«Орталық Азия – Қытай» II саммиті: ҚазҰУ-да Алматы Хартиясына қол қойылды
- author «Ақ жол»
- 14 маусым, 2025
- 263

Форумның мақсаты – ғылыми зерттеулер мен озық технологияларды енгізу арқылы климаттың өзгеруі, шөлейттену, халықтың өсуі және кедейлікпен күресу сияқты өзекті жаһандық сын-қатерлерді шешуге жәрдемдесу.
Форумға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, Сиань Цзяотун университетінің (XJTU) атқарушы вице-президенті Би Чжаохун, ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, Алматы қаласы әкімдігі, министрлік өкілдері, сондай-ақ Орталық Азия және Қытай елдерінен энергетика саласындағы ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев мәртебелі қонақтар мен қатысушыларды қарсы алып, 16 маусымда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шақыруымен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға келетінін атап өтті. 17 маусымда Астанада «Орталық Азия – Қытай» ІІ саммиті өтеді, оған өңірдің мемлекет басшылары қатысады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуде: «Қытай – біз үшін тек жақын көрші емес, сонымен қатар жақын дос және уақытпен сыналған сенімді серіктес», – деген болатын. Өз тарапынан Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин: «Мен Қытайдың Қазақстанмен қатынастарын стратегиялық биіктіктен және ұзақ мерзімді перспективада қарастыратынын растағым келеді. Қытай әрқашан Қазақстанның сенімді тірегі болады», – деді.
Форум барысында ҚР ҰҒА, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Сиань Цзяотун университетінің (ҚХР), Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясының, Қырғызстан халықаралық университетінің және Самарқанд мемлекеттік университетінің (Өзбекстан) өкілдері жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы Алматы хартиясына қол қойды.
Форум жұмысы тақырыптық панельдік секциялармен жалғасты. Қатысушылар жасыл энергетикаға көшу үдерісін жеделдету бойынша өз әзірлемелерін ұсынды, тәжірибе және пікір алмасты.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді