
Жалпы бәсекеде байзақтық ойыншы Жамалбек Әсембаев топ жарды. Шаршы тақтада тәуір ойын өрнегін көрсетіп жүрген Телбай Садықов екінші орынды, Байзақ ауданынан келген Ғазиз Мақұлбеков үшінші орынды иеленді.
Ардагерлер арасында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде ұстаздық ететін техника ғылымдарының кандидаты, профессор Әділхан Райымбаев бірінші орынды, тараздық ардагер Жүнісбек Серіков екінші орынды, Меркі ауданынан Тынышбек Кембай үшінші орынды жеңіп алды. Депутаттар тобындағы бәсекеде сарыкемерлік Нұржан Тілеповтың мерейі үстем болды. Осы өңірден жарысқа қатысқан Алтай Тастанов екінші орынға, ал қордайлық Ержігіт Смағұлов үшінші орынға жайғасты.
Құланнан келген Жапар Бекболат мемлекеттік қызметкерлер тобында үздік көрінді. Шулық Бақыт Ұзақбаев пен жуалылық Дәурен Сапарбеков екінші және үшінші орындарды бөлісті. Қоғамдық кеңес мүшелері де тақтадағы тартысты қыздырды. Құландық Қанат Сәлімбай жоғары шеберлігімен көзге түсті. Ал шулық шахматшылар Жәнібек Қоғабаев пен Жандос Садықов үздіктер қатарын толықтырды. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасынан Нұрболат Әлдибеков суырылып алға шықты.
Ардагер журналист Мақұлбек Малдарбеков жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінсе, сарысулық Темірлан Әбілдаев үшінші орынды қанағат тұтты. Әйел шахматшылар да бұл жарыстан шет қалмады. Қордай ауданының өкілдері Роза Сатова, Амине Туншанло және Айша Идыбо ешкімге дес бермеді.
Жалпы командалық есепте Байзақ ауданы үздік ойын өрнегін көрсетсе, Тараз командасы екінші, ал Меркі ауданы үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті А.Бабенко мен облыстық шахмат федерациясының аға жаттықтырушысы, жарыстың бас төрешісі Ә.Утеулиев құттықтап, дипломдар мен медальдар тапсырды. Бұл сайыста тәуір көрсеткішке жеткен 30 шахматшы Түркістан қаласында өтетін жартылай финалдық ойындарға қатысатын болады.
Мақұлбек БІЛӘЛБЕКҰЛЫ
журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді