«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлт ардақтысы ұмытылмауы тиіс

Ұлт ардақтысы ұмытылмауы тиіс
Автор
Замандастарының есінде коммунизм идеясына құлай сенген қаламы жүйрік, ойы сергек мерзімдік басылым қаламгерлері де партияның сөзі мен ісінің арасында алшақтық пайда болған кезде халқының мүддесі үшін өз қызметін құрбандыққа шалып жататын, яғни осындай батылдықтарымен есте қалған баспасөз басшыларының бірі – Құрманбек Сағындықов. Иә, коммунист Сағындықов. Коммунист болғанда да «Қазақстан коммунисі» журналын табандатқан 18 жыл басқарған. Партия тарихи институтында марксизм-ленинизм классиктерін аудару секторын меңгерген қайраткер.

Алайда, Қ.Сағындықовтың аудармашылығы саяси әдебиетпен шектеліп қалмайды. Ол өзінің шығармашылық мүмкіндігі мол қаламгер екенін көркем әдебиет баспасында редактор, бас редактор болып жүргенде-ақ (1937-1941) көрсете білген. Осы баспаның сол кездегі бас директоры Бейсембай Кенжебаевтың Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романының бірінші кітабын қалай тездетіп шығарып жіберген ерлігі, сол үшін теперіш көргені кейіннен жазылды. Ал сол романның тұңғыш басылымының тұңғыш редакторы болған Құрманбек Сағындықов (Қуандық Шаңғытбаевпен бірге) екенін көпшілік біле бермейді. Құрманбек ағамыз бұл теперіштен соғысқа кетіп (1941) құтылған сыңайлы. Бала кезден басталған қос тұлғаның (Бауыржан, Құрманбек) достығы келе-келе шығармашылық қарым-қатынасқа ұласты. Майданға Бауыржан басқаратын полкке өзі сұранып барған Құрманбек кейіннен дивизиялық «За Родину» – «Отан үшін» газетінің редакторы болып жүргенде жауынгерлердің рухын көтеретін бірсыпыра шығармаларды Баукеңнің тапсыруымен, редакциясымен қазақшалапты.

...Қ.Сағындықов «Арпалысты» (Волоколомское шоссе) екінші рет еркін және толық аударып шықты. Жалғыз аударып шықты. Олай дегеніміз, Александр Бек пен Бауыржан Момышұлының арасындағы келісімшарт бойынша бұл романның қазақшасын бірнеше жазушының жүзеге асыруы әрі олардың қосымшалар, өзгерістер енгізу мүмкіндігі қарастырылған. Ол мүмкіндікті Баукең романда қазақы рухтың есіп тұруын қамтамасыз ету үшін берді. Әрі-беріден соң 1942 жылы ауызша жасалған келісімшарттың 1944 жылы қағазға түсірілу қажеттілігі де романның алғашқы нұсқасы жарияланғаннан кейінгі айтыс-тартыстардан туған. Соның ішінде авторға Баукеңнің де елеулі ескертпелері болды.

Құрманбекке жазған хатында (19 желтоқсан, 1957 жыл) Баукең: «Оқырмандарға кітаппен 1944-1945 жылдары және 1957 жылы қалай жұмыс істегеніңді айтып, кітаптың қазақша нұсқасының ерекшеліктері туралы ой бөліс. Біраз жерде орысша түпнұсқадан еркін кеткеніңді және эпиграф етіп афоризмдер алғаныңды қостілді оқырмандар дұрыс қабылдамауы мүмкін. Сондықтан да екі сөзбен болса да мұндай шегіністердің қажеттіліктен туғандығын аудармаға соңғы сөзде атап өтуің керек», – дейді. Өзіне де, авторға да қойған биік талапты, жоғары жауапкершілікті Баукең Құрманбекке де қойған. Құрекең сол үдеден шыққан.

Жалғыз аударуына мүмкіндік берілуі содан. Бірақ романның алғашқы аудармасы шыққалы арада өткен 12 жылда Қ.Сағындықов қазақтың маңдайалды аудармашы-әдебиетшілерінің қатарына қосылған еді. Соған қарамастан Құрекең Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өтпепті. Бұл жерде оның адамгершілік, азаматтығының жаңа қыры – сұғанақтығы жоқтығы, жазушы деген атақты шын мәнінде тудырушы-творитель ретінде көріп, өз шығармашылық қабілетінде де қатал редакторлық еткені көрінеді. Әйтпесе, «Писатели Казахстана» анықтамалығын парақтап қараңыз, тіпті филология ғылымының кандидаты атағы да болды.

Бауыржан екеуінің жастық шағында арналған естелігін ғұмырбаяндық повесть, «Өзімнің өмірдерегімен» кең ойластырылған көркем шығарманың тарауы деуге болады. Бірақ Құрекең артыққа ұмтылмаған. Ол журналист аудармашы деген атақты қастер тұтып, баспасөз басшысы, редактор болып қалған.

Журналист Н.Савицкая Д.Қонаевтың мынадай естелігін келтіреді:

«1961 жылы болу керек, бюджетті толтыра алмадық, оның шығыс бөлігін қысқарту туралы команда болды. Республикада радиотелестанциялардың құрылысын тоқтатып, 16-ның үшеуін-ақ қалдырыпты. СовМиннің мәжілісінде ешкім уәж айтқан жоқ, үнсіз қалды. Тек Құрманбек қана: «Сіздер ауыл адамдарынан мәдениетті ұрлап отырсыңдар», – деп саңқ ете қалды».

 Дінмұхаммед Ахметұлы артынан ойланып, бұл станциялардың тоғызын қалдырыпты (қазір облыстарда жұмыс істеп тұрған сол станциялар). Бірде Орталық Комитетке Құрекеңнің үстінен нақтылы фактілерге құрылмаған арыз түседі. Ол туралы мәжілісте Орталық Комитеттің хатшысы Радионова айтып қалады. – Сіз жұмыс кезінде барып бильярд, карта ойнайды екенсіз, – дейді ол. – Өсекке сенуге болмайды. Жұрт сізді де жұмыс кезінде башпайын бояп отырады деп өсектейді, – деп жауап береді Құрекең. Хатшы сөзден тосылады. Үзіліс жарияланады.

Көп ұзамай (1962) Қ.Сағындықов Оңтүстік Қазақстан өлкелік «Правда Южного Казахстана» газетіне бас редакторлыққа сырғытылады. Бұл жұмыстан «Қазақстан коммунисі» журналына 1965 жылы оралған. Империялық саясатқа, оны құлай қолдаған қазақстандық идеологқа жақпайтынын білсе де, ұрымтал тұстарда ұлт мәдениетін қорғай алған, үнсіз қала алмаған. Осы кезеңдегі баспасөз басшысы болғандарға осындай тағдыр жазылыпты. Бас пайдасын ойлаған жұрт үндемей қалғанда, халық қамын ойлаған Қ.Сағындықовтың СовМин шешіміне қарсы шығуын кейіннен Д.Қонаев Құрманбектің парасаттылығы деп бағалапты. Қатты сыйлапты.

72 жасына дейін «Қазақстан коммунисі» журналының редакторлығынан жібермеуі соның айғағы емес пе?!

Биыл бүкіл дүниежүзіндегі ақ ниетті адамдар Ұлы Отан соғысының 80 жылдығын жан-жақты атап өтуде. Құрманбек Сағындықов дивизиялық «За Родину» – «Отан үшін» газетінің редакторы болып жүргенде майданның алғы шебінде болып жүріп, жауынгерлердің рухын көтеретін мақалалар, очерктер жазды. Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза айтқан майдандағы мына оқиға кімді болмасын қатты тебірентеді. Кеңестер Одағының Батыры жас Төлеген Тоқтаров жаудың жендеттерін жер жастандырып жүріп, өзі қыршынынан қиылып кеткенде, оның сол бір қиын-қыстау шақтағы ерлігіне сүйсінгендіктері былай тұрсын, оның өмірмен жастай қоштасқанына өкінбеген қандыкөйлек майдандастары да болыпты.

Тіпті, талайды көріп, тісқаққан әскери қолбасшылардың өзі де бірден-ақ бармақтарын тістеп: «Енді қайттік?» дегенін Құрманбек ағаның өзі де талай көрді ғой.

Сонда әскери басшылық жас Төлегеннің майдан даласында Отаны, елі, жері, халқы үшін жанын беріп қана қоймай, жауды ойсырата шығынға ұшыратып, ұрыс үстінде де туған халқының абыройын асқақтатқанын оның елдегі туған анасына тезірек жеткізуді мақсат етіпті. Осындай аса ауыр миссияны жеткізу – зиялылығы зор майдан журналисі, әрі Төлегеннің майдандас досы Құрманбек Сағындықовқа түсіпті. Сол «ауыр» хатты жас батыр Төлегеннің анасына әскери қолбасшылар мен Төлегеннің майдандас достары – Бауыржан Момышұлы, Ахмеджан Мұхамедьяров, Балтабек Жетпісбаев, Мірқас Байсаров және өзінің атынан жазғанда Құрманбек ағаның өзінің де көздерінен ыстық жас сорғалап отырыпты. Тарихи хаттың көшірмесі Құрманбек Сағындықовтың жеке архивінде де сақталған екен.

Онда: «Қадірлі Ғазиз ана! Түн ұйқыңды төрт бөліп, ақ сүт беріп, аялап өсірген жан ботаңыз Төлеген еді. Ел басына ауыр күн туып, ат ауыздығымен су ішіп, ер үзеңгіден қар кешкен заман туғанда, қанға жерік фашист деген жау шалғын жерімізді, шалқар көлімізді, ырыс-бақытымызды тартып алуға тап бергенде, оған қарсы ана сүтін ақтаймыз деп бар өлкеден ерлер аттанды. Ұрысқа белді бекем буып шыққан ерлердің бірі – сіздің Төлеген ұлыңыз еді», – дей келіп, өзі де бір жайсыздықты сезгендей болып отырған ана жүрегін елжіретіп: «Талай қантөгіс ұрыстарды сіздің ұлыңыз жау қамалын жалғыз бұзған Қобыландыдай, ер намысы деп, ел намысы деп жауын жапырған Ер Тарғындай қаһарман батыр атанды, – деп жалғапты. Төлеген сынды батыр ұлыңыздың қазасына сізбен бірге біз де қайғырдық...

Төлегендей батырды тәрбиелеп өсірген сіздің өркеніңіз өссін, шеше!». Жуалы ауданында шыққан «Тау сағызы» газетінен мемлекет және қоғам қайраткерлігіне дейін көтерілген талантты қаламгер 1946-1962 жылдар аралығында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы марксизм ленинизм классиктерінің еңбектерін аударма жасайтын институтта аға ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі болып жүргенде Лениннің 55 томдық шығармаларын, Маркстің «Капиталын» аударып, орасан еңбек етті.

 Радио және телевидение жөніндегі Қазақ ССР Мемлекеттік комитетін басқарған жылдары техникалық базасы жақсарып, шығармашылық жетістіктері арта түсті. Құрекең «Қазақстан коммунисі» журналында жиырма жылға жуық бас редактор болып, қазақ журналистикасында үлкен қолтаңба қалдырды. Соңында үлкен ізгілік қалдырған Құрманбек Сағындықов «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталды. Ел ардақтаған азамат Қазақстан Компартиясының ХІ-ХІV съездерінің делегаты болып сайланды. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі болып сайланып, үлкен беделге ие болды.

Ағаның еңбектерін туған елі, ауылы, мемлекет жоғары бағалап, Шақпақ ата (Кременевка) ауылындағы орта мектеп Құрманбек Сағындықов атымен аталды. 1996 жылы 25 мамырдағы Шерхан Мұртаза бастаған ақын-жазушылар, елі-жұрты, туған туыстары мектепке оның атын беру салтанатын тойлады. Мұның себебі – Құрманбек ағаның қаламынан туындаған журналистік, прозалық, көсемсөздік дүниелері жылдар бойына оқырмандарды дүр сілкіндірмей тұра алмады. Ағаның қарымының қалтқысыз қалпы бар екені әдебиетшілердің, сыншылардың, қаламдастары мен замандастарының, қалың оқырманның назарынан тыс қалған жоқ еді. Ағамыз еш уақытта қошемет-пікірге, қолдауға бәзбіреулердей кеудесін керіп, паңдыққа салынған емес. Туғанына жақпаса да турашылдығынан қайтпады.

Табиғат сыйлаған келбет, мінезі мен талантының жай-жапсары жанды жадыратып жіберетін мейіріммен үйлесім тауып, үндесіп тұруының өзі қандай жарасымды еді. Құрманбек ағаның өмір жолы, шығармашылығы туралы баяндаманы Шерхан Мұртаза жасады. 2010 жылы 10 қазанда Құрманбек ағаның туғанына 100 жыл толуына орай үлкен той өткізілді. Сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаевтан бастап, қатардағы қарапайым адамдарға дейінгі аралықта Құрманбек Сағындықовтың рухын құрметтеген, оны өнеге деп білетін кісілердің көмегімен қыруар жұмыстар атқарылды.

Тойдың мәні – ағаның бойындағы қасиетін кезегімен келіп отыратын ұрпақтың жадына таңбалап қалдыру. Тойға Астана мен Алматыдан, көршілес облыстардан айтулы қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар, өнер адамдары, ақын-жазушылар мен журналистер қатысты. Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы Рахымбай Сатаев оның өмірі мен шығармашылығы туралы әсерлі, мазмұнды баяндама жасады.

Құрманбек ағаның 100 жылдық мерейтойынан кейін, 2011 жылы мамыр айында әке аруағына тағзым еткен ұл-қыздары мен ағайын-туыстары жиналып, мектепте ескерткіш орнатты. Оның ашылу салтанатына Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза, экономика ғылымының докторы, профессор, Ынтымақ ауылының тумасы Мұхтар Тінәсілов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мақұлбек Рысдәулет, белгілі журналист Талғат Сүйінбай қатысып, өздерінің ойларын ортаға салды.

«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деген халық даналығында үлкен мағына, ой жатыр. Иә, асыл ердің ұлтына, еліне жасаған ерлігі ешқашан да ұмытылмауы тиіс. Олай болмағанда біз тарихқа қиянат жасаймыз, оны кейінгі ұрпақ кешірмейді. Басқа өлкелерді айтпай-ақ қояйын. Ел ізгілігі үшін отқа да, суға да түскен арыстарын ардақтайтын көне көзді қариялар азайып бара ма, жоқ әлде үлгі-өнеге болатын тәлім-тәрбиеге көңіл бөлінбей ме, соңғы 15 жылда қазақтың мақтан тұтар перзенттерінің бірі Құрманбек Сағындықовтың есімі кіндік қаны тамған Жуалы жерінде ұмытылып барады.

Арнайы шақырылған қонақтардың ортасында бір топ ақын-жазушылар Жуалы ауданының 90 жылдық торқалы тойына қатыстық. Обалы не керек, жап-жақсы дайындалыпты. Жуалыдан түлеп ұшқан жазушылар Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза бастаған отызға жуық қаламгерлердің үлкен суреттері көрнекті жерге қойылып, өмірбаяндары, шығармашылық жетістіктері жазылыпты. Өкініштісі, солардың арасында бүкіл қазақ мойындаған Құрманбек Сағындықовтың суретін де, өмірбаянын да көре алмадық. Бауыржан Момышұлы мен Шерхан Мұртазаның ортасында маңдайы жарқырап, Құрекең тұруы тиіс еді. Торқалы тойда Жуалыдан шыққан белгілі тұлғалардың есімдері аталды. Бірақ, Құрманбектің ардақты аты ауызға алынбады. Шындап келгенде, біз бұған қайран қалдық. Бұл туралы үндемей қалу адамгершілікке де, азаматтыққа да жараспас еді. Кілең игі жақсылар бас қосқан үлкен дастархан басында көңілге түйген ойымызды жасырмай айттық та.

Жеке бастың мүддесі емес, ел игілігі, халықтың рухы үшін айтылған сын-ескертпелерден Жуалы ауданының әкімшілігі тиісті қорытынды шығарады деген сенімде болдық. Өкінішке қарай, олай болмай шықты. Өткен жылы Жамбыл облысының 80 жылдығына орай Жуалыда үлкен мәдени шара өтті. Халық көп жиналды, үлкен басқосу дүрілдеп өтті. Қасиетті Жуалы жерінен қияға қанат қаққан белгілі тұлғалардың суреттері көрнекті жерге қойылып, үлкен-кіші танысып жатты. Қаламгерлердің арасынан Бауыржан Момышұлының досы, Шерхан Мұртазаның ағасы, бүкіл Алаш ардақтаған Құрманбек Сағындықовтың суреті жоқ болып шықты. Енді енді таныла бастаған жас ақын-жазушылар бар да, тау тұлғалы Құрекең жоқ... Біз ыңғайсызданып, жерге қарадық.

Үлкен өкінерлік жай, лайықты бола тұра Құрманбек Сағындықов туралы мемлекет тарапынан кітап жазылмапты, деректі фильм түсірілмепті. Алматы, Астана, Тараз қалаларынан көшенің аты берілмеуі көңілге қаяу түсіреді. Жуалыдағы туған ауылына ұлт қайраткерінің атын неге бермеске?! Ең өкініштісі, облыс орталығында, Жуалыда өтетін мәдени-рухани жиындарда тұлғалы азаматтың есімі мүлдем аталмай, ұмытылып барады. Ер бір күнде бір кісілік, Бір күнде мың кісілік, – демекші, мың адамның ізгілікті ісін атқарған, бүкіл ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған Құрманбек Сағындықов осындайға лайықты ма?! «Ерді көрсең қыдыр тұт» деген халық емес пе едік! Ел үмітін ақтаған есіл еріміздің есімін осылайша елеусіз қалдыра береміз бе?

 

Елен ӘЛІМЖАНОВ, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Жуалы ауданы

 

Суреттерде: «За Родину» – «Отан үшін» газетінің редакторы, капитан Құрманбек Сағындықов демалысқа келгенде (1944 ж.). «Қазақстан коммунисі» журналының бас редакторы Құрманбек Сағындықов (1965 ж.).

 

Ұқсас жаңалықтар