
Иә, жүректілік пен батылдықты талап ететін құтқарушы мамандығының біз білмейтін қыр-сырлары көп-ақ. Ал олардың атқарып жатқан еңбектері өлшеусіз. Тіпті олар күнделікті өмірде қандай апатты жағдайлармен бетпе-бет келетінін және қиындықты қалай еңсеретінін ашылып айта да бермейді. Десек те, олар қандай қиындыққа тап келсе де, өз істерін абыроймен атқаратындығына халықтың сенімі қашанда жоғары. Сол үшін де тәуекелге бел байлап, өз өмірін қатерге тігетін бұл мамандық иелерін жүрек жұтқан батыр деуге болады. Құтқарушы мамандығының өзіндік ерекшелігі бар, ол – күтпеген жағдайға тап болған адамдарға көмектесу үшін күн мен түннің кез келген уақытында дайын болу. Тіпті құтқарушылардың демалыс және мереке күндері де қауырт жұмыс күндеріне айналып жатады.
Бір аптада – 278 шақырту
Өткен аптада облыс аумағында 27 төтенше жағдайлар мен оқиғалар орын алған. Оның 12-сі табиғи, 14-і техногенді сипаттағы болса, 1-еуі жедел ақпарат. Осы аралықта облыстық департамент бөлімшелері 278 шақыртуға шыққан. Оның ішінде өрт сөндіру бөлімшелері 241 рет (өртке – 25, жану оқиғаларына – 202, авариялық-құтқару жұмыстарына – 6, басқа да түрлі сипаттағы – 8) шақыртуға барған. Ал жедел құтқару жасағы авариялық-құтқару жұмыстарына 37 шақырту алып, нәтижесінде 5 адам, оның ішінде 3 бала құтқарылды. Апта ішінде облыс тұрғындарына дауылды ескерту үшін ұялы байланыс операторларына 15 СМС-хабарлама жіберіліп, 101 және 112 желісіне 835 жедел, 7 927 жедел емес сипаттағы қоңырау түскен.
Өз өмірлерін қауіпке тігіп...
Бүгінде жамбылдық азаматтық қорғау органының қызметкерлері қызметтік міндеттерін күнделікті орындау барысында басқаларды құтқару үшін өз өмірлерін қауіпке тігіп, кәсібилігі мен жанқиярлығын дәлелдеп жүр. Олар үнемі табиғи апат немесе қауіпсіздік ережелерін бұзу салдарынан туындаған тілсіз жаумен бетпе-бет келеді.
Кез келген сәтте өзіне тап беруі мүмкін қызыл жалынды ауыздықтап, ең әуелі адам өмірін сақтауды мақсат етеді. Өмір мен өлімнің арасында жүру қаншалықты қауіпті болса да, бастарын бәйгеге тігеді. Осындай ерлікпен пара-пар жұмыстың жүгін арқалап жүрген құтқарушыларды бүгінгі күннің батырлары десек, артық айтқандық емес. Өйткені ауа райына, уақытқа қарамай, тіпті шыңырау құдыққа да түсуге дайын олар үшін ашылмайтын есік жоқ дерсіз. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жексенбіде облыс орталығында бір серіктестіктің автомобиль дөңгелектері жиналған бір қабатты кірпіш ғимаратының шатырынан өрт шыққан.
Оқиға орнына жедел жеткен төтенше жағдайлар департаменті құтқарушыларының үйлесімді және кәсіби жұмысының арқасында 90 шаршыметр алаңды шарпыған жалын сөндірілді. Зардап шеккендер болған жоқ. Осылайша құтқарушылардың жедел іс-қимылының арқасында өрттің таралуына жол берілмеді.
Бірер күн бұрын Таразда тағы бір өрт сөндірілді. Қаланың Пушкин көшесінде орналасқан жеке тұрғын үй мен шаруашылық құрылыстың шатыры өртенді. Оқиға орнына департаменттің 31 қызметкері мен 9 техникасы жұмылдырылып, өрт сөндірушілердің жедел және кәсіби әрекетінің арқасында жалпы аумағы 200 шаршыметрді құраған өрт жарты сағаттың ішінде толықтай ауыздықталды.
Жақында құтқарушылардың тараздық кішкентай қыз балаға көмекке келгені туралы оқиғаны айтпай кетуге болмайды. 9 жасар қыздың пәтердегі қабырға мен жылыту құбырының арасына аяғы қысылып қалғаны туралы хабарлама түсе салысымен, әдеттегідей оқиға орнына жедел құтқару жасағы жіберілді.
Құтқарушылар арнайы гидравликалық құралдың көмегімен зардап шегушінің аяғын абайлап босатып, оған зиян келтірмей құтқарды. Олардың кәсіби әрі жедел әрекетінің арқасында ауыр жарақат алмаған қыз медициналық көмекке мұқтаж болмады.
Жедел әрекет етуде жаттығудың пайдасы көп
Оқу-жаттығудың басты мақсаты – төтенше жағдайларды жою кезінде қызметтердің өзара іс-қимылын, бірлескен жедел әрекеттерін пысықтау, сондай-ақ шынайы жағдайға жақын ортада тәжірибе алмасу. Бұл ретте жамбылдық құтқарушылар өз дағдылары мен білімдерін шетелдік әріптестерімен де жиі бөліседі. Таяуда ғана Қырғызстанның Шу облысы аумағында шартты өрт сөндіру бойынша трансшекаралық оқу-жаттығу өтіп, оған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары қатысты.
Аталған шараға барлығы 6 техника мен жеке құрамнан 22 адам жұмылдырылды. Оқу-жаттығудың маңызды элементтерінің бірі ретінде қазақстандық Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің мемлекеттік шекараны жылдам әрі ұйымдасқан түрде кесіп өту тәртібі пысықталды. Мұндай жаттығулар трансшекаралық төтенше жағдайлар туындаған кезде Қазақстан мен Қырғызстан құрылымдарының кәсіби байланысын, үйлесімділігі мен жедел әрекет ету қабілетін нығайтуға септігін тигізеді.
Облыстың барлық өңірлерінде түрлі өрт-тактикалық оқу жаттығулардың жиі өтіп тұратыны белгілі. Мұндай жаттығулар барысында бірлескен іс-қимылды үйлестіру арқылы шұғыл әрекет ету және эвакуациялау бойынша тәжірибені арттыруға қол жеткізіледі. Осы аптаның ортасында Қордай ауданының Отар ауылында №17 өрт сөндіру бекеті мен 21742 әскери бөлімінің өрт сөндіру командасы бірлесіп, өрт-тактикалық оқу-жаттығуын өткізді.
Сценарий бойынша қойма аумағында шартты өрт шығып, алдымен әскери бөлімнің өрт жасағы әрекет етті, артынан №17 бекет мамандары келіп, бірлесе өртті сөндірді. Қатысушылар қауіпсіздік талаптарын сақтап, тиімді байланыс пен техниканы пайдалану дағдыларын пысықтады. Халық көп шоғырланатын нысандарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрт кезінде іс-қимыл жасауға дайындықты арттыру мақсатында Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен «Ауыл-Береке» ірі сауда базарының аумағында да өрт-тактикалық жаттығуы өткізілді.
Өрт сөндірушілер шартты өрт ошағын барлау, оқшаулау және толық сөндіру алгоритмін пысықтады, сондай-ақ жалынның көрші павильондарға таралуын болдырмау шараларын іске асырды. Оқу-жаттығу барысында төтенше қызметтер мен базар әкімшілігі арасындағы үйлесімді іс қимылдарға ерекше назар аударылды Тараз қаласындағы гипс зауыты аумағында өткен өрт-тактикалық сабаққа қалалық өрт сөндіру бөлімі мен төтенше жағдайлар басқармасы және апаттар медицинасы орталығының 20 құтқарушысы мен өрт сөндірушісі және 4 техникасы қатысты.
Шартты жоспар бойынша «Alina group» серіктестігі басқармасы ғимаратының екінші кабатындағы бөлмелердің бірінде электр сымының қысқа тұйықталу салдарынан өрт шыққан. Оқиға орнында 2 газ-түтіннен қорғау буынының қызметі құрылып, қызыл жалынды сөндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, 20 шаршыметрді құраған шартты өрт орнынан 2 адамды құтқарып, 15 адамды қауіпсіз орынға көшірді. Ал күні кеше төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелерінің қатысуымен Тараз қаласындағы Mart сауда ойын-сауық орталығында адамдар көп шоғырланатын нысандардағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткізілген жоспарлы өрт-тактикалық жаттығуда орталық қызметкерлері мен шұғыл қызметтердің бірлескен іс қимылдары, эвакуация мен тіршілікпен қамтамасыз ету қызметтерімен өзара әрекеттесуі пысықталды.
Сондай-ақ осы аптада Сарысу ауданының төтенше жағдайлар бөлімі Түгіскен ауылдық өрт сөндіру бекеті қызметкерлерімен бірлесіп оқу-жаттығу өткізсе, Т.Рысқұлов ауданының №10 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы ұйымдастырған өрт-тактикалық сабақ Абай ауылдық амбулаториясында өтті.
Профилактикалық шаралар қауіптің алдын алады
Облыс аумағында тұрғындардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында түрлі профилактикалық акциялар жиі өткізіледі. Жақында Тараз қаласында төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен «Қауіпсіз терезелер – балалардың қауіпсіздігі» атты профилактикалық іс-шара өтті.
Акцияның мақсаты – балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алу және тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндіру. Аталған шараға №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушілері, жедел құтқару жасағының құтқарушылары, қызметтік иттері бар кинологтар мен апаттар медицинасы орталығы филиалының мамандары қатысты.
Акция аясында «Қарасу» шағынауданының тұрғындарына төтенше жағдай кезінде құтқарушылардың қалай әрекет ететіні көрсетіліп, тұрмыстық қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Әсіресе, терезе мен балконға байланысты қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударылды.
Балаларға үйде абай болудың маңыздылығы айтылып, ата-аналарға кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік ескертілді. Мұндай іс-шаралар тұрмыстық жарақаттың алдын алуға және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша халықтың хабардарлығын арттыруға зор үлес қосады. Профилактикалық шаралар аудандарда да жиі ұйымдастырылып келеді.
Жуырда Жамбыл ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жергілікті кәсіпкерлердің қатысуымен бизнес нысандарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Кәсіп иелеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік, өрт болған жағдайда іс-қимыл тәртібі, дабыл беру жүйелерінің, өрт сөндіргіштердің және эвакуациялық жолдардың жағдайын тексеру қажеттігі ескертілді.
Мұндай кездесулер төтенше жағдайлардың алдын алуға және қызметтер мен бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Жуалы ауданында жеке құрам арасында теріс мінез-құлықтың алдын алу және құқықтық әрі психологиялық сауаттылықты арттыру мақсатында түрлі мекемелер мамандарының қатысуымен профилактикалық семинар өткізілді.
Іс-шара барысында суицидтің, лудоманияның (құмар ойынға тәуелділік), тұрмыстық зорлық зомбылықтың, девиантты мінез-құлықтың, нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелері қаралды.
Сонымен қатар жол жүру ережелерін сақтау және қоғамдық орындардағы қауіпсіз мінез-құлық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Шақырылған мамандар қоғамдағы қауіпті мінез-құлық белгілерін ерте анықтаудың және алдын алудың тиімді тәсілдерімен бөлісті. Ал Байзақ ауданының төтенше жағдайлар бөлімі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, астық жинау науқаны кезінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша профилактикалық жұмыс жүргізді. Ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы, өрт сөндіру құралдарының (өрт сөндіргіш және басқа да құралдар) болуы тексерілді. Егін алқабында еңбек ететін шаруалармен өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Талас ауданының төтенше жағдайлар бөлімі де тұрғындармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізеді. Акция барысында құтқарушылар тұрғындарға күнделікті өмірде қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызды екенін еске салып, төтенше жағдайлар кезінде қалай әрекет ету керектігін түсіндіруде. Әсіресе жаз мезгіліндегі қауіпсіздік шараларына баса назар аударылады. Сарысу ауданының құтқарушылары да қауіпсіздікті басты назарға алуда.
Атап айтсақ, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, Саудакент ауылындағы №11 өрт сөндіру бекеті мен №16 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері аудан тұрғындарымен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу барысында өрт қауіпсіздігі ережелері, суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік, балаларды қараусыз қалдырмау, балалардың терезеден құлауының алдын алу, автокөліктегі өрт қауіпсіздігі мен жер сілкінісі кезіндегі іс-әрекеттер сияқты маңызды тақырыптарды қамтыды. Мұндай ашық әрі түсінікті форматта өткен кездесулердің басты мақсаты – тұрғындардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыру.
Құтқарушылар қауіпсіз балалық шақты қолдайды
Төтенше жағдайлар департаменті жыл басынан бері балалар қауіпсіздігіне ерекше назар аударып, оған қатысты көптеген шаралар ұйымдастырып келеді. Жақында мамандар облыс орталығындағы Shanyraq kids балабақшасында қалалық төтенше жағдайлар басқармасы мен №20 өрт сөндіру бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп, шығармашылық «ашық есік күнін» өткізді. Балалар үшін ең үлкен тосынсый – балабақша ауласына нағыз өрт сөндіру көлігінің келуі болды. Сиренаның дауысы, жарық шамдары, қызыл түсті техника мен арнайы киімдегі батыр өрт сөндірушілер бүлдіршіндерге ерекше әсер қалдырды.
Өрт сөндірушілер балаларға өз мамандықтары туралы айтып беріп, арнайы құрал-жабдықтарды көрсетті, тіпті өрт сөндіру көлігінің кабинасына отырып көруге мүмкіндік берді. Интерактивті форматта балалар өрт болған жағдайда не істеу керек, қауіп кезінде қалай әрекет ету қажеттігі және отпен ойнауға болмайтыны туралы мағлұмат алды.
Ерекше назар 112 шұғыл қызмет нөміріне аударылып, бүлдіршіндер бұл нөмірді есте сақтау үшін оны дауыстап қайталап отырды. Ал №43 «Еркеназ» балабақшасының базасында Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы өрт-тактикалық сабағын өткізді.
Сабақ барысында шартты өрт жағдайы қарастырылып, өрт асхана бөлмесінде шықты деген болжам бойынша жаттығу жүргізілді.
Мекеме қызметкерлерінің үйлесімді әрекеті мен құтқару қызметтерінің жедел іс-қимылының нәтижесінде балалар мен тәрбиешілер қауіпсіз жерге дер кезінде эвакуацияланды. Өрт сөндіру бөлімдері оқиға орнына жылдам жетіп, шартты өрт ошағын дер кезінде оқшаулап, оның таралуына жол бермеді.
Қауіпсіздік ережесін сақтау – маңызды Жамбылдық құтқарушылар облыс тұрғындарына қарапайым ережелерді сақтау – үлкен апаттың алдын алатынын үнемі ескертеді. Олардың айтуынша, жаздың аптап ыстығы мен жұмыс істеп тұрған техникалар өрттің шығуына себеп болуы мүмкін. Мәселен, техниканы жұмысқа шығар алдында толық тексерген дұрыс. Егістік алқаптарында жұмыс істейтін комбайн мен тракторда өрт сөндіргіш, күрек болуы міндетті. Құрғақ шөп пен май тамшылары – өрттің көзі, оны уақтылы тазалаған дұрыс.
Жағармайды тек қауіпсіз орында, қозғалтқыш сөнген кезде құйыңыз. Ондай орындарда шылым шегуге және ашық от жағуға қатаң тыйым салынады. Иә, қауіптің алдын алу үшін қарапайым ережелерді сақтау жеткілікті. Төтенше жағдайлар департаменті суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік, тұрмыста және автокөлікте өрттің алдын алу жолдары, балаларды қараусыз қалдырмау, олардың терезеден құлау жағдайларын болдырмау, жер сілкінісі кезінде дұрыс әрекет ету тәртібін де еске салады.
Жұмыс орнындағы өрт қауіпсіздігі де әрбір жанның жауапкершілігінде. Айталық, розеткалар мен ұзартқыштарды шамадан тыс жүктемеңіз. Жұмыс күнінің соңында электр құрылғыларын сөндіріңіз. Өту жолдары мен эвакуациялық шығу есіктері бос болсын. Өрт сөндіргіш құралдардың қайда екенін біліп, оларды қолдана алатындай деңгейде болыңыз. Өрт шыққан жағдайда 101 немесе 112 нөмірлеріне қоңырау шалу керектігін есте сақтаңыз!
Жүрсінгүл ЖАҚЫН
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді