«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараздық көрермендерді екі күн толқытқан қойылым

Тараздық көрермендерді  екі күн толқытқан қойылым
Автор
Өткен аптаның аяғында Алматы қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер академиялық театры Тараз қаласына өнер сапарымен келді. Аталған театрдың жас актерлері сенбі және жексенбі күндері тәулігіне екі рет аңыз жазушы Әзілхан Нұршайықовтың әйгілі романының желісінде жазылған «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасын көпшілік назарына ұсынды.

Біздің бір байқағанымыз, көрерменнің көптігі. Екі күн бойы залда ине шаншар орын болған жоқ. Бұл Алматыдан академиялық театр келгендігінен бе, әлде қойылатын шығарманың махаббат тақырыбын қамтығанынан ба екен?! Әрине, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романын көпшілік көрерменнің оқып тастағаны анық. Сондықтан, жамбылдық тұрғындар алдында аталған театр ұжымының ерекше жауапкершілікті сезінгені сөзсіз. Сахнаның безендірілуі қарапайым.

Есік, айна, темір кереует, үйдің терезесі, орындықтар. Бәлкім, соғыс енді аяқталған жылдардағы жұпыны жағдайдың бір көрінісі шығар деп түйдік. Бірақ, қойылымның көпшілікті баурап әкететінін әуелден байқағандай едік. Ең әуелі сахнаға Ербол көтеріліп, Меңтайдың өзіне жазған соңғы хатын оқып беріп, сүйген жарының сәбиін өмірге әкеле алмай, қалай жан тапсырғанын қинала баяндайды. Оқиға туралы аз ғана хабар айтылып, елдің алдына Ербол (Елдар Отарбаев) шықты. Оның іздегені «33» аудитория. Оны да алдымен көрермен көпшіліктің ортасынан іздеп, баяу басып сахнадағы есікке жетті. Жетті де тұрып қалды. Ішке кіруге бата алмай тұр. Жуас, адал жігіттің болмысы байқалады.

Сахнадағы жүріп жатқан іс-қимыл көрерменін сендіреді. Бұл кезде «33» аудитория ішінде 2-курстың студент қыздары асыр салып, би билеп жатқан. Оқытушының бір сәт кешіккенін пайдаланған қыздар аудиторияны «бастарына көтеріп» жатқанда, Ербол ішке кіріп келеді. Қойылым міне осылай басталып, одан әрі шиеленісе түсті. Қыздардың үлкен аудиторияға кіріп, абдырап тұрған жігітке түрлі әзілдер айтуы, жанына тие сөйлеулері де шынайы шығып жатты. Кенет «Қыздар, ағайды сонша әурелегендерің не? Ұялттыңдар ғой. Ағай, қош келдіңіз. Қыздар сізге әзілдеп жатыр. Олардың сөзіне мән бермеңіз. Одан да жүріңіз. Мен сізге өз орныңызды көрсетейін» деп бір қыз жанашырлық танытты.

Бұл есімі бәрімізге таныс Меңтай (рөлде Гүлбахрам Байбосынова) болатын. Ербол Меңтай меңзеген орынға жайғасты. Екеуінің арасындағы махаббат міне дәл осы жерден басталғаны анық. Әсіресе, Ербол инабатты да ибалы, сабаққа зерек қызға қарай барлық жан-тәнімен құлап бара жатты. Мұнан әрі қойылым Жаңа жыл кеші қарсаңында Ербол мен Меңтайдың жатақханада қалып қалуымен өрбиді. Себебі, Ерболдың әкесі мен анасы соғыс жылдарында қайтыс болып кеткен. Жалғыз қарындасы тұрмыста.

Меңтайдың да анасы басқа әлемде, ол да бір өзі. Меңтайдың осы сәтте Ерболды өз бөлмесіне келіп кетуге шақыруы, жатақханасының және бөлмесінің мекенжайын дәптердің парағына өз қолымен жазып беруі жігітке керемет әсер еткен. «Виноградов көшесі, 62, бөлме 62. Екі рет 62 ғой ағай» деп қиыла өтінуі де қыздың көңілінен хабар бергендей. Одан әрі жігіттің Меңтайды бөлмесіне іздеп баруы, есіктің ашық қалуы, қыздың қызыл көрпе жамылып тәтті ұйқыда жатуы көрініс береді. Сол әсермен Ерболдың «Қызыл көрпе» өлеңін жазуы әсерлі шықты. Меңтайдың ол өлеңді дұрыс қабылдауы, бүкіл курстас қыздарына оқып беруі де көрерменді еріксіз өзіне тартып отырды. Осы тұста ерке студент қыз Зайкүлдің: «Әй, Ербол сенің осы Меңтаймен не пәлең бар. Оның қызыл көрпесіне дейін арнап өлең шығарасың. Басқаға неге көз салмайсың. Қызыл керек болса менің күрткем де, көйлегім де, туфлиім де қызыл.

Тіпті өзім де қып-қызыл от емеспін бе?» деп күлдіруі оқырманды бір серпілтіп тастады. Бұл шығармада көптеген тиімді шешімдер бар. Ең алдымен сахнадағы іс-қимылдар көрерменге түсінікті. Мұнан соң көптеген диалогтар әзілге құрылған. Қойылым махаббат туралы болған соң, ішінде әзілдің болуы да жарасымды деп бағаладық. Бір сөзбен айтқанда, жас режиссер Фархат Молдағалидың шешімдері ұтымды шыққан дер едік.

Қойылымда 2-курс студенттерінің жарасымды сәттері ойын арқылы берілген. Ойын болғанда да әр студенттің өнер көрсетуі, ол үшін жігіттер сыйлыққа қыз бетінен сүюі әсерлі көрсетілді. Әсіресе, Ерболдың өзі көрсеткен өнерінен соң мең-зең болып, Меңтайға ұмтылуы, ибалы қыздың ұялып шегіншектеуі көрерменін сендіреді. Осы қылығы үшін де Ербол ғашық адамынан кешірім сұрап жүр. Меңтай сол сәтте:

«Ойынның шарты солай болды ғой, ағай. Қарындасы ағасына ренжи ме екен?» деуі жігіт пен қыздың арасындағы сезімнің алаулап бара жатқанын аңғартқандай еді. Осы тұста курстас Жомартбектің Ерболға «Інісі ағасына өкпелей ме екен?» деп қалжыңдауы көрерменді де сергітіп отырды.

Ербол мен Тананың кездесуі, екеуі де адалдықтарын сақтауы сонша шынайы. Қойылымның әр сәті әсерлі. Меңтайдың айлы кеште оңаша отырғанында жанына Ерболдың баруы, ғашық жігіт бар батылдығын жинап, «Меңтай, мен сені сүйемін» деп айтқанда, араларында кедергі орнай бастаған еді. Меңтай осы сәтте таңдау жасай алмай дал болып жүргенін, Тұмажан Ошақбаев деген азамат келіп кеткенін, «Соғыста сенің ағаң Жүніспен бірге болғанмын. Жүніс жараланып, жан тапсырар кезінде елге бара қалсаң менің қарындасым Меңтайға бас-көз бол деп аманат етті. Тіпті, тілхат қағаз да жазып берді. Мендік бол. Ағаңның аманатын орында» деп тұрып алғанын, «иә» деп уәдесін бергенін айтады. Осы тұста Ербол мең-зең күйге түседі.

Меңтай болса:

«Ағай, ол жігітті мен сізден артық көрмеймін. Мен сізге ғана сенемін. Егер уәдеңді бұз. Мендік бол десеңіз, мен тек сіздікі боламын, ағай» деуі де жүректерге жетіп жатты. Ал, өзі де майдангер Ербол соғыс солдаты Тұмажанға құрметпен қарап, Меңтайға уәдеңді бұз деп айта алмайды. Ал, қай кезде де мейірім мен зұлымдық, жақсылық пен жауыздық қатар жүретіні белгілі. Ербол мен Меңтайдың жүректері қандай ақ, адал болса, Тұмажанның тұла бойы жамандықпен көмкерілген еді. Ол өте арсыз, тұрақсыз, көрсеқызар біреу. Меңтайды да бағалап, құрметтеп жүргені шамалы. Тек мақсаты қыздың абыройын төгіп кету. Ақыры ол мақсатына да жетіп, Меңтайды қорлайды. Тіпті, қарулы Тұмажанға шамасы келмей алысып жатқанда да, ол «Ағай» деп айқайлайды.

Міне, сол айқайлауы арқылы да жүрегі кім деп соғатынын аңғартады. Ал, Тұмажан секілді адамдарға оның жүрегі де, көңілі де керек емес еді. Айтпақшы, Меңтайдың бөлмесін табуы үшін Тұмажанға жол көрсетіп жүрген де Ербол. Сол аңғалдығына кейін өлердей өкінеді. Режиссердің ұтымды шешімдері көп. Соның бірі Тұмажанға қорланған Меңтайдың азапқа түсуі, ақыры қызыл көрпеге жамылған күйі сахнадан шығып кетуі деп едік. Бұл арқылы Меңтайдың бүкіл ұяты көрінгендей әсерге бөлендік.

Бұл жағдайдан соң Ербол сырттай бөлімге ауысып, көрші облысқа газет жұмысына кетіп қалады. Меңтайды да, өзін де қинамайын дегені. Осы бір қасіретті жағдайдан соң Ербол мен Тұмажанның кездесуі, Тұмажан Ерболға қыздың ағасына зират қоймай, шұқырға итере салдым деуі, ауылдағы бай жесір әйелге үйленіп алдым деуі де жүрегімізді тіліп өткендей еді. Ақыры соншама жағдай, соншама оқиғадан соң Ербол Меңтайды іздеп барып жүздеседі. Екеуі біріне бірі сырларын айтып, түсінісіп, мәңгілікке табысады.

Бұл екеуінің ең бақытты жылдары еді. Сол бақытты уақыт екі жылдай мерзімге ғана созылады. Ең әсерлі сәттің бірі – Заманның соғыстан тірі келіп Танаға қосылуы. Олар бір ұлдарын «Ербол», қыздарының есімін «Меңтай» деп қоюы досқа деген адалдық деп білдік. Бұл қойылымнан көрермен үлкен әсер алғанын ұзақ қол шапалақтау арқылы ұқтырды. Ал, біз театр директоры Ақылдос Тәжиевті сөзге тарттық.

«Бұл театрлардың байланысы. Біздің актерларға және қызметкерлерге үлкен әсер береді. Бұл академиялық театр қойылымдарынан біздің театр жастарының үйренері көп. Алда да мұндай байланыс жалғаса береді», – дейді ол.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар