«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Көркем әдебиет – даналық бағдаршамы

Көркем әдебиет –  даналық бағдаршамы
Автор
Ұлттық кітап күніне орай «Amanat» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен жамбылдық жазушылар мен ақындардың оқырмандармен кездесуі өтті. Аталмыш мереке өткен жылы Мемлекет басшысының қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында үшінші Ұлттық құрылтайдың негізгі сессиясында берген тапсырмасына байланысты белгіленген болатын. Бұл кездесу соның аясында ұйымдастырылды.

Басқосуға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қайырбек Асанов, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, қоғам қайраткері Жаңабай Миллионов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Баймаханбет Ахмет, облыстық мәслихаттың депутаты, «Aq jol» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт пен «Жамбыл Инфо» ақпараттық агенттігінің редакторы Арайлы Жақсылық сынды ақын, жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Аталмыш іс-шара кітап оқуды дәріптеу мен жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру және қаламгерлер мен оқырман арасындағы байланысты нығайтуды мақсат етті. Өз кезегінде Қайырбек Асанов қазақтай текті халықтың ұрпағы – жастарға бүгінгінің жауы болған телефонды, білім мен тәрбиенің, адамгершілік пен тәртіптің бастауы кітапқа алмастыруға шақырды. Ақын бала кезден кітаппен достасқанын еске алды.

Сөз соңында жары Күләш Ахметовамен 55 жыл бірге келе жатқанын тілге тиек етіп, оған арнаған өлең жолдарын оқып берді.

Одан кейін сөз алған Қазақстан Қауырсын қалам Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы, қоғам қайраткері Жаңабай Миллионов: «Біз мүлде басқа әлемде, басқа жүйеде өмір сүрдік», – дей келе, қазіргі кезде кітапқа емес, телефонға шұқшиған жастарға ренішін де жасырмады.

Кітаптан жақсы жолдасты тауып, нағыз махаббатпен де табыса алатындығымызды тілге тиек етіп, кітап оқымайтын адамды ессіз, ақылсызға теңейтінін жеткізді.

«Кітапты көп оқыған бала өз кәсібін, кәсіптен нәсібін табады. Өмірлік жарын адаспай кезіктіріп, сол арқылы өз бақытына жетеді», – деп, сөзін түйіндеді ол.

Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Баймаханбет Ахмет кітапты қуатты күш, басты тәрбиешіге теңеп, көркем әдебиетті көп оқыған бала тіпті кей ұстаздар үйретпеген тыныс белгісі, сөз, сөйлем құрылымын меңгеріп, сол арқылы сауаттылығын арттыратынын жеткізді. Жастарды небір қиял ғажайып хикаялар мен шым-шытырық махаббат оқиғаларына жетелейтін романдар оқуға шақырды.

Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының тифлология бөлімінің кітапханашысы Ербол Бегімов өмірдің қиын сәттерінде кітап зағип жандар үшін айнымас досына айналып, өзіне деген сенім ұялататын таптырмас құрал екендігін айта келе, «мүмкіндігі шектеулі зағип жандарға қарағанда, сендердің мүмкіндіктерің зор, 12 мүшелерің түгел, кітап оқуға кедергі жоқ деп ойлаймын» деген сөзімен жастарға ой салды. Ал, облыстық мәслихаттың депутаты, Оралхан Дәуіт бұрын кез келген үйде кітап бұрышын қою, кітап сөрелерін толтыру сынды дүниелер сол заманның сәні болғанын еске алып, бүгінгі күні заман талабына сай көркем әдебиетті интернет сайттар мен онлайн кітаптардан да оқуға болатынын айтты.

Сондай ақ, бүгінгі күні журналист мамандығына сұраныстың көптігін, бірақ сапалы, сауатты журналистердің жоқтығын кітап оқу культінің азайғанымен байланыстырды.

Кездесуде жаңа серпінмен сөз алған Арайлы Жақсылық: «адамның өз-өзіне жасаған ең үлкен қиянаты – уақытын бос өткізу, жылт-жылт еткен тик-токқа сарп ету» дей келе, жастарды кеше бос уақытын тиімді пайдаланып, бүгін осы жерде даналық айтып отырған кісілерден үлгі алуға шақырды.

Осылайша, кездесу спикерлері өмірлік тәжірибелерімен бөлісе отырып, танымы мен тағылымы мол – көркем әдебиетті оқуға жастарды шақыру арқылы олардың санасына түрткі болып, ой салуға барынша тырысып бақты. Кездесу соңы жастардың ақын-жазушыларға алғысын білдіріп, өзара сұрақ жауап айдарымен тәмамдалды.

 

Арна ЖҰМАТАЙ

Ұқсас жаңалықтар