«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Айтыста алдына жан салмаған Інжу ару

Айтыста алдына жан салмаған Інжу ару
Автор
Қазақтың атамұра айтыс өнерінің керегесі кеңейіп, өрісі ұзаруы жолында елімізде бірқатар қадамдар жасалуда. Оның бірі республикалық оқушылар айтысының дәстүрлі түрде өтіп тұруы. Мәселен, Сыр елінде Қызылорда қаласы әкімдігінің қолдауымен және белгілі айтыс ақыны, «Құрмет» орденінің иегері Мамыр Байдәулетовтың ұйымдастыруымен «Көктем нұры» республикалық оқушылар айтысы жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді. Биыл оныншы рет өткізілген айтыс Қызылорда қаласының қазақ елінің астанасы болғанына 100 жыл толуына арналды.

Жасөспірімдердің жыр додасын Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Омаров ашып, балғын айтыскерлердің қадамына сәттілік тіледі. Айтысқа еліміздің бірнеше өңірінен «сен тұр, мен атайын» дейтін үздік оқушы айтыскерлер жиналды. Айтысқа Қайнар Алакөзов, Мамыр Байдәулетов, Айнагүл Әбуова қазылық етіп, қара қылды қақ жарды.

Жыр додасын белгілі ақын, 2025 жылғы республикалық «Күміс қалам» байқауының жеңімпазы Ақжол Түменбай жүргізуі айтыстың бағасын биіктете түсті. Осындай бәсі жоғары, тұғыры биік айтыста жамбылдық жас айтыскер, Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейдің 10- сынып оқушысы Інжу Жаңабай бас жүлдені иеленді. Енді бұл жеңістің қалай келгеніне тоқталып өтсек, Інжу Жаңабай алғашқы айналымда қызылордалық Нұрахмет Бағдатұлымен деңгейі жоғары айтыс жасады. Деңгейлері шамалас екі ақынның айтысына көрермен жиі қол соғып, айыздары қанып отырды.

Нұрахметтің:

«Сырдарияға ағайын өзі келді,

Таласпен жүзіп келген алтын балық» деуін әдемі теңеуімен Інжу қыздың бағасын биіктету деп қабылдадық.

Ал, Інжу болса:

«Мұхтар Нияз аңыз болған Сыр жерінде,

Айтысып жүлде алсам жоқ арманым.

Төрт рет алтын домбыра ұтқан елге,

Алтынға айналмастан келе алмадым», – деп әдемі жауап берді.

Інжудің қарсыласына:

Ғажайып өнері бар ғажап ірім,

Тұрмасын тамағыңды қажап үнің.

Отырсың сахнада кірпік қақпай,

Сақшысы секілденіп өз арының.

Сөздерің сорпасындай сіңімді екен,

Әйгілі Сырдария сазанының.

Таңдайды тәтті жырың жібітсе екен,

Кәмпиті секілденіп Қазалының, – деп әдемі әзіл айтып та ерекшеленді.

Қайым айтыста да Інжу жерлесіміз өзін суда жүзген балықтай еркін сезінді. Негізгі қарсыласы Нұрахмет Бағдатұлымен бірге мәреге қатарлас шауып, жоғары деңгейін көрсетті. Шымкенттік 8-сынып оқушысы Аятулла Мажит көрермен көзайымына айналды. Қызылордалық Мұхамедәли Абдуллаев, Салтанат Жаппасбаева да керемет жыр өрнегін көрсетті. Абай облысынан Рауан Нұроллаев, Шығыс Қазақстан облысынан Руслан Силанбек, Ұлытау облысынан Жасмин Жүнісбек те айтыс көркін қыздырды.

Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде жамбылдық Інжу Жаңабайға берілсе, жүлделі бірінші орынға Нұрахмет Бағдатұлы лайық деп танылды. Екінші жүлде шымкенттік Аятулла Мәжитте. Ал, үшінші жүлделерді Мұхамедәли Абдуллаев пен Салтанат Жаппасбаева өзара бөлісті. Інжуді Сыр еліне баптап барған айтыс өнеріндегі ұстазы Есет Досалы да ойымен бөлісті.

«Республикалық айтыстың кез келген түрі үлкен тартыспен өтеді. Себебі, әр өңірдің намысын қорғау жеңіл міндет емес. Шәкіртім Інжу Жаңабай сол жауапкершілікті сезініп, жеңістің биік тұғырынан көрінгеніне өте қуаныштымын. Шәкіртіме рухани қолдау берген Ахметжан Өзбеков басқаратын облыстық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілері» орталығына, Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейдің директоры Мәулен Райқұловқа алғыс білдіремін», – деді ол.

Айтыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Қызылорда қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов марапаттады.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар