«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жәрдем азаймайды

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жәрдем азаймайды
Автор
Елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету артпаса, азайған емес. Облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының негізгі бағыттарының бірі де – мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету. Бүгінде облыс көлемінде 45 561 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оның ішінде 4 688 адам 1-ші топтағылар болса, 2-ші топта 16 397, 3-ші топта 17 637 адам бар. Ал, 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар азаматтар саны – 6 839 адам.

Мүгедектігі бар азаматтарға олардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларына байланысты олар сурдо тифло құралдармен, санаторлық-курорттық емделу, протезді-ортопедиялық бұйымдармен, кресло-арбалармен, жеке көмекшіге қосымша ақы төлеу және гигиеналық кұралдармен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа биыл 8,4 миллиард теңге қаржы қаралған.

– Биылғы 1 наурызға дейін әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке оңалту бағдарламаларының орындалуы 23,9 пайызды құрап отыр. Порталға тіркелген 13 146 өтініштің бүгінгі күнге 6405-і қанағаттандырылды. Сурдо-тифло құралдарымен 373 адам, санаторлық-курорттық емделуге 300, протез-ортопедиялық бұйымдармен 622, кресло-арбалармен 242 адам, жеке көмекші қызметіне 226, ымдау тілі маманымен 521 және гигиеналық бұйымдармен 4121 адам қамтылып отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш толық орындалатын болады. Өткен жылы мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау бағытында Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасымен бекітілген «Жол картасына» сәйкес, Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу көзделіп, нақты 246 нысанда бейімдеу жұмыстары жүргізілген. Яғни, пандус орнату, тактильді жолақ жасау және тағы да басқа жұмыстар жүзеге асырылды. 13 нысан жартылай бейімделген. Аталған мақсатқа 140,6 миллион теңге қаржы бөлінген. Биыл да бұл бағытта 262 нысанды бейімдеуіміз қажет. Наурыз айына дейін 74 нысанға 31,3 мың теңге қаржы бөлініп, 54 нысанда бейімдеу жұмыстары толығымен аяқталған. 107 нысанда ішінара бейімдеу жұмыстары жүргізілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 қаулысымен жергілікті атқарушы органдар ұсынатын әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың бекітілген үлгілік қағидалары арқылы жергілікті бюджет есебінен Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне және оларға теңестірілгендерге, сондай-ақ мүгедектердің басқа да санаттарына бір жолғы көмектер қарастырылған. Жергілікті бюджеттер есебінен атаулы мереке күндеріне және мұқтаж азаматтарға өтініштері негізінде берілетін көмектерге 2025 жылға 1,9 миллиард теңге қарастырылып, 11180 жеке санаттағы азаматты қамту жоспарланды, – дейді облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Мұқанов.

Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдарға арналған жартылай стационар жағдайындағы 10 орталықта 574 мүгедектігі бар ересектер мен балалар арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінде мүгедектігі бар азаматтарға үйде қызмет көрсету мақсатында 14 бөлімше және 1 бөлімшеден тыс мекеме жұмыс істейді. Оларда 1189 мүгедектігі бар азаматқа арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілген.

Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытында үкіметтік емес ұйымдар да өз үлесін қосып жүргенін айта кеткен жөн. Бүгінгі күнге олар 1611 мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіп келеді. Басқарма тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдармен 8 әлеуметтік жоба іске асырылып, 952 мүгедектігі бар азаматқа арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде.

Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 250 миллион теңге қаржы бөлініпті. Сондай-ақ, Байзақ, Жуалы және Мойынқұм аудандарында 60 мүгедектігі бар балаларға, ал Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында 18 жастан асқан 30 ересек мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан күндіз болу жағдайында оңалту және бейімдеу орталықтары арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетілуде. Бұл мақсаттарға жалпы жергілікті бюджеттерден 164,3 миллион теңге қаржы бөлінген.

– Мүгедектігі бар азаматтардың мәселелерін дер кезінде шешуді қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласы мен аудан әкімдері жанынан штаттан тыс кеңесшілер тағайындалып, жұмыс атқаруда. 2025 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан арнаулы әлеуметтік қызметтерді трансформациялау жұмыстары жүргізіледі. Трансформациялау барысында барлық көрсетілетін арнаулы әлеуметтік қызметтер цифрландырылған «Socium» платформасы арқылы жүргізілетін болады.  Сонымен қатар, 2025 жылы облыстағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін 37 әлеуметтік қызметтер көрсету ұйымдары жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне өтеді. Бұл ұйымдардың 18-і басқармаға қарасты мекемелер, алтауы Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері және 13-і үкіметтік емес ұйым. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдар міндетті түрде лицензияланады, – дейді Бекболат Қабылханұлы.

Әрине, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барынша қол ұшын созатын мейірімді жандар да бар. Байырдан біздің халық көмекке мұқтаж жаннан жәрдемін аямаған.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар