Ар-ұят, ізгілік пен қанағат – басты ұстаным болуы тиіс
- author «Ақ жол»
- 15 сәуір, 2025
- 221

– Расында, мәдениет сондай ақ, жалпы идеология саласында атқарылып жатқан жұмыстар көп. Дегенмен, әлі де іске асырылатын шаруалар бар. Мәселен, өткен жылы Жамбыл жұртшылығы облыстың құрылғанына 85 жыл толуын жоғары деңгейде атап өтті. Көне заманнан басталатын тарихымызды түгендеп, оны келер ұрпаққа жеткізу – басты міндетіміз. Президентіміз Жамбыл облысында Тұсаукесер туризм саласын дамытуға мән беріп отыр. Сондай-ақ, 18 туристік бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілуде. Облыста 40 негізгі нысан арқылы өтетін 10 жаңа нысан әзірленді. 3 туристік нысанға баратын жол және 2 туристік нысанға газ құбырын жүргізу жоспарланып отыр. Туризм саласында жалпы құны – 17,6 миллиард теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 350 жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтілуде. Биыл туризм саласын дамыту мақсатында 10 ауқымды іс-шара өткізуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайда ұлт денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, денсаулық саласын дамыту мен бұл салаға инвестиция тартуды жалғастыру қажеттігін баса айтты. Облыста өткен жылы 22 денсаулық сақтау нысаны беріліп, бір ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 18 диагностикалық техника, 38 санитарлық көлік сатып алынды. Биыл 4 нысанды ел игіліне беруді және 6 нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарда бар, – деген Ербол Шырақпайұлы өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы үшін «Жайлы мектеп» жобасы аясында Шөлдала елді мекенінде бір, Қордай ауданында екі білім ошағын пайдалануға берілгелі отырғанына тоқталды.
Бұдан кейін А.Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының актері Асқарбек Сейілхан сөз алып, театр саласындағы жағымды жаңалықтар мен жаңа қойылымдар туралы баяндады. Биыл аталған театрдың 90 жылдығы кең көлемде аталып өтілмек. Асқарбек Сейілхан осы ретте театрға академиялық атақ берілсе деген тілегін жеткізді.
Ал, «Айша бибі» санаториясының бас дәрігері Райқұл Нұржанов Президент Ұлттық Құрылтайда есірткі саудасы, нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, агрессия, вандализм және ысырапшылықтардың таралуын тоқтатуға шақырғанын баса айтып, бұл – болашақ ұрпағымыздың денсаулығына, олардың психо эмоциональды жағдайына оң әсер етеді деді. Сондай-ақ, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің 4-ші курс студенті Құттыбек Нұрғалиұлы 26 сәуір күні «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында этнограф, тарихшы Өзбекәлі Жәнібековтің құрметіне «Өзбекәлі және мәдени майдан» атты облыстық байқау ұйымдастырып жатқанын айтып, келер жылды «Мәдениет жылы» деп жариялауды ұсынды. Жиынды қорытындылаған Мәлік Нұржанұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Ұлттық Құрылтайда айтқан идеялары мен бастамаларына кеңінен тоқталып, алға қойған міндеттерді жүзеге асыру жайын атап өтті. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы бағдарламалық баяндамасында бес негізгі мәселелерді көтергенін жеткізді.
– Әулиеата өңірінде тек өнеркәсіп, өндіріс ғана емес, мәдениет пен денсаулық сақтау салаларында көптеген жаңалықтар бар. Мұның бәрі – Ұлттық Құрылтайда Президент айтқан «Қуатты аймақ – қуатты ел» ұлттық тұжырымдамасына сай келеді. Әрине, күнделікті күйбең тіршілікте көптеген мәселелерді алға тарта береміз. Себебі, еліміздің тәуелсіздігін сақтау – баршаның міндеті. Алдымызда тәуелсіздігіміздің 40 жылдығын атап өту межесі тұр. Біз осынау күнді атап өте отырып, мемлекетіміздің Мәңгілік ел болу жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Өйткені, ең маңызды мәселе – мемлекетімізді сақтап қалу, – деген Президент кеңесшісі жамбылдықтарға Мемлекет басшысының саясатын жүзеге асыру жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.
Мұнан соң Мәлік Нұржанұлы облыстағы сапарын Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде өткен имамдармен кездесу жиынымен жалғады. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, жүргізіп отырды.
«Ұлттық Құрылтайда көтерілген рухани-мәдени мәселелер, дін мәселесі қашанда өзекті. Сол мәселелерді сіздермен ой бөлісуге, өзінің ұстанымдарын түсіндіруге Президенттің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы келіп, сіздермен жүздесіп отыр» деді Серік Жақсылықұлы. Бас қосуда Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев Бурабай баурайында өткен Құрылтайда қазақ халқының ең өзекті мәселелері қозғалғанын оның ішінде руханият пен діннің алатын орны жоғары екенін айтып өтті. Облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы, дінтанушы Бақтияр Алпысбаев ел Президентінің дін мәселесіне үнемі назар аудартып отырғанын айта келіп, мемлекетімізге түрлі діни ұстанымға шектеу жоқ екеніне тоқталды. Сонымен қатар ел бірлігі мен ынтымағын сақтауда діннің орны ерекше екенін жеткізді. Мұнан соң жиынды Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қорытындылап, биыл Ұлттық Құрылтайда айтылған негізгі бағыттар мен өзекті мәселелерге тоқталды. Өздеріңіз жақсы білетіндей, былтыр өткен Құрылтайда да қоғамды мазалап жүрген ең өзекті мәселелер көтерілді. 53 бағыттан тұратын арнайы Жарғы бекітілді. Президент сол құжатқа қол қойды. Президент дін мәселесі туралы үнемі айтады. Діннің идеологиялық рухани жағынан үлкен орны бар. Дін – елді біріктіруші, ізгі бағытқа ұйыстырушы күш. Егер дін халықты ізгілік пен ынтымақ жолына біріктіре алмаса онда діннің өзі мәселеге айналады. Діннің нәзік тұсы бар. Біз зайырлы мемлекетпіз. Бірақ зайырлы деген ұғымның ауқымы өте кең. Біздің мемлекет әр көзқарасқа құрметпен қарайтын дінді қолдайды. Дін саясатына жеңіл қарауға болмайды. Көпшілік тұрғындардың дінге бет бұруы көбейсе, ол бізді қуантады. Сол азаматтар Жаратушы алдындағы, Отан алдындағы, мемлекет алдындағы жауапкершілігін сезінсе, онда біздің алмайтын асуымыз болмайды. Діннің негізгі қағидатының бірі – әділдік. Оны сіздер жақсы білесіздер. Дін ұстанымында қазақ болмысы, қазақы ұстаным көрінуі керек. Имандылық іс шаралары өткенде араб әуендері емес, қазақ әуендері ойнап тұрса. Қазақ күйлері ойнап тұрса, дінге қайшылығы жоқ деп ойлаймын. Біз халықтың тәрбиесі мен мәдениетін көтеруіміз керек. Ар ұятымыз, қанағат пен ізгілік басты ұстанымымыз болуы тиіс. Дін – өмір. Біздің ұлттық әдебиетімізде ұлағатты сөздер көп айтылады. Имамдар ұлттың руханиятын дамуына өлшеусіз үлес қосып жүр. Былтырғы бірнеше облыста болған су тасқыны кезінде де, Арыс пен Байзақ жарылысы кезінде де сіздердің қолдау сөздеріңіз, сабырға шақырған насихаттарыңыз елге демеу берді. Сондықтан, сіздерге үлкен алғыс айтамын, – деді Президент кеңесшісі.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қорытындылап, ел мүддесі жолындағы жарқын ойлары мен биік ұстанымдары үшін Мәлік Отарбаевқа алғысын білдірді.
Есен ӨТЕУЛІ,
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Тоқаев Ассамблея отырысында тіл мәселесін қозғады
- 24 сәуір, 2025
Ақсақалдар тағылымы – адам қоғамның кепілі
- 18 сәуір, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді