«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әр Заңның өзегінде әділетті, таза, қауіпсіз әрі бақуатты Қазақстан идеясы жатыр

Әр Заңның өзегінде әділетті, таза, қауіпсіз әрі бақуатты Қазақстан идеясы жатыр
Автор
Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Күн тәртібінде қаралған жалғыз мәселе – 8-шақырылымның III сессиясын жабу.

Сессияның аяқталғанын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді.

«Құрметті депутаттар, Үкімет мүшелері мен шақырылған қонақтар! Бүгін біз 8-шақырылым Парламентінің III сессиясының жұмысын аяқтап отырмыз. Біздің шақырылым өкілеттік мерзімінің жартысын өткерді. Бұл біздің бірлескен жұмысымыздың бел ортасы, шарықтау шегі, – деді ол.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, депутаттық корпус президенттің сайлауалды бағдарламасы аясындағы заңнамалық бастамалар блогын іс жүзінде орындаған.

Шын мәнінде, қазіргі сайланым – Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын жүйелі де дәйекті түрде жүзеге асырып отырған Парламент деуге болады. Осы жылдары депутаттар ұдайы президенттік реформалардың алғы шебінен көрінді. Олар әрдайым Мемлекет басшысының жан-жақты ойластырылған, халықтың талап тілегіне, елдің мүддесіне негізделген стратегиясын басшылыққа алып келеді. Бұл ұстаным бағыт бағдарды айқындап, күш-қуатты бір арнаға жұмылдыруға жол ашты.

Парламенттің күнделікті жұмысы ең әуелі осы реформалар мазмұнын одан әрі байытып, нақты іспен қолдауға бағытталған. Сондай-ақ сессия басталарда Мемлекет басшысы өз Жолдауында алға қойған басты міндеттер Мәжіліс депутаттарының жұмысына серпін беріп, қарқын қосты. Ұлттық құрылтайда айтылған стратегиялық идеялар Парламент назарын қоғамның ең өзекті мәселелеріне аударды.

Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясындағы заңнамалық бастамалардың бәрін дерлік депутаттық корпус осы сессияда іске асырды. Мәселен үшінші сессия барысында Парламент палаталарының 3 бірлескен отырысы, Сенат пен Мәжілістің 39 жалпы отырысы өткен. Қос палатаның қарауында 158 заң жобасы болып, оның ішінде 89 заң қабылданған. Сессия барысында депутаттар әлеуметтік саясат пен азаматтардың мүддесі мызғымас басымдық екенін айқын көрсетті. Ол ең алдымен еліміздің негізгі қаржы құжатында – үш жылдық бюджетте көрініс тапты.

Атап айтқанда, оның шығыс бөлігінің шамамен 40 пайызы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды. Білім беру, денсаулық сақтау салалары мен әлеуметтік төлемдерге баса мән берілді. Биылғы жылдың басынан базалық зейнетақы 6,5 пайыз, сабақтас зейнетақы 8,5 пайыз өсті. Әлеуметтік төлемдер көлемі де, алушылар саны да артты. Қыркүйек айынан бастап стипендия мөлшерін тағы да көтеру жоспарлануда. Кейінгі бес жылда стипендия екі есе дерлік өскенін атап өткен жөн. Оған қоса, ғылыми атақ үшін де үстеме ақы қарастырылды. Сонымен қатар, халықты сапалы сумен қамтамасыз етуге, ауылды қолдауға қосымша қаражат бөлінді. Аталған шараның бәрі азаматтардың тұрмысын жақсартуға, өңірлерді дамыту мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Ерлан Қошанов жаңа Салық, Бюджет және Су кодекстерінің қабылданғанын еске салды.

«Үш кодекстің жаңартылып, қабылдануы Президентіміздің іргелі реформаларының іске асуының нақты көрінісіне айналды. Бұған дейін бірде-бір заң жобасы жаңа Салық кодексі сияқты кең талқыланбаған шығар. Жұмыс тобы отырыстарына қатысқан мамандар мен түрлі сала өкілдерінің саны 300 адамға дейін жетті. Заң шығарушылар алдында қолданыстағы тәртіпті түбегейлі өзгерту, салық жүйесін жеңілдету, ережелерінің түсінікті болуын қамтамасыз ету міндеті тұрды. Сөйтіп, байыпты пікірталастар нәтижесінде Парламент барлық түйткілді мәселелер бойынша ортақ мәмілеге келді. Депутаттар бизнеске артық салмақ салмай-ақ, салық саясатын экономиканың тұрақтылығына, азаматтардың бақуаттылығына бағыттауға қол жеткізді. Әділеттілік идеясы корпоративтік табыс салығының сараланған мөлшерлемесі мен жеке табыс салығының прогрессивті межесінен көрініс тапты. Енді кім көп табыс тапса, сол салықты көбірек төлейді. Бұл ретте, табысы төмен азаматтар үшін елеулі жеңілдіктер қарастырылған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін төлемдер жеке табыс салығынан босатылады. Депутаттарымыз бұл ұсынысты бірнеше жылдан бері айтып жүрген болатын. Көтерілген тағы бір маңызды әлеуметтік мәселе – дәрі дәрмек пен медициналық қызметтерді қосылған құн салығынан босату. Сондай-ақ, депутаттар кітап оқу мәдениетін насихаттау үшін баспалар мен баспасөз басылымдарын қолдау жайын да қарастырды. Жалпы, қабылданған Салық кодексі мемлекет – бизнес – қоғам арасындағы әділетті қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашпақ. Үкіметпен бірлескен жұмыстың нәтижесінде біз сапалы, ашық, әділетті әрі түсінікті Салық кодексін қабылдадық, – деді Мәжіліс төрағасы.

Қабылданған Бюджет кодексі орнықты экономикалық дамудың, азаматтардың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігіне айналды. Бұл ретте, бюрократиядан арылу көзделіп, бюджеттік рәсімдер мерзімдері екі есе қысқарды. Жаңа заңнамалық нормалар Ұлттық қор ресурсының тиімсіз жұмсалуына берік тосқауыл қояды. Ел Президентінің тапсырмаларын орындау аясында өңірлердің бюджеттік дербестігі артты. Салық түсімдерін жергілікті бюджеттер деңгейіне беру жалғасын тапты. Соның нәтижесінде қазірдің өзінде жергілікті бюджеттердің кірісі артып келе жатқаны байқалады.

Сонымен бірге, Үкіметтің және бюджет процесіне қатысушылардың заң шығарушы орган алдындағы есептілігі күшейтілді. Мұндай ашықтық пен есептілік азаматтардың мемлекет қаржысына деген сенімін арттыруға бағытталған. Мемлекет басшысы су ресурстарымен қамтамасыз ету жайы нашарлап, жаһандық сипат алып келе жатқанын бірнеше рет айтқан еді. Осы мақсатпен еліміздің болашағы үшін стратегиялық маңызы бар құжат – Су кодексі қабылданды.

Беделді One Water Summit халықаралық жиынында Президент кең-байтақ жері бар, бірақ теңізге шығатын жолы жоқ еліміз үшін судың қадірі ерекше екенін атап өткен еді. Сондықтан, Кодексте су ресурстарын қорғау мен дамытуға, оны үнемдеп, жауаптылықпен пайдалануға басымдық берілді. Суды қайта пайдалану технологиясы, судың ысырабын азайту шаралары еліміздің тәжірибесіне енгізілді. Жалпы, Су кодексінің жаңа нормалары «тіршілік көзін» үнемдеп, болашақ ұрпақтың игілігі үшін берік негіз қалайды.

Осылайша, Парламент бұл сессияда маңызды үш салалық кодексті жаңғыртып, жүргізіліп жатқан реформалар талабына бейімдеді. Бұл парламенттік маусымда депутаттар азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын айқындайтын өзекті мәселелерді де назардан тыс қалдырмады.

Атап айтқанда, балаларды кешенді қолдау шаралары жалғасты. Өткен сессияда «Ұлттық қор – балаларға» заңы қабылданса, ал биылғы сессияда осы жұмысты жалғастыра отырып, «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің заңнамалық негізі жасалды. Жиналған қаражатты қазақстандық және шетелдік колледждер мен ЖОО ларда білім алуға, сондай-ақ тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады. Бұл мемлекеттің қазақстандық балалардың білімі мен болашағына салған тамаша инвестициясы. Сондай-ақ, депутаттардың бастамасымен дарынды балаларды қолдауға қатысты нормалар енгізілді. Енді халықаралық олимпиада жеңімпаздары білім беру грантын конкурссыз иеленіп, оны «Болашақ» бағдарламасы аясында да ала алады. Бұл оқуда үздік нәтиже көрсеткен балаларға деген мемлекеттің шынайы қамқорлығы. Осы сессияда азаматтардың денсаулығын қорғау мәселесіне бұрын-соңды болмаған дәрежеде назар аударылды.

Депутаттар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі кейбір тәсілдерді қайта қарады. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасы енгізілді. Енді сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматқа базалық медициналық көмек беріледі. Жұмыссыз жүрген және жұмыс істемейтін адамдар үшін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеу жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі. Ұсынылған шаралардың арқасында миллионнан астам қазақстандық қосымша сақтандыру жүйесімен қамтылады.

Бұдан бөлек, міндетті онкологиялық скрининг мемлекеттік тегін медициналық көмек қызметтері тізбесіне енгізілді. Бұл маңызды шара үш жарым миллион адамды қамтиды. Құлағы нашар еститін, бірақ мүгедектігі жоқ азаматтарды есту протездерімен жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Бұл шара көп адамның, әсіресе балалардың өмірін жақсартуға, олардың әлеуметтік ортаға оңай бейімделуіне мүмкіндік береді. Денсаулық сақтау саласында әлі де түйткілді мәселелер бар.

Мәжіліс депутаттары осы жұмысты Үкіметпен бірге келесі сессияда жалғастыратын болды. Депутаттар заң мен тәртіп үстемдігін орнату бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Бұл – жай ғана қатардағы ұстаным емес. Президент айтқандай, заң мен тәртіп – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Ерлан Қошановтың айтуынша, сессия бойы депутаттар осы бағдарды берік ұстанды.

Мәселен, Парламент қабылдаған жаңа шаралар үлескерлік құрылыс саласында тәртіп орнатып, азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған. Нәтижесінде үлескерлердің алданып қалуы жайттары азайғаны байқалады. Депутаттар лудоманиямен күрес бойынша да жұмысты жалғастырды. Қоғамды бұл кеселден арылтуға бағытталған қосымша шаралар қабылдады. Ғимараттар мен құрылыстарда, онлайн-платформаларда букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тыйым салынды. Бұл шешім лудоманиядан зардап шегуі мүмкін адамдар санын азайтуға тиіс. Сондай-ақ, төраға үлестік құрылыс саласын реттеу мен азаматтардың құқықтарын қорғауға, қаржы қызметтерін алушылардың құқықтарын күшейтуге бағытталған маңызды нормаларға тоқталды.

«Біз онлайн режимде кепілсіз жылдам несиелер беру тәжірибесін қайта қарау міндетін қойдық. Енді әрбір несие өтініміне 24 сағаттық «суыну кезеңі» енгізіледі. Осы уақыт ішінде банк те, несие алушы азамат та шешімін қайта саралап, барлық тәуекелдерді бағалай алады. Бұдан бөлек, мерзімді әскери қызметшілерге несие мен микронесие беруге тыйым салынады. Мұның бәрі азаматтарды қаржылық қиындықтардан қорғап, алаяқтық әрекеттер жағдайында банктерге дер кезінде шара қолдануға мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Е.Қошанов.

Айта кетейік, депутаттар есірткі айналымына және ойын тәуелділігіне қарсы іс-қимыл нормаларын да қабылдаған болатын.

 

Aq jol – Aqparat

Ұқсас жаңалықтар