«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жағдайың қалай, Ұлттық Су университеті?

Жағдайың қалай, Ұлттық Су университеті?
Автор
Бүгінгі таңда ғалымдар жылдан жылға су көздері тартылып, болашақта шаруаларды су тапшылығы қысатынын ескертіп-ақ келеді. Осы себепті, әлемдегі және ел ішіндегі ахуалды басшылыққа алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев суды үнемді пайдаланудың тетіктерін ұсынғаны белгілі. Осылайша, Президент тапсырмасы аясында өңір-өңірлерде су қоймалары салынып, тозығы жеткен каналдарды жөндеп, жаңартуға көңіл бөлінді. Десе де, біздің елде әлі күнге дейін суды тиімсіз пайдалану мен оны үнемдеу «мәдениетінің» төмендігі байқалуда. Мысалы, ауыл шаруашылығына беріліп жатқан судың 40 пайызы ысырап болуда. Сондай-ақ, бұл салада кадрлық дефициттің орын алуы мен мұндағы мамандардың 70 пайызының білімі сәйкес келмейтіндігі де мәселені ушықтырып отыр.

Мәселен, соңғы бес жылдың ішінде «Қазсушар» кәсіпорнындағы кадрлардың тұрақсыздығы 17,7 пайызды құраса, жұмысшылардың 90 пайыздан астамы өндіріс қызметкерлері екендігі анықталған. Әсіресе, тар өндіріс саласындағы инженер-гидротехниктер, дренажшылар, су бұру слесарлары мен гидрогеологтар, инженер геологтар секілді білікті кадрлардың тапшылығы байқалған. Өкінішке қарай, болжам бойынша 2029 жылға қарай кадрларға деген қажеттілік 800 адамға дейін артуы ықтимал.

Парламент Сенатының депутаты Сәкен Арубаев Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жолдаған депутаттық сауалында айтуынша, елімізде су саласындағы мамандарды даярлайтын жалғыз жоғары оқу орны – Ұлттық су университетінің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді.

– Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, су шаруашылығының біраз етек-жеңі жинала бастағанын айтуымыз керек. Президент оған қосымша Ұлттық Су университетін құруды да тапсырды. Осылайша, Үкімет «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетін» құру туралы қаулы қабылдап, негізгі білім ошағын белгіледі. Бұл оқу орнында 4 мыңға жуық студент білім алатыны да айтылды. Жаңа Су Кодексі де қабылдануда. Десе де, аталған университеттің материалдық жағдайы өте күрделі, қарыздары мен саланы дамытуға тиісті қаржы қаралмаған. Оқу ғимараттары ескірген, оларды реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттама әзірленбеген, жоспарға да енбеген. Заманауи гидрологиялық және кешенді зертханалық жабдықтар жоқтың қасы. Бұл жерде студенттердің қандай сапалы білімі туралы айтуға болады? – деді Сәкен Қаланұлы.

Еске салсақ, өткен жылы су саласына бөлінген 250 гранттардың тек 150-ге жуық талапкер ғана нақ осы университетке оқуға түскен. Ал, биыл 220 грант бөлінгенімен, студенттер саны жеткіліксіз. Басты кедергі – өңірлердегі су шаруашылығы мамандығына деген қызығушылықтың өте төмендігі болса керек. Сенатор осы ретте бұл мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс пен гранттар санын көбейтумен шектелмей, су шаруашылығы мамандықтарына қызығушылықты арттыру, мамандарды қайта даярлау және оларды өңірлерде жұмысқа орналастыру мен жалақысын көтеру бойынша жүйелі шаралар қабылдаған жөн дейді.

– Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы жеткіліксіз, тәжірибелі мамандар тапшы. Оқытушылардың біліктілігін арттыру үшін АҚШ, Нидерланды, Германия және Ресейдегі шетелдік жоғары оқу орындарымен академиялық өзара тәжірибе алмасу бағдарламаларын кеңейтуді жандандыру керек. Сонымен қатар, университет жанынан «Су шаруашылығы Академиясын» құрып, ғылыми кадрларды даярлау және білікті инженерлерді тарту тетіктерін қарастыру қажет. Тағы бір маңызды мәселе – елімізде су құрылыстарын жобалау және сараптау жұмыстарын іс жүзінде шетелдік компаниялар атқарып отыр. Бұл – еліміздегі инженерлік мектептің дамуын тежейтіні сөзсіз. Осыған байланысты Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне берілген мәртебесін ескеріп, оған су құрылыстарына жобалау және сараптама жасай алатын құзыретті мекеме ретінде мүмкіндік беруді және бұл университетті Су ресурстары және ирригация министрлігінің жанына бекіту мәселесін қарастыру ұсынылады. Бұдан бөлек Ислам даму банкі және басқа да халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтастық орнатып, университеттің инфрақұрылымын дамытуға инвестиция тарту мүмкіндігін қарастыру қажет, – деді халық қалаулысы.

Бір анығы, жыл сайын трансшекаралық өзендер арқылы келетін су көлемі жет-кілікті бола бермейді. Әдетте ауыл шаруашылығына су ауадай қажет уақытта көрші елдердің шаруалары да жанталасып, суды қыса бастайды. Айталық, ел аумағында 102,3 текшеметр су ресурстарының 46 пайызы Қытай, Ресей, Өзбекстан мемлекеттерімен көршілес Қырғыз елінен келеді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығына деген қажеттілік 50 пайызға жетуі мүмкін. Ал, елдегі гидротехникалық құрылыстардың 70 пайызының тозығы жетіп, 20 пайызға жуығы апатты жағдайда тұрғаны алаңдатпай қоймайды. Ендеше, әлем халқының төрттен бірі тұратын 17 мемлекетте су тапшылығы өршіп тұрғанын ескере отырып, тіршілік нәрін үнемдеу жайын алдыңғы кезекке қою керектігін естен шығармаған абзал.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар