«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кенеден сақ болыңыз!

Кенеден сақ болыңыз!
Автор
Жадырап жаз келе жатыр. Күн шұғыласын аямай төгіп, бүкіл әлемді нұрға бөлеп тұр. Жылдағыдай емес, биыл көктем жауынсыз болып, жер уақытысынан бұрын қызып, тірі жәндіктер (кенелер, бүйілер, қарақұрттар, шаяндар, жыландар және т.б.) «ұйқыларынан» ертерек оянды. Жылы күндерді пайдаланып, жұрт біткен гүлмен көмкерілген далаларға, тауға шығып демалып, қыдырады, саңырауқұлақ теріп, саяхат жасайды, балық аулайды. Әрине, табиғат аясында адам денсаулығына зиян келтіретін улы жәндіктер аз емес. Абайсызда олармен кезігіп, денсаулыққа кері әсер ететін зиянды әрекеттеріне ұшырауыңыз әбден мүмкін.

Мамандар «ақ жайма алып жүрген дұрыс», дейді. Бұдан бөлек, тауға шыққанда мейлінше ақ түсті әрі жеңі ұзын киім киген дұрыс. Ал, ақ киім қонышы биік болып, шалбарыңыздың балағын буып алғаныңыз жөн. Себебі, бұл сізді улы жәндіктерден қорғайды. Қарақұрт, бүйі, жылан уы адамның денсаулығына өте қатты әсер етіп, тіпті кейде өлімге алып келуі мүмкін. Улы жәндіктер арқылы таралатын инфекциялық қауіпті аурулар да бар. Мысалы, кене арқылы кене энцефалиті, Конго-Қырым қанды безгегі таралады.

Адамның денсаулығына қауіп төндіретін бірнеше аурулар жайлы мәлімет бере кетейік. Конго-Қырым қанды қызбасы – латын тілінен аударғанда «геморрагия», қансырау деген мағынаны білдіреді. Қазақстанда бұл геморрагиялық қызба халық арасында «көкала» деген атпен 1948 жылдан бері белгілі. Адам өміріне айтулы қауіп төндіретін бұл инфекциялық ауру еліміздің Оңтүстік және Батыс өңірлерінде жиі кездеседі, яғни олардың табиғи ошақтары бар аймақтарда ұшырасады. Оның негізгі қоздырғыштысы және тасымалдаушысы, вирусты сақтаушы – иксодты кенелер.

Бұл вируспен зақымдалған кенелер адамды шаққан кезде науқастың қаны мен қанды шығындылары арқылы құрамында вирус теріге және сілекейлі қабықтарға түсіп, малды қырыққанда және оларды кенелерден қолмен тазартқан кезде, ауырған науқастарға медициналық көмек көрсету кезінде жұғады. Инкубациялық кезең екі аптаға созылады. Конго Қырым қанды қызбасының негізгі белгілеріне тері астына қан құйылу, қызыл иек, мұрын, құлақ, жатыр, асқазан-ішектерден қан кетулері тән.

Егер кене шаққан кісі дер кезінде медициналық көмекке жүгінбесе, уақыт өте ауру қозып, науқастың өміріне қауіп төнеді. Кене шаққан әрбір адам тұрғылықты жері бойынша емдеу мекемесіне тез арада қаралып, 14 күн ішінде диспансерлік бақылауда болуы қажет. Медициналық бақылау Конго-Қырым қанды қызбасымен науқастарды ерте анықтау және жұқпаның одан әрі таралуын болдырмау мақсатында жүргізіледі. Кенеден жұғатын тағы бір адам өміріне қауіп төндіретін ауру – кене энцефалиті.

Кене энцефалиті – табиғи ошақты, вирустық ауру, оның қоздырғышы – орталық жүйке жүйесінің зақымдануымен сипатталатын кене энцефалитінің вирусы. Бұл аурудың тасымалдаушысы да әлгі жоғарыда айтылған иксодты кенелер болып табылады. Олар адам ағзасына жабысқан кезде шағып, кене энцефалитінің вирусын таратады.

Кенелердің негізгі мекендейтін жерлері:

– жол бойына егілген ағаштар арасы және орман жолдарының жиектері;

– қала маңындағы саяжайлардағы шөптер мен бұталар;

– қалың ормандар, құлаған ағаштардың шөгінділері;

– қалалық саябақтар мен алаңдардағы шөптер мен бұталар.

Кененің шағуы ауыртпалықсыз, сондықтан жиі қанды сорып алған кезде оның мөлшері ұлғайып, айтарлықтай көлем пайда болған кезде анықталады. Кене адам терісіне жабысқан соң, жарты сағаттай шағатын жерді іздейді. Ол көбіне бас, мойын, қолтық, тізенің астын шағады. Сондықтан бұл кеңесті жадыңызда ұстасаңыз алдын алуға мүмкіндігіңіз болады.

Сонымен қатар қауіпті жәндіктерден қорғайтын жақпамай мен спрейлерді пайдаланыңыз. Кене энцефалитіне қарсы екпе салуға да болады. Бұл вакцинация әдетте қыста жасалады. Айта кетейік, кене энцефалиті адамнан адамға жұқпайды, яғни онымен ауырған адам қоғамға қауіпті емес.

Кененің шағуының салдары әртүрлі болуы мүмкін: ісіну мен қызарудан бастап кене энцефалитінің ауыр жағдайларына дейін, параличпен, есін жоғалтумен және тіпті өліммен аяқталады. Кене шаққан адамның басы қатты ауырып, дене қызуы 37-39 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Тіпті, дене қалтырап, тері бөртіп қызаруы да мүмкін. Сондай-ақ бұлшықет ауырып, адамның тыныс алуы қиындайды.

Адамның тамаққа деген тәбеті жоғалып, жиі шаршайды. Өз бетімен ем-дом жүргізу үлкен қателік, кейін өкінішке ұрындыруы мүмкін.

Өзіңізді кенелерден қалай қорғауға болады?

– орманға барғанда жеңіл киім киіңіз, басыңызды, мойыныңызды жауып, білегіңізді мықтап байлаңыз;

– аяқты толығымен жауып тұратын аяқ киім кию;

– киім мен дененің ашық жерлерін кенеге қарсы препараттармен және репелленттермен өңдеу яғни қауіпті жәндіктерден қорғайтын спрейлерді пайдаланыңыз;

– әр 1,5-2 сағат сайын өзіңізді және жолдастарыңызды тексеріп отырыңыз,

– үйге қайтып келгенде, үйге кірмей тұрып киімдеріңізді және бүкіл денеңізді мұқият тексеріңіз

.– нәзік жұқа терісі бар жерлерді мұқият тексеріңіз: қол асты, мойын, бас;

– кенелер болуы мүмкін екенін ескере отырып, тұрғынжай және өндірістік бөлмелерге жаңадан жұлынған шөптерді, бұтақтарды және сырт киімдерді әкелмеу;

– үй жануарларын тексеріп, дәрілеп отыруды да ұмытпаңыз.

Кене шаққанда не істеуге болмайды?

Кене шаққан кезде 3 әрекетті жасамауға кеңес береміз:

– денеге жабысқан кенені сықпау керек.

Себебі, кенеде қауіпті вирустар бар. Ол қолдың ашық жаралары немесе тыртықтар арқылы адам ағзасына енуі мүмкін;

– теріге жабысқан кенені жұлмау керек. Өйткені, оны жұлған кезде жәндіктің басы теріде қалып қояды. Салдарынан, жәндіктің бойындағы улы сөлі адам ағзасына тарайды;

– кенені тіспен жұлуға да болмайды.

Онда қоздырғышты жұқтыру қаупі жоғары болады. Конго-Қырым қанды қызбасының және кене энцефалиті адам өмірі үшін өте қауіпті ауру екенін айта отырып, оның алдын алудың негізгі шараларын ұмытпау керек.

Ең бірінші – адамдардың кене шағудан сақтануы болып табылады. Кенелер адам мен малдарға ерте көктем және жазда шабуыл жасайды. Ауылшаруашылық малдарын қырқу барысында кенелерді үстінен жинағанда далалық жерлерде, саяжайда жүргенде кене шағуы мүмкін. Олардың үлкен қауіптілігі сонда, олар теріге байқатпай, яғни ауыртпай жабысады.

Өзінің физиологиялық ерекшеліктеріне қарай кене теріге жабысқан соң бірден қан сормайды, сондықтан кенені уақыт өткізбей байқап, алып тастаған жағдайда кене бойындағы инфекция қоздырғышымен зақымдану қаупі төмендейді. Кенені алу үшін емдеу-алдын алу мекемелеріне (травмпункт – жарақат бекеті) тез арада қаралған жөн. Кенелерді жалаң қолмен алып тастауға және езіп-жаншуға тыйым салынады.

Есте сақтайтын жайт, кененің негізгі қорегі – қан. Сондықтан бұл жәндіктер адамдар мен жануарлардың қанын сору үшін шағады. Ол адамды шаққан кезде, сілекейімен бірге қанға жұқпалы вирустар енуі әбден мүмкін. Бұл – адам өміріне өте қауіпті. Теріге енген кенені бірден алып тастау оңай емес. Сондықтан дәрігердің көмегі қажет.

Егер дәрігерге қаралуға мүмкіндік болмаса, теріге жабысқан қауіпті жәндікке вазелин жағып немесе өсімдік майын құю керек. 5 минуттан кейін пинцет немесе жіп ілгегінің көмегімен кенені саспай, асықпай тартып аласыз. Бірақ оған өте сақ болған жөн.

Қан сорып жатқан кенені тұмсық астынан жіңішке жіппен байлап, асықпай, кене мұртшаларын толық шығарғанға дейін ақырын тарту қажет. Егер кененің басы толық шықпай теріде қара дақ түрінде қалып қойса, бірден дәрігерге бару керек. Қауіпті жәндікті теріден алған соң, оның орнын йодпен немесе спиртпен зарарсыздандыру керек. Сондай-ақ қолды мұқият жуып, оны йод немесе спиртпен сүрту керек.

Өйткені кене қан сорған кезде оның жұқпалы вирустары денеде қалып қоюы мүмкін. Таяуда қой қырқу науқаны басталады. Сол кезде малдардың бойына жабысып жүрген кенелер адамдарға шабуыл жасауы немесе қан сорып әбден «пісіп» тұрған кененің қаны адамның қолына жұғуы мүмкін. Ол қанның құрамында адам өміріне қауіпті жоғарыда аталған вирустық инфекциялар жиі кездеседі.

Сондықтан, көктем шыға мал ұстайтын қора-қопсыны ветеринария қызметкерлерінің көмегімен арнайы дәрілермен кенелерге қарсы өңдеу жұмыстарының жүргізілгені жөн. Ветеринарлық-шаруашылық кешендік шараларға ең алдымен малдарға, мал қораларға және басқа жайларға кенеге қарсы өңдеу жүргізу кіреді. Қораларға механикалық тазалық жұмыстарын жүргізу міндетін ұмытуға болмайды. Жануарларды қырқу алдында малдарға кенеге қарсы өңдеу жүргізу қажет.

Тазалық жұмыстарын жүргізбеген жағдайда кенеге қарсы улау жұмыстарының тиімсіз болатынын ескерген жөн.

 

Толқын АЙМАХАНОВА,

«Тараз-Болашақ» жоғары медициналық колледжінің оқытушысы.

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар