
– Иә, ағамен бір адамдай араласып, сыйластық қой. Тіпті талай рет сапарлас болғаным есімде. Еңбегіне адал, ары таза, қаламы жүйрік қаламгер еді. Ой жинап, қалам тербеп көрейін, – деп күмілжи жауап бердім. Сұңғақ бойлы, қағілез, мосқалдау болса да қимылы ширақ осы бір азаматты Тараз қаласының орталығынан жиі көруге болатын еді.
Таңертең құстармен таласа ерте тұрып, үстіне спорттық киімін киіп алып, қала орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақ ішіндегі аллеяларының бірімен жүгіре басып, қызара бөртіп, терлеп-тепшіп денешынықтыру жасап жүрсе, түске қарай сымдай таза жинақы киініп, аяқ киімдеріне шаң жуытпай, жылтыратып, қолына баспахана бояуының исі кете қоймаған бір бума жаңа газет-журналдарды мығымдай ұстап, аяқтарын нықтап асықпай, жаймен, ойлана басып бара жатады. Ал, кешке қарай қаланың саябағының маңында қасына замандас құрдас екі-үш қарияны ертіп алып, салихалы әңгімелері жарасып, таза ауада серуен құрып жүреді. Әрі-бері өткен адамдар оларға бұрылып ілтипатпен сәлем беріп, жылы шыраймен амандасып жататын.
Бұл – ол үшін күнделікті, көп жылдардан қалыптасқан үйреншікті әдет болатын. Мен журналист Сағат Арынұлымен өткен жүзжылдықтың сексенінші жылдардың соңында таныстым.
Облыстық газет редакциясына бір жұмыспен бара қалсам, сол жерде көзілдірігі бар жігіт ағасы:
«Сен сарысулық екенсің ғой. Екеуміз жерлеспіз. Мен де сол елдің перзентімін. Алдағы уақытта ағаңа іздеп келіп сәлем беруді ұмытпа», – деп қолын ұсынды.
– Мен Сізді сырттай жақсы білемін. Бірақ, дидарласудың сәті түспей жүр еді. Жақсы аға тапқаныма қуаныштымын, – деп аса ризашылықпен екі қолымды ұсындым. Содан кейін екеуміз ағалы інілі болып алдық. Күнделікті шығып жатқан Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Aq jol») газетінен «Сағат Арынов» деп қол қойылған материал кездесе қалса, ерекше зер салып, шұқшия оқитын болдым. Республикалық басылымдарда жиі болмаса да арагідік тартымды публицистикалары мен жырлары, суреттемелері мен проблемалық очерктері, толғаныстары мен ой-пікірі жарық көріп тұрады. Сонда бір байқағаным, бұл автор қай мәселе төңірегінде сөз қозғамасын, проблема көтермесін оны терең қазбалай зерттеп, әбден иін қандырып қана баспаға ұсынатыны. Келе-келе біз ойы ортақ, жақын сырлас жандардай араласып кеттік. Кездескен сайын газет-журналдарда жарық көрген қызықты материалдар төңірегінде пікір алмасып, әлде бір себептермен оқи алмаған қызықты мақалалар жарияланған газет-журналдармен алмасып тұратын болдық.
Бірде телефон шалып:
– Сағындық інім, еңбек демалысында жүргеніңді естідім. Саған бір жақсы, жағымды ұсыныс жасамақ болып хабарласып отырмын. Арқадағы Ақадыр кенті маңында батыр Байғозы бабамыздың 300 жылдығы аталып өтілмек. Ағайындар бас қосып үлкен ас беріп, Құран оқытпақшы. Соған қонаққа шақырылған болатынмын. Сен маған жолсерік бол, барып қайтайық. Оған баратын көлік дайын. Күтіп алатын ағайындар да бар...
– Иә, жарайды, аға. Ел көріп, жер көріп, бір желпініп қайтайық, – деп келісімімді бердім. Ұзақ жол бойы Сағат аға өзінің ата-бабасының тарихын, шежіресін, әдебиет, тарих, ел арасындағы аңыз әңгімелер туралы сыр тербеді. Ол қаламы төселген танымал шебер қаламгер ғана емес, тарих пен шежірені, әдебиет пен өнерді анау мынау ізденуші-ғалымнан кем білмейтіні мені өзіне тәнті етті. Мен оның айтқан әңгімелерінен есімдері елге белгілі журналистермен, ақындармен, жазушылармен, ғалымдармен, мемлекет қайраткерлерімен және өнер адамдарымен қоян қолтық араласып, сыйласып тұратынын ұқтым. Сақаң журналистикамен өткен ХХ ғасырдың елуінші жылдарында Қазақтың мемлекеттік С.М.Киров атындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы) университетінде оқып жүрген кезден айналыса бастапты. Қаламгерлік еңбек жолын дипломды маман ретінде ол Жамбыл облыстық «Сталиндік жол» (қазіргі «Aq jol») әдеби қызметкер болудан бастап, ол ұжымда қызмет істеген көптеген білікті, білімді, қаламдары төселген журналистермен тізе қоса еңбек етіпті. Қаламы төселген журналистердің өзі Сақаңның жастығына қарамай, дайындаған мақалаларын шебер, толыққанды етіп жазатынына тәнті болыпты. Ол өз ортасында шындық пен әділдіктен таймайтын мінезі үшін, еңбекқорлығымен, арының тазалығымен жас кезінен сыйлы бола бастайды.
Содан кейін, газеттің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы болып көптеген жылдар тер төге еңбек етіпті. Жамбыл ауданының «Шұғыла» – «Радуга» газеттерінің алғашқы бас редакторы болып он жыл бойы жұмыс істеп, одан кейін ұзақ жылдар өлкелік, облыстық радиокомитеттің редакторы, аға редакторы болып, жемісті қызмет атқарды. Сол жылдар ішінде халыққа адал қызмет етуден бір танған емес. Айнала дүниеде, қоғамда не болып жатқанына немқұрайды қарау деген оның болмысында жоқ. Бәрін, шындықты да, қасіретті, жиренішті жамандықты да ол өз жүрегімен сезініп, санасының елегінен өткізеді.
Жағымсыз, теріс, төрешілдік, көпшіліктің көңіліне қаяу түсіретін қоғамдағы жайсыз көріністерді жүзің бар, бетің бар деп бүкпей, көлеңкелемей, бадырайтып тұрып ашық жазса, қуанарлық ұлағатты істерді жалындата жазуды жаны жақсы көреді. Сағат Арынұлы ағамыз өзінің журналист болғанын әрдайым мақтаныш ететін-ді. Оның қаламынан шыққан проблемалық очерктері республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), халқымыздың әдебиеті мен мәдениеті туралы толғаныстары «Қазақ әдебиеті», кейінірек «Азат», «Алаш үні», «Алтын Орда», «Айғақ», жастардың өнегелі істері мен проблемалары жайлы ой-пікірлері «Лениншіл жас» («Жас алаш») газеттері мен басқа да басылымдарда мезгіл-мезгіл жарияланып тұрды.
Ол көркем очерктерінде жаны жайсаң еңбек адамдарын, замандастарын қаз-қалпында шындыққа сай өрнектеп, олардың тап-таза бейнелерін жасап, ерлікке бергісіз қалтқысыз қызметтерін көпшілік тәрбие алатындай шебер суреттей білді. Ал, проблемалық мақалалар жазатын болса, алға қойған мақсатты орындау үшін оны түбегейлі терең зерттеп, әбден кемеліне келтіріп, иін қандырып, толық «пісіру нүктесіне» жеткізіп барып, жұп жұмыр тартымды да қызықты етіп көпшілікке ұсынады. Ондай дүниелері әрқашан оқушылардың жүрегінен орын тауып, мақалада көтерілген проблема көздеген жерге дөп тиіп, кейін уақыт оздырмай өз шешімін тауып жататын-ды.
Мысалы, Сағат Арынұлы сол кездердегі алып құрылыстардың бірі Қаратаудың иен байлығы игеріле бастаған шақта фосфор кен-руда төңірегіндегі проблемалар туралы, облыстық, республикалық басылым беттерінде дүркін-дүркін мақалалар жариялады. Жер қойнауындағы ел байлығын тиімді пайдаланып, онда қазақ кадрларының өсіп-жетілуіне, сол кезде іргелері қаланған кеншілер қалалары Қаратау мен Жаңатастың көркеюіне көп еңбек сіңірді. Екінші бір оны толғандырған мәселе әрбір қазақтың сағынышпен еске алатын – ауыл өмірі, ондағы еңбеккерлер келбеті. Бұл проблема төңірегінде Сақаң көптеген жылдар бойы талмай қалам тербеді. Оның қаламынан шыққан «Сарыарқа, сәнді Арқа, Сайран Арқа…» деген проблемалық очеркі сол жылдары республикада азық-түлік бағдарламасын орындау үшін майда тұяқ санын 50 миллионға жеткізу ұраны айқайлап тұрған жылдары дүниеге келген болатын.
Очеркте журналист қазақтың кең жайылымы Сарыарқа өңірін жаз жайлау ретінде Жамбыл облысының малшылары үшін тиімді пайдаланып, онда жүздеген мың мал өсіруге болатыны жайлы, оның мемлекет үшін өте тиімді екені жайлы білгірлікпен жазған болатын. Кейін ол ұсыныс республика деңгейінде шешіліп, көптеген жылдар (КСРО ыдырағанға дейін) Сарыарқа жайлауының миллиондаған гектары жамбылдық малшыларға мал өсіру үшін беріліп, ет өнімін молайтып, ел игілігіне жұмсалғаны әлі есімізде. Сақаң жазған проблемалық мақалаларының тақырыптарының өзінен олардың қанша жүк көтеріп тұрғанын бірден байқауға болатын еді.
Мәселен, «Мойынқұмның тіршілік-тынысы неге тарылып барады?», «Шабақты өзені – құбырға, Сарысу ауданы – құрдымға немесе тағы да ақтабан шұбырынды басталды ма?», «Бабалар дәстүрін кім жалғастырады?» және «Ботакөз сахарада қына терген» және басқалары. Кезінде Сағат Арынұлының шәкірті болған, кейін Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына сайланған журналист-жазушы Жандар Кәрібаев Сағат Арынұлының ауыл өміріне арналған мақалаларын оқып отырып: «Сақаң – ауыл өмірінің білгірі» деп оның ауыл шаруашылық мәселелерін түбегейлі жазатынын ризашылықпен атап жазыпты. Одан әрі ол «Журналистің мәселені дұрыс көтеруінің арқасында Сарыарқа мал жайылымы игеріліп, үлкен жоспар жасалып, соны іске асыру тиянақты қолға алыңды», – деп атап көрсетті.
Қоршаған ортаны, табиғатты қорғау, су көздерін сақтау, ауылдарды көркейтіп көгалдандыру проблемалары төңірегінде жазған мақалалары да тұщымды дүниелер. Ол өзінің тынымсыз сапарларында еліміздің атақты адамдарымен кездесіп, солардың айтқан пікірлерін тәбәрік ретінде қалың көпшілікке ұсынуды әдетке айналдырған еді.
Сақаң сондай бір мақаласында былай деп жазады: «…1966 жылдың июнь айында академик Әлкей Марғұлан Сарысу ауданының Сарыарқадағы Күзек атты жерінде болғанда туған жерді көздің қарашығындай сақтау керектігіне баса назар аударған болатын.
Ғұламаның тебіреніспен айтқаны мынау:
– Біздің бала кезімізде осы жерде Сарыкөл деп талатын шалқып жатқан көл бар еді. Жағалай ел иін тіресе қонғанда суы ортаймайтын, жайылымы да түгесілмейтін. Қазір сол көл атымен жоқ, жер жұтаң тартып барады екен. Адам мен айналадағы ортаның өзара қатынасындағы енжарлықтан ғой, бұл шамасы. Табиғаттың береген қолын сараң тартқызуға, оның шырқын бұзуға әсте болмайтынын адамдарға ұғындыруымыз жетіспейді-ау. Оны болашақ ұрпаққа қаз-қалпында, жомарт күйінде мұраға қалдыру керек емес пе? Осы ақиқатты неге түсінбейміз?
Бұл жазылған сөздер кімді болмасын бей-жай қалдырмай терең ойға салады, өзімізді қоршаған табиғат анаға қамқор көзбен, сый-құрметпен қарауға жетелейді. Қаламы ұшқыр журналистің XX ғасырдың 90 жылдары елімізде орын алған жаппай қожырау, белең алған берекесіздік, сүреңсіз көрініс, әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа ұшыраған қарапайым халық істерге жұмыс таппай сеңдей соғылып, балаларына тамақ, киім тауып беруі мұң болған сәттерді көзімен көріп, жүрегі езіле, ашына жазған проблемалық мақалалары көпшілікті селт еткізбей қоймады.
Бұлардан оқырмандар рухани дем-қуат алып, іздеп жүріп оқыды. «Жекешелендіру» деген дақпыртпен облыс орталығындағы Алаштың ұлы тұлғалары Шоқан Уәлиханов, Кенен Әзірбаев атындағы кинотеатрлар «прихватизацияға» ілініп, халықтың мәдени тілек-талабы ескерілмегені және бір «білгіштердің» облыстық қазақ драма театрынан Абайдың есімін алып тастағаны, сол сияқты Тараз қаласының алаңдарында соңғы жылдары қойылып жатқан ескерткіш-монументтердің талғамға сай келмейтін көріксіздігі, сапасыздығы, оларға талаптың бәсеңсіп бара жатқаны жайлы қынжыла жазған болатын.
Сағат Арынұлы көп жылдар бойы «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің штаттан тыс тілшісі, белсенді авторы болды. Ол – білгір, төселген, саңлақ журналист-зерттеуші болатын. Журналистік іс-сапарларда жүргенде Сақаң ел ортасындағы шежірелер мен аңыз әңгімелерге, тарихи деректерге ерекше зейін қойып, оларды ыждаһаттықпен қағазға түсіріп жүретін жақсы әдеті бар еді. Соның арқасында оның қаламынан көптеген тарихи оқиғалар, шежірелер, аңыз-әңгімелер, кітап, очерк, зерттеу болып дүниеге келді.
Мысалы, Шу бойында өмір сүрген қыл ішектің абызы атанған Ықылас Дүкенұлының өмірі мен творчествосын зерттеп, оның бұзылып, тозып, жермен жексен болып далада иесіз қалған зиратын тауып, соны жаңғыртып, жаңа белгі қойғызған осы Сағат Арынұлы ағамыз болғанын біреу білсе, біреу біле бермейді. Оның бұл дала сазгері жайлы мақалалары облыстық, республикалық басылымдарда бірнеше дүркін жарық көрді. Содан кейін-ақ, Сарысу ауданының орталығы Саудакентте атақты қобызшы Ықылас Дүкенұлының әйдік ескерткіші салынды, мұражайы ашылып, оның шығармасы жиналып, республикалық дәрежеде мүшелтойы аталып өтті. Сақаң XVIII ғасырда өмір сүрген жоңғар шапқыншылығына қарсы аса бір ерлікпен күрескен қаһармандарының бірі – Байғозы батыр туралы танымдық тарихи деректер жинап, оны сараптап талдап, ерінбей саралап, көлемді мәнді дүниеге айналдырып, ел назарына ұсынды. Сақаң Ұлы Отан соғысында мерт болған сарысулық жауынгер-мерген Ыбырайым Сүлейменов туралы қызғылықты дерек жинап, оның өмір жолы мен майдан даласындағы ерлігін сипаттайтын очерк жазды.
Ол «Егемен Қазақстан» газетінің толық бір бетінде «Мерген» деген атпен жарияланып, онда қазақ солдатының асқан мергендігімен 341 фашист солдаты мен офицерін жер жастандырғаны жайлы хабардар ете келіп, бұл ержүрек азаматқа «Халық қаһарманы» атағын беру жөнінде ұсыныс жасаған еді. Бұл дегенің халқын, елін сүйген адамның іс-әрекеті болатын. Содан кейін ақ ел-жұрт Ыбырайым Сүлейменов туралы мәліметке қанығып, Мемлекет басшысына дейін жетті. Сөйтіп, әділет орнап елі үшін ерлікпен жаны пида болған жерлесіміз Ыбырайым Сүлейменовке 2022 жылы «Халық қаһарманы» атағы беріліп, Тараздағы оның есімі берілген көше бойына ескерткіш-бюсті қойылды, туған ауылы Сарысу ауданының Ұйым орта мектебіне аты берілді.
Ресейдің Невель қаласының бір көшесі де ержүрек батыр Ы.Сүлейменовтың атымен аталады. Сағат аға белгілі ақын, жазушы-революционер, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен творчествосы туралы тың деректер тауып, оларды зерттеп, оның бұрын белгісіз болып келген өлеңдерін қағазға түсіріп, көпшілікке жеткізді. Соның бірінде «Сәлем де Көкшетаудың биігіне…» (Сәкеннің туған елмен қоштасқан соңғы өлеңі, «Қазақ» газеті, 2-9 қазан, 2009 жыл) деген жыр шумақтарын жаңғыртып, дүйім елге қайта танытты: «Сәлем де Көкшетаудың биігіне, Бауырында ойнақ салған киігіне. Ұсталып, «халық жауы» боп кетіп барам, Қайтып кеп оралам ба үйіріме. Халқыма оқ атқам жоқ, атпаймын да, Халқымды сатқаным жоқ, сатпаймын да. Қамалып, «халық жауы» боп кетіп барам, Білемін, бұл сапардан қайтпаймын да. Жауым деп халқым мені ойламасын, Сәкенін кейінгі ұрпақ есіне алсын. Кеудемде ат басындай арман кетті-ау, Шіркін-ай, мұны қайтіп ұмытарсың?!.»
С.Арыновтың поэзиядағы кесек шығармалары да жетерлік. Оның «Қайран, менің қазағым», «Әке тағылымы», «Ақын мен әкім», «Қайда жүр», Сарысудың жақсылары» дейтін толғауларының, балладалары мен мысалдарының айтар ойы, көркемдік деңгейі биік. Бұл орайда, ардагер ақын Мұзафар Әлімбаевтың: «Қайсы өлеңің болса да тебіреністен, үлкен толғаныстан туған екен. Әлбетте, әдемі ақындық төркіні – сол! Лексиконың бай, шұрайлы екен. Өрнекті бейнелер мен тың айшықтар ақындық қуатты танытса керек», деген лебізі де ойға қонады.
«Менің Сақаң туралы жазуым көптен көкейімде жүретін. Мен оның шәкірті болдым, азаматтық, адами қасиеттерінен үлгі алдым. Орталық Комитет мені үлкен жұмысқа шақырғанда қимай тұрса да жастығымды ойлап, аудандық партия комитетіне айтып, жауапты қызметімнен босатып жіберді. Жас шағымда, қалам ұстаған кезде ағалық жағалық жасап, өзінің қанатының астына алды. Бұл орайда мен қалам ұстаған ұзақ жолымдағы Сақаң, республикаға белгілі журналистер Баттал Жаңабаев, Баянжан Мәдиев, Ұзақ Бағаев, Әбділда Дүйсенов сияқты ұстаздарымның да ұмытылмас ұлағатын, белгілі ғалым-журналист Әбдеш Қалмырзаевтың да шапағатын көрдім. Мұны мына зымырап өтіп жатқан заман көшінде, біразы бақилық болып, көзі тірілерінің жастары ұлғайған шақта ақжайлауым ағаларымды еске алу да бір ғанибет деген ниетпен айтып отырмын», – деп жазады «Егемен Қазақстан» газетінің ардагер-журналисі Мырзабай Кеңбейіл.
Ол қоғам көшінен қалмай, уақыт талабына сай үн қосып отыратын көкірегі ояу, зерделі оқырман да. Бірде өз кабинетімдегі газет қиындылары салынған папкаларды аударып отырып, көзіме республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 1997 жылғы 18 қазан күнгі нөмірде жарияланған «Қазақ рухының жалауы» деген мақала қиындысы түсе кетті. Авторы өзіміз білетін алғыр журналист Сағат Арынұлы, бұл материал автордың суретімен газеттің бірінші бетінде берілген екен. Сақаң ел газеті жайлы оқырман ретінде жылы пікір білдіре келе «Газет қалың оқырман арасында үлкен беделге ие болды. Ылғи да әділеттің, ақиқаттың, адамгершіліктің, достықтың туын жоғары ұстап келеді. Сондықтан, оны қазақ қауымы үнемі қастер тұтады, өзінің ақылшысы санайды», – деп ойын түйеді.
Сақаңның баспадан шығарған бірнеше кітаптары бар. Солардың ішіндегі шоқтығы биігі – соңғы кезде жарық көрген «Ақиқаттың жолы алыс» атты көлемді дүниесі. Онда автордың тартымды жазған естеліктері, қызықты очерктері, ой толғаулары мен проблемалық мақалалары және өлең, дастандары топтастырылған. Сақаң қаршадайынан жұмыс істеп, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жауынгерлердің қатарында болды. Сол үшін 1947 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ол Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, бейбіт күндердегі жемісті шығармашылық еңбегі үшін де бірнеше награданы омырауына таққан болатын. Дербес зейнеткер бола жүріп, өмірден өткенге дейін қоғамдық істерге белсене араласты. Ел алдындағы абыройлы еңбегі үшін Жамбыл облысы мен Сарысу ауданының «Құрметті азаматы» атанды.
2019 жылы 89 жасында өмірден озғаннан кейін оның Тараз қаласының орталығында тұрған үйінің қабырғасына мемориалдық ескерткіш тақта қойылды. Менің бір жолы «Советская печать» журналынан «Человек без запчастей» деген мақаланы оқығаным бар еді. Әлгі мақалада журналистика кәсібінің қаншалықты ауыр да қиын және денсаулыққа зиянды мамандық екені жайлы егжей-тегжейлі сөз болған, соны дәлелдейтін неше алуан фактілер келтірілген. Міне, бүкіл ғұмырын осындай аласапыран тіршілікпен өткізген Сақаңның рухани қуатының мықтылығына, күш-қайратының мызғымас қажырына қайран қаласың. Ол өмірінің соңына дейін киелі қаламын берік ұстап, ой тазалығы сақтап, ар деген қасиетті ұғымды аттамай өтті.
Зейнеткерлік жасқа келгеніне қарамай, өзінің күш-қайратының, сана-зейіні мен түйсігінің мол екенін танытып, республикалық, облыстық, қалалық газет беттерінде тұщымды мақалаларымен көрініп, егемен еліміздің одан әрі гүлдене беруіне, қоғамымыздың жетілуіне лайықты үлес қосып кетті. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Сағат Арынұлы жарты ғасырдан астам уақыт бойы өмірлік серігі – жұбайы, көп жылдар бойы мектептерде ұстаздық еткен Қанай Есенғалиқызы екеуі елге сыйлы, көп құрметіне бөленген бақытты жандар болды. Балаларының барлығы жоғары білім алып, қызметке араласып, өз жүрек қалауларымен әр салада Алматы мен Таразда еңбек етуде. Немерелері де ат жалын тартып мінді, тәуба! Қазір шөберелері аталарының өмірін жалғастырып жүр. Адам бақыты деген осы емес пе?!
Сағындық ОРДАБЕКОВ
дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Майдангер аталарының ізін жалғаған
- 29 сәуір, 2025
Әскери шеруге төрт мыңнан астам адам қатыспақ
- 29 сәуір, 2025
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді