«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Уақытыңызды қалай өткізіп жүрсіз?

Уақытыңызды қалай өткізіп жүрсіз?
Ашық дереккөз
Дін өкілдерінің айтуынша, шариғатта әр нәрсенің өз есебі бар. Жеген тамағыңыздың адалдығы үшін де, жасаған жұмысыңыздың барысы үшін де есептесер күннің келетіні анық. Сонымен қатар сұралатын нәрсенің бірі – уақытты ысырапсыз пайдалану. Осы жағы ерекше сұралатын сияқты. Себебі уақыт әрқашан маңызды.

Солай десек те қазіргі таңда уақытты бағалап, қадіріне жетіп жүрген кісілер көп деп айта алмаймыз. Пайдалы істерге көңіл бөлу өте жақсы қасиет. Бірақ, кейде өмірімізге шамшырақ болатын оқу, білім, өнерді жетік меңгеруге уақыт таппай жатамыз. Ал бірақ, достарымызбен кейде 2-3 сағат отырып шай ішуден ешқашан бас тартпаймыз. Достармен кездескен де дұрыс. Алайда, уақытты тиімді пайдалану аса маңызды болса керек. Тіпті, үйдегі өткізілген уақытты ұл-қызымызбен сырласуға, олардың оқуы мен жұмысына, мақсаттарына назар аударуға арнасақ, қанеки! Жастық шақта уақыт өтпей қойды деп, нағыз жалынға толы кезеңнің қадірін білмейміз. Артынан әттеген-ай деп өкініп отырамыз.

Бетеге белде өскен жусан ба екен,

Белімді тәуекелмен бусам ба екен.

Кешегі өтіп кеткен жиырма бесті,

Астыма боз ат мініп қусам ба екен, – деп бабаларымыз бекер өкінген жоқ. Кейде ауылдастар жиналып алып, ащы су ішіп, бос әңгімемен бірнеше күн, айларды өткізіп жатқан жағдайы бар. Бірде көршісінің үйінде ақсақал кісі қайтыс болып жатқанда, өзі де қария болып қалған кісінің: «Қой, ішім пысып кетті. Уақыт өтпей қойды ғой» деп басқа ауылдасының үйіне карта ойнауға бұрылып бара жатқанын көрген едім. Сонда көрші қарияның үйіне қызмет жасау былай тұрсын, ақсақалдың өмірден өткені уақытша өмір сүріп жатқан кісіге әсер етпегені ғой. Сондықтан уақыттың алтыннан қымбат екені рас. Бұл туралы Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаевтың да Құран мен хадиске сүйене отырып, айтары бар.

– Қасиетті Құранның «Асыр» сүресінде уақытты бағалаудың маңыздылығы, Алла жолында өткізілген уақыт берекелі уақыт екені айтылады. Жалпы, күніне бес уақыт намаздың парыз болуы, жылына 30 күн оразаның парыз болуы уақытпен байланысты құндылықтар. Шариғатта: «Екі күні бірдей болған адам ұтылды. Адам баласы күн сайын іліміне, біліміне, жұмысына жаңа нәрсе қосуы керек. Күндерін оқып ізденуге, жаңа дүниені меңгеруге арнағандары жөн. Яғни, бір күні бір күніне ұқсамауы тиіс. Құранда: «Адамдар екі нәрсенің қадірін білмейді. Ол денсаулық пен бос уақыт» деп айтылған. Пайғамбарымыз хадисінде: «Адам баласы қабірге кірген кезде төрт нәрседен сұралмай, әрі қарай бір қадам жылжымайды. Оның бірі – уақыт», – деді. Адам баласы уақытын тиімді пайдаланып, көптеген сауапты істерді істеп, дінге және қарапайым адамдарға пайдасын тигізіп, білімін шыңдауына болады», – дейді.

Тараз қаласындағы мешіттердің бірінде бас имам болып жүрген Марат Сайлаубековке де хабарластық.

«Адамдардың ысырап ететіндігі немесе етпейтіндігі тағдырына жазылып қойған. Көп уақытын ата-анасына көңіл бөлуге арнаған адам көп сауапқа кенеледі, ата ананың разылығын алады. Әкеңіздің немесе анаңыздың: «Балам, саған ризамын» дегенін есту одан кейін ата анаға қарамай кету керек деген сөз емес. Шама келсе басқа қырынан жақсылық жасап, сауапты арттыра берген жөн. Сондықтан ата-анаға арналған уақыт – ең берекелі, сауапты уақыт. Өкінішке қарай, көпшілігіміз осыны дер кезінде түсінбей, өмірге әкелген, бағып-қаққан асыл адамдарымыз мәңгілікке кеткен кезде өкініп жатамыз. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ, қолдан шығып кеткен соң өкіндім-ай» деген халық әнінің шумақтары да дөп айтылған», – дейді ол.

Былай қарасаңыз, кез келген шебер жасаған жұмысына ақы сұрайды. Көлігіңізді жөндетсеңіз де, үйіңізге жиһаз жасатсаңыз да, басқа да қажеттілігіңіздің баршасына ақы төлейсіз. Ал Жаратушы сізге өмір сыйлап, ұзақ жыл уақытты тегін беріп қойды. Сол тегін берілген уақытты ізгі амалға жұмсасаңыз сауабы мол. Ал теріс амал жасасаңыз өзіңізден көресіз. Сіз уақытты қалай пайдаланып жүрсіз?

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар