«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Лиро-эпостық жырлардың қолжазбаларын жинаған

Лиро-эпостық жырлардың  қолжазбаларын жинаған
Автор
Өткен тарихқа құрметпен қарап, өскелең ұрпаққа тағылым дарыту ұлтын құрметтеген кез келген азаматтың қастерлі парызы. Бұл ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, елдің өнегелі өткені мен бүгінін жалғайтын рухани құбылыс. Тарихқа тағзым етіп, талайғы дәуірдің қазынасын жиып жүргендердің бірі – Ғалымбек Жәпек. Бүгінде «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы болып қызмет ететін маманның жеке кітапханасында 80-нен астам ескі кітаптар мен көне қолжазбалар жинақталған.

Ғалымбек Жәпек 90 жылдардан бері қолжазба жинап бастаған. Сол жылдар аралығында Меркі медресесінде, кейіннен Алматыдағы Ислам институтында білім алып, төте жазуды меңгереді. Ал, 1992 жылдан бастап Ташкентте білімін жалғастырып, көне өзбек тілін үйренеді. Сол арқылы ертеректе түркі тілдерінде жазылған мұраларды зерттеуге мүмкіндік алады. Оқуын тәмамдап, елге оралған тұста да Ғалымбек ұстаздың ел-жұртпен кездесуінде уағыз-әңгімелерін тыңдаған тұрғындар ескі кітаптарын әкеліп тастайтын болған. Осылайша оның қолжазбалар жинақталған жеке кітапханасы қалыптасқан. Олардың тілі, хронологиясы мен мазмұны да әртүрлі. Солардың қатарында арнайы корпусымен сақталған ерте заманғы қолжазба орамы да бар.

– 1999-2003 жылдар аралығында Шымкент қаласында бас имам болып қызмет атқардым. Сонда уағыздарда, әңгімелерде жиылған халық «Осындай ескі жазбалар, тарихи кітаптар бар еді, соларды оқи аласыз ба?» деп сұрақ-сауал жолдап, қолында бар кітаптарды алып келіп жататын. Бұл қолжазбаны да дәл солай 2000 жылы бір қария қолымызға тапсырды. Жәдігердің арнайы корпусы бар жазба екендігіне қарап, хат мазмұнындағы дүние екендігін аңғаруға болады. Хат орамындағы жазулардың ескіріп, көнергенінен қолжазба тарихы ұзақ уақытты қамтитынын білуге болады, – дейді Ғалымбек Жәпек.

Жалпы, аудармашы бүгінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті мен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы секілді зерттеу орталықтарымен бірлескен жұмысты қолға алған. Мәселен, аталған орталық бұған дейін маманның екі бірдей қолжазбасын көшіріп басып, таяу арада 47 қолжазбаны алдырып, бүгінде солардың өңдеу жұмыстарымен айналысуда. Ал, жарыққа шыққан «Мәуліт ан-Наби» мен «Сопы Аллаяр» кітаптарында дін мен пайғамбарлар өмірін баяндап, адамгершілік пен иманға тәрбиелейді.

Аудармашының бүгінде қолға алған жәдігерлерінің арасында «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш» лиро-эпостық жырлары мен Біржан-Сара айтысы, батырлық дастандардың нұсқалары, ақын-жыраулардың туындылары бар. Олардың басым көпшілігі өткен ғасырдың басында жазылып алынған дүниелер. Маманның сөзінше, ғасырға жуық тарихы бар бұл қолжазбаларда тілдік қолданыс ерекшелігі мен эпизодтар өзгешелігі болғанымен, оқиғалар шешімі композициялық тұрғыдан бір арнаға тоғысады Мәселен, мұндағы «Біржан-Сара» айтысының бір нұсқасында: «...Айтысы екеуінің тамаша екен, Кіргені ол арғынның алаша екен. Үш жүзді Салдықпенен аралаған, Қожағұл деген байдың баласы екен. Бұл салдың өз өлеңі, аты Біржан, Сандалтып орта жүзді әнмен қырған, – делінеді.

Сондай-ақ, қолжазбалар арасында айтыстың ең алғаш 1898 жылы жазылған нұсқасы да бар. Бүгінде кеңінен танылған айтыстың осы нұсқасы: «Қызы екен Тастанбектің ақын Сара, Бәйгеден күнде келген жалғыз қара. Қыз да болса адамның жүйрігі екен, Келеді бір сүрінбей жалғыз қара, – деп Сараны портреттік тұрғыдан таныстыру арқылы басталады. Еске сала кетсек, қыз бен жігіт айтысының озық үлгісі саналған «Біржан-Сара айтысы» 1871 жылы Алматы облысы Қапал-Ақсу өңірінде Ешкіөлмес тауының баурайында өтеді.

Айтысты ең алғаш 1898 жылы Қазанда «Қисса Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны» деген атпен Жүсіпбек қожа Шайхисламұлы жариялаған. Кейін Зайсаннан екінші нұсқасы табылып , «Біржан сал мен ақын Сараның айтысқаны» деген атпен Қазанда жеке кітап болып басылды. Со ныме н бірге Әріп Тәңірбергенов жазған тағы бір нұсқасы 1907 жылы жарық көрді. 1918 жылға дейін бұл үлгілер сегіз рет, Кеңес өкіметі тұсында он бір рет жарияланды. Сөйтіп, ел ішіне жазбаша да, ауызекі де таралып келді.

Бұдан бөлек, қолжазбалар арасында 1935 жылы 25 мамырда ескі араб жазуымен жазылып, жарық көрген «Қозы Көрпеш-Баян сұлу-Қодар» жыры мен «Қыз Жібек» дастандары , Қытай қазақтары төте жазумен басып шығарған Ер Едіге, Қанжығалы Бөгенбай, Қабанбай, Олжабай, Бөлек батырлар ғұмырнамасы, Тұрмаханбет пен Үкілі Ыбырай жырлары жазылған кітаптар да бар. Сондай-ақ, қолжазба арасында «Балымшаның 1932 жылы 15 жылға сотталып, өзінің өмір тарихын баян етіп, Қазақ ССР жоғары кеңесіне жазған хаты» атауымен жарияланған: «Кел қиялым, кеңесейік екеуміз, Жатқанымыз жараспайды бекер бос. Күндіз-түні қамаулы үйде жатқан соң, Қайғы түсіп, қапа болып кетерміз...», – деп келетін өлең шумақтары кездеседі. Өлең құрылымына назар аударсақ, бұл өткен ғасырдың орта шенінде жарық көрген Мұзарап Жүсіптің «Балымша» әнінен мүлде бөлек тағдыр мен өмір жолы суреттелген жыр екендігін аңғаруымызға болады.

Ескі кітаптар мен жазбалардың басым көпшілігі бүгінгі күнге бұзылмай қалай жетті дерсіз? Әсіресе, атеистік қоғамда араб қарпіндегі барлық оқулық атаулы өртелгенін ескерсек, бұл таңғажайып құбылыс екені анық. Ол үшін ата бабаларымыз ескі кітаптардың тысы мен мұқабасын сол заманғы орыс тілі оқулықтары мен өзге де классикалық туындылардың сыртымен қаптаған. Қарапайым оқырманға бәрі де араб қарпінде жазылған кітап жазбалары көрінгенімен олардың да өзіндік ерекшеліктері жер мен көктей.

– Жалпы, мұндағы жазбалар түрлі кезеңді, түрлі тілдерді қамтиды. Бірінде көне түркі тілі болса, бірінде араб, шағатай, парсы тілдері кездеседі. Оның ішінде орта ғасырда көп таралған шағатай тіліндегі кітаптарының өзі араб қарпіне ауысқанын білеміз. Бұдан бөлек, бергі уақыттағы Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі мен оған дейінгі татар баспаларынан жарық көрген кітаптар және сол кезеңдегі ескі өзбек жазуы да бір-бірімен қабыса бермейді. Олардың ішінде ең қиынға соғатыны парсы тіліндегі жазбалар, – деген Ғалымбек Жәпек қазір аударма ісіне жас шәкірттерін де баулып жүргенін жеткізді. «Кітап арқылы әлемге саяхаттауға болады» деп жатамыз.

Өйткені, кез келген шығарманы оқу арқылы оқырман сол дәуірге, сол мекенге сапар шегеді. Ал Ғалымбек Жәпек өзінің аядай ғана жұмыс бөлмесіне тарихтан тәбәрік алып, жер шарының бір бөлігін жиып алғандай. Өңір тарихшылары мен зерттеушілері тарапынан әзірге қызығушылық болмағанымен, мұрасының, әйтеуір, күні ертең жас ұрпаққа азық болатынына сенген аудармашы маманның «Осы ісімді аяқтап бітердей ғұмыр берсін!», – деген тілегіне разы болып қайттық.

 

Нұрболат АМАНБЕК

 

Ұқсас жаңалықтар