
ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ
2022-2023 жылдары «Тараз қаласындағы қауіпсіздікті және жол қозғалысы трафигін талдаудың зияткерлік жүйесін енгізу» мемлекеттік жекешілік әріптестік шеңберінде 1 250 бейнебақылау камерасы және «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінің 48 бекеті орнатылды. Сонымен қатар облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығында 10 операторға арналған жұмыс орны ашылған. Ал биыл қосымша келісім жобасына сәйкес, барлығы 96 аппараттық-бағдарламалық кешен, 800 жалпы бейнебақылау камералары орнату жоспарланған. Оның ішінде 50-і айналмалы болса, қалған 750-і тұрақты бейнебақылау камералары.
Сонымен қатар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің сұрауы бойынша «IP Технологии» серіктестігі пилоттық режимде қала шегінде өртті мониторингтеу және мерзімінен бұрын анықтау үшін Желтоқсан көшесі, 78 мекенжайы бойынша камералар орнатылған. Жоба бейнебақылау камераларын төтенше жағдай департаментінің кезекшілік диспетчерлік бөлімшелеріне шығарудың негізгі мақсаты өрттің қауіпті кезеңінде «101» телефон нөміріне қоңырау күтпей, өздігінен алдын ала анықтау. Пилоттық режимде «автоматты түрде түтінді анықтау» функциясы жұмыс істеуде.
95 ПАЙЫЗ ДИАГНОЗ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ АРҚЫЛЫ АНЫҚТАЛАДЫ
Өткен жылы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің өкімімен бекітілген «Ақылды қаланы» құру әдістемесіндегі бастамаларды іске асыру бойынша Жол картасы аясында бірқатар жобалар қолға алынды. Осыған орай облыстың медициналық мемлекеттік мекемелерінде жасанды интеллект диагностикасын қолдану жоспарланған. Жасанды интеллект ісіктер немесе жүрек аурулары сияқты ауытқуларды анықтау үшін медициналық кескіндерді – флюорография, рентген, МРТ, КТ өңдеуге көмектеседі. Жобаны облыстың денсаулық сақтау басқармасы мен «WDSOFT» жеке компаниясы жүзеге асыруда.
Жамбыл облысының 22 медициналық мекемесін бірыңғай радиологиялық ақпараттық жүйемен біріктіруде. Ол деректерді талдай алады және адамға байқау қиын үлгілерді анықтайды. Осы арқылы 95 пайыз диагноз жасанды интеллект арқылы қойылатын болады.
Сонымен қатар Тараз қаласындағы ауруханалар мен емханаларда медициналық қызметтерді көрсету фактісін растау және негізсіз жазбалардың алдын алу мақсатында Face ID технологиясы қолданылады. Бүгінде облыста кезең-кезеңмен аталған технология түріне 91 медициналық ұйым қосылған.
ГЕОПОРТАЛ АРҚЫЛЫ 260-ТАН АСТАМ ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ
Аталған қолдау жұмыстарының нәтижесінде аймақта өңірлік геоақпараттық жүйесі де өз жұмысын жалғастырып келеді. Мұнда тұрғындар үшін ашық картаға 124 қабат және қызмет бабында пайдалану үшін электрондық жабық картаға 700-ден астам картографиялық қабаттар енгізілген. Геопорталдың негізгі мүмкіндіктері мен жетістіктері ретінде бірқатар бастамалардың сәтті іске асқандығын атап өтуге болады.
Нақты айтқанда, «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында 2022 жылдан бастап жастарға жеңілдетілген несиеге өтінімдер геопортал арқылы онлайн қабылдануда. Бүгінгі күнге дейін үш жыл ішінде – 1 778 өтінім қабылданып, 260-тан астам жас отбасы аталған бағдарлама арқылы тұрғын үйге ие болды. Ал жер қойнауын пайдаланушылардың есебін онлайн қабылдау бойынша «Smart mine» жобасы бастау алды. Сол арқылы жер қойнауын пайдаланушылар есептерін онлайн тапсырады.
Бұдан кейін бақылаушы органдар карьердің орналасқан жері, тау-кен алаңының шекарасы, өндіру көлемі, шарт талаптарының орындалуы секілді деректерге қашықтықтан қол жеткізеді. Бұдан бөлек жеке кабинет арқылы бұзушылықтар туралы хабарламалар жіберу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл уақыт пен бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Геопортал арқылы биылғы жылдың 1 наурызынан бастап 214 жер қойнауын пайдаланушы онлайн есеп тапсырды. Бұл бағытта өңірдің IT экожүйесін дамыту бойынша Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз Инновациялық университеті аумағында «Zhambyl Hub» жұмыс істейді. «Zhambyl Hub» өңірлік IT-хабының басты міндеті – өңірдегі перспективалы стартап жобаларды қолдау. «Astana Hub»-пен тығыз ынтымақтастықтың арқасында «инкубация» және «акселерация» бағдарламалары арқылы жобаларды бизнес-инкубациялау, сондай-ақ оларды «Astana Hub» аумағында одан әрі сүйемелдеу мүмкіндігі пайда болды. Жыл басынан бері аймақтық хаб 22-ден астам іс-шаралар өткізген.
Билік пен бұқараны байланыстырған бірыңғай қызмет 2019 жылдан бастап Тараз қаласында «Jambyl 109» қызметі іске қосылды. Ал бір жыл өткен соң облыс әкімінің бұйрығына сәйкес, «Jambyl 109» қызметінің аймағын өңір бойынша кеңейтудің Жол картасы әзірленіп, қызметтің регламенті кеңейе түсті. «Jambyl 109» қызметі – «109» қысқа нөміріне қоңырау шалу арқылы облыс тұрғындары мен қонақтарының тұрмыстық сипаттағы жергілікті коммуналдық қызметтер мәселелері бойынша түрлі байланыс құралдары арқылы өтініштерін қабылдау, өңдеу, облыстық мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып өтініштердің орындалуын жүзеге асырады.
Сондай-ақ бірыңғай диспетчерлік қызмет сумен жабдықтау, қоғамдық даму, жол инфрақұрылымы, қаланы электр қуатымен жабдықтау, құдықтар мен люктер, өндірістік жұмыстардан кейін қалпына келтіру жұмыстары, аула аумағын абаттандыру, қоғамдық көлік, көшені жарықтандыру және білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары, аудан тұрғындарының тұрмыс тіршілігін қамтамасыз ету бойынша барлық сала түрлері жіктеліп, жүйеге енгізілген.
Облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Шалхар Амантұровтың айтуынша, жыл басынан бері аталған қызметке тұрғындар тарапынан 25 мыңнан аса өтініш келіп түскен.
– Жыл басынан бері диспетчерлік қызметке жалпы 25 338 өтініш қабылданды. Оның ішінде 998 өтініш әлі жұмыс барысында. Өтініштердің 14 274-і оқиғаға қатысты, 404 арыз, 52 ұсыныс, 42 алғыс және 10 566 кеңес беру өтініші болған. Өтініштердің басым көпшілігі Call-орталық арқылы түскен, яғни 22 125 қоңырау қабылданды. Қалған өтініштер әртүрлі байланыс арналарымен қабылданды. Мәселен, WhatsApp месенджері арқылы 2 256 өтініш, Instagram арқылы 862 өтініш, Telegram чат боты арқылы 66 өтініш, «Aikey» мобильді қосымшасы арқылы 17 өтініш және Facebook арқылы 12 өтініш түскен. Бұл статистика аймақта 109 қызметінің тиімді жұмыс істеуін және халықпен қарым-қатынасты нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды айғақтайды, – дейді басқарма басшысы.
Қазіргі таңда диспетчерлік орталық осы мәселелердің барлығын бір ортадан қабылдап, өтініштерді қалай және қайда жіберу керектігін өз міндетіне алған. Ол үшін тұрғындар өздерін толғандырған мәселесімен жүгінсе болғаны. Атап өтейік, «109» қызметі жылына 365 күн және тәулігіне 24 сағат демалыссыз жұмыс істейді.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Отан қорғау өмірлік ұстанымына айналған жауынгер
- Бүгін, 03:10
Әскердің әлеуеті – білікті маман
- Бүгін, 02:44
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді