
Келі деген зат – қазақ ауылдары үшін ХХ ғасырдың аяғына дейін қажет болып келді. Ауылда барлық үй тұтынбаса да, әр көшеде екі-үш үйден кездестіруге болатын еді. Әсіресе, жылқы байлайтын, жүгері мен тары егетін үйлерде келі мен келсап міндетті түрде болатын. Ал, біз әңгімелеп отырған келі XVIII ғасырға тән құндылық. Оның өзге келілерден ерекшелігі де осында.
Аталмыш келі мен келсапты Тобықты атаның неменесі Нұрсұлтан Төлебай 2006 жылы аталған аудандық музейге сыйға берген. Осылайшаға, бұл келі Абай хакімнің туысынан сыйлыққа келген. Осы тұста жалпы оқырманға ұғынықты болу үшін айта кетсек. Келі деген – дәнді дақылдарды түйетін, ұнтақтайтын қатты ағаштан жасалған құрал. Келіні биіктігі шамамен 60 сантиметр жуан бөрене ағаштың ортасын 35 сантиметр тереңдікте ойып жасайды. Ағаш келінің екі түрі болады.
Яғни, тақта келі, шұңғыл келі. Шұңғыл келі тарыны қаралау, ақтауға пайдаланылса, тақта келі жармалап, ұнтақтауға қолданылады. Тақта келінің түбі тегістеу келеді де, келсап дәл тиіп, дәнді майдалауға, ұнтақтауға қолайлы болады. Сондай-ақ, тары, бидай мен жүгері талқандауға пайдаланады. Келінің түйгіш ағашы болады, оны келсап деп атайды. Келсап – ұзындығы 1,2-1,3 метр жуан ағаш. Қазақ ұсталары келіні тұтас ағаш кесіндісінен ішін үңгіп жасайды. Келі мен келсап жасау үшін көбіне ағаштың қатты түрлерін – қарағашты, қайыңды қолданады. Келі мен келсаптың Қазақстанның барлық өңірлерінде біркелкі етіп жасалғанын аңғаруға болады. Тек Ертіс бойындағы келсаптың келісі биіктеу келеді. Сол сияқты еліміздің оңтүстік өңірінде құрама келілер жиі кездеседі.
Келінің темірден жасалған түрін темір келі дейді. Келіні шеберлер мықты әрі жарылмай көп жылға шыдауы үшін қызған тандыр ішінде ыстық қозға қақтап алып, оның іші-сыртына қойдың құйрық майын не түйе қомының майын сіңіреді. Келі жарылып кетпес үшін әдетте, оның иіні мен тағанын түйенің иленбеген шикі терісімен қаптайды. Шикі тері кепкен кезде тартылады да, келіні қатты қысып қалады.
Келінің сыртын қайыспен ысып жалтыратып қояды.
– Үш ғасыр тарихы бар көне жәдігердің құны уақыт өткен сайын арта беретіні анық. Біз қазір келі мен келсапты музейге сыйлаған Нұрсұлтан Төлебайды іздестіріп жатырмыз. Ол кісіден келінің тарихын сұрап, басқа да құнды заттарды тауып беруін өтінбекшіміз. Бұйырса, ол мақсатқа да жетеміз, – дейді аталған музейдің директоры Эльдар Өтембаев.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ерлік рухын жаңғыртқан эстафета
- 3 мамыр, 2025
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді