап қой» деген. Ал, бақталастық жасап, тайталасып мазар салатындардың ісін пайғамбарымыз ысырапқа теңейді. Мазарларды бүгінгідей көзтартар керемет ескерткішке айналдырып, сол арқылы өзінің марқұм болған жақындарын ел алдында асқақтату, олардың өлі мүрдесін жоғары көтерудің тіріге де, марқұмға да ешқандай пайдасы жоқтығын халыққа жан-жақты тұрғыда түсіндірсек, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді дінтанушы.
Иә, мазар басын сәндеудің орнына ысырапқа жол бермей, өліге бағыштап құран оқытып, садақа берудің, марқұмның ізгілігін сүйінішпен еске алып, соңында қалғандарға қайырым көмек жасаудың өзінде иман таразысын теңгеріп, тәубесін есіне түсіретіндей үлкен мән-мағына бар. Тірілер үшін бұл ой салатын жәйт... Сіз бұл айтылған мәселеге қалай қарайсыз? Ой бөліселік, ағайын!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Найзадан қол босаса, қалам алдым
- 17 шілде, 2025
Телефон арқылы туристердің нақты санын білуге болады
- 17 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді