«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өліара кезеңде де өз ісін тоқтатпаған шебер

Өліара кезеңде де өз ісін тоқтатпаған шебер
Автор
Өмірге бейімделемін деген жас азаматқа қай кезеңде де мүмкіндік бар. Оған 16 жасынан еңбекке араласып кеткен Ибрайымжан Райымбаевтың өмір жолы дәлел. Ол 1977 жылы Жамбыл химия және механикалық техникумының кешкі бөліміне оқуға түсіп, күндіз еңбекке араласты.

Жастайынан Жамбыл жиһаз фабрикасында жиһаз жинақтаушының көмекшісі ретінде еңбек тәжірибесінде шыңдалып, осы мекеме жұмысының әліппесінен өткендей болды. Арада бір жыл өткенде қатардағы жиһаз жинақтаушы жұмысшыға айналды. Содан бері еңбекті серік етіп келе жатыр. Жастай еңбекке араласуына ағасы Ахат көмек беріпті. Күндіз жұмыс істеп, кешкілік оқып жүріп, Ибрайымжанның жағдайы түзеле бастады.

Аталған техникумды 20 жасында бітіріпті. Оқу орнында 4 жыл 8 ай тапжылмай оқыпты. Кейінірек «Инженер құрылысшы» мамандығы бойынша жоғары білім алды. «Жамбылхимстрой» құрылыс тресінің «Су-5» басқармасына шебер болып қабылданып, іске кірісті. Істің көзін таба білгені болар, бірер жыл өткенде прораб, аға прораб, учаске бастығы қызметтеріне барды. Ибрайымжан Ташматұлы сонау 2000 жылдардағы өлара кезеңді де есінен шығармайды. Ол кезде де «Саяхат», «Бек Су» құрылыс фирмаларында прораб болып істеп жүрді. Бірақ, бұрынғыдай емес, жұмыссыздық басталып, шаруаның мәнісі кете бастаған кез.

2012 жылы осы Жамбыл жоғары политехникалық колледжіне өндірістік оқыту шебері болып ауысты. Қазіргі таңда шәкірттері өндірістен өз орындарын тапқан. Беделді құрылыс фирмаларында прораб болып еңбек етіп жүргендері бар. 13 жылдан бері студенттерді өндіріске баулып келе жатқан маманның әр күні қарбалас еңбекке толы. Ыбырайымжан Ташматұлы студенттерге сылау, әрлеу жұмыстарын тегіс үйретеді. Біз барғанда 2-курс студенттеріне өндірістің барысын үйретіп жатты. Колледждің 2-курс студенті Ерасыл Әзімбайдың ұстазы жайлы айтары бар.

«Біз Ыбрайымжан Ташматұлы ағайдың өндірістік сабағына қызыға қатысамыз. Ол кісінің жұмысты үйрету, әр жағдайды түсіндіру жағынан өз мәнері бар. Құрылыс мамандығын таңдағаныма өкінбеймін. Қоғам болған соң құрылыс жұмыстары болмай тұрмайды. Сондықтан, өміршең мамандықтың бірін таңдадым деген сенімдемін», – дейді ол.

Ибрайымжанның ұлты – өзбек. Анасы қазақтың қызы болғандықтан, нағашы жұртынан тапқан достары көп. Өзінің ұстаздық жұмысында үнемі алдыңғы қатарда жүреді. Биыл жұмысшы мамандықтың иелері мен ұстаздарына қолдаулар болатынына сенімді. Ибрайымжан Ташматұлы өз ісінің нағыз шебері. Сондықтан Ибрайымжанның жастарға берері көп.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар