
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтың төрағалығымен кеңес отырысы өтті. Онда берешегі бар медициналық ұйымдар мәселесі және емшара (процедуралық) кабинеттері жұмысының заңдылығы қаралды. Облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерік Мұсабаевтың айтуынша, биыл жыл басында 4 мекеме бойынша 1762,7 миллион теңге кредиторлық берешек қалыптасқан.
– Ауруханалар бөлінісінде қалалық көпсалалы ауруханасында 198 миллион теңге, Талас аудандық ауруханасында 837,3 миллион теңге, Жамбыл аудандық ауруханасында 540,1 миллион теңге, Меркі аудандық ауруханасында 187,2 миллион теңге берешек бар. Биылғы 1 сәуірдегі көрсеткіш бойынша кредиторлық берешек 399,2 миллион теңгеге азайған. Атап айтсақ, Меркі аудандық ауруханасында 285,2 миллион теңгені, қалалық көпсалалы ауруханасында 198 миллион теңгені құрап отыр. 2025 жылдың 1 сәуіріне кредиторлық берешек 1363,5 миллион теңге болды. Оның ішінде Талас аудандық ауруханасы 808,7 миллион теңге, Жамбыл аудандық ауруханасында 554,8 миллион теңге. Кредиторлық берешектерді жабу мен азайту бойынша іс-шаралар атқарылуда, – деді Ерік Тілләбекұлы.
– Басқарма тарапынан бақылаудың жоқтығы, жұмысты дұрыс ұйымдастырмаудың әсерінен ауыл азаматтары, халық зардап шегіп отыр. Бұның бәрі кәсіби деңгейдің төмендігінен, жұмысқа немқұрайлы қараудың нәтижесі. Медицинаға жаны ашитын жақсы маманның жоқтығы осы жағдайға жеткізді. Басқарма басшысының өзі бір жылдың ішінде 22 рет денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздық парағын аштырған. Халықтың денсаулығына жауапты басқарма басшысының денсаулығы жоқ болса, ол кісі не үшін жұмыс істеп отыр? Ана мен бала өлімі бойынша Жамбыл облысы бірінші орында келе жатыр. Өткенде бір балабақшаның балаларына вакцина салынбағаннан жағдай ушығып, тобымен ауруханадан бір-ақ шықты. Өз міндетіне жауапты менеджер болса, осыншалық келеңсіздіктер туындамас еді. Сол себепті Қазақстан бойынша медицина саласында қоғамдық кеңесті бірінші болып біз құрып отырмыз. Бірінші тоқсандағы медициналық қызметке халықтан келіп түскен арыз-шағымдар 2 мыңнан асады. Бұның алдындағы жылдарда 2300 шағым бір жылда түскен, ал биыл бір тоқсанда түсіп отыр. Бұдан бөлек, облыс бойынша медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаментіне түскен шағымдар да өскен. Бұның бәрі де медициналық қызмет сапасына қатысты, емдеу мекемелерінде тарақандардың жүруі, медициналық қызметкерлердің дұрыс жауап бермеуі, мемлекет тарапынан тегін берілетін дәріні сатып алуларына байланысты арыздар толассыз. Әрине, мүлдем жұмыс жоқ дей алмаймыз, жұмыс жүріп жатыр, бірақ кемшіліктері, жетіспеушіліктер одан да басым, – деген Серік Жақсылықұлы қоғамдық кеңес мүшелерінің көкейіндегі сауалдарын сұрады.
Бұл талқылауда вакцина салдырып, балаларды түрлі қауіпті аурулардан қорғауда ата-аналар да жауапты екені айтылды. Тек балалар емес, барлық адам өз денсаулығына алдымен өзі жауапты болуы керегі, салауатты өмір салтын сақтануға міндеттілігі де қозғалды. Мамандардың айтуынша, қазір сау баланың туылуы некен-саяқ, себебі аналардың денсаулығында ақау көп. Бұрын егде жастағыларда кездесетін қауіпті аурулар, диабет қазір балаларда болатыны, ол азаматтардың өз денсаулығына немқұрайлы қарағанының және балаларды сапасыз тағамдар мен сусындардан, тағы басқа да зиянды әрекеттерден тыймауының салдары екенін мамандар ашына жеткізді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан емдеу мекемелеріне төленетін қаржыға байланысты түйткілді жайттар да кеңесте қозғалып, емханаларда астыртын жасалатын қитұрқы істерді жасырын түсірген бейнероликтер көрсетілді. Онда емханаға келмеген науқастар қызмет алды деп тіркеліп, сол арқылы қаражат алу әрекеттері көрініс тапқан.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетованың айтуынша, бүгінде облыста 3 миллиард теңге төңірегінде қарыз бар. Оның 95 пайызын 5 медициналық ұйым құрайды. Мұндағы үлкен қарыз – Талас ауданынан 809 миллион теңге және Жамбыл ауданынан 555 миллион теңгені құрайды. Содан соң, Меркі ауданының 285 миллион теңге, Сарысу ауданының 168 миллион теңге берешегі бар. Ғайни Төленқызы Т.Рысқұлов ауданы да осы қатарға қосылып кетуі мүмкін екенін айтып, дәрі-дәрмекке қарызы барын, осыны мұқият бақылауда ұстау керектігін ескертті.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Балаңыздың қауіпсіздігі - бәрінен маңызды
- 15 мамыр, 2025
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді