
Сайып келгенде, жас ерекшелікке мән бермейтін, түрлі сипаттағы видеоларды көрсететін «Тикток» қолданбасы бүгінде жас бүлдіршіндерге зиянын келтіруде. Рухани өсіп, жетілуіне тосқауыл жасап, анайы сөздерді ашық жариялаған бұл платформа ой санаға айтарлықтай өзгеріс алып келеді.
Атап айтсақ, бала тілінің кеш шығуы, көз жанарының нашарлауы және ойлау қабілетінің төмендеуі, агрессивті мінез құлық дағдылары сынды бірқатар зиянды факторлар көптеп кездеседі. Бұл олқылықтарға сеп болып отырған ата-ананың балаға деген немқұрайлығы мен жауапсыздығы. Неге десеңіз, үй жағдайындағы ата-аналар балалардың көңілі үшін яки өзінің жан тыныштығы үшін, жұбату мақсатында телефонды бере салады. Ол телефоннан бала не көреді, қандай әрекетті бойына сіңіреді, одан бейхабар. Осының салдарынан жоғарыда атап өткендей, бала денсаулығына және оның психикасына әсер ететін теріс іс-әрекеттер мен қылықтар байқалады.
Бұл мәселеге байланысты тіл дамуы бойынша білікті маман-логопед Сәуле Бейсенова:
«Соңғы жылдары бізге жүгінетін ата-аналардың 70-80 пайызы балаларында сөйлеу тілі кешігуіне шағымданады. Бұл мәселенің негізгі себебі – баланың экран алдындағы уақытының көптігі. «TikTok» сияқты платформаларда жылдам әрі мағынасыз бейнелер баланың ойлауын тежейді, дыбыстардың қайталануы сөйлеу қабілетін әлсіретеді. Бала сөйлеуді ересектерден емес, телефоннан үйренеді, ал ол жерде дұрыс тілдік үлгі жоқ. Баланың тілі – болашағы. Оған экран емес, ересек адамның сөзі, махаббаты мен қамқорлығы керек», – дейді.
Маманның пікірінше, ата-аналар баламен жиі сөйлесіп, сөздік қорын байытуға жағдай жасауы қажет. Балаға экран емес, ата-ананың жылы қарым-қатынасы, тілдік үлгісі, күнделікті сөйлесуі керек. Баланың тіл дамуы мен ойлау қабілетінің қалыптасуы – ұлт болашағының кепілі. Қоғам дамыған сайын жаңа технологиялар өміріміздің бір бөлшегіне айналып келеді.
Дегенмен, осы мүмкіндіктерді дұрыс бағытта пайдаланбасақ, кері әсері де аз болмайтыны анық. «TikTok» сынды платформалар уақыт өткізу құралы ретінде тиімді болғанымен, бүлдіршіндердің психологиялық және тілдік дамуына қауіп төндіруде. Бала – ата-ананың ғана емес, қоғамның да аманаты. Сол себепті ата-ана да, ұстаз да, маман да бірлесіп, баланың дамуына кедергі келтіретін факторлармен күресуі тиіс. Смартфон емес, сүйіспеншілікке толы қарым-қатынас, экран емес, адам дауысы – баланың шынайы дамуына ықпал етеді.
Уақытша тыныштық үшін берілген телефон, ертең бала болашағына тосқауыл болмауы қажет. Сондықтан бүгінгі таңда әрбір ата-ана технология мен тәрбие арасындағы тепе-теңдікті табуға міндетті.
Азамат ЖАҚЫПБЕК,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті конвергентті журналистика мамандығының 3-курс студенті.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді