«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ғасырына тастап кетті өлеңін...

Ғасырына тастап кетті өлеңін...
ашық дереккөз
Ғасырына тастап кетті өлеңін...

Алаштың аяулы ақын ұлдарының бірі, бабадан болашаққа мұра болған айтыс өнерінің алдаспаны Әзімбек Жанқұлиевпен бір ауылдың шалғынына аунап өскендіктен болар, жаны жайсаң азаматты бауырымдай көретінмін. Кейде маған «Көзден кетсе, көңілден де кетеді» деген сөздің жаны бар секілді көрінеді. Шынтуайтында, аяулы айтыс ақыны дүние салған соң, оны сол сәтте көп адам елеп ескере қойған жоқ. Тек 2007 жылы бірге оқыған досы Досжан Әміровтің бастамасымен Бақытжан есімді кәсіпкер жігіт жомарттық жасап, Тегістік ауылында айтыс ұйымдастырылды. Аталмыш өнер сайысына Алтынкүл Қасымбекова, Ертай Тазабеков сынды дүлдүлдермен бір қатарда алты бірдей оқушы айтысқа қатысып, бақ сынады. Жүрегімізде жарқын бейнесі сақталған Әзімбек ақынға деген көңілімізде ностальгиялық сезім әрқашан бүршік атып тұрады. Ол жанымен де, жүрегімен де ақын еді. Болмысы таза еді. Әрине, өлеңге, әдебиетке жақын болғанның айыбы жоқ. Осы орайда Әзімбектей арда ұлға жүрек түкпірінен ақтарылған жыр жолдарыммен өз ойымды түйіндегенді жөн көрдім.

Бұл өмірдің аты бақ та, заты мұң, Соғыс көріп, қан да кешті ақының. Елге оралды, оқ пен оттан дін аман, Қауқылдасып қарсы алды ел батырын.

Айтысқа арнап өмірінің көктемін, Сезбеді ақын жас күнінің өткенін. Жаңа жол сап, өзіне тән мақаммен, Ұлы өнерде тапты өзінің мектебін.

Ұлы айтыс, нағыз өнер киелі, Маңдайына Тәңір берген сый еді. Елдің сөзі, көптің көзі ақынға, Бірде бақ боп, бірде оқ боп тиеді.

Ол өлген жоқ, хаты қалды, өр елім, Жазғанынан жасын кейпін көремін. Асылына балап айтыс өнерін, Ғасырына тастап кетті өлеңін!

Аманғазы Халықов.

Байзақ ауданы.

Ұқсас жаңалықтар