
Осы Шу бойының, Қорағаты өзенінің жағасында орналасқан әлеуетті «Масақ ауылының» тумасы, кейінде атауы бірнеше мәрте ауысқан, (бұрынғы Коммунизм), қазіргі атауы «Ақтөбе» елді мекенінде туып-өскен Молдахан Абдраев, лақап аты «Дүйсехан Кәріпбайұлы» туған жерінің табиғаты мен дархан жүректі ауылдастарының қажырлы мінездері жайлы, еңбек ардагерлері мен іскер шеберлердің қайраткерлігі, елге, ауыл тұрмысын көтеруге бір кісідей басшылық еткен жандардың тұлғалық қызметкерлері туралы шеберлікпен әңгімелейді. Олар туралы кезінде, жас күнінде аудандық «Шу өңірі» газетіне көптеп жазғаны жөнінде қызығушылықпен айтып отырады.
«Сол кезде әдебиет пәнінің мұғалімі Майра ұстазымыз менің газетке шыққан ақпарат, мақала, эсселерімді жинап, пән кабинетіне қабырға газеті ретінде іліп қоятын. Класс жетекшіміз Гүлсара апай екеуі мені мақтап, өзгелерге үлгі тұтарлықтай жылы сөздерін айтушы еді. Мінездері жайсаң, үлкен жүректі, кішіпейіл сол ұстаздарымды бүгін есіме алсам, қаталдық та емес, қатыгездік те емес «балалар оқыңдар» деген талап екен ғой. Заманында мектепте оқып жүргенімде мақалалармен қатар арагідік эссе, өлең де жазатынмын. «Озат шопан», «Майталман механизатор», «Боранмен бетпе-бет», «Мал төлдету науқаны», «Қой қырқу науқаны», «Таң сыры», «Сенің бейнең» сынды, тағы басқа ақпарат, мақала, новеллаларым жарық көргенде арманыма қанат бітіп, мақсатыма жеткендей әжептәуір «аспандап» жүретінмін.
Сөйтсем ол ұстаздарымның, ауылдастарымның, қатар құрбыларымның, аға буын өкілдерінің ақ пейілі мен тағдырлас асқақ тілектері екен. Және совхоз директоры, бірде парторг өз уазиктерімен малды ауылды, егістіктерді, шабындық алқаптарын аралатып шаруашылық жайлы мақала жазуыма, тақырыптар ойластыруыма түрткі болып жүретін.
«Шу өңірі» газетінің бас редакторы Рахметілдә Құдабаев, тілші журналистер Ахметжан Қосақов, Жахан Қожағұлов, Тұрсынбай Нұрғалиев, Умеліс Шоқалақов, фототілші Петр Норкин сынды кәсіби журналист қаламгерлер жазу өнеріме қолдау көрсетіп, шығармашылық қабілетімнің өрістенуіне тікелей бағыт көрсетті. Менің жазғандарыма қаламдарын батырмай баз қалпында кешіктірмей нөмір сайын салып отырды. Осылайша, мен аға буын өкілдерінің алғашқы мектебінен шыққандарының бірі болдым. Әрі олардың сенімдерін ақтадым деп ойлаймын.
Сол сенім серпінінің қуатымен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіріп, газет, журналдарда, облыстық, республикалық мерзімді баспасөздерде, телеарналарда қызмет атқардым. Кейінгі жылдары ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген өзімнің шәкіртім Байжан Емберді, Уәлихан Жайлау болды, онымен қатар басқа шәкірттерім де сол газетте, мәселен, қазір республикаға танымал ақын Гүлдана Исаева және басқалар қызмет атқарды. Кейін студент кезімде «Егеменді Қазақстан» (бұрынғы «Социалистік Қазақстан»), Шерхан Мұртазаның бас редакторлығы кезінде республикалық газетте істегенімде сол ауыл мектебінің тәжірибесінің рәтін көрдім. Білгенге ауыл мектебі үлкен академия екен. (Әбіш Кекілбаевтың бас редакторлығы кезінде «Егеменді Қазақстан» – «Егемен Қазақстан» болды. Сөйтіп, Шерхан Мұртазаның бас редакторлығы кезінде «Шерхан Мұртазаның редакторлық шеберлігі» тақырыбында диплом қорғап, бірінші болып оны ғылыми айналымға енгізсем, одан кейінгі бас редактор Әбіш Кекілбаевқа байланысты «Әбіш Кекілбаевтың көсемсөзгерлік шеберлігі» тақырыбында диссертациямды қорғадым.
Содан мені әріптестерім, ғылыми жетекшілерім жоғары оқу орнындағы ұстаздарым «Әбіштанушы» деп атап кетті. Адам өмірінде өзгерістер мен қызықты дүниелер көп қой. Сол «Егеменді Қазақстанда» істеп жүргенімде досым, журналист, жазушы, бүгінде Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп «Бұл жұма күні Молдахан, қалған күндері Дүйсехан», – деп әзілдейтін. Себебі мені ауылдағылар және мектепте оқып жүргенімде, аудандық газетке мақалалар жазғанда аты-жөнім Дүйсехан деп аталып, жазылып жүретін». Сол өзі айтқандайын Молдахан (Дүйсехан) ұстазымыз бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жиырма бес жылдай қызмет атқарып, жүздеген шәкірттер тәрбиелеп шығарып келеді. Бүгінде Абдраев Молдахан (Дүйсехан) Кәріпбайұлының ғылыми мектебі қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. Бакалавриат, магистратура, докторантураны бітірген шәкірттері республикамыздың түкпір-түкпірінде, шетелдерде жемісті қызмет атқарып жүр.
Молдахан Кәріпбайұлы 1991 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де 2000 жылдан бері қызмет атқарады. Молдахан Кәріпбайұлы 1960 жылы, 20-шы қазанда Жамбыл облысы, Шу ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген. 1978-1982 жылдар аралығында туған ауылы Ақтөбеде (Коммунизм) ауыл шаруашылығының барлық саласына араласып еңбек етті. Мал бағып, трактор айдап «Майталман механизатор» да атанды. Мектеп қабырғасынан бастап аудандық «Шу өңірі» газетінде ауыл тұрмысы мен совхоз шаруашылығы туралы ақпараттар мен айтулы еңбеккерлер туралы ірі мақалалары жиі шығып тұрды.
1982-1984 жылдары әскери қызметін өтеді. 1985 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің дайындық бөлімінде оқыды. 1986 жылы журналистика факультетіне түсті. 1988 1991 жылдар аралығында университетте оқып жүріп, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет істеді. 1991 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде қызмет істеді. 1994 1997 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облыстық телеарнасында редакторлық қызмет атқарып, танымал тележурналист атанды. Шығармашылық ізденісінің нәтижесінде 1998-2000 жылдар аралығында республикалық «Қазақстан» теле радио корпорациясында редакторлық қызмет атқарылымында қоғамдық саяси редакциясының «Өндіріс өзімізде, кілті кімде» тақырыбындағы сериялы хабарлары көпшілік көрерменіне ой салып, әлеуметтік тұрмыс тұрғысынан талқыланып та жатты.
Ал 2000-2013 жылдар аралығында тәжірибелі машықтанған маман ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне шақырылып, М.К.Барманқұлов атындағы телерадио кешенінің директоры болды. 2000 жылдан 2025 жыл, яғни бүгінге дейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде доцент, филология ғылымдарының кандидаты ретінде ұстаздық қызмет атқарып келеді.
Бакалавр, магистратура, пейджи докторларын дайындауда үздіксіз жетекшілік жасап келеді. Жүздеген шәкірттері Қазақстан Республикасының түкпір-түкпірінде және шетелдерде түрлі жауапты қызметтер атқарып жүр. Өзінің ұстаздық жолында шәкірт тәрбиелеу ел үшін, ұлт үшін аса жауапкершілікті міндет екенін сезінген Молдахан Кәріпбайұлы теориялық тұрғыда ғана емес, методикалық әдіс тәсілдерді қолдану барысында да өзіндік шеберлік қырын таныта білді. Түрлі тақырыптағы мақалалары республикалық «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» басылымдары мен «Жалын» журналында үздіксіз шығып тұрады.
Кәсіби ғылыми ізденісінде 1991 жылы «Шерхан Мұртазаның редакторлық шеберлігі» тақырыбында дипломдық жұмысын қорғады. Оқу мен білім ғылымның сабақтастығында талмай ізденіс жолына түскенде ғана нәтижелі жетістіктерге, биік белестерге жететінін жете сезінген ұстаз, 2010 жылы «Әбіш Кекілбаевтың публицистік шеберлігі» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғады. Қалам тартқан еңбектері қатарында Өскеменде 1992 жылы шыққан «Нәубетке ұшыраған әулет» атты кітабы бар. Одан бөлек, 2013 жылы шыққан «Кестелі сөз кемеңгері» атты ғылыми монографиясы, 2014 жылы «Телехабар жасау технологиясы», 2020 жылы «Тележурналистиканың интеллектуалды құрылымы» атты ғылыми оқу құралы жарық көрді.
2024 жылы ҚазҰУ-дің 90 жылдық мерейтойына орай «Масс медиа алаңындағы ақпараттық негіз» атты сараптамалық талдау оқу құралдары Қазақ университеті баспасында басылып шықты. Сондай-ақ еңбек, өмір жолында «Екі Кенен тумайды», «Білім кеңістігі», «Ғалымның жарқын бейнесі», «ҚазҰУ – ғылымның Шалқар биігі», «Білім мен ғылым ордасы» атты деректі фильмдерінің редактор-авторы және оператор- режиссері болды. Осы орайда, «Ғасырдың жүгін арқалап» атты деректі телехабарының редактор-авторы, оператор-режиссері қызметін атқарды. «Ұлт санасының зергері» атты («Қазақ» газетінің 100 жылдығына және Ахмет Байтұрсыновтың 140 жыл толуына орай) деректі фильмнің редактор-авторы және оператор режиссері. «Ешкімге ұқсамайтын елес бейне» атты телефильмінің автор редакторы, оператор-режиссері ретінде шығармашылық қабілетінің жоғары кәсіби деңгейін таныта білді.
Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің және Гумилев атындағы университеттің сериялы журналдарында оның елуге тарта ғылыми мақалалары жарық көрген. Ұстаздың шәкірт тәрбиелеудегі біліктілігі танылып, Молдахан Кәріпбайұлы 2020 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 80 жылдық медалімен марапатталды.
2024 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Ұлт зиялыларының ұясы» атты 90 жылдық кітабына енген. Жамбыл облысы, Шу ауданының 90 жылдық төсбелгісімен марапатталып, ауданның 90 жылдық энциклопедиясына «Біздің ауданымыздың мақтанышы» ретінде енгізілген. ҚР Журналистер одағының мүшесі.
Қанат ӘУЕСБАЙ,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Енді Алакөлге қатынау жеңілдейді – Көлік министрлігі
- 20 мамыр, 2025
TOP-10: Еліміздегі ең танымал спорт түрлері қандай?
- 6 мамыр, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді