«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Меркі қалашығы - тарих пен мәдениеттің тоғысқан тұсы

Меркі қалашығы - тарих пен мәдениеттің тоғысқан тұсы
Ашық дереккөз
Тарих – ұлттың жады, ал сол тарихтың тірі куәсі – көне қалалар мен мәдени ескерткіштер. Қазақстанның бай тарихы мен мәдени мұрасы ежелгі қалалар мен қоныстар арқылы көрініс табады. Солардың бірі – Жамбыл облысында орналасқан Меркі қалашығы. Бұл көне мекен Ұлы Жібек жолының бойында орналасып, ғасырлар бойы сауда-саттықтың, мәдени алмасудың және өркениеттер тоғысының куәсі болған. Археологиялық зерттеулер Меркі қалашығының ортағасырлық қала ретінде маңызды рөл атқарғанын дәлелдейді.

Бүгінгі таңда халқымыздың өткенін танып-білу, мәдени мұрасын зерттеу мен насихаттау – маңызды міндеттердің бірі. Меркі – тек бір өңірдің ғана емес, бүкіл қазақ даласының тарихында өзіндік орны бар, ғасырлардан сыр шертетін көне мекен.

Археологиялық зерттеулер Меркі қалашығының ортағасырлық қала ретінде маңызды рөл атқарғанын дәлелдейді. Ұлы жібек жолының бойындағы маңызды орталықтардың бірі саналатын ортағасырлық Меркі қалашығының өмірі мен орналасқан жері, тарихи даму кезеңдері туралы қызықты мәліметтер береді.

Қыш бұйымдар жиынтығы қыш қолөнерінің жоғары деңгейде дамығанын, оның көркемдік бағыттары, Түркістан облысы және Жетісу қалалары, Шығыс Түркістан, Шаш, Соғды, Хорезммен мәдени, экономикалық, сауда-саттық қарым-қатынас болғанын көрсетті. VI-VIII ғасырларда қазіргі Меркі орнында көпестер мен қолөнершілер тұрған қала қалыптасып, ал оның айналасында шаруалар арпа бидай егіп, бау-бақша, жүзімдіктер өсірген.

Қала айналасында мал бағушы көшпелілердің көктемде жылқы табындары мен мыңдаған қойларды таулы жайлауға айдап өткен. Олардың өмірі осылай жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға ұласып жалғаса берген. Әуелгіде олар сақтар, үйсіндер, ғұндар, ал кейін түркілер, түргештер, қарлұқтар, қыпшақтар, қазақтар болып аталған.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасынан бастап түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және сақтау мақсатында жүргізілген жүйелі археологиялық және этнографиялық зерттеулер нәтижесінде, Жамбыл облысындағы Мерке өзенінің жоғары таулы альпілік шалғындарында орналасқан ежелгі қорғандардан маңызды деректе жиналды.

Аталған ескерткіштердің құрамында 76 дана тас мүсін анықталып, ғылыми айналымға енгізілді. Бұл мүсіндер ерлер мен әйелдер бейнесінде жасалған және көне түркілердің ата-бабаларға табыну рәсімдерінің бір бөлігі ретінде қорғандардың маңына орнатылған.

Мерке ғибадатханалық кешені мен Сарыарқа аумағындағы ұқсас нысандарда кездесетін әйел мүсіндері ерекше назар аударады. Бұл бейнелер көбіне түркі мифологиясындағы Ұмай ана немесе Жер-Су әйел тәңірін бейнелейтін культтік образдармен байланыстырылады. Мұндай мүсіндер түркі қоғамындағы әйел құдай бейнесінің рөлін және оның рухани-мәдени мәнін айқындайды.

Түркілердің қасиетті кеңістіктер жүйесіне тек тас мүсіндер ғана емес, сонымен қатар руна жазулары, жартастағы бейнелеу өнері үлгілері (петроглифтер), алтарьлар (құрбандық шалу орындары), сондай-ақ рулық таңбалар да кіреді. Бұл кешенді мәдени феномен көне түркілердің дүниетанымы мен рухани өмірінің байлығы мен күрделілігін көрсетеді. Ортағасырлық Меркі қаласының негізгі бекінісі Қарасу өзенінің оң жағасында қазіргі Меркі ауылының ортасында орналасқан.

Қалашық тік жағалауды бойлай жатыр, әсіресе оның мұнаралары ішкі қамалы бар орталық бөлігі алыстан көрініп тұр. Қалашықтың орнын сыртқы дуалмен қатар шахристан және ішкі қамал мұнараларының іздері анық байқалады. Қаланың дуалы ертеде  төрт жағынан қоршалып, дүниенің төрт бұрышына бағытталып тұрған. Оңтүстік жағындағы дуалы толық сырылып тасталған және оны бойлай кешегі күнге дейін қалалық құрылыстар салынған. Қарасу өзені өтетін батыс жағы да сондай күйде болған. Шикі кірпіш дайындауға топырақ алған жерлер ізі жағаны бойлай кездеседі. Себебі өзен суының шаюы және қалашықтың батыс жағының жарқабатты болуы топырақ алуға ыңғайлы болды.

Сонымен қатар қалашықтың өзі шығыстан батысқа қарай созылып жатқан тікбұрышты төбе, оңтүстік-батыс бөлігінде ішкі қамал қалдығының орны көрініп жатыр. Ол қазіргі кезде мүжілген, сақталған биіктігі 1,5 2 метр топырақ жал түріндегі қабырға арқылы шахристан бөлініп тұр. Ішкі қамалдың ішкі аумағы – 110х75 метр төртбұрышты алаң. Шахристан – біраз мүжілген және қабырғамен қоршалған биіктігі 3 метр болатын төртбұрышты төбе түрінде көрінеді. Оң жағасы тік жарлы, сазды жайылымы бар, Қарасу өзені – қалашықты батыс жағынан қоршап тұрған табиғи қорғаныс.

Шахристанның солтүстік және шығыс жақтарында соңғы кезге дейін бас арық арнасы ретінде қолданылып келген ені 15 метр ор іздері сақталған. Қала орталығына кіретін бас қақпаларының батыс және шығыс жағында орналасқан. Меркі қаласының орталығы мен оның рабатын жан-жағынан «ұзын» қабырғалар қоршап жатыр. Қазір олардың орны сақталмаған.

Тек шахристанның оңтүстік жағында, 2,5 шақырым жерден 0,5 шақырымдық сыртқы қабырға іздері сақталған. Оның биіктігі – 1,5 метр, түбінің қалаңдығы – 8 метр «ұзын» сыртқы қабырғаның ішкі аумағында қазіргі заманғы құрылыстар, бау-бақшалар және басқа да ауыл шаруашылық егіндіктер орналасқан.

Топографиялық зерттеу жұмысы барысында ұзын сыртқы қабырғаның 36 шақырымға жететіні белгілі болды. 2006 жылы археологиялық қазба кезінде солтүстік қабырғаға таяу жерден аумағы 50х50 метр алаңқайдан ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде салынған үлкен аулалы екі тұрғын үй құрылыстарының қалдықтары ашылды.

Аумағы 13х13,5 метр қазбаның ішінен алты бөлменің орны анықталды. Екінші бөлменің оңтүстік-батыс бөлігінде еденнен 0,2 метр көтеріліп тұрған және күйдірілген кірпіштен қаланған ошақ түбі тазаланды. Қазба жұмыстары барысында табылған арабша жазуы бар кірпіш, темір балта ХІХ ғасырға жататыны белгілі болды.

Бұл қалашықта археологиялық қазба барысында табылған заттар арасында шыны бұйымдар да кездеседі. Соның бірі – әйнек банкалардың сынығы. Банканың сыртында бал арасының ұялары секілді алты қырлы бедерлі суреттері бар.Шыны ыдыстар күңгірт, жартылай мөлдір, жасылдау түсті, енді бірі – мөлдір түссіз шыныдан жасалған табақша сияқты ыдыс, ол ернеуіне қарай қалыңдай түскен. Шыны сырты ойық сызықтармен безендірілген.

Мұндай ыдыстар Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік өңірінде көптеген қалаларында ұшырасады. Бұл табылған шыны ыдыстар ІХ ХІІ ғасырларға мерзімделінеді. Басқа бұйымдар арасынан қызыл құмтастан дайындалған диаметрі 33 сантиметр диірмен тасының үстіңгі бөлігі табылды, диірмен тасының ортасындағы шұңқырының диаметрі – 6 сантиметр. болады. Қола бұйымдарының ішінде бірнеше белдік тоғалары кездеседі және диорит пен екі қайрақ сынығы табылды.

Меркі қалашығы – Жетісу өңірінің ортағасырлық тарихын зерттеуде айрықша рөл атқаратын археологиялық және тарихи нысан. Бұл ескерткіштер тек аймақтың ғана емес, бүкіл Орталық Азияның тарихи-мәдени кеңістігін тануға мүмкіндік береді. Әр кезеңдегі зерттеу жұмыстары В.В.Бартольд, А.Н.Бернштам, Л.Б.Ерзакович сынды ғалымдардың еңбектері – осы қалалар мен бекіністердің өмір сүрген уақыты, шаруашылық, сауда және әскери маңызы туралы тың мәліметтер берді.

Жазба деректер мен археологиялық олжалар бұл өңірдің Ұлы Жібек жолының бойындағы маңызды нүкте болғанын дәлелдейді. Сонымен қатар Меркі атауының тарихи сабақтастығы, қазіргі топонимикада сақталуы – осы орынның тарихи жадтағы орнының жойылмағанын көрсетеді. Болашақта да бұл ескерткіштерге кешенді археологиялық зерттеулер жүргізу арқылы олардың тарихи құндылығын тереңірек ашып, ұлттық мәдени мұра ретінде сақтап қалу – басты міндеттердің бірі.

 

Ұлжан ИСАЕВА,

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының «Ғылыми қызмет және ескерткішдерді қорғау» бөлімінің тарихшысы.

 

Ұқсас жаңалықтар