
Аталмыш білім ошағы 2000 жылы Тараз қаласының Құрметті азаматы, техника ғылымдарының докторы, профессор Сағат Жүнісбековтің қажырлы еңбегінің нәтижесінде құрылған болатын. Білім ордасын қалада бірнеше жылдан бері бос, қараусыз тұрған ескі ғимараттарда ұйымдастыруға тура келді. Колледжді ұйымдастыру құрылтайшыға оңай түскен жоқ, кез келген жаңа істерді ұйымдастырғандағы сияқты, бұл жұмыста көп күш пен шығындарды қажет етті.
Осы мәселелердің барлығы Сағат Сұлтанұлының жігерлілігі мен табандылығының арқасында және де жас ұжым қызметкерлерінің аянбай қызмет атқарғандарының негізінде еңсерілді.
Сонымен, 2001 жылы колледж алғашқы студенттерін қабылдады. Әрине, бұл істің де өз қиындықтары болды. Білім ошағы алғашқы жылы тек 87 талапкерді, ал келесі 2002 жылы 157 талапкерді қабылдады. Осылайша колледжді әрі қарай дамыту үшін, білімгерлерді қабылдау ережелерін жаңғырту, оқуға түсетін талапкерлердің арасында кәсіптік бағдар беру жұмыстары бойынша бірқатар бағыттар айқындалды.
Бұл ретте облыстың индустриялық-инновациялық дамыту жоспарларын талдау, мекемелерге, ұйымдар мен кәсіпорындарға, колледжде дайындалатын мамандардың қажеттіліктерін және облыстағы жетекші кәсіпорындардың материалдық базасын және олардың даму үрдістерін зерделеу, ұйымдар мен кәсіпорындардың ұсыныстарын ескере отырып, жаңа, заман талаптарына сай мамандықтар ашу жұмыстары назардан тыс қалмады. Уақыт өткен сайын аталған іс-шаралар жүзеге асырылып, өз нәтижелерін бере бастады.
Қабылданған студенттердің саны жылдан жылға айтарлықтай өсті. Мысалы, 2003 жылы білімгерлердің саны 604 болса, 2004 жылы – 790, 2005 жылы – 842, ал 2007 жылы 1166-ға жетті. Колледжде өңірдегі кәсіпорындармен, мекемелермен тұрақты түрде байланыста болу ұстаздар үшін дәстүрге айналған. Ұстаздар кәсіби жұмысшы мамандармен, мекеме басшыларымен, инженерлермен кездесіп, пікір алмасып, өңдірістердегі жаңа технологиялық тізбектермен танысып, оларға керек жаңа мамандықтарды анықтауға тырысады.
Колледж алғашында 17 мамандықпен ашылған, оның 6-ы гуманитарлық, ал 11-і техникалық мамандықтар болатын. Жоғарыда аталған іс шараларды жүзеге асыру нәтижесінде, мамандықтар сұрыпталып, зерделеніп, қазіргі кезде мамандықтардың саны 17-ден 14-ке дейін қысқартылып отыр. Оның 5-і гуманитарлық, 9-ы техникалық мамандықтарды құрайды. Аталған мамандықтардың барлығы да заман талабына сай, сұранысқа ие білім бағдарламалары саналады. Ұйымдастыру жұмыстары қалыптасқаннан кейін, 2007 жылдан бастап, колледж елімізде жұмыс істейтін ең ірі компаниялармен ынтымақтастық байланыс жасау жұмыстарын қолға ала бастады.
Мысалы, 2007-2008 оқу жылында колледж «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық акционерлік қоғаммен келісімшартқа тұрып, 5 жылдың ішінде бұл ұжымға 80 адамға жуық орта буын жұмысшы мамандарын дайындап берді. Дәл осындай жұмыстар «ҚазТрансГаз», «KEGOC» АҚ, «Қазфосфат» ЖШС, тағы сол сияқты ірі кәсіпорындармен келісімшарттар жасалып, жүзеге асырылды. Білімгерлердің колледж аудиториялары мен тәжірибе бөлмелерінде алатын теориялық білімдерін, өңдірістердегі технологиялық тізбектердің жұмыстарымен ұштастыру үшін облыс аймақтарындағы үлкенді кішілі 40-тан астам мекемелермен келісімшарттар құрылған.
Студенттер бұл мекемелерде оқу жоспарына енген өңдірістік тәжірибелерін тұрақты түрде өткізіп отырады. Сонымен осы аталған келісімшарттардың нәтижесінде соңғы жылдары колледж мемлекеттен 332 техникалық мамандарды дайындауға тапсырыс алған. Тапсырыс бойынша оқуға түсіп, бітірген орта буын, жұмысшы мамандар өз кәсіпорындарына барып, кедергісіз жұмысқа орналасады.
Айта кетейік, тапсырыспен оқуға түскен студенттер өздері таңдаған мамандықтан басқа тағы бір қосымша мамандыққа ие болады. Мысалы, машина жөндейтін маман қосымша дәнекерлеу мамандығын игеруге мүмкіндік алады. Колледж 2009-2010 оқу жылынан бастап Оқу министрлігі жариялаған грант конкурстарына қатысып келеді.
Тәртіп бойынша грантқа оқуға түскен талапкерлердің оқуды ұйымдастыруға кеткен шығындары мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі. Бүгінгі күнге дейін колледжге арналып 1228 грант бөлінген, онын 498-і оқу бітіріп, халық шаруашылығында қызмет істеп жүр. Өзінің материалдық-техникалық базасын дамыту, колледж үшін ең қажет, көкейтесті мәселелердің бірі. Техникалық жұмысшы мамандықтарға арналған он шақты тәжірибелік зертханалар Тараз қаласы, Ж.Аппасова көшесі, №25 ғимаратта орналасқан.
Атап айтсақ, бұл ғимаратта слесарлық және ағаш шеберханасы, газды және электрлік дәнекерлеу цехы, металл-пластикалық терезелер мен есіктерді құрастыру, автомобильдерді жөндеу, жүріс бөлігі мен қозғалтқыштарды диагностикалау және жөндеу, вулканизация, автокөлік цехтары, шағын наубайханалар жұмыс істеп жатыр.
Материалдық-техникалық базаның қарқынды өсуі, колледжбен келісімшартқа отырған серіктестіктердің үздіксіз қолдауларының нәтижесі деп қарастыруға болады. Мысалы, Тараз – Қаратау – Жаңатас химиялық кешенін ұйымдастырып игеріп жатқан «Қаратау» мемлекеттік компаниясы, колледж үшін өндірістік техникалары мен көлік машиналарының әртүрлі күрделі тораптары мен бөлшектерін сыйлады. «Бетпақ дала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жер қыртысын бұрғылайтын бұрғылау қондырғысын ұсынды. Дәл осындай ұсыныстар «Таукент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Казатомпром», «Қазфосфат» сияқты і р і компаниялардан да қабылданды.
2017-2018 оқу жылынан бастап колледж дуальды оқыту жүйесін оқу үрдісіне енгізе бастады. Дуальды оқыту жүйесі алдымен «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру» мамандықтарына енгізілді. Бұл іс-шараға 2-ші, 3-ші курстардың 70-ке жуық студенттері қатысты. Қазіргі кезде, дуальды оқыту жүйесін жүзеге асыру үшін қосымша 12 мекемемен келісімшарт жасалды. Осы мекемелерде дуальды оқыту жүйесі бойынша оқып жүрген білімгерлердің саны бүгінгі күнде 130-ға жетті.
Колледжде жұмыс істеп жүрген ұстаздардың барлығы өз пәндері бойынша жоғары білім алған. Ұстаздардың 87 пайызы штаттық орындарға ие, 15,6 пайызы педагог-шебер санатында, 17,2 пайызы педагог зерттеуші , 54,2 пайызы педагог-сарапшы санаттарына ие, 13 пайызы штаттық емес орындарға ие оқытушылар. Сонымен қатар, колледжде 1 техника ғылымдарының докторы, профессор, 1 Phd докторы және 1 ғылым кандидаты, доцент, 4 өндірістік оқыту шебері жұмыс істейді. Жыл сайын біліктілігін арттырудан өткен оқытушылар саны 21 пайыздан 23 пайызға артқан.
– Кез келген мемлекеттің экономикасы мен тәуелсіздігінің негізін, сол мемлекеттің өндіріс орындарының, ауыл шаруашылықтарының және білім мен ғылым салаларының даму қарқыны анықтайды. Осы ұстаныммен облыстағы өнеркәсіп мекемелерін білікті, шебер орта буын жұмысшы мамандарымен қамтамасыз ету мақсатында Тараз қаласында гуманитарлық техникалық мамандарды дайындайтын колледжді ашу туралды шешім қабылданған болатын. Колледж 25 жылдың ішінде орта буын жұмысшы мамандарды дайындау жұмыстарын лайықты деңгейге көтерді деуге болады. Соңғы 5-6 жыл ішінде колледжде оқып жүрген студенттердің саны шамамен 1250-ді құрайды. Оқу үрдістерінде IT- технологиялар, жаңа білім беру технологиялары, жаңа әдістемелік жұмыстар кеңінен пайдаланылады. Өткен жылдарда біздің колледжді бітіріп, техникалық гуманитарлық мамандықтарға ие болған орта буын жұмысшы мамандардың саны 4260-қа жетті. Статистикаға қарағанда, олардың 80 пайызы облыстың өңдірістері мен мекемелерінде жұмысқа орналасып, табысты еңбек етуде. Бұл көрсеткіштердің бәрі Тараз гуманитарлық техникалық колледжінің оқытушылары мен басқа да қызметкерлері үшін үлкен мақтаныш, – дейді колледж құрылтайшысы Сағат Жүнісбеков.
Колледж 2020 және 2022 жылдар институционалдық және мамандандырылған аккредиттеуден, ал 2023 жылы мемлекеттік аттестациядан сәтті өткен. Соңғы жылдары білім ошағының студенттері «WorldSkills» бағдарламасы бойынша қалалық және облыстық деңгейлерде ұйымдастырылатын іс-шараларға тұрақты түрде қатысып келеді.
Биыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында да колледжде жұмысшы мамандықтарды насихаттау үшін арнайы жоспар құрылған.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді