
Еліміздің заң саласындағы маңызды жетістіктің бірі – «Сот орындаушысы роботын» енгізілуі. Осыған дейін азаматтар салынған айыппұлды уақытында өтей алмаған жағдайда айыппұлдың 25 пайызға дейінгі сомасын жеке сот орындаушыға төлеуге міндетті болатын. Енді бұл қызметті робот тегін-ақ атқарады. Жаңа жобаның нәтижесінде ел азаматтары 2 миллиард теңгеге жуық соманы үнемдей алады.
– Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, заң саласында цифрлық қолжетімділіктерді арттыру да бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Бұл бағытта Еup.kz. сайты арқылы онлайн режимінде заң қызметтерін ұсынуға және алуға арналған «E-ZanKomegi» заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылды, сондай-ақ, азаматтар өздерін қызықтыратын құқықтық сұрақтарға бейнеқоңырау арқылы жауап алуға болатын «Zan Komegi» мобильді қосымшасы да қолжетімді. Жүйе алгоритмі келесідей тәртіппен жұмыс істейді: алдымен Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 50 күн ішінде төленбеген әкімшілік құқықбұзушылық үшін айыппұл сомасын өндіріп алу туралы ұйғарым жібереді. Бұдан кейін робот 5 күнтізбелік күн ішінде талапты орындау қажеттігі туралы SMS хабарлама жөнелтеді. Үшінші қадам – айыппұл бойынша ерікті төлем болмаған жағдайда, жүйе жеке сот орындаушысына мәжбүрлеп орындауға атқару парағын ұсынады. Төртінші қадам – төлем уақытылы жүргізілсе, атқарушылық іс жүргізу артық шығынсыз тоқтатылады, – дейді облыстық Әділет департаментінің басшысы Нұрғали Андасов.
Жалпы, цифрлық сот орындаушысы іске қосылған сәттен бастап елімізде бүгінгі күнге дейін 2,2 миллиард теңге сомасын құрайтын 109 мыңнан астам атқарушылық іс қозғалған. Осылайша, азаматтардың пайдасына үнемделген сома мөлшері 550 миллион теңгені құрады. Ал облысымызда 583 миллион теңгені құрайтын 27 421 мыңнан астам атқарушылық іс қозғалып, 28 миллион теңге үнемделген.
Жақында Премьер министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Робот сот орындаушысының жұмысын жетілдіріп, IT-салада, бизнес процестерді реинжинирингте сарапшыларды тарта отырып, жасанды интеллект элементтерін цифрландыруды және енгізуді жалғастыру қажеттігін атап өткен болатын.
Бұдан өзге аймақта бейнеқоңырау арқылы онлайн режимде мүлікті басқаруға қатысты сенімхаттарды қоспағанда, сенімхаттар мен ерлі зайыптылардың келісімдерінің барлық түрлерін беруге мүмкіндік беретін «Е-нотариат» бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Облыс тұрғындары өткен жылы нотариусқа бармай ақ 2352 онлайн-сенімхатты, 757 онлайн-келісімді заңды түрде рәсімдеген.
Нұрболат АМАНБЕК.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді