
Блог жетекшілерінің көбеюі, әлеуметтік желі ықпалының күшеюі журналистиканың беделін түсіргені рас. Қазір қолында әмбебап телефоны бар, әлеуметтік желілердің біріне тіркеліп, өзінің жеке ой-пікірімен бөлісіп, блог жүргізетін кез келген адамды блогер дейміз. Бірақ менің айтпағым, өз блогын медиа маманы ретінде жүргізетін блогерлер хақында болмақ. Бірақ блогер БАҚ өкілі бола алады ма?
Жалпы «Блогшы мен журналисттің айырмашылығы неде?», – деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік. Кәсіби журналист, блогер Наталья Стриж «Блогинг дегеніміз жаңа журналистика емес.
Блогерлер тәуелсіз журналисттер емес. Кез келген блогер журналист бола алмайды. Келешекте блогтар БАҚ-тарды ауыстыра алмайды», – деп пайымдайды.
Журналист – әдетте журналистика, филология немесе медиакоммуникация саласында арнайы білімі бар, редакциялық ережелерге бағынатын кәсіби маман иесі. Журналист үшін айтылған сөз – атылған оқ. Өйткені ол міндетті түрде өзі ұсынатын ақпарат күмән туғызбауы үшін тексеріс жүргізеді.
Құзырлы орындарға сұрау салып, мәліметті жан-жақты ұсынуға тырысады. Осы тұрғыдан алғанда блогшылардан уақыт жағынан ұтылуы мүмкін. Бірақ күмәнді ақпараттан шынайы ақпарат ұсынған әлдеқайда дұрыс екендігін журналист біледі.
Жауапкершілік жағынан, журналист – заң мен БАҚ-тың этикалық кодексіне сай жұмыс істейді.
Ережені бұзса, айыппұл, жұмыстан шығару немесе сотқа тартылуы мүмкін. Осы хақында заңгер Ержігіт Сегізбай:
«Журналист пен блогерді салыстыруға болмайды. Журналист құқығын реттейтін БАҚ туралы заң бар, блогердің құқығы мен мәртебесіне байланысты ешқандай заң жоқ», – дейді.
Бұл жағынан блогерлер де жауаптылық аз. Олар өзі көрген не естіген оқиғаларды баяндап, аудиторияға көңіл-күй ырғағымен эмоцияға әсер ете отырып ұсынады. Мақсат – елді елең еткізіп, өзіне аудитория жинау, көпшілік арасында қызу пікірталас тудыру. Ел қызығатын ақпараттың бояуын барынша қанық етіп, әсіресе тақырыбын шындыққа жанаса бермейтіндей айқайлатып қояды.
Бұл жағынан қазіргі блогерлердің ақпаратты жеткізуі сары жолақты басылымдардың «шығармашылығына» келеді. Блогердің арнайы білімі болмауы мүмкін, көбіне өз бетімен жұмыс істейді және контент түрін өзі таңдайды. Ал журналистке өз эмоциясын көрсетуге болмайды. Кез келген жаңалықты жеткізгенде не жазғанда журналист қандай жағдай болмасын сезімге берілмей, бейтарап қалуға тырысады.
Бұл жерде екі сала мамандарының қызметін салыстырып, сайысқа салудан аулақпын. Қазір екі сала да өз деңгейінде ақпарат таратып, қоғамның назарын өзіне аудартып жүр. Бірақ, блогер әлеуметтік желі арқылы халықты соғысқа шақыруы мүмкін, не жаңсақ пікір қалыптастырып, адастыруы мүмкін. Осы ретте халыққа кәсіби маман мен көбінде өз субьективті ойын айтатын әлеуметтік желі «жұлдыздарының» ара жігін ажырату қиынға соғуы мүмкін. Адамдар кез келген ақпаратқа сене бермеуі керек. Қалыптасқан қоғам ресми ақпараттарды ғана негізге алады.
Блогерлердің іс-әрекеті белгілі бір заңмен шектелмегендіктен, олар кез келген ақпаратты тексермей береді де, аудиториясын тез жинап алады. Көрермені көп болғандықтан журналистикадан ұтымды көрінеді. Бірақ біз блогердің әлеуметтік желіде ғана ұтымды көрінетінін ұмытпауымыз керек. Ал ақпараттық кеңістікте блогерлердің белсенділігі беделді деп айта алмаймыз.
Осы туралы қоғам қайраткері, Ақпарат және қоғамдық даму саласындағы қоғамдық кеңес төрағасы Дархан Мыңбай бір сұхбатында «Егер салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, газетте тек тексерілген, көз жеткізілген ақпарат қана жарияланады және үлкен жауапкершілік жүгімен дайындалғандықтан, сенім бар. Ал әлеуметтік желідегі ақпараттың растығына күмәнмен қарайсыз. Сондықтан баспасөздің орны да, рөлі де айрықша», – деген болатын.
Жасыратыны жоқ, ақша үшін белгілі бір адамның мүддесін күйттеп, сол арқылы билікке әсер еткісі келетін блогерлер де аз емес. Ондайлар қоғамдық маңызды тақырыптарды көтеріп, терең зерттеулер жүргізіп, журналистикаға тән әдістерді қолданып жүрген кейбір медиасауатты блогерлердің атына кір келтіретіні анық. Осы тұста бір ескеретіні, кәсіби журналистік мамандығы мен блог жүргізу қабілетін бір арнаға тоғыстырып, бір мақсатқа пайдаланып жүрген БАҚ өкілдері де аз емес.
Бүгінде заман талабына сай бұл екі кәсіпті меңгергендер қазақ журналистикасын өркендетуге, ақпараттық кеңістікте шынайы мәселелерді көтеріп, нақты мәліметтердің берілуіне барынша көмектесіп келеді. Ұзақ уақыт оппазициялық газет шығарып, сол үшін талай қуғындалған, бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи «Көпшілікке өзінің блогерлік қырымен танымал журналистер жетерлік. Бірақ блогердің журналист болып кеткенін білмеймін», – дейді.
Бүгінде қолында қалта телефоны, интернеті бар кез келген адамның блогер бола алатынын ескерсек, әлеуметтік желідегі субьективті ойын жариялайтын кез келген парақша иесін блогер деп қабылдау жаңсақ пікір. Блог жүргізуді әркім әртүрлі мақсатта пайдаланады. Көбі жеке пікірін эмоцияға салып, еркін әрі қарапайым тілде ашық жеткізіп, өз аудиториясымен тікелей байланысқа түсу мүмкіндігіне ие болғандықтан, блогын халықты иландыру арқылы жеке бас пайдасына сәтті пайдаланып отыр.
INSTAGRAM желісінде 230 мыңнан аса жазылушысы бар жерлесіміз, белгілі журналист-блогер Өркен Кенжебек:
«Блогер өзі үшін, ал журналист ел үшін жазады. Мысалы, блогер постын қалай жазғысы келсе солай, күй талғап, көңіл хошын келтіріп барып өзіне-өзі рахат сыйлау үшін жазады. Тек ішкі цензурасы мен ар-ұятты ғана тежеу болмаса, оның жазғысы келген дүниесінде шектеу жоқ. Ал журналист ағымдағы дүниені, өзі білсе де, басқалар білмейді-ау деген ниетте, көбіне тапсырмамен, бастықтың пікірі мен редакцияның саясатына ыңғайластыра жазуы керек болады», – депті өз жазбаларында.
Журналисттер мен блогерлердің мақсаты – ақпарат тарату болса да, олардың әдістері мен жауапкершілігі әртүрлі. Блогерлер кейде журналистикаға тән тәсілдерді қолданса да, оларды толыққанды медиа маманы деп атау үшін кәсіби этика мен жауапкершілікті мойындауы қажет.
Журналист қай кезде де жүгі ауыр, мәртебелі мамандық. Блог жүргізу журналистиканың сараптамалық талдау тұрғысында жазылған зерттеу мен зерделеу бағытындағы басымдығын ешқашан алмастыра алмайды.
Арна ЖҰМАТАЙ
Ұқсас жаңалықтар
Отан қорғау өмірлік ұстанымына айналған жауынгер
- 22 шілде, 2025
Әскердің әлеуеті – білікті маман
- 22 шілде, 2025
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді