
Құрметті жамбылдықтар!
Баршаңызды мамырдың мамыражай мерекесі – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – татулық пен достықтың, ынтымақ пен түсіністіктің символына айналған айрықша мереке. Қазақстан – ынтымағы жарасып, ырысы артқан ел. Бүгінде ұлттар мен ұлыстар бір мақсат, бір мүдде, ортақ болашаққа ұмтылып, киелі шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. 30 жылдық белесті еңсерген Қазақстан халқы Ассамблеясы татулық пен тұрақтылықтың ұйытқысына айналды.
Үш онжылдықта қоғамдық келісім нығайып, ұлттық бірлік пен ынтымақтастық тереңдеп, елімізде бейбітшілік пен келісім салтанат құрды. Бұл жетістіктер – әрбір қазақстандықтың, әр ұлт өкілінің қажырлы еңбегінің нәтижесі. Ассамблея – біздің мақтанышымыз, ал оның болашағы – бірлік пен үміттерге толы!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде:
«Ассамблея – мемлекеттігімізге арқау болған аса маңызды құрылым. Бұл – Ассамблеяға артылатын жүктің салмағы да жеңіл емес деген сөз. Ұлттық мүдделерімізді қорғап, егемендігімізді нығайту – қастерлі парыз», – деп атап өтті.
Бүгінде ынтымағы жарасқан, татулықты ту еткен Жамбыл облысында 87 этностың өкілі бейбіт әрі берекелі ғұмыр кешіп, ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға сүбелі үлес қосып келеді. Бұл – өңіріміздің ең асыл қазынасы. Өңірлік Ассамблеяның, этно-мәдени бірлестіктердің бастамасымен түрлі мәдени іс шаралар мен қайырымдылық жобалар жүзеге асырылып, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен сенім күн санап нығаюда.
Президент тапсырмасына сәйкес біздің алдымызда Қордай ауданында Достық үйін ашу, бірлік пен келісім идеяларын кеңінен дәріптеу, мәдениет пен өнердің әлеуетін тиімді пайдалану, сондай-ақ «Елдесу және татуласу» сияқты ауқымды жобаларды нәтижелі іске асыру міндеті тұр.
Қадірлі жерлестер!
Ел болу үшін – бірлік, бақ қону үшін – татулық керек. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмей, өскелең буын осы ұлы құндылықтарды қадірлей білсе, ел ертеңі де еңселі болары анық. Мәні мен маңызы зор мерекеде әр шаңыраққа амандық, құт береке, шаттық пен тату тіршілік тілеймін!
Тамыры терең, рухы биік, бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі еліміздің тұғыры нық, тәуелсіздігі баянды, бірлігі бекем болғай!
Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ,
облыс әкімі.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді