«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Журналистке жар болу оңай ма?

Журналистке жар болу оңай ма?
Автор
Қоғамда өзіңнің құқығыңды қорғап, ешкімге ақыңды жегізбей жүру де оңай емес. Ал мыңдаған адамның тағдырына араласып, әділдік іздейтін журналист қауымының міндеті айрықша. Себебі журналисттің қаламы – қаруы. Сол қаламның қуаты талай келеңсіздікпен күресіп, көптеген мәселелермен бетпе бет келеді. Осы жағдайлардың баршасын жүректен өткізу журналистке жеңіл болмайтыны белгілі

Біз бүгін сол қуатты қалам иелерінің үйіндегі аяулы жарлары туралы толғанып көрмекпіз. Журналист қоғамның сан алуан қарбаластарымен, күрделі көріністерімен бетпе-бет келгендіктен үйіне кейде көңілсіз оралуы мүмкін. Әлдебіреуге деген ашуы да тарқамай баруы ықтимал. Осындай кездің барлығында жақсы жар журналистке сүйеу бола алады.

Біз оны өзіміз көзін көрген мүйізі қарағайдай қаламгер ағалардың үйіндегі жарларының іс-әрекетінен байқаушы едік. Өзім баспасөз саласында еңбек еткендіктен, бүгін көпшілік назарына ұсынатын кейіпкерлерім газеттерде тер төккен қаламгерлердің үйіндегі ошақ иелері туралы болмақ.

Әуелі еске түсетіні 95 жыл ғұмыр кешіп, таяу жылдарда ғана арамыздан озған журналистиканың қара нары – Баттал Жаңабайұлы. Ол кісінің 21 жыл бойы табан аудармай облыстық «Aq jol» газетіне бас редактор болғанын көпшілік жақсы біледі. Кейінгі 17-18 жыл бойы Баттал ағайдың шаңырағына жиі барып, ардагер журналистің біраз еңбек жолына, естеліктеріне қанық болдық. Сонда байқағанымыз, Фарида апамыз отағасын үнемі құрметтеп отыратыны.

«Біздің Бәкең кеше мынандай сөз айтты», «Біздің Бәкең пәленше деген белгілі кісімен әңгімелесті», «Бәкеңе пәлен деген шәкірті сәлем беріп кетті», – деп құрметін көрсетуден жалықпайтынын аңғарушы едік.

Кейінгі бірнеше жылда Баттал ағаның көзінің көру қабілеті күрт нашарлап, табан жолын ғана таныды. Бұрынғыдай газет-журнал, кітап оқи алмады. Сонда ол кісіге жұбайы Фарида апай мерзімді басылымдарды оқып беріп отыратын. Біз сол сәтке талай мәрте куә болдық. Арғынбай Бекбосын аға да қонақжай, жайдары кісі еді. Бір жолы өз көлігімен саяжайына ертіп барып, сұхбат алғаным бар. Сол кезде жары Дариға апайдың белгілі журналистті қалай құрметтейтінін көрген едік.

Жарының сәт сайын қабағына қарап, қызмет жасаумен болды. Арағаң өмірден озғаннан кейін де кітаптарын шығару, тұрған үйіне ескерткіш белгі қою, еске алу іс-шараларын өткізу міндеттерін де Дариға апай үлкен жауапкершілікпен атқарды. Әлі де Арғынбай Бекбосын есімі биіктен айтылса, ең жоғарыдан аталса деген тілекпен жүреді.

Белгілі журналист Әлдихан Қалдыбаевтың асыл жары Бану Қарақызы туралы да тек жылы лебіз айтуға болады. Бір жылдары Әлдекең облыстық жастар газетінде де кеңесші болып қызмет атқарды. Сол кезде үйіне жиі барып тұрдық. Сонда байқағаным, Бану апайдың жарына деген тілеулестігі. Қашанда Әлдихан ағай жақсы көретін сөзді айтып, отағасы ұнататын тағамды пісіретініне куә болғанмын. Әлдихан Қалдыбайұлының көбірек ұнататын тамағы – кеспе көже. Сол кеспе көжені үлкен жазушының жанында отырып талай рет іштік. Сол көжені дайындағанда Бану апайдың жүзінен қуаныш пен қанағатты, мақтаныш сезімін байқаушы едік. Бақытяр Әбілдаұлының шаңырағында да талай болдық.

Тараз көшелерінде сырласып қатар келе жатқан сәттеріміз аз болмады. Үйіне барған сайын Ақылай апамыздың дастарханы дайын тұратын. Бақытяр Әбілдаұлы ұнататын ұлттық тағамдар, құрт, сары май, айран, сүзбе ол үйдің дастарханынан үзілмейтін. Ақылай апай да асыл жарын ерекше қадірлеп, бағалайтын.

«Бақытяр «Aq jol» газеті редакциясында 40 жылдан астам еңбек етті ғой. Алты күн сонда жүретіні аздай кейде демалыс күндері де, кейде түннің ішінде де редакция жақты жағалап, сыртынан болса да бір көріп қайтатын. Біздің үйдің отағасы секілді газет редакциясын күндіз түні ойлайтын, редакциясыз бір сәт отыра алмайтын журналистер некен-саяқ шығар», – деп асыл жарын көтермелеп отыратын.

Біз көзін көріп, сөзін естіген ардагер журналистің бірі – Жақсылық Сәтібеков. Жақсылық ағай журналист болуымен қатар елімізге кең танылған дарынды ақын болды. Сыршыл өлеңдеріне көптеген әндер жазылып, халыққа кең тарады. Өз заманының ең танымал, ең құрметті адамының бірі – Жақсылық. Ол кісіні Бауыржан Момышұлы еркелетіп домбыра мен қылыш сыйлағаны, Кенен Әзірбаев баласындай жақсы көргені өз алдына бір бөлек үлкен әңгіме.

Біздің бүгінгі айтпағымыз сол Жақсылық ағайдың үйіндегі Азиза Қалыбаева апамыз туралы. Жоғарыдағы айтылған танымал тұлғалардың жұбайлары секілді Азиза апай да жарына адал, ер азаматын ерекше қадірлеген жан. Есесіне, одан жаман болған жоқ.

Жақсылық ағай ақындық мінезін көрсетіп ашуланған кезде де, еркелеген кездерінде де Азиза апай қабақ шытпай көтерген. Көтергенде де бірер жыл емес, 50 жылдан астам уақыт ақынның еркелігіне де, ерекше мінездеріне де шыдаған. Әлі күнге дейін ол кісі Жақсылық аға жайлы жылы сөздерін айтудан жалыққан емес.

Жақында Азиза Қалыбаева апайдың үйіне барып, сәлем бердім. 89 жасқа келген әжеміз бұрынғыдай кең көсіліп әңгіме айта алмағанымен, біраз сөйлесті. Менен газет жұмысы бойынша біраз нәрсені сұрады. «Осы Елен Әлімжанды көріп тұрасың ба?», – деп сұрады сөз арасында.

«Әрине, ол кісіні көріп тұрамын. Үйіне де барып тұрамын. Биыл 80 жасқа толып жатыр», – деп жауап беріп жатырмын.

«Еленнен басқа ескі көздерден кім қалды өзі. Сол Елен ғана бар ғой деймін», – деп қойды бір сәт. Сосын әлден уақытта тағы да сөйледі.

«Осы Жақсылық жұмыс істеген «Aq jol» газеті редакциясында ескі көздерден кім қалды?», – деп сұрады. Бұл өте өзекті сұрақ еді.

«Бұрынғы уақытта қызмет істеген кісілердің бәрі зейнетте ғой. Соңғы жылдарға дейін Көсемәлі Сәттібайұлы, Ақылжан Мамыт, Амангелді Әбіл, Баймаханбет Ахмет істеп жүруші еді. Олар да қазір зейнетте. Бұрынғыдан Жүрсінгүл Жақып, Оразкүл Әбдікерімова, Сая Әлімжан деген әпкелеріміз бар. Ер азаматтар жағынан жасы үлкені Марат Құлибайұлы мен Оралхан Дәуіт ағалар болып тұр.

Редакцияға 22-23 жастағы жас буын келіп жатыр», – деп едім.

«Уақыт қой, уақыт деген солай», – деді белгілі журналисттің жары Азиза Қалыбаева.

Ақын Жақсылық Сәтібеков «Әй, Азиза, Азиза» деп жыр арнаған, «Әй, Азиза үйге қонақ келді» деп айқайлаған Азиза осы. Сол кезде Жақсылық ақынның қонақтарын түн жарымда қабақ шытпай күткен Азиза осы. Журналист дегенде Мақұлбек Рысдәулет ағайды еске алмау мүмкін емес. Ол үйдегі Дәметкен Ахметова апайдың қолынан талай дәм таттық. Мақұлбек ағай мен Дәметкен апайдың керемет сыйластығына куә болғанбыз, талай жақсы әңгімелерін естігенбіз.

Алла Тағалам екеуінің о дүниелерін берсін. Журналист ойдың, сезімнің, қарбалас іс әрекеттің адамы. Қаламына қарай қабағын көрсетеді. Сондықтан журналистке жар болу оңай емес. Жоғарыда есімдері аталған апайлардың баршасын құрметтеп, еңбектеріне бас ию парызымыз.

 

Есет ДОСАЛЫ

 

 

Ұқсас жаңалықтар