
Талас кезінде қойнауы төрт түлікке толған, әр кеңшар, фермада қызу еңбек қайнап жататын аудан еді. Сол уақытта аудан басшылығында нәзікжандылардың болуы тым сирек еді. Дегенмен Бекзада Оразбекова, Айша Сайыпова ерлермен тізе қосып басшылықта қызмет атқарған.
Атап айтқанда, Бекзада Оразбекова – аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болса, Айша Сайыпова үлкен бөлімге жетекшілік жасаған. Екеуі басшы ғана емес, өмірде рухани дос, біріне - бірі тілеулес, тілектес адам болған. Әдебиет, ізгілік пен жақсылық туралы екеуі үнемі сырласып отырады екен.
Кейіннен Б.Оразбекова Алматы қаласына көшіп кетеді де, А.Сайыпова Ақкөлде қалады. Сол уақытта Айша апамыздың досына сағынып шығарған өлеңі:
Ел-жұртың тегіс аман, ауыл-аймақ,
Және аман нарша, інген, бота, тайлақ.
Құлындарың құлдырап шауып жүр ме,
Біз де сол, бұрынғыдай жүрміз жайлап.
Өзіңді еске аламыз ауық-ауық,
Көңілді көтеруші ең ебін тауып.
Дәм тартып жер ұйығы Алматыға,
Кеткенің қиын болды қоныс ауып.
Көңілдің көркі, сері ардағым-ай,
Дәурен жоқ қалқатай сен бардағыдай.
Сағыныш тұс-тұсымнан қысқан кезде,
Жүремін әзер шыдап салмағына-ай.
Сынайды тағдыр шіркін төзімді мың,
Аямас нәзік жанға ауыр деп тым.
Сыңарсыз аққудай боп құлазимын,
Сенің алыс кеткенің батып жүр шын.
Айша ақын емес, комсомол, кеңес қызметкері. Алайда алыс кеткен досына деген сағынышы осындай өлең болып төгілген екен. Бұл – өлең 1984 жылы 29 ақпанда жазылыпты.
«Бұл – ауданға сыйлы болған екі беделді әпкеміздің бір-біріне деген сағынышы. Бұрын сағыныш пен көңіл күйді осындай хат арқылы жеткізетін. Қазір ешкім ешкімді сағынбайтын заман», – дейді өлеңді бізге ұсынған Жалғас Аманәліұлы.
Бұл күнде Айша, Бекзада апайлар бақиға бет түзеп кеткен. Дегенмен шын көңілден шыққан осынау сағынышқа толы өлең талай көңілге ой салып, талай жүректі жібітері анық. Қазір осылай бірін-бірі өлеңмен сағынып іздейтіндер бар ма екен?
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Өмірі өнегеге, еңбегі ерлікке толы жан еді
- 17 мамыр, 2025
Қорғансызға қамқор бола аласыз ба?
- 17 мамыр, 2025
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді