«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Сіз балаңызбен бірге тұрасыз ба?

Сіз балаңызбен бірге тұрасыз ба?
Ашық дереккөз
«Адам ұрпағымен мың жасайды» дейді қазақ. Онысы рас. Өмірдің бүкіл мәні мен мағынасы осы ұрпақ жалғастығында емес пе? Отбасы құндылығының бағасы осы жас ұрпақтың өркен жаюында болса керек. Жалпы, адамзат баласының баға жетпес қуанышы не? Әуелі ата-анаңды, ауыл-аймағыңды қуантып жарық дүниеге келуің, өсуің, өнуің, өзің отбасылы болып қуанышқа кенелуің – бәрі де шексіз қуаныш. Мұның бәрі ғұмырдың ешқандай байлықпен де, мансаппен де өлшенбейтін құндылықтары.

Жалпы, қазақ елінде азаматтардың көпшілігі ауылдан шыққан. Ауылдың топырағында аунап есейіп, атаның ақ батасын алғандарына дауымыз жоқ. Есейген азаматтар сол туған жерлеріне келін түсіріп, өсіп-өніп жатты. Әлі де қара шаңыраққа бас иетін, қара орман ауылды ардақтайтын жігіттер өмірін ауылмен байланыстырып отыр. Бірнеше перзент сүйіп, оларға ауылдың тұнық тәрбиесін сіңіріп, өркендеп келеді. Ауылда өмір сүру деген – әкең мен анаңның қасында болу. Бірақ сенің сүйіп қосылған жарың ата-енесімен тұруға келіседі ме?

Қазіргі өзекті мәселе осы. Әрине, осы жылдарға дейін әр ауылда әруақты сыйлаған, киеден аттамаған, атасы мен енесінің алдын кесіп өтпеген, атасы мен енесін сыйлаған келіндер көп болды. Олар ата-енесімен жылдар бойы бірге тұрды. Жасы жетіп, бойынан күш-қуаты кеткен ата-енеге қарады. Өмірлерінің санаулы жылдары қалған қарттардың алғысы мен батасын алды. Осындай келіндердің ішінде сіздің де анаңыз бар, біздің де анамыз бар. Ата-ене оларға мәңгілік жабысып қалған жоқ. Ата-ене деген түсінгенге бақыт қой. Сенің ұл-қызыңның атасы мен апасын көріп, олардың тәрбиесін күн сайын алып өсуі – шексіз бақыт. Атасы мен әжесі немере үшін үлкен мектеп. Яғни, ұлттық құндылықтар мен тәрбие мектебі. Қазір болса уақыт басқа, түсінік бөлек.

Өкінішке қарай, көптеген отбасын көріп жүрміз. Көрген сайын жаға ұстайтын жайсыздықты байқап жүрміз. Ол қандай жайсыздық дейсіз бе? Ол әке мен ананың өмірде бола тұра, ұлдарынан бөлек тұруы. Тіпті алысқа бармай-ақ, аталас әпкем ұзақ жыл ұлдарынан бөлек тұрып келеді. Жездем екеуі тұратын. Жездем бақилық болып кеткелі өзі ғана тұрып жатыр. Бірнеше перзенті, оның ішінде алты ұлы бар ана қаланың тас үйлерінің бірінде жалғыз ғұмыр кешуде. Әрине, оның түрлі себептері де болатын шығар. Балалардың қызметі, келіндердің мінезі дегендей. Ол жағына да түсіністікпен қарауымыз керек шығар.

Дегенмен алты баласы бар ананың жасы келген шағында бөлек ғұмыр кешуін ешқандай кісілік пен түсінікке, ешқандай ұғымға сыйдыра алмадым. «Балаларымның бәрі осы Тараз қаласында, бәрі жұмыста. Отбасын асырау үшін тіршілік жасап жатыр. Оларды кінәлаудан аулақпын. Келіндер де аман жүрсін. Мен енді әуелі отағасы – қариямен бірге тұрдым. Ол кісі екеуміз бір-бірімізге серік едік. Балалардың әкесі даңғырлатып теледидар көретін, газет-журнал, кітап оқитын. Оқығанын самбырлап маған да айтып беріп отыратын. Көшеге бір уақыт ол да, мен де шығып келуші едік. Ол қария кісілермен бөлек кетсе, мен әжелермен бірге қыдырып қайтушы едім. Үйге кешке келе сала бір шәугім шайды ортаға алып, отағасы екеуміз ұзақ әңгіме айтушы едік. Көшеден көрген-білгенімізді, естігенімізді айтып, базар болып отыратынбыз. Ақсақал келместің кемесіне мінгелі маған сәл қиындау болып жүр. Ақсақалым серігім, базарым екен. Ол кісінің аңқылдап сөйлегені, дабырлап жүретіні естен шықпайды.

«Әрі бері қытырлатып жүре бермеші. Орныңызға барып демалмайсыз ба?» деуші едім. Қазір сол әр бөлмені тарсылдатып жүріп өтіп, жаныма серік болған жарымның әр қимылын іздеп тұрамын. Уақыт деген осы. Уақыт саған есеп бермейді. Уақыт сенің барлық сәттеріңді ұрлайды. Бәріне көнеміз. Құдайға шүкір, балалар өсіп жатыр. Айналамыз аман. Көз көргендер сирек болса да бар. Көршілерім де: «Апа, үйге келіп шай ішіп кетіңіз», деп елпілдеп тұрады. Оған да қуанып, шүкірлік деймін. Балаларды да түсінемін. Қазір келіндерге біз түгілі сол балаларымыздың сыйып, сыйласуы да мәселеге айналып барады. Қай балама барсам да кетіңіз демейтіні анық. Көпқабатты үй болғандықтан, қауіпсіз. Өзімнің жүріп-тұруым әлі де ширақ. Жеке тұрып үйреніп қалыппын.

Дегенмен апта соңында барлық балаларым мен келіндерім келіп тұрады. Немерелерді де әкеліп тұрады. Соларды құшақтап, тәтті тілдерін қызықтап, бір жасап қаламын», – дейді Мақтақыз Мамытова. Өмірде, өзіміздің айналамызда осындай жаға ұстатар жағдайлар болып жатыр. Тағы бір кейіпкерім – ақсақал Дәулет Жаңбырбаев. «Осы күндерге дейін баламмен бірге тұрдық. Балам да, келінім де алдымызды кесіп өтпей сыйлады.

Дегенмен біз өз еркімізбен бөлек шықтық. Тараз қаласынан екі бөлмелі пәтер сатып алдық. Кемпірім екеумізге жетеді ғой. Жұбайым да бұл шешімге ренжіген жоқ. Себебі баламен бірге тұрғанда немерелерді қараумен күні өтетін. Әрине, немерелі болу, олармен бірге жүру деген бақыт қой. Бірақ немерені күнде қарап, бейнетін кешу оңай емес. Онсыз да 7-8 баланы дәл солай бейнетпен өсірді емес пе? Біз ендігі қалған аз ғұмырды өзімізге қарап, барамыз деген жерге барып, жолығамын деген адаммен жолығып өткізуге тиіспіз. Байқаймын, жұбайым да бұл шешімді мақұлдайтын секілді. Айтыс пен концертті жақсы көруші еді. Қазір Таразға көшіп келгелі айтыс пен концерттен қалмай жүр. Өзіміз Жуалы ауданының адамдарымыз. Осы уақытқа дейін Жуалыда, Бауыржан Момышұлы ауылында тұрдық», – дейді жетпіс жастағы ақсақал.

Ал, отбасы қүндылығы деген қандай нәрсе? Жас ұрпақ тәрбиесіне бүгінгі жас ата-аналар қалай мән береді? Ол туралы алматылық жас ұстаз Дана Бекеннің пікірін де білдік. «Мен Алматы қаласында жекеменшік мектептердің бірінде бастауыш сыныптарға сабақ беремін. Сонда байқағаным, жап-жас ата-аналар жұмысбасты. Балаларын жекеменшік мектепке таңғы 7:30-да апарып, кешкі сағат 19:00-де алып қайтады. Яғни, таңертеңнен кешке дейін баламен басын қатырмайды. Бала тәрбиесіне бас ауыртпайды. Сондағы өздерін ақтайтын нәрсе бар. Жұмыс істеп, сол балаларды асырап жүрміз дейді. Өздерін осылай жұбатады. Ал бала қалай өсіп жатыр? Сол уақыттарда 3-сыныптың оқушыларына жай ғана ой-өрістерін дамыту үшін он сөйлемнен тұратын шағын шығарма жаздырдым. Сол он сөйлемнің сегіз сөйлемі өкпе. Ата-анаға деген реніш. Құдай-ау, аналарынан тумай жатып, таудай ренішті көңілдеріне түйіп алған қандай бүлдіршіндер. Бәрі де сүйкімді, не десең де қабылдап тұр.

Дәл осы жерге ата-ананың жақсы тәрбиесі керек. Әйтпесе, баланың жаман жолға қарай бұзыла бастайтыны да осы кез. Жақсы тәрбие бермек түгілі ата-аналар жиналысына келмейтін ата-ана өте көп. Ондайда бала басқа баланың ата анасы келді, менің әкем мен анам неге келмеді деп жылап отырады. Яғни, бала қазір ата-анасын іздеп, керексініп тұр. Ал оны еш ойламаған ата-ана жұмыста. Жарайды, жұмыс та керек шығар. Қажеттілік шығар. Бірақ екі-үш айда бір өтетін ата-аналар жиналысына келуге болады емес пе?», – дейді ол.

Осы әңгімені естіп ойға баттық. Шынымен қай жаққа барамыз? Еуропаша өмірге көштік пе? Қазір баласына көңіл бөлмеген ата-ананы, сол бала есейген кезде сыйлайды, жүрегінің бүкіл жылуын береді деп айта алмаймыз. Өзі кішкентай баласына жылу бере алмаған ата ананың есейгенде сол баласына мені асыра, маған жылуыңды төк деуге құқығы бар ма? Ал өзі енесінің батасын алған, ұзақ жыл қарап, бақиға кеткенше жағдайын жасаған келіндер аз ба? Бұл күнде олардың өзі ене болған. Сондай ененің бірі – «Алтын алқа» иесі Замза Есенова.

«Құдайдың берген он перзентін өмірге әкелдім. Енемді шамам келгенше қарап, айтқанын екі етпедім. Қазір ұлдарым ұяда, қыздарым қияда. Жеті қызым жеті жерге келін болды. Өзім үш келін алдым. Қазір сол ауылдағы қара шаңырақта ортаншы баламның қолында тұрамын.

Мен ұл-қызынан бөлек тұратын замандастарымды мүлдем түсінбеймін. Олар неге бауыр еті балаларымен бірге тұрмайды? Бес күндік қысқа дүниеде өзіңнің бауырыңнан шыққан балаң жат болғаны ма? Неге баласын жеке қалдырады? Мен осы жағына қарсымын, көңіліме сыйғыза алмаймын. Бәлкім, ондай ата мен әже балаларын дұрыс тәрбиелей алмағандар шығар. Бұл, әрине, менің жеке ойым. Бәлкім, қалаға бара алмаған соң, біз олардың өмірін түсінбейтін шығармыз», – дейді ол.

Бұл тақырып бір ғана мақаламен бітпейді. Біз тек көңілімізді мазалаған мәселені қозғап өттік. Кешегі көзқарас пен бүгінгі пайымды салыстырдық. Қазір осы көзқарастар да өзгерген уақыт. Көпке топырақ шашуға болмайды, әрине. Ал шариғат ата анаға қарауды қатаң бұйырады. Тіпті қасиетті Құран Кәрімде: «Алланың ризашылығын алу – ата-ананың ризашылығын алу», – деген бар. Біз ата-ананы құрметтеген сайын Алла бізге жақсылығын береді. Ал қазақша ұғыммен айтқанда, ата-анаңа құрметің артқан сайын, ата-анаңа жақын болған сайын, олардың ақ батасын алған сайын ісің алға басып, жұмысың жақсарады. Бұл айдай анық ақиқат. Талай адам бақилық болып кеткен ата анасының бір тал шашына, бір ауыз жылы сөзіне зар болып жүр. Қалай болғанда да әркімде жалғыз ғана әке, жалғыз ғана ана болады. Сол кісілердің қадіріне жеттіңіз бе? Сіз не дейсіз?

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар